ШАРДАРАНЫҢ ӘКІМІ АСТАНАҒА ӨСІП КЕТТІ

Тоғызыншы әкiмнiң толымды iстерi

  Шежiрелi тарихы сонау орта ғасырлардан бастау алатын Шардара өңiрi өткен ғасырдың екiншi жартысында өз алдына аудан болып, iрге көтердi. Сонан бергi уақытта бұл өңiрге басшы болып келген жандар хал-қадiрiнше халықтың әлеуметтiк тұрмысын, елдiң экономикалық жағдайын жақсарту үшiн жандарын сала жұмыс iстедi. Басшы болған азаматтардың еселi еңбектерiн елегенi болар, жергiлiктi халық олардың әрқайсысының өзiндiк қолтаңбаларын құрметпен атайды. Ауданымыздың құрылуына өлшеусiз еңбек сiңiрген Қауысбек Тұрысбеков, Шардараның атын шартарапқа танытқан Лесбек Бекжановтардың iргелi iстерiн елiмiз тәуелсiздiк алған жылдардан кейiн iскер iзбасарлары одан әрi дамыта түстi. Ә.Жолдасов, О.Рахманбердиев, Ө.Түгелбаев, Ө.Тiлегенов, З.Салықбаев, К.Төлебаев, Б.Жылқышиев, Ә.Тұрғымбеков, Ә.Есiркепов, А.Ахметов, С.Ибадуллаевтар басшылық қызмет атқарған кезеңдердегi атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жобалар жұртшылықтың жадынан әлi шыға қойған жоқ. Шардараның тоғызыншы әкiмi болған Марайым Марғұлан Зұлхарнайұлы да еңбегiн ел айта жүретiн бiлiктi басшылардың қатарынан орын алады десек артық айтқандық емес. Жасы 35-ке қараған шақта М.Марайым Шардара ауданына әкiм болып тағайындалды. Бұл 2007 жылдың қараша айының соңы едi. Облыс әкiмi Н.Әшiмов аудан активiнiң мәжiлiсiнде жаңа әкiмдi шардаралықтармен таныстырғанда оның жас шамасын есептеп отырған жергiлiктi тұрғындар “тым жас екен, ендi қалай болады?” деп екiұдай сезiмде қалғандығын жасыруға болмас. Облыс басшысы да жерi нулы да сулы, алда тұрған мәселелерi шулы деп есептелетiн мына өңiрге 35-тегi жiгiттi әкiм етiп тағайындағанда “не болса ол болсын, бiр жағынан шығар да” демеген екен. Жастық жiгерiне, бiлiмiне, қарым-қабiлетiне сенiм артқан екен ғой. Марғұлан Зұлқарнайұлы өзiнiң осындай қабiлеттерiнiң бар екендiгiн өзi әкiм болып отырған  4 жыл 7 айдың iшiнде толық дәлелдедi. Дәлелдей жүрiп өзгелердi мойындатты да. Табанға салып таптағысы келетiндердың “талабына” көнбейтiндiгiн көрсеттi. “Жас қой, жалындап тұр. Ерiк-жiгерi мол” деседi былайғы жұрт. “Талапшыл, әрi табанды” десiп жүр бiрге қызмет iстегендер. “Iстiң көзiн тапты, Шардараға жан-жақтан мол қаржы тартты” деседi бiлетiндер. Шардаралықтардың М.Марайым туралы дәл осылайша шалқи, мақтан тұта әңгiме ететiн жөндерi бар. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн ендi атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқтала кетейiк.        2007 жылы аудан бюджетi бар болғаны 2 млрд. теңгеден сәл ғана асқан болса, қазiр бұл көрсетiкiш 3,5 есеге ұлғайып 7,7 млрд.теңгенi құрап отыр. Орташа айлық жалақы 68 мың теңгеге жетiп, 2,5 есеге ұлғайды. Бұл жақсы көрсетiкш пе? Әрине! Соңғы 3 жылдың көлемiнде аудан экономикасына 51217,4 млн.теңге инвестиция тартылды. Тағы да соңғы үш жылды алып қарайық: осы мерзiм кезеңiнде шаруалардың көктемiгi егiс жұмыстарын жүргiзу үшiн мемлекет тарапынан 1048,9 млн.теңге, мал шаруашылығын дамыту үшiн 31,65 млн. теңге, жемiс-жидек дақылдарын өсiру үшiн 374,2 млн теңге субсидия берiлдi. Осы мерзiм iшiнде Қызылқұм магистралды каналын, ауылдық елдi мекендердегi каналдар мен арық-атыздарды механикалық тазалаудан, ағымдағы жөндеуден өткiзудiң нәтижесiнде 8000 гектардан астам жер айналымға қосылды. Қазiргi таңда егiс көлемi 55000 гектардан асты. 2011 жылы бiздiң ауданымыз облыстық рейтингте барлық сала бойынша жоғары көрсеткiшке қол жеткiзiп, бiрiншi орынды жеңiп алды. Үнемi облыстық дотацияда отыратын ауданымыз үшiн бұл көрсеткiш мақтан етерлiктей үлкен нәтиже. Ауыл шаруашылығы саласында инновациялық технологияны енгiзiп, егiннiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн тамшылатып суару әдiсiн ендiру де осы жылдары зор қарқын алды. Бұл жөнiндегi жоспар жыл сайын толығымен орындалып отырды. Елбасы атап көрсетiп, Үкiмет белгiлеген үдемелi-инновациялық дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы аясында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарлама аясында облысымызда бiрiншi болып бiздiң өңiрде қант зауыты iске қосылды. Зауыт директоры Ұ.Тастанованың Елбасының Оңтүстiк өңiрiне келген сапарында бұл жұмыстардың қандай жанкештiлiкпен жүргiзiлгендiгiн егжей-тегжейлi әңгiмелегенi әлi жұрттың есiнде. Кезiнде күрiш өндiруден бүкiл Кеңес Одағына әйгiлi болған күрiш өсiрушiлер аудан орталығынан күрiш зауыты ашылғанда бiр арқа-жарқа болғаны бар. Үш бiрдей “Даңқ” орденiнiң иегерi Ф.Өтемiсова апамыздың зауыттың ашылу салтанатында “шардаралықтардың бiр кездердегi атақ-абыройлары қайта өрлейтiн күн туды” дегенiн жоғарыда атқарылған жұмыстарға берген бағасы деп бiлейiк. Шалқар теңiзiмiздегi ен байлығымыз–балығымызды республика жұртшылығы ғана емес, еуропалықтар да ауыздарынан сулары құрып, тамсана тұтынып отыр. Былтырғы жылы аудан орталығынан тоқыма өндiрiсiн дамыту, ет пен сүт, қызанақ, соя өнiмдерiн өңдеу, ауыл шаруашылық техникаларын құрау мақсатында “Индустриалды аймақ” ашылды. Жергiлiктi шаруалар өндiрген мақтадан, күнбағыстан, соядан күнделiктi тұтынатын май сығып шығаратын “Май-жем комбинаты” сонымен бiрге мал азығын да дайындайтын iргелi кәсiпорын қатарында. «Ұзын ата» ауылынан салынып жатқан мақта зауытының құрылысы таяу арада толықтай аяқталмақ. Осы жобалардың жүзеге асуы нәтижесiнде көптеген жұмыс орындары ашылды.      Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында қалаға iргелес қоныс тепкен Жаушықұм ауылында сәулеттi де зәулiм орта мектеп пайдалануға берiлгенде елдiң еңкейген кәрiсiне дейiн ризалық бiлдiрдi. Бұл жұмыстың атқарылуына аудан әкiмiмен бiрге сол кездегi облыстық мәслихат депутаты да, сол кездегi мектеп директоры да зор еңбек сiңiргендiгiн айта кетуiмiз керек. Қала орталығындағы бұрынғы «Құрылыс бұйымдары комбинаты» 2010 жылы қайта құрылымдау жолымен Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектеп болып бой көтергенде бұған дейiн ыңғайластырылған тар бөлмелерде бiлiм алып келген бүлдiршiндер риясыз қуанған-тын. Былтырғы жылы Көксу ауылына қарасты Айдарқұл елдi мекенiнде құстың ұясындай жаңа бастауыш мектеп салынып, ауыл халқын риза етiстi. Бiрнеше жылдан берi құрылысы бiтпей, жұртты әуре-сарсаңға салған №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептiң құрылысы толық аяқталды. «Балапан» бағдарламасы шеңберiнде де, ауыз толтырып айтарлықтай, мақтан етерлiктей iстер атқарылды. 2006 жылы аудан бойынша жалғыз ғана балабақша болған болса, қазiргi таңда олардың саны 10-нан асты. 21 мектепте 3-4 жас аралығындағы балаларға арналған 33 топтық шағын орталықтар ашылды. Биылғы жылы теңiз жағасында «Сыр самалы» атты балалардың сауықтыру лагерi пайдалануға берiлдi. Бұл жұмыстарға Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы Құдайберген Ержан өзiнiң оң бағасын бердi. Халық денсаулығын нығайту бағытында да тiлге тиек етерлiк жұмыстар жүрдi. Өзге аудандарда жабылып жатқан туберкулезге қарсы емдеу диспансерi бiздiң ауданда сақталып қалынды. Сақталып қана қойған жоқ, қайта күрделi жөндеуден өтiп, заманауи үлгiдегi қондырғылармен қамтамасыз етiлдi. Орталық ауруханаға да сондай үлгiдегi құрылғылар алынды. Спорттық атақтары бойынша облыста бiрiншi орынды иемденiп тұрған аудан спортшылары үшiн Орталық стадионның күрделi жөндеуден өтуi үлкен сый болды десек те жарасатындай. Ондағы спортшылар аллеясының ашылуы да жерлестерiмiзге деген үлкен құрметтiң белгiсi iспеттес. Тоқырау жылдары тұсында толықтай жұмыстарын тоқтатқан мәдениет үйлерiнiң бойына соңғы жылдары қайта қан жүгiре бастады. Сулы өлке болғанымен ауыз суы туралы шуы басылмай-ақ қойған аудан көлемiнде елдi мекен тұрғындарын құбыр суымен қамту да жүйелi түрде жүзеге асырылды. 18 елдi мекенде 25 дана «Таза су» қондырғылары орнатылып, 7 ауылдағы ауыз су құбырлары қайта құрылымдалды. Қала орталығындағы ауыз су проблемасы өз шешiмiн тапты. Қала орталығы мен ауылдарда қанша шақырым жолдың жөнделгенiн санамаламай-ақ қоялық, ол жұмыстар халықтың көз алдында жүрiп жатыр.      Ал Шардаралықтардың қол жетпес арманындай болған Сырдария өзенi үстiнен зәулім жаңа көпiр салынып, пайдалануға берiлгенде бөркiн аспанға аптаған жолаушы қалмаған шығар, сiрә. Қуанбағанда қайтсiн, аудан жұртшылығы арғы-бергi бетке бұған дейiн «қылкөпiр» атанып кеткен темiржол көпiрiмен жандарын шүберекке түйiп қатынаушы едi. «Арғы беттегi көлiктен бұрын көпiрге iлiгейiн» деп зымырап келген машиналардың теңiзге құлағанын да көргенбiз. Бұдан бөлек, жалғыз ғана көлiк жүрiп өтетiн көпiр үстiнде сүзiскен текедей болып қарама-қарсы келiп, бiрiне-бiрi жол бермейтiндердiң кесiрiнен уақытың зая кететiн едi, жүйкең жұқарар едi. Сондайда, «апырай, осы өзен үстiнен жаңа көпiр салуды ойлайтын басшы бар ма екен?» деушi едiк дейдi көп жүргiзушi. «Көпiр салу - сауапты iс» дейдi халық  даналығында. Ендеше, осындай сауапты iстi атқару Шардараның 14-ші басшысы - 9-шы әкiмiнiң маңдайына жазылыпты. Құрылысшылар қаласы болып саналатын Шардараның абаттандырылуы да көңiл көншiтерлiктей. «Жеңiс», «Б.Саттарханов», Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы құрметiне салынған «Тәуелсiздiк» саябақтары қаланың ажарына ажар, көрiгiне көрiк берiп тұр. Таяуда Өтеғұл елдi мекенiнен «Тың игерушiлер» саябағы пайдалануға берiлмек. «Шежiре» саябағында биiктiгi 30 метрге орнатылған Көк Туымыздың көгiмiзде желбiреуi де бiздер үшiн зор рухани дем. М.Марайымның ел басқарудағы қарапайымдылығын кадр мәселесiне деген көзқарасынан аңғаруға болар. Өзi әкiмдiк еткен 4 жыл 7 ай мерзiмiнде ауыл әкiмдерi арасында, не бөлiм басшылары арасында сапырылыстырып, бiрдi екiге ұрып, ауыс-түйiс жасауға ынтықпапты. Талай басшыларға қатал талап қойып жатқандығын естiдiк. Бiрақ, солардың бiреуiмен өштесiп-қастасып кеткенiн көргенiмiз жоқ. Тапсырма орындалып, жұмыс қалыпқа түскен соң қайта жайдарылана түсетiн. «Өзiме емес, халқыма болсын»,-деп өткен біртуар тұлға Нұртас Оңдасыновтай тектi атаның ұрпағы емес пе? Бәлкiм, басқарудағы бiлiктiлiкт сол бабасынан тартып тұрған  болар? Аға буын өкiлдерi бiздiң ауданымыздың аумағында “Газли–Шымкент” табиғи газ құбырының сонау 60-70 жылдары жүргiзiлгендiгiн айтады. Алайда не себептi екендiгi белгiсiз, сол газ құбырын осы маңдағы елдi мекендерге бұру жұмыстары жүргiзiлмей қалған. Уақыт өте келе бұл мәселе 1990 жылдары Нартай Сапаров пен Зәуірбек Салықбаевтар Жоғарғы Кеңестiң депутаты болып тұрғанда қайта күн тәртiбiне шықты. Жұмыстар ендi ғана қолға алына бастағанда Кеңес Үкiметi тарап, бұл мәселе “жабулы қазан-жабулы” күйiнде қала бердi. Елiмiз өз Тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн, ауданда басшылық еткен әкiмдер де бұл мәселенiң орайын келтiре алмады. Тек жүйелi жоспарлар құрып, iске белсене кiрiсудiң нәтижесiнде 2010 жылдан бастап ауданды газдандыру жұмыстары қолға алынды. Қазiргi таңда Ұзын ата ауылының тұрғындары табиғи газдың рахатын көрiп отыр. Алатау батыр ауылындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қоссейiт ауылы мен Шардара қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Марғұлан Марайымның мақсатты табандылығы арқасында елдi мекендерге табиғи газ тарту мәселесi түбегейлi шешiлiп, күн тәртiбiнен алынды.   Аудан халқының негiзгi күнкөрiс көзi – суармалы жер. Осы жердiң өзiн тиiмдi пайдаланбаса азып-тозып, пайдаланудан шығып қалары сөзсiз. Шаруа жерсiз қалса, қайтып күн көрмек? Әу баста егiстiк жерлерi күрiш дақылын өсiруге лайықталған ауданымыздың суармалы алқаптары соңғы жылдары каналдардың тазаланбай қалуынан, бұзылуынан, тiк дренаждардың iстен шығуы салдарынан толықтай игерiлмей келе жатқаны жасырын емес. Әрине, канал бұзылған соң егiстiкке су бармайды. Су бармаған соң ол жерде өнiм болмайды. Су барып тұрғанның өзiнде де жердiң тұздылығын реттеп тұратын тiк дренаждардың iстен шығуына байланысты көптеген егiстiк жерлер сорланып кеттi. Ал, тұзы көтерiлген жерге егiн ек, екпе, еңбегiң еш болары анық. Ендi қайтпек керек? Аудан диқандары осынау өзектi мәселенi ретке келтiру жөнiнде басшыларға көптен берi ұсыныс айтып жүретiн. Ал ол жұмыстарды атқара салуға аудандық бюджеттiң қалтасы көтермесi тағы анық. Бiрақ, ол жұмыс қалай да iстелуi тиiс еді. Олай етпесе, мыңдаған шаруа күнделiктi нәпақасынан айырылады. Мәселенiң маңыздылығын жете түсiнген М.Марайым бастаған аудан басшылары республикалық деңгейдегi мекемелер мен министрлiктердiң есiктерiн қағып жүрiп, өз ұсыныстарын дәлелдеуге тырысты. Нақты есептерге құрылған жоспарды көрген министрлiк өкiлдерi аудан басшыларының талап-тiлектерiн орындауға келiстi. Қазiргi таңда “ПУИД-2”жобасы бойынша 3 ауылда каналдар мен арық-атыздар, тiк дренаждар түбегейлi жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар аяқталғанда72 000 гектарсуармалы жер толығымен вегатациялық кезеңде сумен қамтамасыз етiледi. Сонымен бiрге Жаушықұм массивiн игеру мақсатында “Агроаймақ” құрылып, жұмыстың алғашқы кезеңдерi жүзеге асырылып отыр. Осы жұмыстар барысында әлi күнге дейiн түрен түспеген 13 мың гектар егiстiк алқап айналымға қосылатын болады. Егiстiкте толықтай тамшылатып суару әдiсi қолданылмақ. Бұл халық игiлiгi үшiн жасалып жатқан игi қадам. Шардара десе былайғы жұрт әйгiлi су қоймамызды еске алады. Рас, Шардараның өзге аудандардан өзгешелiгi де осында. Ал ендi осынау үлкен байлықтың қауiпсiздiгi қандай дәрежеде? Өзiмiз Өзбекстанмен шекаралас аймақтамыз. Ашығын айтайық, жыл сайын өзбектер жағы Шардара су қоймасынан Арнасай бөгенi арқылы су жiбермеудi қатаң бақылап келедi. Сырдарияның жоғарғы тұсынан су көп келген кезеңдерде қауiпсiздiктi сақтау мақсатында бiз Арнасай бөгенiн аштыру үшiн өзбектерге кiрiптар боламыз. Суды беремiз-бiр, тағы оған ақша төлеймiз-екi. Ендiгi жерде оларға тәуелдi болмау үшiн, су қоймасының қауiпсiздiгiн сақтау үшiн апатты су қашыртқысы салынуда. Жоғарыда әңгiмелеген “ПУИД-2” жобасының, “Агроаймақтық” және апатты су қашыртқысын салу жұмыстары елімізге белгілі жерлесiмiз, Ауылшаруашылық министрлiгi Су ресурстары комитетiнiң төрағасы  Ислам Әбiшевтiң қадағалауымен жүзеге асуда. Ислам Әлмаханұлы өзiнiң iс-сапарларында Марғұлан Зұлхарнайұлының iскерлiк қабiлетiн таныған болар, таяуда ғана, 3 шілде күні өзiне бірінші орынбасар етiп бекiттi. Несi бар, “жас келсе-iске” деген емес пе? Елдiң бiрлiгiн, береке-ынтымағын арттыру мақсатында ұйымдастырылып жүрген “Ырыс алды–ынтымақ” форумы  облыс көлемiнде қолға алынбас бұрын осы iспеттес жиын киелi Ұзын ата кесенесiнде ұйымдастырылатын. Сондай жиындарда аузы дуалы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар аудан әкiмiнiң ардагерлерге көп арқа сүйейтiнiне iштерi жылып, жылы лебiздер бiлдiретiн. М.Зұлхарнайұлының өткеннен өнеге алатындығы  есiмi исi қазаққа белгілі, елге ұран болған Алатау батырдың 450 жылдығын өткізуге бастамашы болуынан айқын бiлiндi. Сонымен бірге Қоқан хандығына қарсы қазақ көтерiлiсiн бастаған әйгiлi Мұсабек батырдың 195 жылдығы мен белгiлi қоғам қайраткерi Төлеген Тәжiбаевтың 100 жылдығына арнап Шардарадай шағын  шаһарда республикалық конференция ұйымдастырылып, ат шаптырылып, ас берілді. Әйгiлi Шардара су электр стансасының құрылғанына 50 жыл және ауданның құрылғанына 40 жыл толған мерейтойларды да республикалық дәрежеде бар сән-салтанатымен өткiзуге  күш жұмсады. Аталған мерейтойлардың құрметiне ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Алматы, Атыраудан бермен қарай, жергiлiктi ақындарға дейiн Шардараны шабытты жырларына арқау етiп едi-ау сонда. Қырық жылдық тарихы бар аудан газетінің кезінде келеңсіздіктің арқасында айрылып қалған “Өскен өңiр” атын қайта қайтарып,  жеке мүдде емес, халық мүддесін қорғайтын басылымға айналып, түрлi-түстi үлгiде, заманауи талапқа сай болып шығып жатуына да, Марғұлан Марайымның үлкен еңбегi сiңгенiн ел ерекше атауда.   “Отызында орда бұзып, қырқында қыр асты” деген осындай-ақ болар-ау. Отызында әкiм боп, қырқында Ауылшаруашылық министрлiгi Су ресурстары комитетi төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған М.Марайым таяуда өзi басшылық еткен Шардара ауданына келіп, ел-жұртқа ризалық пейiлмен дастархан жайып, шексiз алғысын бiлдiріп, көптің батасын алды. Жиын барысында  Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы, жерлесiмiз Қ.Ержан, аудан әкiмнiң мiндетiн атқарушы Т.Оспанов, аудандық мәслихат хатшысы Т.Бердiбеков, аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Т.Ағманұлы, ардагерлер - Ш.Бекшораев, Қ.Шәметов, С.Сматуллаев, Ж.Төлешова, Б.Смадияров, О.Әшiрбаевтар М.Зұлхарнайұлының атқарған жұмыстарына жоғары баға бердi. – Мен әрқашан осындағы ел-жұртқа үлкен ризашылығымды бiлдiремiн. Жас деп жасқаған жоқсыздар, керiсiнше бауырларыңызға тартып, баулыдыңыздар. Ал, сiздер айтып өткен жұмыстардың барлығын өздерiңiзбен бiрге атқаруға тырыстым. Осы орайда маған орынбасар болған азаматтарға, ауыл әкiмдерiне, бөлiм басшыларына, жалпы шардаралықтарға айтар алғысым шексiз. Мен өзiмдi “шардаралықпын”-деп есептеймiн. Алдағы уақытта да осы өңiрдiң өркендеуi үшiн қолдан келген көмегiмдi аямаймын,-дедi алқалы жиында Марғұлан бауырымыз. Бiз де өз тарапымыздан келгеннiң маңдайынан, кеткеннiң арқасынан сипаған халықтық дәстүрмен газетiмiздiң мыңдаған оқырмандары атынан М.Марайымның жаңа жұмысында биiк жетiстiктер тiлеймiз.                                                                                         Сәбит ЛАХАНОВ