ОҢТҮСТІКТЕ ӘКІМДЕР АУЫСУДА

   Шардара ауданы әкімі  Қ.Айтөреев                     Арыс қаласы әкімі  Сейіт Ертай

Түркістан қаласын басқарған Қайрат Молдасейітовтың  облыс орталығы Шымкент қаласының әкімі болып кеткенін бұрын жазған едік. Қазір  Шымкентті  облыстағы ресми ең бай әкім басқаруда. Тек әкімдері ғана емес, Шымқала да бай қалаға айналатын шығар енді деп үміттенеміз. Алдымен айтарымыз, "Жас қазақ үні" газеті көтерген Шымкент қаласындағы "Қызылжар" мөлтекауданын шаңға бөктіріп, шулатып жатқан С.Мұқанов көшесіне салынған екі карьер мәселесі Қайрекең келгелі шешімін тауып, елді басынған екі карьер кете бастады... Ал Түркістан қаласының әкімі болып Әліпбек Өсербаев тағайындалды.  Әліпбек Өсербаев осы өңірдің түлегі. Қызылқұм ауданы Балтакөл ауылында  1961 жылы 20 тамызда дүниеге келген. Соңғы жұмыстары - Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып істеген. Яғни, Түркістанның тыныс-тіршілігін жақсы білетін тәжірибесі бар басшының енді  іскер  әкім ретінде өзін көрсететін кезі келді. Таяуда тағы да әкімдердің ауыс-түйісі болды. Шардара ауданының әкімі болып 5 жылдан аса белсенді түрде бел байлап істеген Марғұлан Марайымға  да Астанадан «құда түсті».   Жас болса да, бас болып қалған әкім ҚР  Ауыл шаруашылығы министрлігі  Су ресурстары комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып өсіп кеткенін  кеңінен жазғанбыз. Енді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметов Шардара ауданына әкім етіп Қамытбек Айтөреевты тағайындады. Қамытбек Нұржанұлы да осы Шардара өңірінің тумасы. Бұрын Шардара ауданы әкімінің орынбасары болып істеп, кейін аудандық Су шаруашылығын басқарып,  іскерлігімен көзге түскен.  Шардараның  соңғы жылдардағы  экономикалық-әлеуметтік және қоғамдық-саяси жағынан да алға басуы Қамытбек Айтөреевтың  келуімен  қарқындай беретініне сенеміз. Арыс қаласына Сейіт Ертай әкім болып келді.  Сейіт Мырзақұлұлы да Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Арыс қаласы әкімінің орынбасары болып, облыстық ішкі саясат басқармасын басқарып,  басшылық жұмыстар істеген. Қашанда мәселері шаш-етектен болып жүретін әйгілі Арыс қаласы енді ажарын тауып, қадамын қарыштатып жатса екен  деп тілейміз. Әкімдеріміз  әлеуметшілдігін көрсетіп, «Әкім бол-халқыңа жақын бол» деген қағиданы ұстанып, ел көңілінен шыға  береді  деп сенеміз.

                                                                                                    Қ.Жарылқасынұлы

www.qazaquni.kz