Биылғы жаз айлары мен үшін өте әсерлі болды. Өйткені қазақ елінің алты облысында тұратын ағайын-туыстарды аралап келдім. «Бармасаң, келмесең жат боларсың, алмасаң, бермесең сарт боларсың» деген атам қазақ. Сонда олардың ой-санасының қаншалықты өрістегендігінен бастап, тұрмыс-тіршілігін анық аңғаруға болады.
Кеңес одағы ыдырағаннан соң, әлеуметтік деңгейі күрт нашарлап, тоз-тозы шыққан ауыл халқының әл-ауқатын көтеру мақсатында Елбасының 2003-2005 үш жыл ауыл жылдары деп арнайы жарияланғаны баршамызға мәлім. Ауыл экономикасын көтеру үшін 3 жылға мемлекет бюджетінен арнайы түрде 150 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жамбыл облысы Көктал ауылында тұратын әпкемнің үйінде болғанымда сол ауылдың тұрғыны Садықов Нартай ағамыздың айтқаны жүрегіме қатты батты. «Ауыл ауыл емес, ауғаныстан, жастарға жұмыс болмаған соң, ақша жоқ, бірақ әркімнің кіндік қаны тамған өңірі жердің жәннаты болғандықтан, жүрегіне нұр ұялатып, көкейіне сағыныш нәрін егетін туған жер кімге де болса ыстық. Сондықтан, ауылды тастап жыраққа кеткің келмейді. Ауылда табысы барлар тек әкім-қаралар мен мектеп ұстаздары мен дәрігерлер.
Басқа халықтың ешбірінде де жұмыс жоқ. Біз сияқты үкіметтен көк тиын алып көрмеген, зейнеткерлікке жасы жетпеген 35-60 жас аралығындағы адамдардың елден алған қарызы шаш-етектен.
Қыста отын көмір сатып алуымыз керек, көмірдің тоннасын 12 мың теңгеге сатып алсақ, оны қаладан ауылға жеткізіп бергені үшін 3 мың теңге төлейміз. Ал, бір қыстан шығу үшін бір тонна көмір жетуші ме еді? Жарық энергиясы, телефон байланысы, жер үй салығы, ішкен ас пен киген киім тағы бар. Сонда 5 тонна картоп ексем, соны сатқан өнімім тұрмысымның «жыртығына жамау болмайды». Тек мал өсіріп қана жан сақтап отырмыз балам деді. Мал сатқан ақшадан нан-пұлымызды айырып, бағасы удай қымбат болса да, жанар жағар майымызды табамыз. Өз қолымызда болмағандықтан техниканы жалға аламыз. Ауылда техниканың жетіспеушілігінен оған деген сұраныс та көп. Кезекте тұрып жүріп, қолымызды әрең жеткіземіз. Трактор иесі бір гектар жер айдап бергені үшін 5 мың теңге алады. Қалаға апарып, өндірген картобымызды сатсақ, оның әр қабына 400 теңге төлейміз. Төлемесең, ұры итке ұқсап қызыл әскерлер жүгіріп келіп қабыңды тартып алады. Одан да беріп құтылайын деп ойлайсың.
Шынымды айтсам, Таразда жоғары оқу орнында оқып жүрген қызыма ақша тауып бере алмай қиналамын. Қатарынан кем қылғың келмейді. Бұл тек қана мен емес, барлық ауыл халқының басындағы жайт. Осылай түкпір-түкпірдегі шалғайдағы ауылдардың ешбірінің көсегесі көгергенін мен естігенім де көргенімде жоқ деп сөзін аяқтады».
Сонда кеше ғана Елбасы Конституция күні үлкен мінбеден тәуелсіз қазақ елі дамыған елдер қатарынан табылады деп жатқанға сеніп қаласың. Сол XX-ғасырдың екінші жартысында қазақ елі бәрібір қалалық ұлтқа айналатын еді. Алайда Кеңес одағының төлқұжат тәртібі (прописка) ұлттың көпшілік бөлігін шағын ауылдарға тарыдай шашыратып тастады да, қалаға көшуге тыйым салды. Кезінде Мәскеудің қаладағы қазақтың үлесін 17 пайыздан асырмау туралы нұсқауы да болғанын білетін шығарсыз.
Сонымен 10 млн қазақтың тең жартысы 8-мыңға тарта үлкенді-кішілі ауылдарда нарықтан, техникалық дамудан, түрлі қызмет түрлерінен, динамикасы жылдам мәдени-ғылыми өмірден сырт қалып отыр. Ол ауылдың 600-ге жақын 50-60 кемпірлер мен шалдары ғана мекендейтін, Құдай қараспаса, үкіметтің дүрбісіне іліге бермейтін Қобыланды батырдың алпыс үйлі арығына ұқсайды, 5000-ға тарта ауылда ауыз су үлкен проблемаға айналған. 2000-нан аса елді мекенге байланыс телефон орнатылмаған немесе дұрыс тартылмаған. Ауылдардың іші-сыртындағы тас жолдардың қандай жағдайда екенін жас бала да біледі. Ал ондағы ағайынның, әсіресе ауылдағы ана мен сәбилердің денсаулығы—бөлек мақаланың жүгі.
Қалаға келген ауыл адамдарына баспана алу немесе пәтер жалдау үшін
берілетін арнайы әлеуметтік төлем туралы Үкіметте не Парламент қабырғасында сөз қозғалған емес, қозғалмайды да. Үкіметтің «аграрлы жұрт боламыз ба? Халқы қалаға шоғырланған мобильді мемлекет боламыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздейтін түрі көрінбейді. Осындай жауапсыздықтың кесірінен 20 жыл ішінде қаладан баспана тауып, нақты орналасқан халықтың саны 400 мыңнан әрең асып жығылды. Есесіне, қаладан 1млн адам шетелге көшіп кетіпті. 1990 жылы қала халқы жалпы жұрттың 56,5 пайызын 2012 жылы (тіркеуде тұрғандары) бұл көрсеткіш 57 пайызды құрапты.
Ауылдардан Астана мен Алматыға жұмыс іздеп ағылған жұрттың санында есеп жоқ. Таяуда таңертең Алматы-
ның «Алтын орда» базарының алдында 200-ге жуық еңгезердей қазақтың жігіттері қолдарында көк пакет жұмыс іздеп жүргенін көрдім. Ол базарды жергілікті халық «Құл базар» деп атап кеткен. Араларында өрімдей жас қыздар да жүр. Оларды көргенде жүрегім қанға толып кетті.
Жоғарғы биліктің 20 жыл бойы жасап келе жатқан ұлт пен мемлекетті біріктірмеу тұрғысындағы басқа әрекеттерін айтпаған күннің өзінде халық өкілі болып отырған парламенттің не істеп не қойып отырғандығына мән бермейтін қылығы саяси шешімдерді қабылдауда ауыл халқының пікірінің, мүдделерінің мүлде есепке алынбайтынын Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен оқиғасы анық көрсетті. Өйткені, ауылдағы жұрт саяси тұрғыда «өлі» жұрт, мылқау немесе сақау электорат қана. Оның үстіне, кәсіпкерлік, инженерлік өнерді игеру тұрғысында қала тұрмысы қазақ халқының екінші тынысын ашып, бұғып жатқан қабілеттерін оятатын еді. Алайда олай болмай шықты, қыр өмірінің мүмкіндігі қазіргі заманда өте шектеулі. Мектептерде мұғалім жетіспейді. Мәдениет үйлерінде ешқандай үйірмелер жастармен жұмыс істемейді. Клубтары қашан барсаң, жабық тұрады.
Тәжірбиелі инвесторлар ауыл шаруашылығының жарымжан инфрақұрылымын көріп тұрып, ақшасын желге шашпайтыны тағы анық. Саяси партиялар, жастар ұйымдары, спорт мекемелері ауылға барып, тұрақты түрде жұмыс істемейді. Қалай десеңіз де, ауылдағы қазақтың тұрмысы бүгінгі өмір талаптарына лайық болып тұрған жоқ. Керісінше, тағы сол тарихи мешеулікке бастап тұрғандай көрінеді маған.
Ауылдарда құмырсқаша жыбырлаған 5млн қазақтың неліктен жұмыссыз жүргенін шамалай беріңіз. Үкімет бұл жұмыссыз халықты жылына мөлшермен 1сиыр, 5-6 тышқақ лағын сатып, нан-шайын айырғаны үшін «үйіңе ақшалай табыс кіргізіп отырсың» деп жұмысы бар адамдар қатарына жатқызып қойған.
Сондықтан статистика агенттігінің «үй шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар 70 пайыз» деген мәліметіне сүйеніп, ауыл халқының 70 пайызы жұмыссыз деуге толық негіз бар. Сол себепті де, ауылдағы жалақы 2010 жылы 15500 теңге, 2011 жылы 1700 теңге, 2012 жылы 20800 теңгені құрапты. Осы болар-болмас нәпақамен ауылдағы қалың халық қалай дамиды, қалай денсаулығын күтеді, ұрпағына қайтып сапалы білім береді? Мұндай жарымжан тіршілікпен қанша уақыт отырады? Осылайша құр күн көріспен ғана отырған ауыл халқының 48 пайызының табысы тек тамаққа ғана жетіп отыр.
Қалған 52 пайызының ақшасы екі-үш жылда бір рет өзінің және бала-шағасының киімін жаңалауға ғана жетеді. Электроникалық тауарлар мен тұрмыс техникасын алуға ауыл халқының 3 пайызының ғана күйі барға ұқсайды. Ат төбеліндей 1 пайыз жұрт қана әкім қаралар мен кәсіпкерлер тұрмыс таршылығын сезінбейді. 20 жылда бері жоғын жоқтап, барып мазалап келе жатқан ауыл халқының психологиясында әлеуметтік нигилизм тереңдей түскен. Ауыл халқы бизнеспен шұғылданып қомақты пайда тауып, байып кететініне, әкімшіліктен немесе банктен несие алып ол қарызды түгел қайтара алатынына сенімі жоқ. Өйткені әкімшілік пен банктерде құжат рәсімдеу, қожалықтың көптеген шаруаларына рұқсат алу тек пара беру арқылы ғана шешіледі деген пікір жұрт санасына берік орнаған. Бұл ауыл халқының жаңсақ түсінігі емес, бұл Ақордадан бастап Шардарадағы бала бақшасына балаңызды орналастыру үшін ақшасыз шешілмейтінін, бұған көзіміз үйреніп етімізге сіңген індет, бәріміз күнде көріп жүрген бүгінгі өмірдің саяси шындығы.
Ауылдағы қордаланған мәселелер мен күрмеуі шешілмеген тұрмыс пен қаладағы баспана табу, жер алу қиындықтарын, орыс тілі мен бюрократияның ожар үстемдігін ескерсек, ұлттың «алды мұз, арты жар» болып тұрғанын көресің. Жаңа қатынастарға негізделген инновациялық-индустриалды қоғам құрудан III-ғасыр кешіккен халық 30-40 жыл ішінде ұлт ретінде дамуын тоқтатса, қалада тұратын орыстілді бөлігі ғаламдық поп-мәдениетсымақпен ауыздықтанып өмір сүретін, ауылға қамалып отырған жартысы генетикалық тұрғыда тозыңқыраған «ауыл тілінде» сөйлейтін екі жүзді сатқынға айналса, ешқандай да таң қалуға болмайды. Өйткені, еліміздің халықты мәдени-тілдік тұрғыда біріктіру, түрлі этностарды араластырып қоныстандыру, сөйтіп Қазақстан халқын тұтастандыру саясаты жүргізілмей отыр.
Соның салдарынан басқаны былай қойғанда, Астананың айналасындағы Қоянды, Талапкер, Қосшы, елді мекендерде кім қалай қаласа солай үй сала берген 95 пайызы өзіміздің қаракөздер. Тіпті, көше мен қорған жоқ, базар, полиция пункті, аурухана, дәріхана, дүкен жоқтың қасы, ішетін су өте ащы, инфрақұрылым қалыптаспаған. Заңсыз үй салып алғандар қаншама. Мұның бәрін билік білмей отырған жоқ. Одан да осыған кететін, бірақ ұлттық экономикамызға жүйелі өзгерістер әкелмейтін, ұлт сапасын бәрібір жаңа тұғырға шығармайтын қыруар қаржының белгілі бір бөлігін өз пайдасына жаратпасқа. Мұндай ұлттық апаттың алдын алу үшін елімізде мүйізі қарағайдай орган құрылып, ол өкілетті орган ретінде ұлттың қалаға бет алған көшін белгілі бір дайындықпен күтіп алып, жұмыспен қамтамасыз ету, адамша орналастыру керек.
Сол баяғы келмеске кеткен Кеңес одағының қазақты аграрлық, ауылдық ұлтқа айналдырып, сол беті бытыраған басын қоспай қараңғы қырда, өркениет пен нарықтан сырт, шулы да думанды өмірден жырақта ұстау саясатын қазіргі билік жалғастырып отырғандай көрінеді маған.
Жұмамұрат Шәмші
тарих ғылымдарының
кандидаты