А.Перуашев: Қазақстан Олимпиаданың таңдаулылар сапына еркін енді!

0
1402

Қазақстан Республикасының Президенті,

Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа

 

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай,

һәм күшті болуымыз керек».

Ахмет Байтұрсынов

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

 

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан Сізді және Сіз арқылы барша Қазақстан халқын Лондонда өтіп жатқан ХХХ Олимпиада ойындарындағы ел құрамасының теңдессіз жетістігімен құттықтауға рұқсат етіңіз!

Әр елдің туын ұстаған спортшылардың күш-қуаты мен денсаулығын айқындай түсетін дүбірлі додада отандық команда жай бақылаушы емес, белсенді қатысушы және әлемдік спорттың көшбасшыларының бірі ретінде өнер көрсетуде. Осы Олимпиаданың барысында Қазақстан қол жеткізген алтын медальдардың санымен өзіндік рекордын орнатты және әлемдік олимпиада қозғалысының бетке ұстар таңдаулылар сапына еркін енді!

 

Бұл күндері біздің барлығымыз нағыз спорт жанкүйерлеріне айналдық. Қызметте де, бос уақытта да олимпиада сахнасындағы оқиғалар отбасылары мен еңбек ұжымдарында, достар мен тіпті мүлдем бейтаныс адамдар арасында қызу талқылануда. Александр Винокуровтың, Зульфия Чиншанлоның, Майя Манезаның, Светлана Подобедованың, Илья Ильин мен Ольга Рыпакованың оңайлықпен келмеген, әрі біз үшін аса қымбат жеңістері миллиондаған қазақстандықтарды біріктірді және қарапайым адамдардың жүрегіне өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Осының алдындағы сәтсіздіктері мен ауыр жарақаттарына қарамастан, бүкіл әлемге қазақстандық спортшының мұқалмас ерік-жігерін, рух бекемдігін, жанқиярлық ерлігін  таныта білген Александр Винокуров пен тұңғыш рет отандық екі дүркін олимпиада чемпионы атанған Илья Илиннің керемет әсер қалдырған зор жеңістерін ерекше атап айтуға болады!

 

Бұл жеңістер Сіздің тәуелсіздік жылдары бойына қуатты, қазіргі заманғы, алдына мақсат қойғыш және бәсекеге қабілетті ұлт, озық әрі білімді мемлекет қалыптастыру бойынша жүргізген саясатыңыздың арқасы. Сіз – Қазақстанның күнделікті өміріндегі нағыз олимпиада рухын қуаттандырушы тұлғасыз! Сіздің қоғам алдындағы кезекті әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін анықтай отырып, көшбасшылық жолындағы ұдайы бәйгенің үлгісі ретінде олимпиада спортындағы бәсекелестікке бірнеше мәрте мән беруіңіз де кездейсоқ жағдай емес.

Олимпиада қарсаңында жарияланған Сіздің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты әлеуметтік жаңғырту бағдарламаңыз шеңберіндегі халқымыздың салауатты өмірін алға бастыру, балалар мен жастар спортын жаппай дамыту жөніндегі  тапсырмаларыңыздың болашақтағы  жарқын істердің негізін қалайтыны сөзсіз. Қазақстанның олимпиададағы алтындары мыңдаған спорттық секциялардың ашылуына, болашақ  олимпиадаларда Қазақстанның туын мақтанышпен көтеретін қалалар мен ауылдардан жүздеген талантты балаларымыздың шығуына себеп болатындығына сенімдіміз. Ал ең бастысы – бұл жеңістер миллиондаған адамдардың жаппай спортқа бет бұруына септігін тигізеді, қоғам денсаулығы мен рухани имандылығының артуына баға жетпес оң ықпалын тигізеді.

Осы орайда, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын белсенді қолдайтыны және оны жүзеге асыруға атсалысатыны туралы мәлімдейді.

 

Қазіргі кезде олимпиада ойындары өзінің нағыз қызған шағында, бұл күндері бокстан, күрестен, спорттың басқа да түрлерінен шешуші кезеңдер басталып жатыр. Осы Олимпиадада әлі де халқымызды көл-көсір қуанышқа бөлеп, ел абыройын асқақтататын абырой-даңқ пен қанжығамызға байланатын басқа да олжалар – жаңа медальдар болады деп сенеміз.

Сізді тағы да зор жетістікпен құттықтауға және елімізге жаңа жеңістер мен мықты денсаулық, табыс тілеуге рұқсат етіңіз! Қазақстан – чемпион!

 

Аса құрметпен,   

 «Ақ жол» ҚДП төрағасы    Азат Перуашев

www.qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз