Тамыздың тамшысы...

Тамыз – тамыл­жы­ған жаздың қимай қош­- та­сатын соңғы айы. Ертең есікті көңілсіз күздің айқара ашатыны ай­дан анық болса да, адам баласының әл­сіз болмысы әлі де жылулықтан айырыл­­ғысы келмей, табиғат заңымен әлсін-әлсін арпалысып бағатындай... Бірақ, биылғы жылдың тамызының соңғы күнінің өтуін қазақ топырағы асыға да аптыға күтті. 2012 жылдың тамызы – біздің есімізде тамшылап аққан адам­ның қанымен мәңгі қа­ла­тын болды... Жантүршігерлік жол апаттары, Ақсай шатқалындағы аяусыз ту­ралған мәйіттер, әр-әр жерде тілсіз жау – өрттің өрістеуі... ...Ә дегенде, Астана қаласының Сары­арқа мен Кенесары көше­лерінің қиылы­сында жүк көтергіш көлік 30 адам мінген қоғамдық көлікке қақтығысып, төрт адам тіл тартпай кетті, он адам емханаға түсті... ...Алматының Райымбек пен Сейфуллин даңғылдарының бұ­рышында 53 жасар еркек ашық қалған қоғамдық көліктің есігінен түсіп қалып, көліктің дөңгелек­теріне мылжаланды. Есіктерді жа­буды ұмытқан көліктің жүргізушісі наурыз айында «Жүр­гізушілік құжатынан» айырылған болып шықты... ...«Алматы-Екатеринбург» тасжолының 1310 шақырымында толтыра тас тиеп, Ас­танаға бет алған Shaanxi жүк көлігі қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып, 31 жо­лаушы мінген Yutong авто­бусы мен төрт адамы бар Audi-100 жеңіл көлігіне бетпе-бет соғысып, 16 адамның өмірі қиылды... ...Оңтүстік астанамыздың ма­мыражай әсем түнінде бір бойжеткен Сейфуллин даңғылының дәл ортасында әжесімен суретке түсіп, көшені қиып өтіп бара жат­қанда, сағатына 120 шақырым жылдам­дық­пен заулап келген «Мерседес» көлігі әп сәтте байғұс қызды бір­неше бөліктерге турап, денесінің кеуде жағын көліктің ішіне лақ­тырып тастаған. «Мерседес»-тің 23-жа­сар жүргізушісі өзін «Субару» көлігінің «қысып жібергенін» сылтауратқан... ...Шымкенттің «Бекжан» атты орталық базары алапат өртке оран­ды. Таңсәріда басталған өртті түс қайта әзер ауыздықтады. 4000 шар­шы метрді қамтыған өртте бір адам қаза тапты. Өрттің зардабынан жеті мың сауда нүктесі күл-қоқыс­қа айналды. Түксіз қалған бірнеше сатушының денсау­лықтары нашарлап, ауруханаға түсті... ...Тамыздың тамылжыған қа­лың орта­сында Іле-Алатауы ұлттық саябағында 11 адамның өлі денелері табылды. Қорық­шы­ның үйі өртеніп кеткен. Ақырында, қаза болғандардың саны жиырмаға жа­қын­дады, олардың ішіндегі ең жасы 13 жас­тағы қыз бала... ...17 тамыздың таңында Алматы об­лысын­дағы Бағанашыл ауылы­ның тұрғын­дары кескілесіп-атыс­қан мылтық оқтары­ның дауысынан шошып оянды. Полиция жеке үй­- де тұратын тоғыз лаңкестің көзін жой­ғандығын мәлімде­ді. Бұл – соң­ғы ке­зеңде лаңкес­терді жойған екінші жағдай болатын. Ал, шіл­денің ақырғы күні «Акселькент» шағын ауданында алты тер­рор­шы бақилық бол­ған... ...Лондон Олимпиядасындағы бас ай­нал­дырған жеңістерімізге қуанған көңі­лімізді Афины Олим­пиядасының чем­пионы Бахтияр Артаевтың ата-анасының жол апатынан қайтыс болғаны туралы суық хабар су сепкендей басты... ...Алматыдағы «Карина» ЖШС зауыты­ның 2500 шаршы метрін өрт шалды... ...Астана аэродромында оқу-жат­тығу кезінде Ми-17 тікұшағы құлап, экипаждың төрт мүшесі түгелімен көз жұмды... ...Сол түні Медеу шатқалын­дағы Мохнатка биігінің 20 гектар аймағын ең қауіпті санатта сана­латын өрт жалыны орады... ...Мохнатка биігінің өртін ауыз­дықтаған сөндірушілер Ал­маты­ның қақ ортасындағы Ботаника бағының 3 гектарын қамты­ған өртті сөндіруге аттанды... ...Артынша Алматы әуежайына жақын жердің екі гектардың құр­ғақ шөптері өртенді... ...Көп ұзамай, «Айнабұлақ» шағын ауданындағы №129 мек­тептің жанында 200 шаршы метрді де өрт ұшқыны басты... ...Тамыздың соңғы күндері Ал­матыдағы «Дәстүр» киім-кешек базарында өрт басталды... ...Алматы–Өскемен тасжолы­ның 530 ша­қырымында «Мазда» мен УАЗ көліктері соқтығысып, екі сәби мен үш ересек адам көз жұ­мып, бес кісі ауруханаға жеткізілді... * * * Жаның түршігеді... Адамзат баласының тарихында, әсіресе, та­мыз айында ең ірі қасіреттер мен апаттар орын алған екен. 1979 жыл­дың тамызында өзбектің «Пах­та­кор»футбол камандасы әуе апатына ұшы­раса, 1992 жылы ТУ-134, 2004 жылы ТУ-154 және ТУ-134 әуе ұшақтарында жарылыстар болды. Дәп осы айда Грекия мен Кипрде аса ауқымды әуе апаттары орын алды. Бәріміздің есімізде, тамыз айын­­да Жа­по­нияға атом бомбасы тасталды, кеңес әскерлері Чехо­словакияға басып кірді, 1991 жылы Кеңес Одағын ыдыратқан Төтенше төңкеріс жасалды... Одан берменгі уақытта тамызда Ресей­дің «Курск» сүңгуір қайығы тұңғиыққа ба­тып кетті, ағыл­шын­ның Диана қан­шайымы апатқа ұшырады, абхаз-гүржі қақ­тығысы басталды, Оңтүстік Осетияны соғыс қаупі басты... ...Кім біледі, мұның барлығы, бәлкім, кездейсоқтықтар шығар. Дегенмен, биыл­дың өзінде біздің елімізде, ресми деректер бойынша, 127 бала жол апатынан көз жұ­мыпты... Бұл – анық кездейсоқтық болмас. Егер мемлекеттік бюджеттен жолдарға бөлінген қыруар қаржы­лар шенеуніктердің шетелдерде қыдырыстауын қамтамасыз етпей, өз нысанына түгел бөлінсе; жол полициясы сұғанақтанбай, «бар­мақ басты, көз қыс­тыны» қойып, «Жүргізушілік куәліктерді» лайық­тыларға ғана берсе; марқұм болған 127 сәби арамызда бақытты балдәу­ренін жалғастырып жүрер ме еді, қайтер еді?!. ...Өз басым ырым-жырымға ырық бере бермеймін. Қасиетті Ислам дінінде Аллаһ Тағаланың сыйлаған әрбір күні, айы, жылы һәм рақымды, һәм ризықты. Сондықтан, биылғы тамызда да бұйыртқанды бастан кештік. Адамдардың селқостықтары мен сезімсіздіктерін, қателіктері мен қатыгез­діктерін белгісіз бір құпия күштерден көруге болмайды. Тамыз – тамылжыған тамаша ай. Ғұ­мы­рымыздың әрбір жылы күні жаны­мызға шаттық, жүре­гімізге қуаныш сый­лағай!.. Құлтас ДОСТАН