Тұрсынбек КӘКІШЕВ: Ақиқат ащы болғанмен өкініші аз
– Әуелгі сөзді өзінде, көзінде көрген «әдебиеттің әкелерінен» бастасақ деймін. Ең әуелі Сәкенге қалай «ғашық» болғаныңызды айтыңызшы?
– Алғашқы өнер жолым әртіс болудан басталған еді. 1944–45 жылдары Ақмоланың Максим Горький театрының сахнасында «Капитан Тузов» деп аталатын орысша пьесада ойнадым. Шораяқтың Омары болып. «Қабаған ит» спектаклінде колхоз председателі болдым. Театрға І категориямен қабылданып, ІІІ категориямен шыққан әртіспін. Сәкенді өміріме серік еткенім театрдан басталды. Қосымжан Бабақов маған мұқабасы жоқ кітап беріп, оқытатын. Кітаптың оқиғасы мені қатты тебрентті. Азап вагонындағы адамдардың тартқан тақсіреті… Оқып біткен соң маған «Сен кімнің кітабын маған оқығаныңды білесің бе?» деді. «Жоқ». «Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» деді…
Соғыс жаңа аяқталған уақыт. Қарағандыдан Алматыға дейін тура баратын бір вагон шығатын. Ол жеті тәулік жүріп Алматыға жететінбіз. Сол вагонға іліктім., Әртіс болғанымның бір пайдасы тиіп, билет алдым. Үлкен қара фанера чемоданымды көтеріп кіргізе алмай жатсам, тамбурда екі қыз маған қарап сылқ-сылқ күледі. «Одан да көмектесіп жіберсеңдерші» дедім. Вагонға кірсем, бір қыздың орны мен менің билеттегі орным қатар екен. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», жолдағы жеті тәулікте көп әңгімелестік. Тау-кен инстиутына барамын деп жолға шыққан едім, КазГУ-ге түстім. Бойжеткендермен хабарымды үзген жоқпын. Күбірә деген қызбен сөзіміз де, көңіліміз де жарасып кетті.
Бір күні Күбірә маған: «Гүлбарам тәтей сені көргісі келеді» деді. «Ол кім?». «Сәкеннің әйелі». «Ой! Жоқ, Гүлбарам тәтей мені емес, мен барып, көрейін. Сәлем берейін» дедім. Бардым. Сәкеннің жарының қолын алып, ол кісіні көргенде Сәкенді көргендей болдым. Сәкенге деген махабатым тереңдей түсті. Сөйтіп Сәкен менің әдебиеттік тақырыбым ғана емес, тағдырыма айналды.
– Сіз Сәбит, Ғабит, Мұхтарлардың көзін көріп, ізін басқан асылдың қиығы, алтынның сынығысыз. Сіз білгенде ол кісілер қандай еді?
– Сәбитке «Ассалаумағалейкум» деп сәлем берсең, сенің жай-күйіңді жарты сағат бойы сұрайды. Содан кейін өзінің не істеп, не жазатынын түгел тізбелеп шығады. Содан, ел оны «жалпақшешей» дейтін. Сәбеңнің мұнысын ақкөңілділігі деп санаймын. Бұл – Сәбиттің халықшылдығы. Сәбиттің осы қасиеті одан адам баласына ешбір жамандық келмейтінін білдіреді. Бүгінде кейбір ақын-жазушылар Сәбиттің аңқылдап, адамды бауыр тарта сөйлейтін жайсаң мінезін жайдақтатып, естелігінде өзін Сәбиттен артығырақ, биігірек қойып сөйлейтін иә болмаса жазатын болыпты. Сәбиттің халықшылдығы жөнінде Ғабит «Халық пен Сәбиттің арасында саңылау жоқ» дейтін еді.
– Сөйткен Ғабиттің Сәбитке деген адамдық және әдебиеттік құрметі қалай болды?
– Ғабит өмірде кердең, паң жүретін. Кез-келген адамды бойына тоғыта да бермейтін. Адамды маңына жақындатпайтын. Жақындатса да, сырына әбден қанып алып, «сөйлесуге болады» деп тапса ғана тіл қатысар еді. Ғабит пен Сәбит бір-біріне керағар екі мінезде бола тұра бірін-бірі сыйлап өтті. Әрине, сынаған сәттері де болды. Бірақ әдебиеттік көзқарас оларды ешқашан жаулыққа, жек көрушіліккке бастаған жоқ. Бір-бірінің шығармасына деген бағасы да құрметі де болды.
– Мұқаң, Әуезов қалай еді?
– Ғабиттің кейбір мінездері Мұқаңда, Мұхтар Әуезовте де болатын. Өзінен басқаны теңгере бермейтін өрлік ол кісіден де байқалатын.
Мұқаңның жолы өте қиын болды. Мұхаң Алаш та болды, коммунист те болды, тіпті өмірінің соңғы кездерінде орысшыл боп, орыс реализмінің қазақ әдебиетін өркендетудегі рөлін көтерді. Пенде ретінде өзіне жақпаған қаламгерлерге мүйізін көрсеткен сәттері де болды. Оның бәрі замананың, уақыттың сынағы. Тарихи шындық ащы екені рас, оған бола тұлғаларымызы тұғырдан тайдыруға болмайды.
Рухани байлықты танытудан артық ешқандай құбылыс жоқ. Ең бастысы Мұхаң қазақ әдебиетін әлем әдебиетіне қосып кетті. Осы жағынан қарағанда бізге әлгіндей пендешілігі мен менмендігі емес еңбегі керек. Дегенменде Сәбит, Ғабит, Мұхаңдардың қай-қайсысы болсын ішкі жан дүниесімен бірін-бірі шынайы бағалайтын еді. Еңбек бағалауға келгенде пендешілік емес, адамдық болмысымен жарқырап көруінуге тырысатын. Әдебиетте қызыл кеңірдек болып таласса да ертесінде құшақтасып жүру қолдарынан келетін еді. Осы жағынан қарағанда олар қашанда болмасын шоқтықты көрінетін.
– Сол ұлы тұлғаларды еске ала отырып бүгінгі әдебиет және әдеби сын төңірегінде не айтар едіңіз?
– Кеңес заманында ақын-жазушылардың ой-пікірлері ел кәдесіне жарап жүрді. Әдебиеттегі ұнамды кейіпкерлер оқырманның үлгі алатын, тәрбие алатын адамына айналып еді. Коммунистік идеология соны талап етті және орындағаны үшін ақын-жазушыны қадірлеп, құрметтеп ұстады. Жазушылардың жалақысы, қаламақысы жақсы болатын. Ал қазір жазушылар кітаптарын шығарғанымен, қаламақы жоқ. Қаламақының есебіне баспа 50-60 кітабыңды сатып, еңбегіңді шығарып ал деп қолға ұстатады, болды. Өз кітабын өзі сатып, өзі саудалағаннан артық абыройсыздық жоқ. Бүгінгі жазушылар, осындай күйде. Қазір Жазушылар Одағының, ондағы ақын-жазушылардың ой-пікірлері ілтипатқа алынбайды. Қызмет басында отырғандар елдің де пікірі бар екенін ескеруі керек. Біздің Үкіметіміз, басшыларымыз ел не ойлайды екен, не айтып жатыр екен дегенге де назар аударуы қажет. Мен «Қазақ зиялылары» деген кітап шығардым. Сонда айттым, жүрген жерімде де айтып келем: жалпы жазу-сызудың төңірегіндегі зиялы азаматтар, өкінішке қарай, өмірі жарымайды. Өйткені, өз еңбегімен ғана күн көреді. Заманның ыңғайына қарай ма, қазіргі жазушыларда үкіметте бола қойсын дегеннен гөрі, өзіме болсын деген ой басым. Сол себепті жазушылардың көпшілігі Шахановтың тілімен айтқанда «ТЖ-лар» боп кетті.
Әдеби сынға келетін болсақ… бүгінде сын «тонын теріс киіп», азуы кетіліп, оданың тілі мен жағы «өсті». Сын мақтауға, мадаққа айналып кетті. Мақтау әдетке емес, сәнге айналды. Орынсыз мақтаудың зардабы қоғамға ғана емес, әдебиетке де тиіп жатыр. Себебі, сын болмаған жерде әдебиет өспейді. Әдебиеттің жанры кеміп, кенжелеп барады. Оның үстіне, бүгінгі әдебиет өтпелі дәуірде. Әдеби шығарманың ұстыны болуға тиіс әдеби кейіпкер әлі айқындалған жоқ. Әдебиеттің кейіпкері етіп ұрыны аласың ба, кісі өлтірушіні аласың ба, болмаса, жемқорды аласың ба, тағы кімің бар. Баяғы «Ботакөздегі» Ботакөз, «Абай жолындағы» Әйгерім, Тоғжандар мен «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтай, Ерболдар… осылардың бәрі қыз-жігіттер үлгі алатын кейіпкерлер болатын.
Қайдам, кәзір сондай кейіпкерлер, жақсы кітаптар бар болса, бар шығар, естімеппін. «Абай жолы» туған уақытта, «Жұмбақ жалау» шыққан кезде қазақ әдебиет әлеміне әдемі дүрбелең еніп, кәдімгідей қызу айтыс-тартыс болып жататын. Сын да осындайда өрлеп, өркендейтін. Сынның оты бұрынғыдай емес, қызуы төмен. Әдебиет сынының кезеңі өтіп те барады.
Адамдар мақтауға әбден үйреніп алды. Өйткені, сын – ащы, мақтау – тәтті. Жазушының тәттіге үйреніп, өтірік мақтап-мадақтағанға үйір болғанның несі жақсы? Өтірік мақтап, атақ шығару дұрыс емес. Атақты сын айтқан адам ала ма, мақтау, мадақ айтқан адам ала ма бүгінде? Атақтың артында жүріп азып, тозу мақтап, мадақтау дәметуден басталмай ма? Бір жазушы емес, бүгінде көп жазушы сондай «дертке» ұшырады. Жазушыға беретін атақ көп, көпшілігінің жазған түгі жоқ.
– Өткен буынның кейінгіге көңілі толмайтыны рас-ау. Деседе «әр кім қолда барын теке қояды» дегендей, бүгінгі әдебиеттің де биік тұлғалы өкілдері бар. Әбдіжәміл Нұрпейі-
сов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекіл-
баев, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Шаханов ... дегендей көп есімдерді еске алуымызға болады ғой.
– Ұлт мүддесін ойлап жүрген жазушыны мен соңғы кезде көрмей отырмын. Ұлттың ұлы тұлғасымын деп әрқайсысының кеудесін ұрғылап жүргенін көрдім. Халықтың сөзін айтқансып, өзінің жағдайын айтатын адамдарды жиі кездестіреміз. Бұрынғы Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Сәкен, Ілиястар жоқ. Жазушылар көңілдеріне алса да, алмаса да айтарым осы. Халықтың мұңын мұңдайтын шығармалар беріп жатқандары аз. Мұхтар Мағауиннің «Жармағында» біраз ойлар бар. Адамның екіге жарылуы, сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық, мұның бәрі жақсы айтылған. Біз қазір сондай деңгейге жеттік. Ал енді Мағауиннің сол кейіпкерін үлгі тұтамыз ба? «Жармақ» бізге керек пе? Ондай кейіпкерлер үлгі болуға тиісті емес. Жақсы үлгімен, жөн көрсетер кейіпкерлерді кездестірсек, Құдай бізге берер ме еді?!
Қабдеш бір жолы теледидарда: «Менің шығармаларыма сын аз жазылады. Өйткені, біздің сыншылар шет ел өмірін, Қытайдағы қазақтардың жайын білмейді. Әйтпесе менің жазғандарымнан артық дүние жоқ», – дегендей ой айтты. Құр мақтаннан не ұтамыз? Ағатай-ау, жазушы болсаң оқушы түсінетіндей етіп, түсінікті жаз. Мұхтар да мен классикпін деп кеудесін соғады. Ол – классик болуға жарайтын жігіт. Үлкен жазушы екені де рас. Бірақ «әттең алдымда бір Мұхтар бар (Мұхтар Әуезов), әйтпесе жалғыз өзім болар едім» дегендей ойлары да жоқ емес. Батыр болған бақырып болмайды. Ісімен дәлелдеуі керек. Мағауин қазір «Шыңғыс ханды» қайтсем де қазақ етем деп жазып жатыр. Оның шетке кеткені «менің ұлылығымды танымайсыңдар, сондықтан сендерге бағамды асырайын!» деген сыңайда.
Әбдіжәміл мен Қабдештің соттасуы ұят тіпті. Екеуі де классикпін деп кеудесін соққанда қандай! Сол классиктер ұят пен ардың арасындағы айырмашылықты біле ме екен? Мақтап, алақанға салып жүрген жазушылардан осындай іс-әрекет көргеннен кейін былайғы ел: «Е-е, жазушылар да өзіміз сияқты пенде екен ғой…» демей ме?
Сарай ақындарынан қанша өркениетті, дамыған, демократиялы қоғамда өмір сүріп жатырмыз десек те, арылатын емеспіз. Әбіш Кекілбаевтың Президенттің қолын сүйгені рабайға сыймайтын іс. Әбіш жап-жақсы жазатын жазушы. Ана ісімен бір-ақ күнде халық алдында шындығын көрсетіп алған жоқ па!
Мұхтар Шахановтың да тілдің төңірегінде атқарып жүрген істері айтарлықтай. Мұхтардың тілге қатысты шаруаларын қос қолымды көтеріп қостаймын.
Талай дүниені мөлдіретіп жазғанымен, Қалихан Ысқақ жазғандарымен мақтана білмейтін, өз шығармаларының, өзінің насихатын жасай алмайтын адам, бірақ. Бұйығы, ешкіммен тіпті қоғамдағы жағдайлармен де шаруасы жоқ, азаматтық үні де естілмейді.
Енді кім бар? Қазіргі классиктеріміз деп мақтанып отырғандарыңнан қалып қойғандары бар ма!? Кім болса ол болсын, ұлтының ұрымтал кезеңінде халқының қабырғасына сүйеу, әдебиетіне тіреу болса ғана перзенттік парызын ада ете алады.
– Әдебиет сыншысы ретінде ащы пікірлерге соққанда «ағайынның көңілі ауырады-ау» деп ойламайсыз ба?
– Жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту керек қой. Өкініштісі, бізде өтірік мақтау көбейіп кетті. Онысы жоғары жақтағыларға жағады. Құлағын тігіп, сүйсініп отырады. Елдің жоғын, мұңын айтып отыру – қашан да зиялыларға парыз ғой. Қарап отырып, қарның ашады.
Мен әдебиеттегі шындықты айтсам, сол арқылы елдің ертеңіне үлгі қалдырсам ол жеке басымның шаруасы емес, халықтың қажеті. Сын жалтақ болса әдебиет қалай өседі. Ақсақал басыммен мен жалтақтасам жастар не істемейді. Ақиқат ащы болғанмен өкініші аз болады. Керек болса Елбасыға да: «Президентіміз шетелде де, Қазақстанда да тек қана қазақша сөйлесін!» деп сын айтқаным бар.
Біреуге жағар, біреуге жақпас... Бірақ өз басым осы жасқа келгенше айтатын ойымнан тосылып, сөйлейтін жерде қи-пақтап, «қолтығымнан бөзім, аузымнан сөзім түсіп» көрген емеспін. Қажетті жерінде сөйледім, жонынан таспа тіліп айтатын жерде айттым. Тіпті қайсыбір пікірлерім жұмсақ орынтақта отырғандарға жақпай қалған кездер де болды. Бірақ олар қыңырайды екен деп мен ыққан жоқпын.
Айтқаным ақиқат болса Алла алдында да, адам алдында да жүзім жарық. Өтірік жарбаңдағым келмейді.
– Дегенменде билікке жағынуды білмейтіндігіңізден бе, әлде өзіңізді ұсынғанды қаламайсыз ба басқалардың қанжығасына оңай байланатын атақтардан құр-алақан қалып жүрген сәттеріңізде жоқ емес сияқты. Бұған не дейсіз?
Сұрап алған атақ сенің ізденіспен алған ғылыми дәрежеңе татымайды. Тіпті атақтың соңында жүрген адамның кісілік қадірі кеміп, Құдайдың өзі берген дарынынан да айырылады. Ғылым қуамын деп, атақ қуып кеткенін білмей, ақырында не еңбегінің нәтижесі жоқ, не қолы жеткен атақ-даңқы жоқ, тоқырай бастайды. Кез келген нәрседен ілік іздеп, пәле қуып, кез-келген адамды дұшпан тұтып, пәлеқор, жалақорға айналады. Оны өздері сезіп, білмей ме, немесе түсінсе де, мойындауға азаматтығы жетпей ме, ерік-жігері мен күш-қайратын мүжіп, өзі де мүжіліп, көшке ілесе де алмай, көштен қала да алмай, күні өтеді. Бұл тек ғылымда ғана емес, басқа салада да кездеседі. Ел-жұрты үлкен үміт күтіп, тәп-тәуір бастаған адамның орта жолда неге тоқырағанын түсіне алмай дал…
Академиктің өзі сайлаумен келеді. Сайлау саясатсыз бітпейді. Пендешілік араласады. Ондай жерде ғылым «кірлей бастайды». Осыған көзім жеткен соң, сайлаумен келетін атақтарға біріншіден, құлқым соқпайды. Екіншіден, туа біткен туралық болғасын ондайға ыңғайым жоқ. Кім көрінгенге жалынып, «Ағатай, академик болайын деп едім, сыйлық алайын деп едім, маған дауыс бере қойшы?» деп, телмеңдеу үлкен күнә сияқты… Маған берсе халыққа бергені, қашпаймын. Бермегенге жағатсынып тілемшілік істегендей жапақтау қолымнан келмейді.
– Солай десек те бүгінгі қаламгер қауымының қауқары қалай? Билік пен марапатқа құл болатындар көбейіп кеткен жоқ па?
– Мен шығармашылық адамының өзіндік ойы, пікірі ешкімге бағынбайтын тәуелсіз болғанын қалаймын. Cондықтан ақын-жазушылар-дың, зиялы қауымның партияшыл болғанын, науқаншылдыққа салынға-нын қаламаймын. Өкінішке қарай, біздің қайраткерлердің басым бөлігі шығармашылық пен саясатты араластырып, қойыртпақ жасап жүр. Ондай қойыртпаққа басымды сұқпай-ақ қойдым. Болашақта да бас сұғудан аулақпын.
Ақын-жазушылардың орайы келгенде президенттен немесе әкімдерден үй сұрап, мәшине сұрап жүргені шындық. Қандай данышпан болмасын, жағдайының жақсы болғанын ойлап тұрады. Материалдық қажеттілігін Елбасына айту керек пе? Елдің мұңын айтудың орнына, пенделікті алға тарту азаматтыққа жатпайды. Ол ол ма? Бізде, тіпті, Президентпен кездесуге барғанда айтар сөзін параққа алдын-ала түсіріп, жазып апарып, қағазға қарап сөйлегендер де бар. Өкінішке қарай, зиялыларымыз ұсақтап барады. Ақын-жазушылардың мақтасаң, жалбаңдасаң қолыңа бірдеңе түседі екен деп дәметуі әдебиетті сорлатып жатыр. Жағымпаздық, атаққұмарлық қанымызға сіңген қасірет болды. Зиялы қауым құлдық санадан құтыла алмай жатқанда өзгелерге қай бетімізбен қараймыз!
– Бүгінгі саяси өмірімізден алғанда елдің ертеңінен не күтесіз?
– Қазақтың соры ма, бағы ма, білмеймін. Біз Еуропа мен Азияның ортасында жатқан дарбаза тәріздіміз. Шекарамыз ашық-шашық жатыр. Бізге біраз мемлекеттер сырттан көз тігіп отыр. Тіпті олардың баз бірі көмек қолын созғансып, аңысымызды аңдуда. Кезінде І Петр қазақ шекарасына көз тігіп тұрып, «шіркін-ай, мына алып даланы басып өтіп, нуы мен суына қол ұшын тигізіп көрер ме еді?!» деген деседі. Көрдіңіз бе, арман қандай? Ал қазір біздің сол кең байтақ даламызға жан-жақтан келіп жатқандардың саны өте көп. «Қазаққа қол ұшын тигізеді» деген шетелдік инвесторлар қаншама жерімізді иемденіп алды. Менің білуімше, «шетелдік бизнес өкілдерінің қайсыбірі жеріміздің 200 мың гектардай көлемін жекешелендіріп алған» деседі. Ойлап қарайықшы, келімді-кетімді шетелдіктердің әрқайсысы жерімізді меншіктеп ала беретін болса неміз қалады? Күні ертең келер ұрпаққа қандай қазынамызды қалдырамыз? Егер осы жайды тереңнен ойлайтын болсақ, шекарамыздың бекінісін бекітіп, жерімізге иелік ете білуіміз керек. Бұл біздің аға ұрпаққа және билікте отырған азаматтарға сын.
– Жалпы ел алдында еңбегім еленіп жатыр деп ойлайсыз ба?
Қайда барсам қара ормандай халқым құшағын жая қарсы алады.
Әсіресе, 40-50 жыл ұстаздық мінберде болдым. Содан болар, әдебиетші, ғалым шәкірттерім бар жерден кездеседі. Олардың халық үшін, қазағы үшін еңбек етіп жатқанын көргенде бір марқайып қаламын. Ұзтаз да баласы атқа мінсе, тақымын қысатын ана сияқты. Ұстаз бақыты – шәкірт еңбегі.
Сондай шәкірттерім енді 15 томдық еңбегімді дайындап жатыр. Республика көлеміндегі Бұланды секілді бірнеше ауданның құрметті азаматымын. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлкеттік университеті және Астана қаласындағы Л.Н.Гу-
милиев атындағы Евразия ұллттық университеті сияқты орындар шығармашылығым жайында арнайы халықаралық конференциялар ұйымдастыруды ойластырып отыр. Осының бәрі құрмет емей немене!
– Шәкірт демекші ұстаздық өміріңізде жауап бере алмай қалған сауалдарыңыз болды ма?
– Қазіргі жастардың алғыр, зеректігіне қарап қуанумен бірге ұялған сәттерім де жоқ емес. Сол жастар үйретсең, техниканы, икемдесең, ғылымды да іліп кеткелі тұр. Дұрыс қой, әр нәрсе заманында екен. Соларға қарап мен де компьютер үйренуге талпынып көрдім. Күләш апаңның сіңлісінің Дүйсен деген баласы бар. Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Дүйсен маған компьютер үйретпекші болды. Екі-үш күн әуреленді. Ананы көрсетті, мынаны көрсетті, қайталап сұрай бердім. Сосын бір кезде бала бетіме барлай қарап «Аға, осы сіз шын профессорсыз ба?» деді. «Иә». «Қайдам, түк қақпайды екенсіз?» дегені… мен оның бетіне бағжия қарап түк дей алмай қалдым. Енді недеймін, үш күн дегенде үйренгенім компьютерді тоқ көзіне қосу ғана болды емес пе!
– Сексен бес жасқа келдіңіз, қарттыққа мойын ұсынасыз ба?
– Қарттық пен саулық әр адамның өз рухына байланысты. «Қартпын» десең қартсың, «жаспын» десең жассың. «Саумын» десең саусың, «аурумын» десең аурусың. Кейде көз құрғыр бұлдырағанда «бұған не жетпей жүр?» деп таңданғаным болмаса, қарттыққа мойын ұсынғым жоқ. Құдайға шүкір, әр күні газет оқып, жазу жазып отырамын. Қазірше қаламнан да, қатардан да қала қоймаспын деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет! Тоқсанның тойын көріп, жүзге де жүгіріп жетіңіз. Арғысын Алла сыйласын. Көрер қызығыңыз көп, ғұмырыңыз ұзақ болсын!
Әңгімелескен
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ