Агент жайлы әңгіме қозғалса болды, «Қой көрмеген оны қуалап өлтіредінің» кебін киіп, техногенді буынды орынсыз (бәлкім... орынды да болар...) тулақ қыла бастайды бәз біреулер.
...Осы ойымыз расында да, қаншалықты орынды?!
Мынадай жалынан сипатпас аласүрең шақта өмір сүріп жүрген жастарымыз өз ыңғайынша, шамасының келгенінше, жақсылы-жаманды өмір сүріп жатыр. Ал, мәселенің маңызы сол «жақсылы-жамандының» ішіне не кіретінінде болып отыр. Жақсылықтарын қайдам, жаман жағына агентке деген көзсіз тәуелдікті жатқызады. Ал жастарымыз агентсіз күндерін елестете алмайтын халге жетіп қалды. Бұл да бір бағыт... бұл да бір ермек...
Mail.ru 2003 жылы құрылған тез хабар алмасу үшін шығарылған бағдарлама. Айына 21 млн адам тұтынады. Ал телефонға арналған түрі тек 2008 жылы ғана жарыққа шықты. Бір тұтынушының өзі бір мезетте 2 мыңнан астам адаммен әңгімелесе алады.
...Қиюы кеппеген жалындаған махаббат та, қып-қызыл ақша да, яғни, қалтаны қампайтатын түрлі бизнес көзі де, өзінің жымысқы ойларын жүзеге асырғысы келген қоғамға жат элементтер де осы бір агенттің ішіне арнайы жұмылдырғандай. Күні-түні компьютерге, қала берді қалта телефондарына жазып алып ойда да, қырда да үңірейеді де отырады. 6 жастағы баладан 60-тағы қартқа дейін кездестіруге болады.
Жастардың бұл «өрескел» қылығы парасатты ой иелеріне айрықша әсер етіп жатса керек. Көбіне егде жастағы кісілер агентті топастық пен талғампаздықтың таптырмас үлгісі деп ұғынады. Ескіліктің сарқыншағы болған апамыз құрбысына: «осы сендердің үйдегі жынды да сотканың бетіне қарап, өзімен-өзі күлеме ей» деп таңдана сұраған екен. ...Ол апамыз бір сәттік агенттің ішінде бар әлемнің сыйып кететін қайдан білсін иә?!.
Агенттің табиғатын танитын әккілер ішкі түрлі қулықтарды біледі. Кіммен қалай сөйлесуді, кімге қалай «подход» жасауды бір кісідей меңгерген. Мәселен, анкетадағы суретінің орнына өзі танысқысы келген қыздың атын әспеттеп жазып, желіде отырған сол аттас қыздардың барлығымен танысып, жүректерін әсем сезімге бөлейтін жылы сөздерін айтып, тіпті төсек қатынасын да ұсынып үлгереді. Ал ең алғаш достық ұсынысы келгенде қыздар алдымен анкетасын, сосын суретін қарайтыны белгілі ғой. Осы тұста өзінің атының әспеттеп жазылғанын көрген кез-келген қыз «құламай» көрсін?!
Қазіргі жастардың қайсысы тұлпар, қайсысы жабы екенін осы тұстан аңғаруға болады. Отырған жастардың әлеуметтік жағдайы, білімі, мәдениеттілігі де агент арқылы-ақ аңғарып, пайымдалады. «Жай қуып отырмын» тіркесін негізге алып блокка ойына келгенін жазатындар қаншама десеңізші?! Осы арқылы қаншалықты сауатты, қай таптың өкілі екендігі де көрінеді. Жалпылай қарағанда қазіргі қазақ жастарының нағыз тыныс-тіршілігімен танысуға әбден болады-ақ. Тіпті әншейінде қой мінезді халықтың ұрпағы бүгінде ең момыны көпірдің астында жатып ат үркіте ме деп қаласың. Себебі бір-бірін көріп отырмағандықтан батылданып ешқандай шекарасыз емін-еркін сөйлеседі. Бұған агент ішінде таралып кеткен «қоянның қасқырға зекіп сөйлеп отырғанын көрген түлкінің таңқаласына, қорқақ қоянның: «қыстырылмай тұра тұршы мен аюдың логинімен кіріп отырмын» деген әлгі анекдоты жарқын мысал бола алады. Кейде барлығы шетінен шешен, өткір тілді, өрелі ойлы, мұраттары асқақ, күш-қайраттары тасқындаған сайдың тасындай кілең іріктелген өндірдей өрендер боп көріне қалады...
Негізінде заман талабынан қалыс қалмай жастардың интернет желілеріне кіріп, пайдасын уақтылы қолдана білсе болғаны. Ал 24 сағат бойы желіде отыратындарды көргенде амалсыз жағаңды ұстайсың. Сонда ол адам қашан ұйықтап, қашан тамақ ішіп үлгереді деген ой келеді. Агент серкелерінің пікіріне сүйенсек, агенттің «ең қызатын» уақыты түскі үзіліс кезі мен кешкі 21.00-ден 24.00-ге дейінгі аралық. Осы уақыт аралығында әлем бойынша миллиондаған адам желіде отырады. Ал қалған уақыттар іші пысқандармен шұғыл жұмыс барысымен отырғандардың еншісінде көрінеді.
Бұл айтылғандардың барлығы әлде қайдан шыға келген хикмет емес, астарсыз ақиқат. Ал біздің тілек, жар салып жаһанданып жатқан тұсымызда жалғанды жалпағынан басып, бермен қарай жапырыла көшіп келе жатқан батыс мәдениеті аңдамай басқан әр қадамымызды санап, санамызды салғырт, миымызды мәңгүрттендірмеу...
Ал жастарымыз елдің көрпесін ұзартып, көсегесін көгерту өздерінің қолдарында тұрғанын ұмытпай, ғазиз саналарын басқара білсе болғаны дегіміз келеді.
Өнер адамдары
не дейді екен...
Аша Матай, тележүргізуші. Қазіргі заман талабына сай агент жақсы нәрсе сияқты. Жас өспірімдерге керек дүние деп ойлаймын. Бағасы да қымбат емес. Ал өзім агентте отырмаймын. Себебі агентке бөлетін бос уақытым жоқ. Үйде сіңілдерім отырғанда байқаймын, оларға көптеген сұрақтар келіп жатады. Ал мен отырсам тіпті сұрақтың астында қалатын сияқтымын ғой...
Қазбек Қасым, тележүргізуші. ХХІ ғасыр электроника мен информатиканың ғасыры ғой. Сол себепті қазіргі заман талабына сай агентті араласу құралы ретінде пайдаланып жатсақ... Әрине, керек дүние. Ал бізде көпшілік жастар ермек үшін қолданатын тәрізді. Өз басым агентті қолданбаймын. Себебі көп уақытымды алады.
Айқын Төлепберген, әнші. Интернет қарқынды дамып жатқандықтан біз агентті қаласақ та, қаламасақ та ол өз жұмысын жасайды. Агентті біреулер жұмыс бабымен, біреулер уақыт өткізу үшін пайдаланады ғой, сондықтан керек шығар. Өзімнің жеке электронды поштам бар, бірақ агентте отырмаймын.
Ғаділбек Жанай, әнші. Кез-келген заттың пайдасы мен зиянды жақтары болады. Агент арқылы жақындарыңмен араласып тұрасың, ақшаңды үнемдейсің... Бірақ асыра сілтеп пайдаланудың қажеті жоқ. Агентке кеткен уақытыңды пайдалы іске жұмсаған дұрыс. Өзім кезінде қызығушылықпен анда-санда отыратынмын. Қазір бос уақыттымды бос жібергенімді түсіндім, сондықтан қолданбаймын.
Динара Қырықбаева, әнші. Мен агентте аптасына 1-2 рет отырамын. Себебі, араласатын достарым көп. Агент ойын автоматы сияқты ғой, бір кірсен шығуың қиын. Сондықтан агентті де орынды пайдаланған жөн.
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ