СЫН сағатта ЛАУАЗЫМЫНАН БАС ТАРТА АЛАТЫН ШЕНЕУНІК БАР МА БІЗДЕ?!.

ДАЛА ДАТЫ

 

                    РЕДАКЦИЯДАН: Қадірлі қауым! «Жас қазақ үні» газеті өзінің шыға бастаған  мүшел жасындағыдай уақытта әрдайым қара халықтың, қарапайым қазақтың сөзін айтып, ақиқаттың ақ туын жоғары ұстап келеді. 

 Біз қоғамның кемшіліктеріне қапа болдық, жетістіктеріне жүрек жара қуана да білдік. Жардың астында жауымыз жоқ болмас, бірақ, ниеті мен тілегі бір достарымыз да аз емес...

Бүгінгі нөмірімізден бастап  Бас редактордың «Дала даты» деп аталатын төл айдары ұсынылмақ. Расында, қасиетті қазақ даласының даты қашанда қастер тұтылған. Хандар мен сұлтандарға қара қылды қақ жарып айтылатын қазақ даласының даты: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген даналық пен даралықты өзек еткен.    Дат дегеніміз – дара пікір, оймақтай ой, айрықша тұжырым, жеке көзқарас, шыңғырған шындық, өткір ақиқат. Дат – тар жолдар мен тайғақ кешулер... Жолымыз – сәтті, сөзіміз – қуатты болғай!

           

       Кешірімшіл кісінің күні қиын. Жүрегі нәзік, жаны адал адамның айналасында атамзаманнан алаяқтар мен жалаңаяқтардың қаптап жүретін әдеті. Замандар мен адамдар өзгергенімен, алаяқтар мен жалаңаяқтар өзгермейді... Кім білсін, біздің Елбасының нағыз қазаққа тән ашықтығы мен ақпейілділігін – аңғалдыққа балап, айналасында басын қатырып жүргендердің молырақ болуы да ғажап емес... Әйтпесе, жасы жиырмаға толмаған жалғыз жігіттің кәсіби әскерилерді әп- сәтте қойдай қырып салғанына есі дұрыс адам сене ме?.. Әрбір шенеунік Елбасының өзіне деген сенімін ақтап, елдің абыройын ойласа – мұндай тағдырлы шақта, айрықша сын сағатында бар ақиқатты айтып, өз лауазымынан бас тартуы керек қой. Мұның өзі ерекше ерлік те, көзсіз батырлық та емес, қарапайым ғана адами қадам болмақ. Ал, біздің шенеуніктердің кісілігі мен кішілігі мұндай қасиетті қадамға жетпейді. Лауазымына аш кенедей қатып-жабысып, әкесінен қалған мұрадай еңіреп-айырылмайтын шенеуніктер өздерінің әрбір шалыс қадамымен, әрбір сауатсыз әрекетімен Елбасының абыройы мен елдің беделіне орасан нұқсан келтіргенін сезіне ме екен?!. Қазақтың ең жауапты шекарасындағы шиеленіс пен Алматы қаласының іргесіндегі Таусамалы ауылын дүр сілкіндірген жарылыс – бірнеше құқық қорғау орындарының бірінші басшыларының өз өтініштерімен қызметтерінен кетулеріне негіз бола алады... Жоға, біздің жуанбел шенеуніктер бағыныштыларына тісін қайрап, тырнағын батырған «батырлықтан» арыға бара алмайды. Бірден жауапкершілікті мойынына алатын құрбандық іздестіруге кіріседі. Ақырында, қазақтың жан баласы баспайтын бетпақдаласында қаңғып жүрген есі ауысқан бір бейшара пенде «Терминатор террорист» боп шыға келеді... Сосын, Елбасының алдында «Қобыланды келеді сайменен...» дейтін ғұмырыңда таусылмас ертегіні сайрай жөнеледі... Елбасы: «Құқық қорғау органдарының жұмысына, әсіресе, ҰҚК-нің қызметіне разы емеспін!» – деп, ашығын айтып, ашынды. Генералдардың салбыраған бастары мен қолбыраған шаштары тіршілік нышанын сездірмеді... Ешкім білмес: осынау қазандай бастардың іштерінде нелердің қайнап жатқанын: бәлки, біреулері Елбасының наразылығының мәнісін таразылады ма екен; келесілері алдағы болатын тойының қамын ойлап  отыр ма; енді біреулері «осы жолы аман қалсам, елдің қамын да ойлаймын» деп, іштей өз-өзіне «ант» берді ме?!. Қалай болғанда да, Елбасының маңайы қожырап, шынайы серіктері азырақ болып бара жатқандай белгісіз үрей-сезімі бойыңды баурайды екен... Қазақ даласындағы ең соңғы шыққан әзіл-шыны аралас әңгіме былай дейді: – Сен нағыз досыңа 500 АҚШ долларын қарызға бере тұрар ма едің? – Әрине, сөз жоқ, ойланбастан берер едім. Бірақ, қазір нағыз досты қайдан табасың?!.  

                                                                                    Құлтас ДОСТАН