М.Сайбеков, «Ақ жол» ҚДП АҚФ Мемлекеттік әрі құқық қорғау органдарының қызметін бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комиссия төрағасы: Қоғамдық комиссияның жұмысы – құқық бұзушылыққа жол бермеу

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарын модернизациялау, сапалы кадрлық жаңар­ту мәселесін шешу, қысқа мерзім ішінде оның бүкіл жеке құрамын қайта аттестаттаудан өткізу туралы нақты нұсқау бергендігі белгілі. Одан соң ел Президентінің 2012 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстан Рес­публикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» атты Жарлығы шығып, еліміздің тарихында алғаш рет құқық қор­ғау жүйесінің жаңа кадрлық әлеуетін қа­лыптастыру жөнінен кең ауқымды іс-шаралар бастау алды. Осындай кең ауқымды науқанға дайын­дық барысында шетелдегі құқық қорғаушылар тәжірибесі, атап айтқанда, АҚШ, Франция, Норвегия, Ұлыбритания, Польша, Швеция, Шотландия және басқалардың тәжірибелері жан-жақты зерттеліп, енді солардың озық үлгілері біздің қоғамда да көрініс табады деп күтілуде. Бүгінгі күнге дейін Елбасы Н.Ә. На­зарбаевтың тапсырмасы бойынша құқық қорғау саласы жұмысының тиімділігін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқары­лып келеді. Жыл сайын материалдық-техникалық базаны нығайту үшін қыруар қаржы бөлінуде. Осының бәрі құқық қор­ғау жүйесінің қоғамның күткеніне сай келетіндей жаңа бейнесін қалыптастыру үшін заманауи негіз қа-лауға жағдай жа­сады. Сонымен бірге, бүгінде құқық қорғау органдарының қызметін заманға сай сапалы жаңғыртуды талап етеді. Бұл салада мемлекеттің құқықтық дамуына тежеу келтіретін бірқатар объективті себептерді айта кетсек. Құқық қорғау органдарының басты кеселінің бірі, қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа бейімдігі. ҚР Президенті Әкімшілігінен алынған мәліметке сәйкес, 2011 жылы сыбайлас жемқорлыққа қа­тысты құқық бұзушылық бәрінен де ішкі істер органдарында жиі тіркелген – 379 рет. ІІБ қызметкерлеріне қатысты сыбай­лас жемқорлық баптары бойынша 246 қылмыстық іс қозғалған, мұның өзі бүкіл мемлекеттік құрылымдар ішіндегі ең нашар нәтиже болып табылады. Бұл мемлекеттік қызметшілер үстінен қозғалған қылмыстық істердің жалпы санының 14 пайызы. ҰҚК Шекара қызметі (33), төтенше жағдайлар (36), Қаржы поли­циясы (50 қылмыстық іс) органдары сы­байлас жемқорлыққа жол берген. Келесі маңызды мәселе, ол қызмет­керлердің Ар-ождан кодексін білмеуі, немесе білсе де оны елемеуі, яғни, олардың дөрекі әрекеттері. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заман көшінен қалып келе жатуы. Яғни, құқық қорғаушы, ол Қазақстандағы әрбір азаматтың құқығын қорғауға тырысуы керек емес пе?! Ал егерде ол азаматтың тілін түсінбесе ше? Құқық қорғаушы нәсіліне, ұлтына қа­ра­май кемінде үш тілді меңгеруі қажеттігін Елбасы баса айтты емес пе? Сондықтан, ең бірінші, мемлекетқұраушы ұлт қазақтың құқығын қоғау үшін оның тілін жетік біліп, сөйлеп қана қоймай, жаза да білуі керек. Өкінішке орай, бұған әлі жете алмай отырмыз. Қазір заман өзгеріп, елімізде қазақ ұлтының саны өзгелерден бірнеше есе артып, 70% жеткенінен құқық қорғау органдары әлі бейхабар ма деп қаласың. Кеңестік кезеңнің «сарқыншағы» дейміз бе, құқық қорғау саласы әлі мемлекеттік тілге бет бұрмай, керісінше орысша сайрай жөнеледі, «батпандап кірген ауру, мыс­қалдап шығады» дегендей бұл сырқат әлі де бар. Сондықтан да құлдық психологиядан арылатын кез жеткенін олар білуі тиіс. Тілге қатысты тағы бір мәселе, ол ха­лықаралық қатынас тілі – ағылшын тілі, елімізге жыл сайын қаншама шетелдік қонақтар келуде, түрлі халықаралық шаралар ұйымдастырылуда, әрі елімізді туризм орталығына айналдырамыз десек, оған біздің тіл білетін құқық қорғаушыларымыз дайын болуы керектігі айқын. Елімізде өткен Азиада ойындары кезінде құқық қорғаушы қызметкерлердің тіл білмей абдырап қалғанының еріксіз куәсі болдық. Еліміздің дамуы үшін құқық тәртібі мен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету ең басты мәселе, сондықтан да, құқық қорғау органдары ел өмірінде айрықша рөл атқаратыны белгілі. Ендігі басты міндет, қызметкерлер арасынан өз міндеттерін қоғам күткендей тиімді атқа­руға толық қабілетті құқық қорғау ор­гандарының бөлімдерін қалыптастыру. Сондықтан да осы міндетке қол жеткізу үшін құқық қорғау қызметкерлерін ат­тестаттауды өткізуді қоғам болып мейлінше жіті қадағалауымыз қажет. Бұл науқан шын мәнінде өз нәтижелілігін көрсету үшін, оған қоғамдық бақылау қажеттігі сөзсіз. Сонда ғана, қоғам азаматтардың құ­қықтары мен заңды мүдделерін жоғары деңгейде қорғауға қабілетті білікті адал қызметкерлерден, өз елінің патриоттары­нан тұратын құқық қорғау органдарының сапалық жағынан жаңарған жеке құра­мына қол жеткізетін болады. Қоғамның міндеті – мемлекеттің жүр­гізіп отырған саясатына сыни көзқараспен бағдарлай отырып, оның жақсы жүзеге асуына атсалысу. Осылайша, алдымызда жалпы мемлекеттік маңызға ие жауапты жұмыстар тұрғанда, бұл істе қоғам, қо­ғамдық ұйымдар, саяси партиялар тыс қалмауы керек деп білеміз. Осындай ел дамуы үшін маңызды сәт­те, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының басшылығы Қалалық Кеңесімен ақылдаса келе жақында, дәлірек айтсақ үстіміздегі жылдың 18 маусым күні, көтерілген мәсе­ле­ге өз үлесін қосу мақсатымен Қалалық филиал жанынан Мемлекеттік әрі құқық қорғау органдарының қызметін бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комиссия құрды. Бұл комиссияға мүшелікке Партияның Қалалық кеңесінің мүшелері, саясаткерлер, заңгерлер, экономистер, журналистер және т.б. кіріп отыр. Қоғамдық Комиссия өз Ережесін бекітті, әрі алдағы уақытта Партияның Жар­ғысына, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жө­ніндегі заңнамаларына сәйкес әрекет ететін болады. Бұл Комиссияның міндеті қоғамдық мониторинг жүргізу және Алматы қала­сындағы мемлекеттік органдардың қыз­метінде сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына қарсы әрекет ету, партияның жемқорлыққа қарсы күрес бағдарлама­ларының бағытын түзу, мемлекеттік қыз­метті арам ниетте пайдаланумен күрес, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Комиссия қызметінің мәніне мыналар кірді: «Ақ жол» ҚДП, қаржы полиция­сының органдары, мемлекеттік органдар және өзге де қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар ұйымдастырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қатысу; сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу бағдарламасын әзірлеу, жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алуға ба­ғытталған шараларды ұйымдастыру, жем­қорлыққа қарсы заңнамаларды түсіндіру; мемлекет пен қоғамға зор нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық мәселелері ту­ралы конференциялар, дөңгелек үстелдер және сараптамалық тыңдаулар өткізу; сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы, мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметін асыра пайдалануы және өзге де жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу мақ­сатында құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып рейдтер өткізу; Партия Жарғысы мен бағдарламасына, Қазақстан Республикасы заңнамасы мен осы Ере­женің нормаларына қайшы келмейтін өзге де қызметтер. Комиссия Төрағасы, төраға орынба­сары, жауапты хатшы, комиссия мүшелері Партия филиалының Кеңесімен жекелей, немесе, Комиссияның қызметі Партияның саяси бағытына, ҚР заңнамаларына, Партия Жарғысы мен осы Ереженің нормала­рына сәйкес сайланып отыратын болады. Сөз соңында қоғам дамуының дамуына бей-жай қарамайтын азаматтарды, түрлі қоғамдық ұйым өкілдерін, БАҚ өкілдері мен жекелеген журналистерді әріптестікке шақырамын.