Тамыз – тамылжыған жаздың қимай қош-
тасатын соңғы айы. Ертең есікті көңілсіз күздің айқара ашатыны айдан анық болса да, адам баласының әлсіз болмысы әлі де жылулықтан айырылғысы келмей, табиғат заңымен әлсін-әлсін арпалысып бағатындай...
Бірақ, биылғы жылдың тамызының соңғы күнінің өтуін қазақ топырағы асыға да аптыға күтті. 2012 жылдың тамызы – біздің есімізде тамшылап аққан адамның қанымен мәңгі қалатын болды...
Жантүршігерлік жол апаттары, Ақсай шатқалындағы аяусыз туралған мәйіттер, әр-әр жерде тілсіз жау – өрттің өрістеуі...
...Ә дегенде, Астана қаласының Сарыарқа мен Кенесары көшелерінің қиылысында жүк көтергіш көлік 30 адам мінген қоғамдық көлікке қақтығысып, төрт адам тіл тартпай кетті, он адам емханаға түсті...
...Алматының Райымбек пен Сейфуллин даңғылдарының бұрышында 53 жасар еркек ашық қалған қоғамдық көліктің есігінен түсіп қалып, көліктің дөңгелектеріне мылжаланды. Есіктерді жабуды ұмытқан көліктің жүргізушісі наурыз айында «Жүргізушілік құжатынан» айырылған болып шықты...
...«Алматы-Екатеринбург» тасжолының 1310 шақырымында толтыра тас тиеп, Астанаға бет алған Shaanxi жүк көлігі қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып,
31 жолаушы мінген Yutong автобусы мен төрт адамы бар Audi-100 жеңіл көлігіне бетпе-бет соғысып, 16 адамның өмірі қиылды...
...Оңтүстік астанамыздың мамыражай әсем түнінде бір бойжеткен Сейфуллин даңғылының дәл ортасында әжесімен суретке түсіп, көшені қиып өтіп бара жатқанда, сағатына 120 шақырым жылдамдықпен заулап келген «Мерседес» көлігі әп сәтте байғұс қызды бірнеше бөліктерге турап, денесінің кеуде жағын көліктің ішіне лақтырып тастаған. «Мерседес»-тің 23-жасар жүргізушісі өзін «Субару» көлігінің «қысып жібергенін» сылтауратқан...
...Шымкенттің «Бекжан» атты орталық базары алапат өртке оранды. Таңсәріда басталған өртті түс қайта әзер ауыздықтады. 4000 шаршы метрді қамтыған өртте бір адам қаза тапты. Өрттің зардабынан жеті мың сауда нүктесі күл-қоқысқа айналды. Түксіз қалған бірнеше сатушының денсаулықтары нашарлап, ауруханаға түсті...
...Тамыздың тамылжыған қалың ортасында Іле-Алатауы ұлттық саябағында 11 адамның өлі денелері табылды. Қорықшының үйі өртеніп кеткен. Ақырында, қаза болғандардың саны жиырмаға жақындады, олардың ішіндегі ең жасы 13 жастағы қыз бала...
...17 тамыздың таңында Алматы облысындағы Бағанашыл ауылының тұрғындары кескілесіп-атысқан мылтық оқтарының дауысынан шошып оянды. Полиция жеке үй-
де тұратын тоғыз лаңкестің көзін жойғандығын мәлімдеді. Бұл – соңғы кезеңде лаңкестерді жойған екінші жағдай болатын. Ал, шілденің ақырғы күні «Акселькент» шағын ауданында алты терроршы бақилық болған...
...Лондон Олимпиядасындағы бас айналдырған жеңістерімізге қуанған көңілімізді Афины Олимпиядасының чемпионы Бахтияр Артаевтың ата-анасының жол апатынан қайтыс болғаны туралы суық хабар су сепкендей басты...
...Алматыдағы «Карина» ЖШС зауытының 2500 шаршы метрін өрт шалды...
...Астана аэродромында оқу-жаттығу кезінде Ми-17 тікұшағы құлап, экипаждың төрт мүшесі түгелімен көз жұмды...
...Сол түні Медеу шатқалындағы Мохнатка биігінің 20 гектар аймағын ең қауіпті санатта саналатын өрт жалыны орады...
...Мохнатка биігінің өртін ауыздықтаған сөндірушілер Алматының қақ ортасындағы Ботаника бағының 3 гектарын қамтыған өртті сөндіруге аттанды...
...Артынша Алматы әуежайына жақын жердің екі гектардың құрғақ шөптері өртенді...
...Көп ұзамай, «Айнабұлақ» шағын ауданындағы №129 мектептің жанында 200 шаршы метрді де өрт ұшқыны басты...
...Тамыздың соңғы күндері Алматыдағы «Дәстүр» киім-кешек базарында өрт басталды...
...Алматы–Өскемен тасжолының 530 шақырымында «Мазда» мен УАЗ көліктері соқтығысып, екі сәби мен үш ересек адам көз жұмып, бес кісі ауруханаға жеткізілді...
* * *
Жаның түршігеді... Адамзат баласының тарихында, әсіресе, тамыз айында ең ірі қасіреттер мен апаттар орын алған екен. 1979 жылдың тамызында өзбектің «Пахтакор»футбол камандасы әуе апатына ұшыраса, 1992 жылы ТУ-134, 2004 жылы ТУ-154 және ТУ-134 әуе ұшақтарында жарылыстар болды. Дәп осы айда Грекия мен Кипрде аса ауқымды әуе апаттары орын алды.
Бәріміздің есімізде, тамыз айында Жапонияға атом бомбасы тасталды, кеңес әскерлері Чехословакияға басып кірді, 1991 жылы Кеңес Одағын ыдыратқан Төтенше төңкеріс жасалды...
Одан берменгі уақытта тамызда Ресейдің «Курск» сүңгуір қайығы тұңғиыққа батып кетті, ағылшынның Диана қаншайымы апатқа ұшырады, абхаз-гүржі қақтығысы басталды, Оңтүстік Осетияны соғыс қаупі басты...
...Кім біледі, мұның барлығы, бәлкім, кездейсоқтықтар шығар. Дегенмен, биылдың өзінде біздің елімізде, ресми деректер бойынша, 127 бала жол апатынан көз жұмыпты...
Бұл – анық кездейсоқтық болмас. Егер мемлекеттік бюджеттен жолдарға бөлінген қыруар қаржылар шенеуніктердің шетелдерде қыдырыстауын қамтамасыз етпей, өз нысанына түгел бөлінсе; жол полициясы сұғанақтанбай, «бармақ басты, көз қыстыны» қойып, «Жүргізушілік куәліктерді» лайықтыларға ғана берсе; марқұм болған 127 сәби арамызда бақытты балдәуренін жалғастырып жүрер ме еді, қайтер еді?!.
...Өз басым ырым-жырымға ырық бере бермеймін. Қасиетті Ислам дінінде Аллаһ Тағаланың сыйлаған әрбір күні, айы, жылы һәм рақымды, һәм ризықты. Сондықтан, биылғы тамызда да бұйыртқанды бастан кештік. Адамдардың селқостықтары мен сезімсіздіктерін, қателіктері мен қатыгездіктерін белгісіз бір құпия күштерден көруге болмайды.
Тамыз – тамылжыған тамаша ай. Ғұмырымыздың әрбір жылы күні жанымызға шаттық, жүрегімізге қуаныш сыйлағай!..
Құлтас ДОСТАН