ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚ АЛФАВИТІ ҚАЖЕТ

Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері, бүгінгі қолда­ныста жүрген кириллицадан латынға, немесе араб алфавитіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер біресе жиі, біресе саябырси айтылып келеді. Біраз жыл бұрын, бір үлкен лауазым иесі газет тілшісінің: «латын алфавитіне көшу керек пе?» деген сұрағына: «өз басым көшу керек деп ойлаймын, бірақ бұл мәселе жөнінде көпшіліктің не дейтінін білу керек» деп жауап бергені есімде. Сол, сол-ақ екен, әлгі биік лауазым иесінің жауабының бірінші жартысын басшылыққа алып «көшпесек бол­майды» деушілер мерзімді басылым беттерінде өз пікірлерін көптеп білдіре бастады. Бірақ, мәселенің шешімі бедел мен сезімнің күшімен іске аспай­тыны баяғыдан белгілі. Сондықтан біреулерге оп-оңай болып көрінетін осы бір күрделі мәселе жөнінде «жоқ» не «иә» деуге асықпау керек. Қазіргі қолданыстағы кирилли­ца – қазақ тарихындағы төртінші алфавит. Бабаларымыздың өздері ойлап тауып қолданысқа енгізген, пайда болғанына екі жарым мың жылдан астам уақыт болған байырғы түркі алфавитінен басқасының бәрі, қазаққа күштеп енгізілгені белгілі. Бұл кездейсоқ болған жоқ. Араб жазуын қазақ даласына ислам таратушы арабтар әкелді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мақсат – алфавитке көшіру ар­қылы қазақтарды рухани есеңгіретіп, халықтық болмысынан айырып, мәң­гүрт халық етіп алдарына салып айдап өз дегенін іске асыру еді. «Ресей қолас­тында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жа­зу-сызуды тұтынып отырған жұрт­тар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Бай­­тұрсынұлының 1914 жылы «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер емес-ті. Алфавиттерді бірнеше рет ауысты­рып қазақ сияқты тұтас халықтардың жағдайын «жөндеуі» большевиктердің бұрыннан ойластырылған саяси әре­кеті екенін басқа ұлт өкілдері де рас­тай­ды: «Достаточно вспомнить о про­веденных по личному решению Сталина переводах с арабского на латинский, а затем и кириллический ал­фавит языков Средней Азии, что не могло не привести к определенным потерям». Бұл сөздің иесі профессор М.Всеволодова («Правда» газеті, 1989, 6 наурыз). Қалай болғанда да Кеңес үкіметі басындағылардың әрекеттерінің та­мыры тереңге бойлап, біршама жетістіктерге жеткізгені де белгілі. Одан арылу да оңайға түсіп тұрған жоқ. Оны күніге өздеріңіз де байқап жүрсіз­дер. Алфавит алмастыру атты өте күрделі мәселені шешу былай тұрсын, қазақтар әлі күнге дейін өз аты-жөнін қазақша жазуда ортақ пікірге келе алмай жатыр. «Алдыңғы дөңгелек қайда барса, соңғы дөңгелек солай барады» деген сөз бар. Ел серкелері есептелетін белгілі тұлғалар тегін «ОВ», «ЕВ» деп орысша жазудан танбай келе жат­қа­нына еріп, аты-жөндерін орыс халқы­ның өкілдері сияқты жазып жүрген қазақтар қаншама! Осы жағдайды көріп отырып қазақ қайда, басқа алфавит қайда демеске амал жоқ?! Жалпы, алфавитті ауыстырайық деушілер тарапынан небір ойлар айтыл­ды, әлі де айтылуда. Бірнеше тілді еркін меңгерген бір жазушы: «Латын алфавитіне өту қазақ халқының даму бары­сын сөз жоқ кері шегіндіреді, бірақ сонда да көшу керек» деді... Өзім сыр­тынан сыйлап жүрген қаламгердің бұнысына қатты таңқалдым. Егер латын алфавитіне өту қазақ халқының даму барысын кері шегіндіретін болса, ол алфавитке өтудің керегі не? Латын алфавитіне көшуді жақтаушы тағы біреулер: «Сөйткен күнде техника тілін меңгеру оңайланады» – дейді. Техника дегенде ең алдымен, компьютер қолдану мәселесін алға тартады. Осы жерде өзінен-өзі мынадай бір сұрақтар туындайды: Сонда техникасы дамып, шеберлігін бүкіл дүние жүзі мойындаған «SONY», «HONDА» және бас­қа да алпауыт компаниялары бар Жапония өз төл жазуын, жапон иероглифтерін компьютерлерінен алып тастап латын алфавитіне көшуі керек пе, экономикалық дамуда әлем елдері­нің алдыңғы қатарында болғанының арқасында әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізген Қытай да өз жазуы­нан бас тартуы қажет пе? Әлде өз алфавитінен бас тартуды қаперіне де ал­майтын Жапония мен Қытай елдерінің басшылары соншалықты ақымақ па? Басқа алфавитке көшуді жақтаушы­ларға қойылатын тағы бір сұрақ: «Бас­қа алфавитті енгізуге, атап айтқанда оқулықтарды сол жазудың әріптерімен басып шығаруға, ол алфавитті пайда­ланып сабақ бере алатын мұғалімдері дайындауға, сол алфавит әріптерімен қазақша жазылған компьютерлік баға­дарламаларды дайындауға арналған нақты жоспар және оны іске асыратын мамандар мен қыруар қаржы бар ма?» Егер бұның бәрі жоқ болса, онда бұл әшейін даурықпа әңгіме. Ал, ондай әңгіменің кімге қажеті бар? Жалпы, бұл мәселені көтеріп көп­шілікті алаңдата беретіндерге қоя берсе сұрақ көп. Сонымен алфавитті өзгерту, жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан баладай мемлекетке үлкен ауыртпалық әкелері сөзсіз. Жиырма жыл мемлекет дамуында өте аз уақыт. Сондықтан нарыққа енді-енді бой үйрете бастаған елге «басқа алфавитке көшейік» деу, буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей. Алфавит өзгерту мәселесі мемлекетте тұратын бүкіл халықтың саналық деңгейде бір мә­мі­леге келуін талап етеді. Ондай бүкілха­лықтық сана менімше әлі қалыптаса қойған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым көпшілігі тұрмыстық жағдайын жақсартуды ең басты мәселе етіп отыр. Сондықтан да алфавит ал­мастыру мәселесі болашақтың еншісінде екені сөзсіз. Бірақ, ерте ме кеш пе бұл сұраққа бүкілхалықтық деңгей жағдайында жауап беруге тура келеді. Сондықтан дайындықты бүгіннен бастаған жөн. Өз басым қазақ халқы мемлекетінің жазуымен мақтана алатын болуы қа­жет деп есептеймін. Ал қазақтар латын немесе араб алфавитін өзіміздікі деп мақтана алмайды. Себебі қазақтар ла­тын да емес, араб та емес тәуелсіз мемлекеті бар жеке ұлт. Әлем тарихы атты кең алқапта өзіндік орны бар халық. Бүгінгі қазақтардың бабалары Сақ­тар, Ғұндар және байырғы Түркілер (түріктер емес – Б.О.) әлем өркениеті­не өз қал-қадірінше әсерін тигізге білгенін тарих ғылымы нақты дәлелдеді. Қазақ халқының бабаларының басқа халықтарға тигізген әсері турасында көптеген дәлелдер келтіре аламын. Бі­рақ, оқырманның уақытын ысырап еткім келмегендіктен Норвегияның атақты саяхатшы-ғалымы Тур Хейер­далдың 2001 жылы Астана қаласында өткен «Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының қаты­сушыларына жолдаған хатынан үзінді келтіруді жөн санадым: «Мен Қазақ­стан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» ха­лықара­лық ғылыми-теориялық кон­ференциясына құрметті қонақ ретінде ізгі ниетті шақыруы үшін Қазақстан Республикасы Үкіметіне шын пейілден алғысымды білдіремін. Маған берілген мүмкіндікті пай­даланып, осы ғылыми конференцияға қатысушыларға өзімнің ыстық сә­ле­мімді жолдаймын. Мен байырғы түркі өркениетінің ежелгі өркениетті да­мы­туға және таратуға тигізген ықпалының қаншалықты маңызды екенін толық сезінемін, сондай-ақ тіпті Еуропаның басқа бөлігінде орналасқан менің отаным Норвегияда да, қазіргі уақытта танылған қандай да бір өркениеттердің ішінен түркі мәдениеті ықпалының өте күшті болғанына сенемін» («Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық кон­ференциясының материалдары. «Ғы­лым» баспа орталығы, Астана қ. 2001 ж. 89-бет). Бабаларымыздың ұлы істерін бүкіл әлемге белгілі ғалым Тур Хейердал мо­йын­дағанда, бүгінгі ұрпақтары қазақ­тар бабаларының ойлап тапқан жазуы, Сақ, Ғұн мемлекеттерінде және Түркі қағанатында кеңінен қолданыста болған алфавиттен неге бас тартуы тиіс?! Белгілі ғалым Олжас Омарұлы Сү­лей­мен жоғарыда аталған халықара­лық ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген сөзінде: «Байырғы Түркі алфавиті латын және классикалық грек алфавиттерінен және Библия мен Тора жазылған уақыттан көп бұрын пайда болған» деп айтты. Сонымен қа­зақ халқы ғылымда «Байырғы Түркі­лердің руналық сына жазуы» деп ата­латын алфавиттің мұрагері. Демек, бүгін тәуелсіз қазақ халқының алдында бабалар жазуын қолданысқа енгізіп тірілту арқылы тарихи әділеттілікті орнату міндеті тұр. Бұл бас тартуға болмайтын тарихи міндет. Осы жерде бабалар жазуының компьютерлік жобасын Алтынбек Шә­ріпбай атты азамат 2011 жылға дейін жасап қойғанын айта кету керек деп санаймын. Өз ата-бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған, төл алфавитімізге көшуге дайындалу жұмыстарын кешіктірмей, мемлекеттік деңгейде жүр­­гізу керек. Әрі мұндай дайындық­тың көп адами күш-жігерді және қы­руар қаржыны қажет ететінін ұмытпа­ған жөн. Осы бір күрделі жұмысты іске асыру барысында еврей ұлтының ба­йырғы жазуы ивритті қалпына келтірген тәжірибесімен мұқият танысқан жөн. Және бұл іс асығыстықты көтер­мейтінін ескере отырып, төл алфавитімізге көшуді бастайтын мезгілді алдын-ала меже ретінде айқындау қажет. Ме­ніңше дайындық жұмыстары 2050 жылға дейін төмендегіше жүргізілуі тиіс: Бірінші – мемлекеттік деңгейде бабаларымыздың байырғы жазуын бүкіл халыққа танымал ету мақсатында іс-шаралар жоспарын жасап оны іске асыру керек; Екінші – бұған қанша ақша керек екенін есептеп, қаржының үздіксіз бөлінуін қамтамасыз ету; Үшін­ші – сол алфавит негізінде сабақ бере алатын оқытушыларды және басқа да мамандарды дайындау; Төр­тінші – өзіміздің төл алфавитіміз негізінде мектеп оқулықтары мен басқа да басылымдарды басып шығаруды жолға қою; Бесінші – бабалардың алфавитін сыныптан бастап ана тілі ретінде үйре­туді бастайтын жылды белгілеп көпші­лікке жеткізу; Алтыншы – байырғы түркі жазуы мерекелерін жыл сайын мемлекеттік деңгейде өткізу т.б. Сонымен, Қазақстандай үлкен мемлекетте алфавит алмастыру ісі оңай ша­руа емес екені кімге болса да түсі­нік­ті екені шындық. Және менің бұл ұсынысыма қазақтың көкірегі ашық азаматтары өз ойларын қосар деп ой­лай­мын. Қалай болғанда да бұл іс асы­ғыстықты көтермейді. Себебі, бабалар жазуын тірілту атты ұлы мақсатты іске асыру, ұлы да тарихи міндет. Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы