Бітіруші жеткіншекке қамқор бол!

  Бүгінде газет беттеріне, телеарналарға шолу жа­са­ғанда адамдардың өз-өзіне қол жұмсауы, яғни, суицидтің орын алғандығын жиі еститін болдық. ХХ ғасырдың аяғынан бері қаумалап келе жатқан қауіпті өрт біздің елімізді де шарпымай өтпеді.Тіпті,Қазақстан суицид жасаушылардың саны жағынан дүние жүзі бойынша алдыңғы үштікте, ал Орта Азия мемлекетттерінің арасында көш бастап тұр. Жыл сайын 1миллион адам өмірін қыл арқан­мен немесе дәрілік препараттарды шектен тыс қабылдаумен қиып жатса ,соның 8 мыңы қазақстан­дық азаматтар. Олардың басым бөлігі тағдырдан таяқ жеп, өмірден түңілген ересектер де емес, әлі бесіктен белі шыға қоймаған, ананың ақ сүті аузы­нан кете қоймаған жасөспірім, «Тәуелсіз Қазақ­станымыздың болашағы»деп отырған үміттеріміз екендігін ойлағанда тауың шағылады.Әлі оңы мен солын тани қоймаған жас жеткіншектердің ойына мұндай сұмдыққа бару қалай келеді?Кешегі өткен ата-бабаларымыз заманнан қанша зәбір көрсе дағы шыдамдылық танытқанда,осынау бейбіт күнде жастар неліктен мұндай қадамға барады? Соңы неге алып барарын ұғынды ма екен? Ата-анасы, мұға­лімдері қайда қарады? Психолгтар не істеп жүр? Иә,санамызда осындай сан мың сұрақтар қаптап кетеді-ақ. Жауап беруге тиісті адамдардың өзінен де «Кеше ғана көз алдыңызда жүрген балақайыңыздан қалай айрылып қалдыңыз?» – деп сұрасаң ешкім де нақты жауап бере алмайды. Яки, адам санасына кірмейтін жастардың мұндай таңдауы – жұмбақ өлім күйінде қала береді. Күрмеуі шешіле қоймаған жұмбақ өлімдердің сырын ақтаруға тырысқан ға­лым­дар талай-талай зерттеу жүргізгенмен, дөп басып ешнәрсе айта алмауда. Дәрігер мамандар суицидті ауру ретінде қарастырса, психолог мамандар суицидті жан күйзелісі деп қарастырады. Суицидті зерттеуші ғалымдардың бірқатары оның дінмен байланысына баса назар аударады.Себебі, қай мемлекет атеисттік бағыт көбірек ұстана­тын болса, сол елде өз-өзіне қол жұмсау жиі кездеседі. Мәселен, ислам дінін ұстанатын Араб елдерінде мұндай өлім жолын таңдаушылар мүлдем кездеспейді. Суицидтің алдын-алу жолында психологтардың да орны өте зор. Бірақ бұл жолда да өзіндік проблемалар жетерлік. Мамандардың кеңес беріп, тренинг сабақтар өткізу үшін жеке кабинеттер мектептерде қарастырылмаған. Жылына бірді-екілі өткізетін психолог сымақтардың іс-шараларының тақырып аясы да өзгеше болады. Жыл сайын жүргізілетін «Қандай мамандық иесі болғың келеді?», «Неге бейімің бар?» деген сұрақтар топтасты­рылған тесттер қай-қай оқушыны болсын жалық­ты­рары хақ. Және бір баланың жан сарайын ашып, ауыр күнәдан құтқарушы өмірдегі басты мамандар ата-аналар мен мұғалімдар болмақ. Материалдық жағынан қамтамасыз ету басты мақсатымыз деп білетін ата-аналар көбіне баланың көзіндегі мұңына үңілмей, проблемаларына мән бермей, салғырт қарайды. Ал мұғалімдер десек...Қазіргі мұғалім­дердің онсыз да жүйкесі жұқарып жүргенде сынып­тағы 30 баланың көзіндегі мұңын оқи беруге шама­сы жете бере ме екен? Олардың да өзіндік есептері бар. Суицид адамдардың санасын улауда, қоғамға қауіп төндіруде. Мұның алдын алудың бір ғана жолы, ол - адамдар арасындағы махаббат. Адамдар арасындағы мейірімге ешбір алпауыт қарсы тұра алмайды. Қоғамда дендеп кеткен шарсыздықты сіз де жоюға атсалы­ңыз! Әрдайым айналаңыздағы жандарды қолдап жүріңіз! Айжан Құрманбаева, Оңтүстік Қазақстан облысы