Шахановпен төрт жүздесу. Ақынға жабылған жаланы оқыған Ерболдың өзі де оған күйінуде...

Көкірегінде саңылауы, бойында жігері бар кез- келген азаматты қоғамымызда болып жатқан оқиғалар, еліміздің ертеңі толғандырмай қоймайтыны анық. Осындай сәттерде қолыма қалам алып, Мұхтар Шахановтың өлең-жырларының негізінде өз толғаныстарымды жазсам ба деген ой туатын. Ой туғанмен соны жүзеге асыруға батылым жете бермейтін. Өйткені  Мұхаңның поэзиясындағы отты жігерді, терең ойды толық түсініп, жазу тек кәсіби дайындығы бар әдебиетшінің қолынан ғана келердей көрінді. Ал қайраткерлігі, азаматтық парасаттылығы туралы жазуды ол кісімен жақын араласым болмағандықтан  орынсыз болар деп шештім. Дегенмен ақын өзі «Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы, Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды»-, деп айтқандай, қолға түскен шығармаларын қызыға оқитынмын,  баспа беттерінде жазылған ол кісі туралы сан қилы пікірлерді жібермей, шолып отыратынмын. Алайда, таяуда  «Жас қазақ үні» газетінің бетінен «Хасен Қожа-Ахмет өзінің сотқа жазған арызында Мұхтар Шахановтың Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға тигізген залалын бастан-аяқ тізімдеп шығыпты. Оның айтуынша, М.Шаханов 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі күндері Мәскеуде ақындық кешін өткізіп жүреді. Сол кезде Мәскеуде жүрген студент Ербол Байжарқынов Алматыдағы қан-жоса қырғын туралы М.Шахановтың кешіне келген қазақ диаспорасына, шетелдіктерге хабарламақ болғанда ол «Не айтатыныңды білемін, кет, кешімді бұзасың!» деп, оған микрофон бермей, КГБ-ға ұстаттырып жіберіпті» деген жолдарды оқығанда қатты таң қалып, қолыма қалам алуға бел байладым. Себебі сол кешке мен де қатысқан едім. ҚСРО Ғылым академиясына қарасты Н. Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының аспирантурасында оқып жүрген кезім. Москвада оқитын аспиранттар Қазақстаннан келген өнер қайраткерлерімен кездесуді бос жібермейтінбіз, әдебиет пен ғылым саласындағы жаңалықтарды біліп тұрайын деп «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналын Москваға жаздырып алып тұратынмын. «Ғалымдар үйінде Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші болады» дегенді естіп қатты қуандық. Сол күндері «Қонаевты орнынан босатып, Колбин деген біреуді қойыпты» деген хабарды естіп, сенер-сенбесімізді білмей дал болдық. Артынша «Алматыда көшеге жастар шығып, бұзақылық жасап жатыр екен, соларды тыныштандыру үшін Москвадан көптеген тәртіп сақшыларын апарғалы жатыр екен, Шахановтың кеші өтпейтін болыпты» деген гу- гу әңгімелер естіліп жатты.   «Не де болса, бара көрерміз» деп кеш өтетін жерге келдік. Әйтеуір кеш өтетін болып, көңіліміз орнына түсті. Кешті орыстың ақиық ақыны Евгений Евтушенко жүргізіп отырды. Сол жылдарда Одақта аттары дүрілдеп тұрған Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский, Бела Ахмадулина секілді мықты ақындардың бірегейі саналатын Евтушенконың Мұхтар ағамызбен дос болуын біз мақтаныш ететінбіз. Екі ақынды 1983 жылдың жазында қазіргі Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты қызметкерлерімен кездесуге келгенде алғаш көрген едім. Ақындармен кездесуге дайындалған институт басшылығы қонақтардың алдында «Жақсы көретін ақының келіп жатыр ғой, бір өлеңін оқы» деп тапсырған болатын. Мұхаңның «Жігерлендіру» деген өзім жақсы көретін өлеңін оқитын болып шештім. Қызық болғанда оқырмандардың алдында біраз шешіліп сөйлеген ақын ағамыз «Ал енді сіздерге өзімнің жақсы көретін өлеңдерімнің бірін оқып берейін» деп құлашын сермеп тұрып «Жігерлендіруді» оқып шықты. Осыдан кейін сахнаға шығып, бір өлеңді қайталап оқуды жөнсіз  көрдім, өкінішке орай аяқ астынан басқа өлеңін оқуға дайын болмай шықтым. Мәскеудегі кеш өте тартымды, әсерлі болып өтіп жатты. Мұхаң өзіне ғана тән қимылмен өлеңдерінің қазақшасымен бірге орысша аудармаларын да оқыды. Евтушенконың досына «Мухтар, не стесняйся, ты лучше стал читать на русском» деген қалжыңын да естідік. Бір сәтте сахнаға екі-үш студент сұранып шықты.  Алғашында жастарды Шахановқа тілек айтар деп ұққан болуы керек, кешті жүргізуші оларға сөйлеуге рұхсат берді. Алайда олар алдын ала жазып әкелген  Алматыдағы оқиға туралы  үндеуді оқи бастаған кезде Евтушенко «Ребята, это не политический митинг, а творческий вечер поэта Шаханова, прошу покинуть сцену» деп сахнадан түсіріп жіберді. Біз бейтаныс студент жастардың өжеттілігіне риза болып, үнемі еске алып жүрдік. 2002 жылы Ғабит Мүсіреповтың 100 жылдық тойы Солтүстік Қазақстан облысында аталып өтті. Қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде проректор болып қызмет атқарып жүрген кезім. Бізге ақын-жазушыларды қарсы алып жүруді тапсырды. Қонақтарды Ғабеңнің ауылына апардық, Ұлпан жерленген зиратқа барып, құран оқыдық. Бір сәтте Мұхтар ағамыздың Ұлпанға қойылған тастың басында оңаша қалғанын байқап, алғаш рет әңгімеге тарттым, сол Москвада өткен кешін есіме алдым.  «Сол жігіттерден хабарың бар ма, іздеп таппай жүр едім» деді.  Өкінішке орай, мен де білмейтін едім. Кейін баспа бетінен Мұхаңның сол жігіттердің бірін тапқанын, Ақтөбе қаласында белгілі кәсіпкер екенін білдім. Ең өкініштісі кейбір адамдардың сол фактілерді бұрмалап, ақынға күйе жағуға пайдаланып жатқаны. Ол кезде бүкіл елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КГБ студенттерді  қамайын десе, Шахановтың рұхсатын күтпей-ақ өздері-ақ ұстайтыны анық, өйткені бәрін көріп отырды. Кеш тікелей эфирде көрсетілді деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Жақында интернеттен Ербол Байжарқыновтың электрондық поштасы мен ұялы телефонын тауып алып, хабарластым. Сол кездесуді есіне салып, кейбір фактілерді жазып жібердім. Мұхтар Шаханов туралы жалалы да, жаңсақ пікірлерді оқыған Ерболдың өзі де оған күйініп, ренжіп отыр екен. Мына заманда қазақтың баласына ең бастысы бірлік керектігін айтты. Интернеттен 2008 жылы Ерболдың өз қаржысына Ақтөбе қаласында Тәуелсіздік монументін тұрғызғанын, оның салтанатты ашылуына Мұхтар Шахановтың қатысқанын оқыдым. Кейбір адамдардың Мұхаң туралы айтқандары «жаптым жала, жақтым күйе» екеніне бұдан артық қандай дәлел керек. Осы жерде ойға ақынның Қасым Аманжоловқа арнап жазған мына шумақтары оралады:  Шымшықтар көп өмірде, ал сұңқарлар санаулы, Санаулы олар, сондықтан жалпы жұртқа қалаулы, Жылдар түмен зейнетін артқанымен қаншалық, Қалаулысын қайда да қорғайды жұрт жан салып. Туған өлке бағы үшін өccін, жансын, гүлдесін, Қарсы қойма оларға мансабыңның мінбесін. Келер албырт ұрпақтың жігіттері ceні де Орта жолға жеткенде тастап кетіп жүрмесін!   Еліміз әлемдік деңгейде танылып, өркениет сапына қосылып жатқан сәтте қазаққа бірлік ерекше қажет. Сонау бір қызыл империя заманында қазақтың да дарынды ұлдары барын танытып, халқымыздың мақтанышына айналған нар тұлғаларымыз туралы егемендік алып, елдігімізді бекітіп жатқан заманда баспа беттерінде небір ғайбат сөздерді көргенде бойым өкінішке толып, налимын. Қазақтың қарапайым азаматтарының бірі ретінде айтарым, мен Мұхтар Шахановты қорғап немесе мақтайын деп отырған жоқпын, Мұхаң оған мұқтаж емес. Мен әрі тыңдарманы, әрі оқырманы ретінде ақынға ана тілім мен ұлтымды сүйіп өсуіме әсер еткені үшін тек ризашылығымды білдіргім келеді.  Солтүстіктегі қалың орыс арасындағы азын-аулақ қазақ ауылдарының бірінен Алматыға келіп, Қазақ ауыл шаруашылық институтының студенті  атанып, әсем астананың рухани өміріне араласқан сәтте алдымен ақындары таң қалдырып еді. Өлең кітаптарын дүкен сөрелерінен іздеп жүретінбіз. Сонда маған ерекше әсер еткен Шахановтың «Сенім патшалығы» кітабы еді. Сол аттас театрлық қойылымды да тамашалап, рухани ләззат алдық.  Еліміздің түпкір-түпкірінен келген балалар қандай керемет десеңші, агрономдықты оқып жатсақ та, әдеби  кітаптарды оқудан жалықпайтынбыз, өзіміздің ақынымыз, өзіміздің күйшіміз де бар еді.  Өлең шығара алмайтындарымыз сүйікті ақындарымыздың өлеңдерін жатқа айтатынбыз. Қаншаме рет сахнаға Мұхтар Шаханов болып шығып, өлеңдерін оқыдым десеңші! Тіпті ақынның «Лики времени» деген аударма өлеңдер жинағын да жаттап, соның ішінде «Легенда о долголетии» деген өлеңін 1983  жылы кезінде академик Н. Вавилов құрмет тұтқан атақты биолог-ғалым, профессор Надежда Львовна Удольскаяның 80 жылдық тойында оқып бердім. Ақынның “Әр нәресте қашан eci кiргенше, Жер қадiрiн, Ел қадiрiн, Ең бастысы тіл қадірін бiлгенше, .... Өзiн туған қасиеттi өлкенiң Ауасымен дем алуға тиiстi ол!” деген сөздері ауылдан келген біз үшін ерекше ыстық еді. Соның әсері болар, факультетімізде әр түрлі мерекелік шаралар өткізіп, соның қазақша сценариін жазып, әдеби кештер ұйымдастыратынбыз. Кейін диплом алар салтанатты жиналыста курс атынан қазақша сөйлеймін деп кейбір белсенділерден ескерту де алғам. Қайта құру заманы басталған кезде Алмалыбақ ауылында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, республикалық теледидардан «Алмалыбақтағы той» деген атпен көрсетілген  алғашқы Наурыз мейрамдарын өткізгенбіз, «Алтын дән» қазақ балабақшасы мен қазір елімізге танымал Әл Фараби бабамыз атындағы көп салалы мектеп-гимназияның ашылуына мұрындық болдық. 1994 жылы қабырғасы енді бекіп, орталау мектеп дәрежесінен орта мектеп дәрежесіне енді көтеріле бастаған мектебімізге келіп, мұғалімдер ұжымы мен шәкірттер алдында өзінің жалынды өлеңдерін оқып, ана тілі, ұлт үшін ерлікке жігерлендірген де Мұхтар Шаханов болатын. Осылайша өзім Әл Фараби деп атын қойған мектепке кездесуге келген рухани ұстазым алдында алғаш рет есеп бергендей болдым. Тіліміз бен мәдениетімізді өркендетпек болған сол істерімізге қарсы болып, көре алмаушылық көрсеткен басқа ұлт адамдары емес, өз ағайындарымыз еді. «Сендер елді дүрліктіріп, бүлдірейін деп жүрсіңдер» деп күңкілдеген кейбір ағаларымыздың өздері мүйізі қарағайдай ғалымдарды - қазақтарды екі жарып, айтыстырып қойды. Оның көп зардабын жас ғалымдар - біздер шектік. Соның салдарынан 1992 жылы ғылымнан қол үзіп, әкімшілік жұмысқа ауысуға мәжбүр болдым. Биотехнология ғылымы саласындағы көптеген жоспарларым жүзеге аспай, шәкірттерімнен айырылдым. Ал жұмысы ерте дайын болған бір аспирантым тек бірнеше жылдан кейін ғана кандидаттық диссертациясын қорғай алды. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқан сөздің мәнін сонда түсіндік. Қазір экономикасы қарқындап дамып келе жатқан еліміз үшін рухани дүние байлығының орны ерекшелене бермек. Алдымен біз «компьютер басты адам» болудан сақтанып, Абай атамыз айтқандай, жүрекке жүгінуіміз керек. Әсіресе  елді аздыратын ұсақ- түйек кикілжіңдерді қойып, бүкіл халық  құрметтейтін нар тұлғалардың қасында топтасып, ел бірлігін нығайқанымыз дұрыс.  Мұхтар ақын айтқандай, «Tым кеш келген игiлiктi ойлардың Қайғысынан артық азап бар ма екен?!,»- болып жүрмесін, ағайын дегім келеді. Өлеңдері талай ғашық жүректі тербеген, жырлары жанам деген сан мың жүрекке от берген, “елім, ұлтым” деген қайраткерлігі бұқара халықты риза қылған Мұхтар ағамыздың сол нартұлға екені даусыз. Сөзімнің соңында бүгінде  жетпістің желкенін керіп, жемісті белеске шығып отырған  ақиық ақын ағамызды мерейтойымен құттықтап, халқымыздың абыройы, ана тіліміздің мәртебесі үшін сіңіріп жатқан еңбектері баянды болсын, ұлтымыздың көк байрағы болып ұзақ жасай берсін деген ақжарма тілегімді білдіремін.    

                                    Әйіп ЫСҚАҚ,

                            Биология ғылымдарының докторы