РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ

Жаратқан Иеміздің он екі айының ішіндегі ең абзалы, ең ізгісі, ең сауаптысы – Рамазан айы кезекті мәрте қазақ даласына келіп жетті... Жыл бойы қу тіршіліктің соңында салпақтап жүріп, асқазанымызды шексіз толтырып, ой-ниетімізді де ластап, ақырында, иманымызды да әлсіретіп алғандай болсақ, иншалла, қасиетті Рамазан айы – есімізді жиып, етегімізді жинататын; ауызымыз бен тілімізге тиым салатын; қайдан, қалай жаратылғанымызды ескертіп-есімізге түсіретін; ашыққандықтан – Аллаһ Тағаланы көбірек көңілімізде ұстайтын; шөлдегендіктен – Хақ Тағаламызға шүкіршілік айтатын – иманымыз бекіп, сабырымыз орнығатын орасан күндер мен түндердің тізбегі... Рамазан айында жын-шайтанды бұғаулап тастайтын Аллаһ Тағала  ауызын бекітіп, ораза ұстап, қажетін сұраған пендеге: «Ораза ұстаған адамның дұғасы қайтарылмайды» (Тирмизи) деп, қалағанын нәсіп етеді екен. Мұсылманның мінез-құлқын, әдет-ғұрпын, ізгі қасиеттерін жарқыратып көрсете алатын айында әкім мен ақын, бастық пен бағынышты, бай мен кедей болып бөлінбей, исламның мүбәрак туының астында, қазақтың киелі топырағының төрінде ауызбіршілігімізді, ынтымағымызды, бауырмалдығымызды, имандылығымызды, сабырымызды, қанағатшылдығымызды, кешірімділігімізді, елдігімізді мейлінше терең де жарқын кейіпте паш етсек деймін... Ислам – бірлік пен жақсылықтың діні. Лезде өте шығатын, құт-береке орныққан осынау отыз күнде бір-бірімізге жылы сөз айтып, таза ниет танытсақ игі. Шамамыз жетсе, мүсәпір мен мұқтаждың қолтығынан демеп, аш пендені тамақтандырсақ – сауабы мен ізгілігі өзімізге еселеп оралады. Ораза – қалқан. Ораза – тозақ отынан қорғайтын пана. Түптеп келгенде, ешбір есі дұрыс адамның тозаққа түскісі келмейді. Ендеше, алдын-ала сақтанып, қам қылу ләзім. Құдси хадисте Аллаһ Тағалаға: «Ораза ол мен үшін және оның сыйын Өзім беремін» дейді. Аллаһтың сыйынан артық сый-сыяпат болмайды!!! Әрбір қазақ жыл бой күтіп, жақсылық дәмететін Қадір түні де қасиетті Рамазан айының еншісінде... Ораза қабыл болсын, мүмін бауырларым! Тауфиығымыз молайып, ғибадатымыз көбейсін! Раййан есігінің табалдырығында тоғысуға жазсын! Аса мейірімді де аса рақымды раббымыз – Аллаһ Тағалаға шексіз мақтаулар болсын!!!  

Құлтас ДОСТАН