Отарлық «ОВ»-қа құлдық ұру қашан тыйылады?- Бердалы Оспан

Қазіргі таңда қай жерге бара қалсаңыз да еліміздегі қоғамдық мәселелер аясында пікір алысулар болып жатады. Өз ойларын білдірушілердің көбі жалпы халықтық, мемлекеттік мәселелерді қозғайды. Бұндай белсенділік еліміз егемендігін алғалы бергі жылдарда қоғамымыздың мүшелері-­ нің санасының күрт өзгергенін, өскенін айқын­дайды. Бұл, әрине, өте қуантарлық жағдай. Себебі, қоғам мүшелерінің санасы қандай болса қоғам да сондай болмақ. Қоғам мүшелерінің санасы биік болған сайын олардың белсенділігі де күшейіп, келелі мәселелер өркениеттік мәдени дең­гейде шешіліп, мемлекет өзінің дамуының жоғарғы сатысына осылайша көтеріледі. Дегенмен, пікір білдірушілер арасында жалпы сөзбен айызын қандырып алып, келесі отырысқа дейін ештеңе ойламай жүре беретіндердің баршылық екені де рас. «Олай істеу керек, былай шешу керек» деп оңды-солды сөйлеп қасындағыларға кезек бермейтіндер, басқалардан талап еткенімен өздерінің мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Әр азамат өзінің қо­ғам алдындағы жауапкершілігін сезінбегендіктен қоғамның да дамуы тежеле беретіні бесенеден белгілі жәйт. Сөзбен істің алшақтылығы, әсіресе азаматтардың өз тегін-фамилиясын ресми құжаттарда рәсімдеуде көрініп жатады. Жұрт ортасында отырғанда жиналғандарды аузына қаратқысы келетіндердің көпшілі­гінің фамилиясын сұрай қалсаңыз әлі күнге дейін «ОВ» не «ЕВ» болып жазылға­нын көресіз. Ондайларға «қазақ, қазақ» деп сөйлейсіз, ал, өзіңіздің тегіңізді әлі «ОВ» деп жазып жүруіңіздің себебі неде, деп сұрасаңыз, ұрыс-керіс шығып кетуі әбден мүмкін. Себебі мемлекетімізді аузы­мен ғана көркейткісі келетіндердің көбісі егемендіктің тұғыры нық болуының бір ұшы азаматтардың өз тектеріндегі «ОВ»-тың алынып тасталуына барып тірелетінін әлі түсінбей келеді. Қай газет-журналды, кітапты, оқулықтарды қарасаңыз да, теле­дидарды тамашаласаңыз да «ОВ»-«ОВА», «ЕВ»-«ЕВА» дегеннен аяқ алып жүргісіз. Бұл жөнінде әңгіме бастай қалсаңыз, ешқашан ойыңызға келмейтін небір себептерді естисіз... Кешегі КСРО билік құ­рып тұрған кезде Қазақстанның тұрғын­дарының барлығы дерлік фамилияларын орыс халқы сияқты «ОВ» деген жалғаумен жазатын. Ол кезде көпшілік КСРО-ның идеологиялық машинасының шынжыр табанының күшіне мойынсұнып кеткен еді. Бірақ барлық кезде бұлай болған жоқ. Қазақтар өз фамилияларын «ҰЛЫ», «ҚЫЗЫ» деп жазған. Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апайымыз өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында 1925 жылы бауыры Әлібектің туғаны туралы айта келіп: Куәлікті әкем араб әріптерімен және орысша жазып өз қолымен толтырған» дей келіп: «Бұл құжат менің қолымда сақтау­лы» деп жазады. Осы құжаттағы: «Әкесі» деген сұрақтың тұсында – «Міржақып Дулатұлы – 40 жаста» деп жазылған. Қызылорда қаласында 1929 жылы шақырылған Бүкілодақтық ғылыми-орфографиялық конференциясының стеннограммасында: «Сөз жолдас Жұ­банұлына беріледі» деп жазылған. Бұл бүгінде фамилиясы кітап пен мақалаларда «Жұбанов» деп жазылып жүрген музыка зертеушісінің ол кезде атасы Жұбанның атымен Құдайберген Жұбанұлы болып жазылғанын дәлелдейді. Сәбит Мұқанұлы 1932 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде сол кезгі ақын-жазушылар туралы жазып, оларды: Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Кү­лейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Ай­мауыт­ұлы Жүсіпбек, деп көрсеткен. Бұл кітап сол күйінде 2008 жылы «Атамұра» баспасынан 1000 дана болып жарық көрді. Мұхтар Әуезұлы 1930 жылы Ташкент қаласында тұтқындалды. Тергеу 1932 жы­лы 20 көкек күні аяқталып, қылмыс ко­дексінің 58/7,10,11-баптары бойынша айыпталып, үш жыл концлагерьде тұт­қында ұстау үкімі шықты. Бұдан ары не болатыны түсінікті еді. Бірақ М.Әуезұлы «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрген хатын жазды. Хат оның өмір сүруінің кепілі еді. Екі жыл түрмеде отырған жазушы Кеңес билігінен кешірім сұрап, бұдан былай саясатқа араласпай тек ағарту­шы­лық жолын таңдады. М.Әуезұлының өзі­нің фамилиясын әлі Әуезов деп жазбай тұрғаны туралы 1932 жылы жарық көрген «Әуезұлының сөзі» атты мақаласының болғаны растайды. 1932 жылы ақын Ілияс Жансүгірұлы Қазақстан Кеңес Жазушы одағы өлкелік ұйымдастыру комтеттінің 1-пленумында жасаған баяндамасында «...Әуезұлы Мұх­тар өзінің көп жылдан бері ұлтшылдық пікірде болып, енді ол пікірден, ол жолынан қайтып...» деп жазған. 1935 жылғы 23 нау­рыз күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жария­ланған мақалада: «Марттың 16-күні қа­зақтың атақты жазушысы Әуезұлы Мұхтар жолдас...» деп жазылған. 1936 жылы қазақ әдебиетінің басы-қасында жүргендер мысалы: С.Сейфол­лаұлы, С.Мұқанұлы, М.Әуезұлы, Ә.Тә­жібайұлы ол кезде фамилияларын «ОВ» емес «ҰЛЫ» деп жазған. Бүгінде көп адам білетін Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайға кешу» романы 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып, автордың аты Сейфуллаұлы Сәкен деп жазылғанын білмейді. Сол жылы жарық көрген: «...Ел әдебиетінен жинақ» атты кі­тап­тың авторы І.Жансүгірұлы деп көрсе­тілген. 1930 жылғы «Жаңа ауыл: Бастауыш мектептің 2-жылы үшін жұмыс кітапты» жазған Жүсіпбек Аймауытұлы. Бұл кітапты түзетіп, толықтырған Ғ.Мүсірепұлы. Ол кездердегі саяси жағдайдың қандай болғанын қазір кім білмейді? Кеңес мем­ле­кетінің басшылығы «халық жаулары» деп көптеген азаматтарды атты, түрмеге қамады, алыс жерлерге жер аударды. Тірі қалғандар амалы жоқтықтан биліктің дегеніне көнді. Бүкіл ел фамилиясын «ҰЛЫ», «ҚЫЗЫ» деп жазғанды қойып «ОВ», «ЕВ» деп жазды. Иә, осылай болған... Осы жерде айта кететін бір жәйт, жоғарыда аты аталған қазақтың қаймақтары: Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Кү­лейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Ай­мауытұлы Жүсіпбек және басқалар бүгінде көзі тірі болса, еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап фамилияларын «Ұлы» деп қазақшалап жазар еді! «ОВ»-пен «Ев»-ке қарсы тұрып бас­қалардың сана-сезімінің өсуіне ықпал ете білген тұлғалар да болды. Солардың бірі Халық ҚаҺарманы, батыр, жазушы Ба­уыржан Момышұлы еді. Ұлы Отан соғы­сының нағыз бел ортасында 1943 жылы шыққан «Волоколамск тас жолы» кі­табында Б.Момышұлы туралы мынадай бір оқиға суреттеледі: жазушы Александр Бек Бауыржан Момышұлымен танысқанда батыр бабамыз өз аты жөнін: Бауыржан Момыш-Ұлы, – деп айтады. Түсінбеген жазушы: – Кешіріңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп қайта сұрайды. Сонда Бауыржан Момышұлы: – Менде фамилия жоқ. – деп қысқа қайырады да: – Бұл ме­нің әкемнің аты, – дейді. Батырдың бұ­нысы басқа ұлттың өкіліне қазақ деген ха­лықтың аты-жөнді жазу дәстүрі орыс­тардыкінен мүлдем өзіндік мәдениеті бар екенін түсіндіргені еді. Ол осылайша КСРО-ның билік басындағылардың бар­лық ұлттарды «ОВ» деп жазып бәрін бір совет халқы етіп жіберуіне өзінше қарсы­лығын білдірген болатын. Оңтүстік өңірінің Ергөбек, Құлыншақ, Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса сынды ақындардың жыр мұраларын жинап зерттеумен айналысқан, ұлы Мұхтар Әуезұлының өзі таңдап алған соңғы аспи­ранты, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін алғаш жариялаған ғалым, менің әкем Әсілхан Оспанұлы да өте ұлт­жанды, елім деген азамат еді. Ол өзіне «ОВ» деп жазылып берілген төлқұжатты төрт рет әдейі жоғалтқан. Паспорт беретін мекемеге «паспортымды жоғалттым» деп «Оспанов» демей «Оспанұлы» деп қағаз толтырып, арыз жазып бара берген соң, ресми орындағы қызметкерлер әкемнің төлқұжатына «Оспанұлы» деп жазып беруге мәжбүр болған. Енді бірде, партия билеттерін ауыстырып жаңасын алған кезде қараса өзінің фамилиясы «Оспанұлы» емес «Оспанов» деп жазылғанын байқап, «Оспанұлы» деп дұрыс жазылуын талап етеді. Аудандық партия комитетіндегілер басшылардан ұрыс еститін болдық, деп қорқып, әкеме осы күйінде алыңызшы, деп өтініш айтады. Бірақ әкем бұған келіспейді. Сол кезде Тілепов деген қызметтесі: Әсеке ала берсеңізші, неңіз кетеді, дейді. Сонда әкем: Осыларды мойнымызға мінгізіп қойған сен сияқтылар, дейді қату­ланып. Бүгіндері қай қазақпен әңгімелесе қал­саңыз да Қазақстанның басқа өркениетті елдерден кем болмай, Ұлыбритания, Фран­ция, Алмания, Жапония, АҚШ сияқты дамыған ел болуын қалайтынын айтады. Бірақ ол елдердің азаматтары өз тегін құжатына жазғанда орыстық «ОВ» дегенін есепке алмай жазады ғой. Францзудар Депардие, Саркази, Жан Марэ, Мирей Матье деп, ал ағылшындар Черчиль, Тетчер, Холмс, Уатсон деп, алмандар болса Шмидт, Вайс, Мюллер, Штирлиц деп өзінше жазады. Қытайлар, жапондар, кәрістер, мексикандықтар, италиян­дықтар, бәрі-бәрі өз тегіне орыстың «ОВ» дегенін қоспайды. Қазақтар ғана «ОВ» пен «ЕВ»-тен айрылғысы жоқ. Бұл мәселе сөз бола қалса «неге елбасы өзі бірінші болып тегін өзгертпейді» деген сөздер де айтылып жатады. Бұл сұраққа Нұрсұлтан Әбішұлы баяғыда жауап беріп қойған. Ол кісі теледидардан сөйлеген бір сөзінде: «Өз кезегінде мен де фамилиямды Назарбай деп жазамын. Әзірше бұның мүмкін болмай тұруының басты себебі мен мемлекет басшысы ретінде көптеген елдермен қарым-қатынастық ресми қағаз­дарға қол қойдым» деді. Егер елбасымыз фамилиясындағы «ОВ» деген жалғауды алып тастаса, мемлекетіміздің басшысы ретінде бүгінгі күнге дейінгі қол қойған мемлекетаралық келісімдер бір сәтте кү­шін жоятыны түсінікті. Қазіргі таңда фамилиядағы КСРО билігі тұсынан келе жатқан сарқыншақтың белгісі «ОВ»-пен «ЕВ»-ті өзгертудің еш қиындығы жоқ. Ресми орынға барып керекті құжаттарды рәсімдесеңіз болды. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілген мәселе. Бірақ, неге екені белгісіз отанымыз егемендік алғанына жиырма жылдан астам уақыт өтсе де қандастарымыз «ОВ» пен «ЕВ»-ке жабысуын қоймай келеді. Бүгінде ұлты қазақ, «сексеннің сеңгіріне шықтым» деген жасы үлкен азаматтардың, орта жастан асқан буын өкілдерінің, олардың соңын алып келе жатқан студенттердің, мектеп жасындағылардың, тіпті жаңа туған сәбилердің де тегінің «ОВ» болып жазылуы бүгінгі ұлтымызға үлкен сын. «ОВ» және «ЕВ»-пен аяқталатын фами­лиялардың көп екенін көріп-біліп жүрген басқа ұлт өкілдері: қазақтардың ата-тегін жазуда өзіндік мәдениеті болмағаны ма, деген сұраққа жауап іздеуін кім орынсыз дей алады?! Бұдан соң өз тектерін дұрыс жаза алмағандардың тілін үйреніп керегі не деп айтуы да әбден мүмкін нәрсе. Үлкен ұяттың бірі қазақтың бәрі білетін ағалар мен апалардың өздерінің фа­милияларын орысша жазуы. Көпшілік қашанда атақты азаматтардан, билік басындағылардан, ақын-жазушылардан үлгі алып отырған, соларға ұқсағысы келген. Әсіресе сахна жұлдыздары өздерінің тегін қалай жазғанына көңіл аударса жақсы болар еді. Егерде еліміздің белгілі де беделді тұлғалары, мемлекет қайрат­кер­лері, мәжіліс депутаттары, ақын-жазу­шылар, кино артистері, суретшілер, ән­шілер, мысалы, қазақ тілінің жағдайын көп айтатын Мұхтар Шаханов бас болып Ермек Серкебаев, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева және тағы басқа да атақты адамдар бүгіннен бастап фамилиясындағы «ОВ»-«ЕВ»-терді алып тастаймыз деп бар­лық қазақ газет-журналдар мен теледидарлар арқылы қазақ халқына үндеу жолдаса, көптеген қазақтар ертесіне-ақ фами­лия­сын қазақша жазуға әрекет жасар еді. Әттең, әзірше қазақтар бұл мәселеде екіге бөлініп тұр. Бір жағы баяғыда-ақ тегін қазақшалап жазғандар, ал екінші жақ «ОВ»-пен «ЕВ»-тен айрылғысы келмей жүргендер. Осы екі жақтың қайсысы жеңер екен деп бақылап отырғандардың бар екені де шындық. Ендігі жерде Бауыржан Момышұлы­ның: «Әр адамның мінезі – астындағы тұлпары», деген нақыл сөзіне құлақ асып, өзін қазақпын деп білетін әр азаматтың бұл мәселеде мінезді болатын кезі жетті. Бердалы ОСПАН, Мәдениеттанушы