Ш.МҰРТАЗА: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетіненен ғана біле аласыздар»

7
4032

Шерхан МҰРТАЗА:  «Кімнің кім екенін білгің келсе,  кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар»

«Егемен Қазақстан» газеті, 2004 жыл.

 

«Жас қазақ  үні»  бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты»

«Қазақ әдебиеті» газеті, 2004 жыл.

 

 

БАР ҚАЗАҚ ҮНІНЕ АЙНАЛҒАН  «ЖАС ҚАЗАҚ ҮНІ»

 

  11 тамыз – елге белгілі, ерекше үнді  басылым  Республикалық қоғамдық-саяси апталық  «Жас қазақ үні»   газетінің жарыққа шыққан күні.

Еліміздегі алғашқы демократиялық басылымдардың бірі – «Жас қазақ үні» газетіне мерейлі жыл – 12 жыл толды!

Газетіміз 2000 жылдан бері  ел мұңын жырлап, әділеттіліктің ақ туын көтеріп келеді. Негізгі тақырыбымыз – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау. Ұлт мүддесі жолында газет ханға да, қараға да қарамай, ақиқатын айтып келе жатыр.  Бұл жолда талай келеңсіздіктерді батыл сынап, батыр қимылдар жасаудан танбауда. Бір ғана мысал – 2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда газеттің «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылсын!» (Қазыбек Иса, №8  27.02.2004ж.) атты депутаттардың дауыс беру стенограммасын жариялап, сең қозғаған сенсациялық  мақаласы елімізді дүр сілкіндіріп, Қазақстан Жазушылар одағына жиналған зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда»  біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар»  десе, «Қазақ әдебиеті»  газеті: «Жас қазақ  үні»  бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. Электронды поштамызға  елден келіп жататын толассыз хаттар легі де газетіміздің көтерген мәселесінің әлі күнге ең өзекті тақырып екенін айқын білдіреді.

 

Одан кейінгі ішінде елдің иесі қазақ туралы бір ауыз сөзі жоқ «Ел бірлігі» дүбара доктринасы қабылданып кетер тұста Мұқтар Шаханов бастаған қозғалыста «Жас қазақ үні» газеті алдыңғы саптан табылып, белгілі 14 зиялымен бірге газет басшысынан бастап, 3 журналисі аштық жариялайтындарын мәлімдеді. Ақыр соңында билік кері шегініп, доктринаға «қазақстандықтардың  қазақ тілін білуі  міндетті» деген тұжырым  қосылды.

Ал кешегі қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл болуы үшін Атазаңның 7 бабынан  орыс тілі туралы 2 тармағын алып тастау туралы әйгілі 138-дің Ашық хатына байланысты барлық мәселелер осы «Жас қазақ үні» газетінде көтеріліп, ондаған мың  қолдаушылардың қол қойған  хаттары жарияланды.

Ал орыстілді  басылымдар мен интернетте газет басшысы, ақын  Қазыбек Исаны 138-дің ашық хатын жазушы, нағыз  ұлтшыл ретінде жазғырып, сынның астына алып жатты…

Тәуелсіз еліміздегі ең алғашқы түрлі-түсті тәуелсіз газет бүгінде ұлттық мүдденің ұпайын түгендеп отырған нөмірі бірінші басылым ретінде оқырман ықыласына бөленіп келеді. Республиканың әр түкпірінен әділет іздегендердің жиі хат жазып, ат басын тірейтін жері –біздің газет болып отырғаны да тегін болмаса керек.

Республикалық «Жас қазақ үні» газеті  сайты –  www.qazaquni.kz интернет-сайтымыздың жаңа нұсқасы  жарыққа шық­қанына 1-2 жыл болғанына қарамастан, оқырмандардың назарына ілігіп, Қазақстандағы үздік сайттардың қатарына қосылды. Себебі бұл нұсқа әлемдік деңгейдегі БАҚ сайттарының озық үлгісінде жасалды. Өзге газет сайттарынан бір ерекшелігі латын нұсқасының болуы. Еліміздегі латын алфавиті бар жалғыз газет сайтын әлем қазақтары түгел оқи алады. Шетелдегі қазақтардың Қазақстанның газеттерін оқуына бірінші болып біз мүмкіндік ашып отырмыз. Сондықтан болар Еуропадағы қазақтар сайтымыздың латын нұсқасының ашылғанын сүйіншілеп, хат-хабарлама, мақалалар жазуда. Дәл қазіргі, бүгінгі  (11-17.08.2012.) Kaz.kz сайттар рейтингісі көрсеткіші бойынша  ”Жас қазақ үні” газетінің   www.qazaquni.kz сайты жалпы 1102 сайттың ішінде 6 орында, бір күнде 17000-нан аса адам кірді. Ал БАҚ сайттары мен интернет порталдары  саласы бойынша «Егемен Қазақстаннан» кейін екінші орынды иеленіп тұр.  Осылайша жер бетіндегі барша қазақтарды газетіміз бен сайтымыз  төңірегінде топтастырып, бар қазақ үніне айналу жолында қарқынымызды арттырудамыз.

 

Елу елге қосылатын  ел ең алдымен  рухани байлығын түгендеп, баспасөзге басқа көзбен қарай бастауы керек деп ойлаймыз. Әсіресе, ұлттық баспасөзге! Алдымен өз қазақтарымыз бастап, жалпы Қазақтың нанын жеп, байығандар, қазақтың нәрі – қазақ баспасөзіне   қамқорлық танытатын кез келді! Сондықтан, Бар қазақ үніне айналған «Жас   ҚАЗАҚ ҮНІ» газетімен бірге болыңыздар, барша халайық!

                                                               Редакция

            

 

 

7 ПІКІРЛЕР

  1. Қазақ жастары қазақшаның әдемілігін, сұлулығын, көркемдігін кетірмей, шұбарлатпай сөйлесе қандай жарасымды болар еді. Жастарымыздың мәдениетті, сүйкімді әзіл-қалжыңдарын естімей, ұлтымызға тән мінез-құлықтарын көре алмай жүрміз. Интернеттегі ақпарат беттерінде әредік сауатты материалдар кездеседі. Бірақ, айналамыз, көшеміз, ауламыз, жолаушы транспортында, сауда орындарында қазақшаны мойындағысы келмейді. Мемлекеттік тілді игеру желкені жоқ қайыққа ұқсайтын сияқты.

  2. «Жас қазақ үні» газетін Еліміздегі шындықты шырқыратып жазатын басылымдардың бірі ретінде санаймыз. Басшысы Қазыбек Иса белгілі ақындардың қатарына енген Оңтүстіктің азаматы. Жеңістеріңізбен жемістеріңіз көп болғай әріптестер. Құрметпен Республикалық «ӘДІЛЕТ» газетінің ұжымы.

  3. Кейбіп ресми басылымдардың жариялауға құлқы болмай жатқан кейбір дүниелерімізді сіздердің жариялап жіберетін жайттарыңыз бізді қатты қуантады. Газеттеріңіздің мерейі үстем болып, алған бетінен қаймықпай, биікке самғай берсін.Газеттеріңізді үзбей оқып отырамын, тек ризашылық пейілдеміз.

  4. Менсіз де жер-жаһанның бәрі «нұрланып» тұр ғой. Табын, Нүрке, Сазан, Таңатар- аталарым. Аман-сау бол інім. Есенғали Ахметов.

  5. ҚАЗЫБЕК інім, редакция мүшелері, бәріңізді шын жүректен ҚҰТТЫҚТАЙМЫН! Тіліміз, діліміз, дініміз жолындағы күрестің алдыңғы шебінде көріне беріңдер! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас жігер, жанұяларыңызға мол дүние,таусылмас бахыт тілеймін! Жаман ағаларың.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз