СЫН сағатта ЛАУАЗЫМЫНАН БАС ТАРТА АЛАТЫН ШЕНЕУНІК БАР МА БІЗДЕ?!.

2
1417

ДАЛА ДАТЫ

 

                    РЕДАКЦИЯДАН: Қадірлі қауым! «Жас қазақ үні» газеті өзінің шыға бастаған  мүшел жасындағыдай уақытта әрдайым қара халықтың, қарапайым қазақтың сөзін айтып, ақиқаттың ақ туын жоғары ұстап келеді. 

 Біз қоғамның кемшіліктеріне қапа болдық, жетістіктеріне жүрек жара қуана да білдік. Жардың астында жауымыз жоқ болмас, бірақ, ниеті мен тілегі бір достарымыз да аз емес…

Бүгінгі нөмірімізден бастап  Бас редактордың «Дала даты» деп аталатын төл айдары ұсынылмақ. Расында, қасиетті қазақ даласының даты қашанда қастер тұтылған. Хандар мен сұлтандарға қара қылды қақ жарып айтылатын қазақ даласының даты: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген даналық пен даралықты өзек еткен.    Дат дегеніміз – дара пікір, оймақтай ой, айрықша тұжырым, жеке көзқарас, шыңғырған шындық, өткір ақиқат. Дат – тар жолдар мен тайғақ кешулер… Жолымыз – сәтті, сөзіміз – қуатты болғай!

           

       Кешірімшіл кісінің күні қиын. Жүрегі нәзік, жаны адал адамның айналасында атамзаманнан алаяқтар мен жалаңаяқтардың қаптап жүретін әдеті. Замандар мен адамдар өзгергенімен, алаяқтар мен жалаңаяқтар өзгермейді…

Кім білсін, біздің Елбасының нағыз қазаққа тән ашықтығы мен ақпейілділігін – аңғалдыққа балап, айналасында басын қатырып жүргендердің молырақ болуы да ғажап емес…

Әйтпесе, жасы жиырмаға толмаған жалғыз жігіттің кәсіби әскерилерді әп- сәтте қойдай қырып салғанына есі дұрыс адам сене ме?..

Әрбір шенеунік Елбасының өзіне деген сенімін ақтап, елдің абыройын ойласа – мұндай тағдырлы шақта, айрықша сын сағатында бар ақиқатты айтып, өз лауазымынан бас тартуы керек қой. Мұның өзі ерекше ерлік те, көзсіз батырлық та емес, қарапайым ғана адами қадам болмақ.

Ал, біздің шенеуніктердің кісілігі мен кішілігі мұндай қасиетті қадамға жетпейді. Лауазымына аш кенедей қатып-жабысып, әкесінен қалған мұрадай еңіреп-айырылмайтын шенеуніктер өздерінің әрбір шалыс қадамымен, әрбір сауатсыз әрекетімен Елбасының абыройы мен елдің беделіне орасан нұқсан келтіргенін сезіне ме екен?!.

Қазақтың ең жауапты шекарасындағы шиеленіс пен Алматы қаласының іргесіндегі Таусамалы ауылын дүр сілкіндірген жарылыс – бірнеше құқық қорғау орындарының бірінші басшыларының өз өтініштерімен қызметтерінен кетулеріне негіз бола алады…

Жоға, біздің жуанбел шенеуніктер бағыныштыларына тісін қайрап, тырнағын батырған «батырлықтан» арыға бара алмайды. Бірден жауапкершілікті мойынына алатын құрбандық іздестіруге кіріседі. Ақырында, қазақтың жан баласы баспайтын бетпақдаласында қаңғып жүрген есі ауысқан бір бейшара пенде «Терминатор террорист» боп шыға келеді…

Сосын, Елбасының алдында «Қобыланды келеді сайменен…» дейтін ғұмырыңда таусылмас ертегіні сайрай жөнеледі…

Елбасы: «Құқық қорғау органдарының жұмысына, әсіресе, ҰҚК-нің қызметіне разы емеспін!» – деп, ашығын айтып, ашынды. Генералдардың салбыраған бастары мен қолбыраған шаштары тіршілік нышанын сездірмеді…

Ешкім білмес: осынау қазандай бастардың іштерінде нелердің қайнап жатқанын: бәлки, біреулері Елбасының наразылығының мәнісін таразылады ма екен; келесілері алдағы болатын тойының қамын ойлап  отыр ма; енді біреулері «осы жолы аман қалсам, елдің қамын да ойлаймын» деп, іштей өз-өзіне «ант» берді ме?!.

Қалай болғанда да, Елбасының маңайы қожырап, шынайы серіктері азырақ болып бара жатқандай белгісіз үрей-сезімі бойыңды баурайды екен…

Қазақ даласындағы ең соңғы шыққан әзіл-шыны аралас әңгіме былай дейді:

– Сен нағыз досыңа 500 АҚШ долларын қарызға бере тұрар ма едің?

– Әрине, сөз жоқ, ойланбастан берер едім. Бірақ, қазір нағыз досты қайдан табасың?!.

 

                                                                                    Құлтас ДОСТАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. Қазақстанды үш штатқа бөлген дұрыс. Немесе үш орталық. Сол кезде ғана, бюджетті қомақы түрде елді мекендердің даму деңгейіне қарай бағыттауға мүмкіндік туады. Сол кезде ғана, облыс деңгейіндегі қияли ақпараттармен айналысып отырған, қисынсыз штаттардың саны қысқарып, ықшамдалған қаржы көлемі жылына жүздеген әлеуметтік объектілердің салынуына мүмкіндік береді.
    Басқару жүйесін министрлік және облыстық деңгейлерде ықшамдап, тіршілікке жақын жұмыс жасап отырған қалалық, аудандық және селолық әкімдіктерді күшейту үшін бағытталу қажет.
    Облыстар деңгейінде, бір бюджеттің маңайында жеті өгіз бас шұлғып отыр. Оның үшеуі – салық департаменттері, қаржы басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары. Одан қалды, қаржы полициясы, қазынашылық, қаржылық бақылау басқармасы, және маслихаттық тексеру комиссиялары.
    Экономика басқармасынан бюджетті жоспарлауды мүлде алу қажет. Себебі қаржы басқармасымен қатар, әр қайсысында бірін-бірі қайталайтын онға жуық бөлімдер отыр.
    Бюджетті жоспарлау үшін, жоспарлаушы мекеме сол бюджетке етіне жақын болуы қажет.
    Алайда, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары ұсынып отырған әдістемелер, тіршілікке еш бір қатысы жоқ нұсқаулармен әсемделіп, қияли пайыздармен өрнектеледі де, соны зорлықпен қабылдауға ұсыныс жасалып, ұсынылған бюджет жыл ішінде бірнеше рет өзгерістерге ұшырайды. Яғни, салықпен нақпа нақ жұмыс жасап отырған салық және қаржы институттарынан тысқары, қосымша қияли мекеменің қыстырылуы тіпті қисынға да сыймайды.
    Ол мекемелердің бюджетті жоспарлауға ұсынып отырған нұсқамаларындағы статистикалық есептелген жалақы қоры салық мөлшерін есептеп шығаруға мүлде келмейді. Себебі, статисткалық көрсеткіштерде, шаруа қожалықтарының және жеке кәсіпкерлердің жалақылары көрсетілмейді, және олар статистикаға есеп тапсырмайды. Ал, салық комитеттері бойынша тексеру барысында анықталған жалақы (тауар түрінде жіберілген, жасырылған, т.б.) статистикалық көрсеткіштерде қайта дұрысталмайды. Немесе, мекемелер бұрынғы тапсырған есептемелеріне өзгерістер енгізбейді.
    Негізінен, статистикалық көрсеткіштер еліміздің тіршілігінен әлде қайда алшақ цифрлар. Себебін айта берсек, онда біраз кемшіліктер мен мүмкіндік теориялары бойынша ұсынылып отырған есептеме әдістемелері экономикасы әлде қайда жоғары дамыған елдердің қатарына қосылу үшін, әдейі алынып, отырғандығын нақты аңғарамыз.
    Екіншіден, әлеуеттік сиымдылыққа жанаспайтын, одан қалды бір – бірімен ұштасып, тоғыспайтын, қолдан салынған, қисынсыз цифрларға тап боламыз.
    Сондықтан, бюджеттің түсімін жоспарлауды салық департаменттеріне, бюджетті жоспарлау және орындалуын қадағалауды қазынашылық басқармалары мен қаржы министрлігіне беру қажет. Жоспарланған бюджетті қарау және ұсынуды, бюджеттік комиссиялар қарарына қалдырған жөн. Олар екі бюджеттік комиссиялар, бірі үкімет пен әкімдіктегі, екіншісі парламент және маслихаттық комиссиялар болып табылады.
    Ал, қаржылық бақылау, қаржы басқармаларын және қаржы полициясын қаржы министрлігі мен үш штатқа, одан әрі қалалық және аудан деңгейлерінде, қазынашылық басқармаларына біріктіру қажет. Қаржыны басқару және реттестіру бір жүйеге түспейінше, қаржы әр тараптанып, қисынсыз бюрократтық әурешілікке, бос дау-дамай, оның арғы жағы талан-таражға түсіп, бюджет сияғы болмай, жүні жұлынған тауық тәріздес, еш берекеті болмайды.

  2. Қазақ халқы бір рет бай мен кедей болып бөлінген, ақ пен қызыл болып соғысқан, не опа таптық. Сол себепті де енді ғана азаттыққа жеткен қазақ халқы ондай қадамға бармауы керек, тәуелсіздіктің қасиетті туын биік ұстап бірлікте болғанға не жетсін. Байлар тым аранын аша бермей, кедей болса адал еңбекпен дүние табудың жолына түссін, ынтымақта болуды ойластырайық қадірлі қауым!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз