Жақында Қырғыз елінде қырғыз депутаты Айнұр Алтыбаева бастаған, заңгерсымақ Тұрсынбек Ақұн қоштаған топ қырғыз отбасына ойран салды. Қырғызстан билігі қыз алып қашатын жігіттерді қойдай көгендеп түрмеге тығу үшін жанын салып жатыр. Осыны ести сала Қазақстан мәжілісінің әйел депутаттары да «қыз алып қашатын» қазақ жігіттерін «адам ұрлайтын» қылмыскер ретінде желкесін қию үшін білектерін сыбана кірісті.
Астанада не ұлтқа не мемлекетке берері жоқ, далбаса бас қосулар екі күннің бірінде болады. Бірде кезекті халықаралық жиналыстың ашылуын күтіп журналистер арнайы бөлмеде теледидар қарап отырғанбыз. Кенет «Хабар» телеарнасында «қыз алып қашу» жөнінде пікірталас болып жатыр екен. Қарап отырмыз. Бағдарламаға қатысып отырған бір қыз Алматы облысынан екен өзінің ауылында бір жігіт, танымайтын қызды алып қашыпты. Әлгі қыз, сол жігітті жамандап «надандық», «ақымақтық» оларды соттайтын, жазалайтын заң шығару керек – деп жер тепкілеп отырып алды. Сонда арамызда отырған қу тілді тілші жігіт: – Қызға сөз айта алмайтын байғұс жігіттер қатынсыз қалатын болды-ау» -деп гүрс еткізді. Соны тыңдап отырған ішіміздегі қаптаған тілші, кәрі қыздардың бірі: - Отырмыз-ғой басымызға бақ қонбай. Бізді «алып қашатын да» жігіт жоқ – деп бәрімізге қарады. – Сол «алып қашатын» жігіттерден Астанаға келсе-ғой біз отырып қалмас ек. Енді әр күніміз мені кім алып қашады екен деп әр жігітке бір жалтақтаумен жастық дәурен өтіп барады. «Қыз алып қашуды» жамандап отырған мына ақымақ қызды Астанаға алып келу керек, өмір бойы байсыз өтсін» – деді зілмен. Бәріміз не күлерімізді, не дерімізді білмей қалдық.
Иә, Астана қалалық АҚАЖ бөлімінің ақпараты бойынша Астанада қызды алып қашпай-ақ отау құрған үш отбасының біреуі ажырасып тынады екен. Сонда бір-бірімен «жүріп», «сүйіп, күйіп» қосылғандар, алып қашатындарға қарағанда он есе көп ажырасады екен. «Махаббатпен сүйіп», «Өз еркіңмен» қосылғанда шыққан мүйізің, қане?! Алып қашу дәстүрі жылдан – жылға жойылып келеді. «Қыз алып қашу» деген дәстүрдің солтүстік өңірде жоғалғанына ширек ғасыр болды. Астананың жанындағы біздің ауылда біреу «қыз алып қашыпты» дегенді естісем құлағым керең болсын. Соның кесірінен Астанаға жақын орналасқан менің ауылымда отыздан асқан он екі сұр бойдақ сүрленіп, отыздан асқан он тоғыз қыз отыр омалып. Үйленбеген жігітіміздің алды елу екі жас, жалпиып отырған қызымыздың алды елу бес жаста. Бұрын қашып келген қыз да, алып қашқан ұл да отбасын құрып балалы-шағалы болып жататын еді. Атам қазақ айтады-ғой «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деп. Қазіргі таңда екі мыңнан аса халқы бар ауылда отыз бір ұл – қыздың отбасы мола болады деген сөз. Ұлы жүр қызды икемдей алмай, қызы жүр не істерін білмей әр еркекке бір мөлиіп қарап.
Гендерлік саясатпен айналысып жүрген биліктегі әйелдер экономикаға, білім-ғылымға, ұлттық, мемлекеттік мүдделерге ақылдары жетпеген соң жамандайтыны, «аңдығандары» еркектер. Оңтүстік өңірлерде бірен-саран қыз алып қашатын жігіттердің шаңырағын құлату үшін сылтау таппай жатыр еді, бұл бір оңтайы келген іс болды. Көп ұзатпай-ақ заң қабылдайды. Сосын оңтүстік өңірлердің ұл-қызы да бақытсыз ғұмыр кешетін болады. Оңтүстік өңірлердегі осы уақытқа дейін тұрмысқа шыққан жүз қыздың біреуі «еріксіз» зорлап алып кетті десе енді сол бір қыздың кесірінен «алып қашпағаны» үшін тоқсан тоғыз кәрі қыз бақытсыз өмірдің кебінін киеді. Момын жігіттер сүмпиіп жүреді де топырлаған, байсыраған қыздар қу жігіттердің «жемтігіне айналады. Сосын ол қыздар; «сеніп қалдым, алдап кетті» деп тағы ойбайлайды. Не істерін білмей ерігіп отырған мәжілістегі әйелдер; «оңбаған еркектер қыздарды алдап туғызып, әкелік парызын өтемей, алиментін төлемей қашып жүр. Тауып іздеп аямай соттау керек» деп аузымен елді қаламымен заңды былғайды. Бірде бір танысым «қыздар бизнес» жасап жатыр деп әңгіме айтты. Қызылордалық ойы арам бір қыз «осының жағдайы бар-ау» деген бір жігітпен танысып, қылымсып, назданып, мүләйімсіп жігіттің жүрегін жаулап, жігіт сосын оны алып қашады. Қазақ салтында негізінен бір-бірін сүйседе алып қашатын дәстүр бар. Жігіт жақ кешірім ақша, мал жібереді. Шешесі мал мен ақшаны алып қалады да полициямен қызды қуып келеді. «Қызымды ұрлап кетті» деп адам ұрлау бабымен арыз жазып жігітті сотқа береді. Полицейлерде аранын ашып жігіт жағына «ақша бермесең соттаймыз» деп тап береді.Бұрын алаяқ әйелмен алдын ала келісіп қойған «іс» болуы да мүмкін. Мұрындары жанының ұшына келген жігіт не сотталады не қыздың шешесі мен полицейдің айтқан ақшасын ағайын-туыс болып тірнектеп жинап тауып береді. Бұл әйел осындай айлакерлікпен «қызын» үш рет қашырып,үш рет «бизнес жасаған». Жігіттің алып қашқаны полицейлерге де олжа. Жігіт үйлене алмай сорлап қалды. Мына заң қабылданса оңтүстік полицейлері әр қыз қашқан сайын бір жырғап қалатын болды.Қазақстанның гендерлік саясаты қазақ халқына қасірет әкеліп отыр. Кеңес Одағы кезінде қыз алып қашу көп болатын. Алып қашып келген соң жігіт қызға «тимесе» де жазықсыздан-жазықсыз соттатып жіберетін жағдайлар кездесіп отырды. Ол кезде бір-бірін ұнатып сөз байласып алып қашатын. Ілеуде біреу кездесетін қыздың ата-анасы жігітті ұнатпаса қайтадан алып кететін. Міндетті түрде жігітттің жеңгелері жабылып, жалынып, иіліп төсек болып қызды көндіретін. Бір қызығы қыз «көнбеймін, кетемін» деп жұлқынатын, өтірік жылап еңірейтін. Олай істемесе қызға ұят келетін. Артынан қуып келгендер де «өз еркіммен келдім» деген тілдей қағаз жаздырып алып етін жеп, шайын ішіп «мыңжылдық құда болдық» деп тісін шұқып кете беретін. Әйтпесе болмайды солай істеу салт болатын. Осы оқиғаны орысша қалада оқыған салт-дәстүрден мақұрым қалған мәңгүрт қазақ пен өзге ұлт өкілі көрсе, естісе әрине төбе шаштары тік тұрады. «Қыздың бостандығын аяққа басып зорлап қатын қылады» деп зәрелері ұшып «ортағасырлық» жабайы қазақтарды түрмеде шіріту керек – деп өздерін зорлап алып қашқандай ойбайлап шыға келеді. Оңтүстіктің жақсы бір салты жезөкше қыздар немесе басқа жігітпен «ойнап» қойған қыздар пәк болмаса күйеуге тию оңайға соқпайды. Пәктігінен айырылған сайқал қыздар; жігітке жала жауып «мені зорладың» полицияға шағымданамын, «алып-қашып қыз зорлады» деген бабпен түрмеде шіріисің – деп қорқытып өзіне үйлендіретін оқиға да кездесіп қалады. Сотталмас үшін алған әйелін «Қыз емес әркімнген қалған салдақы қатын алдым» деген жігіттің жүрегінде қалған дақ, қайғысы ішін мүжіп, арты арақ ішіп қатын сабау сосын ажырасып тынады. Сондықтан жеңіл жүрісті қыздар оңтүстікке келін болуға қорқады. Өйткені ол жақтың жігіттері қыз адал, пәк, таза болса ғана үйленеді. Әйтпесе бірінші түні –ақ «тексерістен» өтпей қалса қуып жібереді. Орыс па қытай ма, шүршіт пе әркімнен қалған салдақы қатынды олар қалай, өмір бойы «сүйікті жарым» деп айта алады. Бұл асыл қасиетті бүкіл қазаққа үлгі етсек, ұлттық геніміз біраз тазарып қалатын еді.
Тоғайбай Нұрмұратұлы