АУЫЛДАН ҚАЛАҒА

Биыл­ғы жаз айлары мен үшін өте әсерлі болды. Өйткені қазақ елінің алты об­лысында тұратын ағайын-туыстарды аралап келдім. «Бар­масаң, келмесең жат боларсың, алмасаң, бермесең сарт боларсың» деген атам қазақ. Сонда олардың ой-санасының қан­шалықты өрістегендігінен бастап, тұр­мыс-тірші­лігін анық аңғаруға болады. Кеңес одағы ыдырағаннан соң, әлеуметтік деңгейі күрт нашарлап, тоз-тозы шыққан ауыл халқының әл-ауқа­тын көтеру мақсатында Елбасының 2003-2005 үш жыл ауыл жылдары деп арнайы жарияланғаны баршамызға мәлім. Ауыл экономикасын көтеру үшін 3 жылға мемлекет бюджетінен арнайы түрде 150 миллиард теңге кө­лемінде қаржы бөлінген. Жамбыл об­лысы Көктал ауылында тұратын әп­кемнің үйінде болғанымда сол ауылдың тұрғыны Садықов Нартай ағамыздың айтқаны жүрегіме қатты батты. «Ауыл ауыл емес, ауғаныстан, жастарға жұ­мыс болмаған соң, ақша жоқ, бірақ әркімнің кіндік қаны тамған өңірі жердің жәннаты болғандықтан, жү­регіне нұр ұялатып, көкейіне сағыныш нәрін егетін туған жер кімге де болса ыстық. Сондықтан, ауылды тастап жыраққа кеткің келмейді. Ауылда табысы барлар тек әкім-қаралар мен мектеп ұстаздары мен дәрігерлер. Басқа халықтың ешбірінде де жұ­мыс жоқ. Біз сияқты үкіметтен көк тиын алып көрмеген, зейнеткерлікке жасы жетпеген 35-60 жас аралығын­дағы адамдардың елден алған қарызы шаш-етектен. Қыста отын көмір сатып алуымыз керек, көмірдің тоннасын 12 мың теңгеге сатып алсақ, оны қаладан ауыл­ға жеткізіп бергені үшін 3 мың теңге төлейміз. Ал, бір қыстан шығу үшін бір тонна көмір жетуші ме еді? Жарық энергиясы, телефон байла­ны­сы, жер үй салығы, ішкен ас пен киген киім тағы бар. Сонда 5 тонна картоп ексем, соны сатқан өнімім тұрмысым­ның «жыртығына жамау болмайды». Тек мал өсіріп қана жан сақтап отыр­мыз балам деді. Мал сатқан ақшадан нан-пұлымызды айырып, бағасы удай қымбат болса да, жанар жағар майы­мызды табамыз. Өз қолымызда болма­ғандықтан техниканы жалға аламыз. Ауылда техниканың жетіспеушілігінен оған деген сұраныс та көп. Кезекте тұрып жүріп, қолымызды әрең жеткіземіз. Трактор иесі бір гектар жер айдап бергені үшін 5 мың теңге алады. Қалаға апарып, өндірген картобы­мыз­ды сатсақ, оның әр қабына 400 теңге төлейміз. Төлемесең, ұры итке ұқсап қызыл әскерлер жүгіріп келіп қабыңды тартып алады. Одан да беріп құтылайын деп ойлайсың. Шынымды айтсам, Таразда жоғары оқу орнында оқып жүрген қызыма ақша тауып бере алмай қиналамын. Қатарынан кем қылғың келмейді. Бұл тек қана мен емес, барлық ауыл хал­қының басындағы жайт. Осылай түк­пір-түкпірдегі шалғайдағы ауыл­дар­дың ешбірінің көсегесі көгергенін мен естігенім де көргенімде жоқ деп сөзін аяқтады». Сонда кеше ғана Елбасы Конституция күні үлкен мінбеден тәуелсіз қазақ елі дамыған елдер қатарынан табылады деп жатқанға сеніп қаласың. Сол XX-ғасырдың екінші жартысында қазақ елі бәрібір қалалық ұлтқа айналатын еді. Алайда Кеңес одағының төлқұжат тәртібі (прописка) ұлттың көпшілік бөлігін шағын ауылдарға тарыдай ша­шыратып тастады да, қалаға көшуге тыйым салды. Кезінде Мәскеудің қала­дағы қазақтың үлесін 17 пайыздан асыр­мау туралы нұсқауы да болғанын білетін шығарсыз. Сонымен 10 млн қазақтың тең жар­тысы 8-мыңға тарта үлкенді-кішілі ауыл­дарда нарықтан, техникалық дамудан, түрлі қызмет түрлерінен, дина­микасы жылдам мәдени-ғылыми өмір­ден сырт қалып отыр. Ол ауылдың 600-ге жақын 50-60 кемпірлер мен шал­дары ғана мекендейтін, Құдай қарас­паса, үкіметтің дүрбісіне іліге бермейтін Қобыланды батырдың алпыс үйлі арығына ұқсайды, 5000-ға тарта ауыл­да ауыз су үлкен проблемаға айналған. 2000-нан аса елді мекенге байланыс телефон орнатылмаған немесе дұрыс тар­тылмаған. Ауылдардың іші-сыр­тын­дағы тас жолдардың қандай жағ­дай­да екенін жас бала да біледі. Ал ондағы ағайынның, әсіресе ауылдағы ана мен сәбилердің денсаулығы—бө­лек мақаланың жүгі. Қалаға келген ауыл адамдарына баспана алу немесе пәтер жалдау үшін берілетін арнайы әлеуметтік төлем туралы Үкіметте не Парламент қа­быр­ғасында сөз қозғалған емес, қозғал­май­ды да. Үкіметтің «аграрлы жұрт бола­мыз ба? Халқы қалаға шоғырланған мобильді мемлекет боламыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздейтін түрі көрін­бейді. Осындай жауапсыздықтың кесірінен 20 жыл ішінде қаладан баспана тауып, нақты орналасқан халықтың саны 400 мыңнан әрең асып жығылды. Есесіне, қаладан 1млн адам шетелге көшіп кетіпті. 1990 жылы қала халқы жалпы жұрттың 56,5 пайызын 2012 жы­лы (тіркеуде тұрғандары) бұл көр­сеткіш 57 пайызды құрапты. Ауылдардан Астана мен Алматыға жұмыс іздеп ағылған жұрттың санында есеп жоқ. Таяуда таңертең Алматы­- ның «Алтын орда» базарының алдында 200-ге жуық еңгезердей қазақтың жігіттері қолдарында көк пакет жұмыс іздеп жүргенін көрдім. Ол базарды жергілікті халық «Құл базар» деп атап кеткен. Араларында өрімдей жас қыздар да жүр. Оларды көргенде жүрегім қанға толып кетті. Жоғарғы биліктің 20 жыл бойы жасап келе жатқан ұлт пен мемлекетті біріктірмеу тұрғысындағы басқа әрекет­терін айтпаған күннің өзінде халық өкілі болып отырған парламенттің не істеп не қойып отырғандығына мән бермейтін қылығы саяси шешімдерді қабылдауда ауыл халқының пікірінің, мүдделерінің мүлде есепке алын­бай­тынын Маңғыстау облысындағы Жа­ңаөзен оқиғасы анық көрсетті. Өйт­кені, ауылдағы жұрт саяси тұрғыда «өлі» жұрт, мылқау немесе сақау элек­торат қана. Оның үстіне, кәсіп­керлік, инженерлік өнерді игеру тұр­ғысында қала тұрмысы қазақ хал­қы­ның екінші тынысын ашып, бұғып жатқан қабі­леттерін оятатын еді. Алайда олай болмай шықты, қыр өмірінің мүмкіндігі қазіргі заманда өте шектеулі. Мектептерде мұғалім жетіспейді. Мәдениет үйлерінде ешқандай үйір­мелер жастармен жұмыс істемейді. Клубтары қашан барсаң, жабық тұ­рады. Тәжірбиелі инвесторлар ауыл ша­руашылығының жарымжан инфра­құрылымын көріп тұрып, ақшасын желге шашпайтыны тағы анық. Саяси партиялар, жастар ұйымдары, спорт мекемелері ауылға барып, тұрақты түрде жұмыс істемейді. Қалай десеңіз де, ауылдағы қазақтың тұрмысы бүгінгі өмір талаптарына лайық болып тұрған жоқ. Керісінше, тағы сол тарихи мешеулікке бастап тұрғандай көрінеді ма­ған. Ауылдарда құмырсқаша жыбыр­лаған 5млн қазақтың неліктен жұ­мыссыз жүргенін шамалай беріңіз. Үкімет бұл жұмыссыз халықты жылы­на мөлшермен 1сиыр, 5-6 тышқақ ла­ғын сатып, нан-шайын айырғаны үшін «үйіңе ақшалай табыс кіргізіп отыр­сың» деп жұмысы бар адамдар қа­та­рына жатқызып қойған. Сондықтан статистика агенттігінің «үй шаруашылығында өзін-өзі жұ­мыспен қамтып отырғандар 70 пайыз» деген мәліметіне сүйеніп, ауыл халқы­ның 70 пайызы жұмыссыз деуге толық негіз бар. Сол себепті де, ауылдағы жалақы 2010 жылы 15500 теңге, 2011 жылы 1700 теңге, 2012 жылы 20800 теңгені құрапты. Осы болар-болмас нәпақамен ауылдағы қалың халық қалай дамиды, қалай денсаулығын күтеді, ұрпағына қайтып сапалы білім береді? Мұндай жарымжан тіршілікпен қанша уақыт отырады? Осылайша құр күн көріспен ғана отырған ауыл халқының 48 пайызының табысы тек тамаққа ғана жетіп отыр. Қалған 52 пайызының ақшасы екі-үш жылда бір рет өзінің және бала-шағасының киімін жаңалауға ғана жетеді. Электроникалық тауарлар мен тұр­мыс техникасын алуға ауыл халқы­ның 3 пайызының ғана күйі барға ұқсайды. Ат төбеліндей 1 пайыз жұрт қана әкім қаралар мен кәсіпкерлер тұрмыс таршылығын сезінбейді. 20 жылда бері жоғын жоқтап, барып мазалап келе жатқан ауыл халқының психологиясында әлеуметтік нигилизм тереңдей түскен. Ауыл халқы бизнеспен шұғылданып қомақты пайда тауып, байып кететініне, әкімшіліктен немесе банктен несие алып ол қарызды түгел қайтара алатынына сенімі жоқ. Өйткені әкімшілік пен банктерде құжат рәсімдеу, қожалықтың көптеген шаруаларына рұқсат алу тек пара беру арқылы ғана шешіледі деген пікір жұрт санасына берік орнаған. Бұл ауыл халқының жаңсақ түсінігі емес, бұл Ақордадан бастап Шардарадағы бала бақшасына балаңызды орналастыру үшін ақшасыз шешілмейтінін, бұған көзіміз үйреніп етімізге сіңген індет, бәріміз күнде көріп жүрген бүгінгі өмірдің саяси шындығы. Ауылдағы қордаланған мәселелер мен күрмеуі шешілмеген тұрмыс пен қаладағы баспана табу, жер алу қиын­дықтарын, орыс тілі мен бюрократия­ның ожар үстемдігін ескерсек, ұлттың «алды мұз, арты жар» болып тұрғанын көресің. Жаңа қатынастарға негізделген инновациялық-индустриалды қо­ғам құрудан III-ғасыр кешіккен халық 30-40 жыл ішінде ұлт ретінде дамуын тоқтатса, қалада тұратын орыстілді бөлігі ғаламдық поп-мәдениетсымақ­пен ауыздықтанып өмір сүретін, ауыл­ға қамалып отырған жартысы гене­тикалық тұрғыда тозыңқыраған «ауыл тілінде» сөйлейтін екі жүзді сатқынға айналса, ешқандай да таң қалуға бол­майды. Өйткені, еліміздің халықты мә­дени-тілдік тұрғыда біріктіру, түрлі этностарды араластырып қоныстан­дыру, сөйтіп Қазақстан халқын тұтас­тандыру саясаты жүргізілмей отыр. Соның салдарынан басқаны былай қойғанда, Астананың айналасындағы Қоянды, Талапкер, Қосшы, елді мекендерде кім қалай қаласа солай үй сала берген 95 пайызы өзіміздің қаракөздер. Тіпті, көше мен қорған жоқ, базар, полиция пункті, аурухана, дәріхана, дү­кен жоқтың қасы, ішетін су өте ащы, инфрақұрылым қалыптаспаған. Заң­сыз үй салып алғандар қаншама. Мұ­ның бәрін билік білмей отырған жоқ. Одан да осыған кететін, бірақ ұлттық экономикамызға жүйелі өзгерістер әкелмейтін, ұлт сапасын бәрібір жаңа тұғырға шығармайтын қыруар қаржы­ның белгілі бір бөлігін өз пайдасына жаратпасқа. Мұндай ұлттық апаттың алдын алу үшін елімізде мүйізі қара­ғайдай орган құрылып, ол өкілетті орган ретінде ұлттың қалаға бет алған көшін белгілі бір дайындықпен күтіп алып, жұмыспен қамтамасыз ету, адамша орналастыру керек. Сол баяғы келмеске кеткен Кеңес одағының қазақты аграрлық, ауылдық ұлтқа айналдырып, сол беті бытыраған басын қоспай қараңғы қырда, өркениет пен нарықтан сырт, шулы да думанды өмірден жырақта ұстау саясатын қа­зіргі билік жалғастырып отырғандай көрінеді маған. Жұмамұрат Шәмші тарих ғылымдарының кандидаты