Байлар мен майлар, кедейлер мен өгейлер...

 

...Соңғы кезде қайда жүрмейін, бойымды бір белгісіз үрей билеп алатын болды. Қалай құтыларымды білмей далмын... Бұл – біздің Оралдағы Лұқпан АХМЕДИЯРОВ пен Бауыржан ХАЛИОЛЛаға атылған резеңке оқ пен сілтенген суық пышақтан сескену емес. Мүлдем басқа: тұла бойымды жаулап алып, жанымның түбіне, жүрегімнің тереңіне сіңіп алған үрей... ...Басты қорқынышым: қазіргі күндеріме қатысты. Билік толы ұры-қарылар: қорғаныш көріп, полицияға айтсаң – қалтаңдағыны қағып, қалпағыңды теріс кигізеді; құқық қуып, прокурорға барсаң – өзіңмен қосып, заңыңды белінен бір-ақ басады; әділдік іздеп, сотқа сүйенсең – сотқарға жығып беріп, бала-шағаңмен бірге қоңыз тергізіп жіберуі кәдік... Көшелердегі қылмыскерлерден аяқ алып жүру қиын: оң жағыңда – жемқорлар, сол тұсыңда – нашақорлар; ортасында – қор болғандар, яғни, қарапайым халық... Неге бұлай? Себебі, қоғамдағы әділеттілік әлеуметтік тепе-теңдігі бұзылды. Бұл – ешбір заңда жазылмаған табиғи заңдылық болатын... Кедей – нанға тоймады, бай-бағлан – байлыққа тоймады. Кедей қинала берді, бағлан ұрлана берді... Қазір сағат сайын Қазақ Елінде қымбатшылық кеңірдікті қысып барады. Қалың жұрт тісін-тісіне басып, шыдап бағуда. Бірақ, бұл шыдамдылықтың шексіз мерзімге созыла беретіндігіне, халықтың мәңгілік мәңгіріп жүретіндігіне БІРЕУ кепілдік бере ала ма?.. ...Бүгінгі қазақтың шонжары мен кедейінің арасындағы кіріс 30 еседен асты. Мысалы, қарапайым кісінің айлық кірісі 40 000 теңге болса, шонжардікі 1 млн. 200 мың теңгені құрайды. Мұның өзі менің ойдан шығарған ертегім емес, Білім және ғылым министрлігіне қатысты Экономика институтының Әлеуметтік бағыттау теориясы орталығының меңгерушісі Аманжол Қошановтың мәлімдемесі. Осындай қоғам мүшелерінің аражігі мейлінше алшақтап, кірістеріндегі айырмашылық жер мен көктей болған елде «әлеуметтік әділдік» қана емес, жалпы, қарапайым адами қатынас туралы айтудың өзі артық... Банкілерге ақша сақтаған депозиттердің 50 пайызы қоғам мүшелерінің 0,1 пайызына ғана тиесілі екен, яки, байлар ғана банкіге ақша салады. Кедей байғұстың тапқан-таянғаны нан-шәйіне жетер-жетпес болып жатса, банкіде несін сақтайды?.. Ресми ақпарат 2011 жылғы инфляция 8,3 пайыз болды дегенімен, іс жүзінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге көп.Шикізат сатып қана күн көріп, ұрлап-жырлаған елде басқаша болуы мүмкін де емес... Әлемнің барлық елдерінде кедейшіліктің ұлттық шегі болады. Мәселен, қазір Қазақстанда оның шегі 13 487 теңгені құрайды, көршілеріміз Ресейде, шамаман, қазақтың 30 мың теңгесінің деңгейінде, Қырғызстанда 11 мың теңгенің төңірегінде. Сонда жері мен елі шектеулі, бары мен байлығы есептеулі, қайта-қайта қырғын көрген қырғыздан алшақтап кете алмағанымыз қалай?.. Бірақ, біздің арсыз шенеуніктеріміз «өтірікті – шындай» етіп, жалған сөйлеудeн жаңылмауда. Біздің төлеген салықтарымыздан семіріп алған Статистика агенттігінің басшылығы беттері былш етпей: «Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, елдегі ең бай 10 адам мен ең кедей 10 адамның кірістерін салыстыратын қор коэффициенті» көрсеткіштері соңғы он жылда Қазақстанда бұл айырмашылық 1,5 есеге төмендеп, халықтың әлауқаты анағұрлым жақсарған...» – деген мәлімет таратты... Шын мәнісінде, біздегі ауыл адамдарының кедейшілігі қала кедейлерінен бес-он есеге өсіп кетті. Ең кедей адамдар оңтүстік өңірлерде, сосын, Солтүстік пен Батыс аймақтарында (мұнайлы өлке?..) тұрып жатыр... Танауларына есекқұрт кірген бай-жонжарлардың дені – Астанада... ...Қайтіп күн көреміз, қазақ бауырларым?!. Қашан ел қатарына қосыламыз? Әлде, жаппай Астанаға көшеміз бе?..  

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА