Бүгінгі елдің бейнесі

«Өліп» қалған ауыл Біздің өткен аптада еліміздің өңір­лерін аралап шығуға бет алған сапары­мыздың бірінші аядамасы Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы «Меркі» асыл тұқымды мал зауыты акционерлік қоғамы болды. Себебі, зауыт ор­наласқан ауылда көп жыл мектеп ди­ректоры болып жұмыс істеп, былтыр зейнеткерлікке шыққан, осы елдің абыройлы азаматының бірі Нұржан Жұманов ақсақалдан бата алғымыз келді. Оның үстіне біздің келетінімізді ағайдан естіген ауыл ағалары бізбен кездеспек ниет бідіріпті. Оған біз қуана келістік. Кездесу «Ақ ермен» ауылық округінің әкімі Өсер Әбеновтің кабинетінде өтті. Естіген әңгімемізден соң, сәл-пәл әсірелеп айтар болсақ, екі-үш күн бойы ес жия амай жүрдік. Неге? Себебі, ауылдағы, дәлірегі айнала шоғыр­лана орналасқан шағын Алтын арық (ашаршылық кезінде қырылып бара жатқан халықты «қарап отырып өл­генше қимылдап өлейік» деп арық тартып, тары салып, егін егуге бастаған сол ауылдың келіні, қазақтың Алтын атты қайратты бір қызының құрметіне қойылған), Ақ ермен, Ақкөз (1916 жыл­ғы көтеріліс батыры Ақкөздің атын алған) және Кентай аулындағы жалғыз мемлекеттік кәсіпорын, аты аталған «Меркі» АҚ-ның президенті 20(!) жыл­дан бері акционерлеріне білгенін істеп келе жатқан көрінеді. Ауыл адамдары­ның тек тәні тірі, рухы, жаны өліп қалған. Бүгінгі таңда Н.Назарбаев бір кездегі асырасілтеушіліктің зардабын жойып, қателікті түзету мақсатында «іріленіңдер» деп ұран тастап жат­қан­да, асыл тұқымды мал зауыты болғаны себепті жекешелендірілмей қалған кәсіпорын акционерлері «біз де бас­қалар секілді жеке меншік болып өмір сүре алмай отырмыз» деп аһ ұруда. Өйткені, АҚ президенті Дүйсенхан Садыровтың «ақ дегені алғыс, қара дегені» қарғыс көрінеді. Қарамағындағы халықты «айт!» деп алға айдап, «қайт!» деп кейін қайырады екен. Бейнелеп айтқанда, адамдарды да малға айнал­дырып жіберген. Бірақ, мал екеш мал да өлерінде тұяғын серпіп қалуға тырысады ғой. Бұл ауыл адамдары да бірнеше рет «күн­де өлгенше бір-ақ өлейік» деп тұяқ серпіп көріпті. Біріншісінде осыдан біраз жыл бұрын 200-ге тарта акционер «кезектен тыс жиналыс өткізіп, басқа президент сайлап алайық» деп уағда­ласқан екен. Садыров жиналыс болар күннің алдындағы түнде бас маман­дарын елді қорқытып-үркітуге жіберіп, нәтижесінде ертеңіне «жиналысқа келеміз» деп баталасқандар келуге бата алмай қалыпты. Былтыр күзде, Маңғыстау мұнай­шы­ларынан үлгі алған жергілікті халық «кіші Жаңаөзен» жасамақшы болып, 15 күн бойы жұмысқа шықпай, қоғам кеңсесінің алдына келіп отырып алады. Бірақ, отырып алғанынан не пайда, аудандағысы бар, ауылдағысы бар, билік басшылары олардың мұң-зарына құлақ аспақ былай тұрсын, проку­рорын, сотын, полициясын ертіп келіп, жиылған жұртты тікелей қорқытады. Сот төрағасы тіпті «сендер осы жерде 300 адам отырған соң батырсыңдар, менің кабинетіме жеке-жеке келің­дерші, көрсетер едім сендерге» дегенге дейін барған көрінеді. Ақсақалдар «әй, соның аты кім еді, Серімов пе еді, бірақ, ол басқа жаққа ауысып кетті ғой» десіп отырды. Ал, 37-жыл емес деп көріңізші мұны. Кездесуде сөз алған, ауыл округіндегі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жойқынбек Нұрланов ақсақал: «Мен сол жиынға қатысқанмын. «Дауысқа салайық та, басқа адамды сайлайық» деп ұсыныс айтпақшы болғанымда маған сөз бермей қойды» деді. «Орны­ңызда отырып болса да айқайлама­дыңыз ба» дегенімізде, «солай болды енді, қайтейін, айта алмадым ғой...» деп күмілжіді. Шешуші сәтте ақсақалдың заты атына сай бола алмай қалғаны өкінішті. Бірақ, ол кісінің келесі пікірімен келіспеске амал жоқ: «Біздің мына ал­дымызда отырған әкім ініміздің қо­лында ешқандай билік жоқ. Тіпті ауыл әкімінде ешқашан нақты билік болып көрген де емес. Өзінің есеп-шоты да жоқ өкіметте қандай билік болушы еді?! Ал, біз бәріміз жамандайтын кеңес өкіметі кезінде осындағы ауыл советте 24 депутат болатын. Қандай мықты совхоз, зауыт директоры бол­сын, сол депутаттар алдында 3 айда бір рет есеп беретін. Міне, ауылдағы өз өкілдеріне өкілеттік бермей отырған өкіметтің басты кінәсі бұл. Мемлекет бойынша шешілетін мәселе!» Өте дұрыс айтады. Және дәл осы әңгіме әкімдік жүйе құрылғалы, 20 жылдан бері айтылып келеді. Бір түбегейлі өзгерісті ауылдағы халықтың көретін кезі келер ме екен, жоқ әлде осылай құр үмітпен өмірлері өтер ме ме? Тауға жақын жер болғандықтан ауыл маңы сулы да, нулы да. Бірақ, президент Садыров су бергісі келмейтін ауылдың малының ішерге, огородын суарарға суы жоқ. Шалшық су ішкен малы өліп жатса, үй іргесіндегі жері егілмей қурап тұрған көрінеді. Тіпті бидайды орып алған кезде президент сабанды да халыққа берудің орнына егіске шаштырып жіберіпті... Кесірлік, кесапаттық емей не мұның аты? Бізден көмек сұраған ауыл ақсақал­дарына «қолымыздан келгенін аян­баймыз, бірақ, нағыз күрес біз жаз­ғаннан кейін басталады, соған шы­- дайсыздар ма – жеңіп шығасыздар, шыдамайсыздар ма – осылайша бар мен жоқтың арасында, қорлықпен өмірлеріңіз өте беретін болады» дедік. Әр адам, әр ауыл өзі үшін ең алды­мен өзі күресуі керек қой. Солай емес пе?!.. Жер – сенікі, сол жерге салған үйің – сенікі емес... Екінші кездесу Тараз қаласының теріскей жағын қоршай орналасқан саяжайлық 37 массивтің бірінде өтті. Қазақстанның көптеген қаласы секілді де мұнда да 90-жылдардың басындағы жабайы нарық ауыртпашылығын ала келген өтпелі кезеңде тарихи отанына қопарыла көшкен орыс ұлтының өкіл­дерінің тастап кеткен саяжайлары- на – саяжайларда тұтастай дерлік солар тұратын, қазақ баласына саяжай алу оңай болмайтын, сол себепті олар саяжай алуға соншама құлшына ұм­тыл­майтын да – негізінен оралман бауырларымыз келіп қоныс тепкен екен. Жергілікті билік саяжай тұрған жер телімін рәсімдеп, заңдастырып берген-дағы, саяжайдағы үйлерді рә­сімдемей қойған. Сондықтан сіз өзіңіз тұрып жатқан үйіңізге өзіңіз тіркеле алмайсыз. Тіркеле алмау дегеннің не екенін түсінбейтін адам жоқ шығар. Басқаны былай қойғанда, емханаға барып емделе де алмайсыз, жаңа туған нәресте балаңызға мемлекеттен тиесілі жәрдемақыны да ала алмайсыз деген сөз бұл. Жиырма жылға жақындаған осы­нау бір ақылға сыймас айтыс-тартыс әлі күнге шешімін таппапты. Рес­пуб­ликалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық қоз­ғалысы облыстық филиалының, «Ел болашағы» қоғамдық ұйымының төраға­сы Өмірбай Сабыров секілді ел азаматтарының біздің жел сияқты қолға ұстатпайтын, батпақ секілді бір аяғыңды суырсаң екінші аяғыңнан тартатын бюрократиялық билікпен ұзақ жылғы күресі нәтижесіз қалып отыр екен. «Жеріміз – заңды, үйі- міз – заңсыз» дейді Өмекең. Қалалық билік басшылары әр сайлау алдында «осы жолы бәрін қатырамыз, шешпеген мәселе қалдырмаймыз» деп уәдені үйіп-төгіп беріп кетеді екен. Дұрыс қой, келесі сайлауға дейін кім бар, кім жоқ. Бірақ, сайлау өткен соң сіз олар­дың қарасын да көрмейсіз. Жел ғой, қалай көресіз оны... Міне, осындай жағдай. Жалпы, біздің билік араласқан жерде «мынау мүмкін емес нәрсе!» деуге болмайды. Бәрі мүмкін... Өмірзақ АҚЖІГІТ