АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДЫҢ ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛГЕН МҮМКІНДІКТЕРІ
2012 ж. 26 маусым
2450
0
Еліміздің солтүстік-шығыс аймағын қамтитын білім мен ғылымның шаңырағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті заманауи талаптарға сай жұмыс жалғастырып кел жатқан оқу орны. Италияның Болонья қаласында «Университеттердің Ұлы Хартиясына» (Magna Charta Universitatum) мүшелікке енген, байырғы қаладағы жоғары оқу орындарының басын қосқан Шәкәрім университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігінің ішінде ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын Аграрлық факультетке биыл 60 жыл толғалы отыр. Етене таныс, бұрынғы Семейдің атақты зооветинституты жайлы, жалпы аграрлық сектордың ахуалы, түйткілді қандай мәселелері жайлы көзқарастар легі толып жатыр. Осы және өзге де сұрақтармен әңгіме өзегін тарқату үшін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор
Әмірбеков Шәріпбек Ағабайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Шәріпбек Ағабайұлы редакциямызға хош келдіңіз, алдында бір сөздеріңізде айтып қалдыңыз, аграрлық сектордың ғылымға негізделетін мүмкіндіктері туып, уақыты келіп тұр деп дедіңіз?
Инновациялық үдеріс жаһандық шикізат ресурсы мен инфрақұрылымды түзету жолында өлшеусіз бағыт беруде. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, жыл сайын әлемдік азық-түлікке деген қажеттілік пен сұраныс артып келеді. Және де Жолдауда нақты Үкіметке тапсырып, жүзеге асырылатын тың бағдарлама әзірлеу міндеті қойылды.
Еліміздің аграрлық секторы инновацияларды енгізуге мол экспорттық мүмкіндіктер мен зор әлеуетке ие болып отыр. Бүгінгі таңдағы өнім сапасының артуымен қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудың басты жолы –бұл ауыл шаруашылығы. Қаланы ауыл асырап жатыр десек те, сол шикізаттың өндірілетін орны –қала. Ғылым мен білімнің орны. Айтпақ ой, аграрлық сектор ғылымға негізделу керек.
Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі өткен жылғы есеп бойынша
30 пайызға жуық өсті. Елімізде жұмыс жасайтын холдингтік компаниялардың ішіндегі «ҚазАгро» агроөнеркәсіптік кешенге 235 млрд. теңге бөліп отыр. Бұл әрине, қуантарлық жәйт, 2010 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Бұған енді нақтылы жұмыс жасайтын мамандарымыз тапшы дегенмен, мамандар бар, бірақ сол маманның ғылыми әлеуетін пайдалану керек. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдерде студенттер мен магистранттарды тәжірибе алмасу мақсатында жіберуге зор мүмкіндіктер туындап жатыр.
Шаруашылықты жүргізудің тәсілі білім мен ғылымға негізделетін уақыты келді, заманы туды. Қазір шаруа қожалықтарының ғылыми жаңалықтарды енгізуге мүмкіндіктері болмай жатыр. Осы орайда бірден айта кету керек, ауыл шаруашылығын дамытудың аймақтық есептерін ала отырып, кешенді бағдарлама әзірлеу қажет. Семей қаласы маңындағы «Приречное» агрофирмасының тамшылатып суару әдісі әуелден қолданылғанымен, соның сапасын арттыру жолы қойылуда. Азық-түлік мәселесіне оралармыз. Елбасы Жолдауында мал өсіру, оның ішінде қой шаруашылығы, мал азығы мәселесі баса айтылған болатын.
–Ендігі жерде аймақтық ерекшеліктерге, ондағы проблемаларға тоқтала кетсек
–Мал азығын егістікте өндіру мәселесіне жете назар аударылмайды. Ол былай тұрсын, асылтұқымды мал түлігін алуда қаржының аздығы қол байлау болып отырған жәйі бар. Малдардың құнды гендік қорын сақтау және молайту мақсатында асылдандыру ісіне қаржы құю тетіктері ескерілмеуде. Ол есепке алынған жағдайда ұтымды дүние – малдың жасы мен жынысы бойынша топтастыру. Қарап отырсаңыз, жекелей бөліп алып, баптау, күту, бағу, оған деген жем-шөбі деген қыруар шаруа қаражатқа келіп тірелетінін көзі қарақты ауыл адамы біліп отыр.
– Сонда мамандардың жетіспеушілігі қол байлау болып отыр ма?
– Кезіндегі мал шаруашылығындағы білікті мамандар заман ағымымен басқа кәсіптің ығырында жүріп, бүгінде өз шаруалар дөңгелетіп жатыр. Олар басқа кәсіпті қуғанмен мал өнімі жыл сайын өсіп келе жатыр, қазір Шығыс Қазақстан облысы республикалық бюджеттің дотациясымен отырған облыс қатарына жатады. Пайыздық мөлшері аз болғанымен, толығымен сол дотациядан арылудың жолын облыс әкімшілігі жан-жақты іздеуде.
– Шығыс Қазақстан облысына
500-ге жуық мал және санитарлық дәрігер, 100-ден астам инженер-механиктер, агрономдар қажет. Ендігі жерде бір мәселе кесе көлденең туындап отыр, ол ірілі-ұсақтысы бар шаруа қожалығы немесе аудандық әкімдік қаржы тауып, жолдама беріп, осындай мамандықтар керек деп, ұсыныстарын беріп отырған жоқ. Өзекті болып отырған дүние өзгелерге ой салар деп айтып отырмын. Оның үстіне сол шаруашылықтардағы туберкулез, бруцелез ауруларының өршіп тұрғандығы ешкімді де, әркімді де алаңдатпай қоймайтыны белгілі.
– Тиісті қаражат бөлінген жағдайда ғылым мен өндіріс біте қайнайды дейсіз ғой
– Әрине, республика көлемінде антибиотиктер, антипаразитарлық және дезинфекциялық құралдар мен ветеринариялық препараттар еш жерде өндірілмейді. Аграрлық ғылымның өндіріспен байланысының жеткіліксіздігі жағдайды ауырлатып отыр. Оның үстіне ғылыми негіздеме, талдамалары ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізудің, оның қолданылу жүйесінің жоқтығы қиындық туғызуда.
–Кезінде малды ауылдар тығырықтан шығып, егінде отырғандар тоқырап қалды. Егін шаруашылығына қатысты пікіріңіз?
–«Мал азығы – жан азығы», «малым жанымның садағасы» деп жатамыз. Тарихта белгілі, көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшылыққа бейімделген кәсіп ежелден қалыптасты. Қол қусырып қарап қалған шекім жоқ деп ойлаймын. Малды шаруашылықтардан бөлек, егін шаруашылығы мәселесі бойынша аймақтардың топырақ-климат жағдайының ерекшеліктерін және нарық конъюнктурасын есепке алу қажет. Дәнді-дақылдар түрлерінен алынатын өнім өндірісін іске қосуын тұрақты және бәсекеге қабілетті дәрежеге жеткізе алмай отырмыз. Ұсынылған ауыспалы егістіктер сақталмайды. Рентабельділігі жоғары дақылдардың өндіріске енгізілуі жеткіліксіз. Бұл жердің құнарлығына байланысты, өкінішке орай жер құнарлылығының мониторингі жүргізілмейді.
– Бұл нені білдіреді?
– Бұл минералды тыңайтқыштарды қолдану жөніндегі ұсыныстардың жоқтығын білдіреді.
– Дәнді-дақылдар демекші, қазіргі егіс тұқымының сапасын арттыру арқылы өнім алу мәселесі қалай тұр?
– Тұқым көбейту шаруашылығын құру кезек күттірмес мәселеге айналса, тұқымдарды қажетті деңгейде дәрілеуге және арамшөп өсімдіктеріне қарсы күрес жүргізуге мүмкіндіктер берер еді. Жерді тыңайту, өсімдіктер карантинін жүргізу бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігі мамандықтарды ашуды сұранып тұрғандай.
– Ендгі жерде Сіздердің оқу орындарыңызда осы аталған түйіткілді қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Барлық оқу орындар өзін-өзі қаржыландыруға көшті емес пе, сондықтан шаруалардың барлығы қаржыға келіп тіреледі. Аграрлық ғылымның өндіріспен байланысының жеткіліксіздігі орын алып тұр. Осы олқы-
лықты жою мақсатында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті тарапынан аграрлық сектордың болашақ білікті мамандарын әзірлеу жолын қолға алып, биік межелерді көздеуде. Атап айтсақ ,тақауда Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданындағы «Лада» шаруа қожалығымен шартқа қол қоя отырып, аграрлық факультеттің оқу-тәжірибе базасын ашуды жоспарлап отыр. Агроинновациялық бағытта студент, магистранттардың білімдерін шындап, ұстаздардың біліктіліктерін арттыру жолында атқарар істер қыруар. Білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми-техникалық әлеуетін көтеруге айтарлықтай серпілісті істермен көрініп жатыр. Биылғы жылға «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында жиыны 74 мамандыққа басымдық негізде тізімге ілінді. Осылардың ішінде «Агрономия», «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария», «Орман шаруашылығы ісі», «Топырақтану, агрохимия, өсімдікті қорғау» сияқты мамандықтар бойынша студенттерді әзірлеуге толық мүмкіндігіміз жетіп отыр. Министрліктің таратқан мәліметтеріне саралай келсек, соңғы
7 жылда шетелде 29 маман білімдерін шындап келіпті. 10-ы оқып жатыр делік, олардың барлығы ауылдың қара қазанының ортасына бірден түсіп кетпейді, түскілері де келмейді.
– Яғни, маманға деген сұраныс артып келеді
– Жыл сайын ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс артып келеді, қазіргі таңда Шәкәрім атындағы университеттің аграрлық факультетінде тәлім алушы студенттер саны жыл сайын артуда, демек, «Болашақ» стипендиясына үміттілерін де санының көп болатынын білдіреді. Барлығымыз білетіндей, биылғы жылдан бастап бакалавриатурада әзірлеу тоқтатылды, магистратура, докторантура, мамандардың тәжірибелік тағылымдамадан өтуі қаралған болатын. Құжаттарды жинақтаудың егжей-тегжейлі ережелері бекітілді.
– Агроинновациялық бағытты дамыту керек деп жатамыз, ғылыми тұрғыда тың жобалар әзірленіп жатыр ма?
– Университет қабырғасында агроинновациялық лабораторияның (агротехнологиялық парктың) жобасы әзірленіп жатыр, онда жан-жануарлардың, құстардың инфекциялық ауруларының лабораториялық және патологоанатомиялық диагностикасын жүргізу, моно және ассоциативті инвазияларын емдеудің инновациялық әдістерін жүргізу, емдік шөптерді пайдалану, Семей ядролық полигоны аймағындағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне ветеринарлық-санитарлық баға беру, селекциялық тұрғыдағы генетикалық әлеуетті жетілдіру тағы да басқа толып жатқан ғылыми жобалар он миллиондаған қаражатты талап етіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Асқар ҚҰМАР,
Семей қаласы