Бабалары иогурт, үтік және бахилды ойлап тапқан қазақтар жаһанданудан неге қорқуы тиіс?

Жаһандануды ғасырдың қауіпті індеті деп білетін кейбір бүгінгі қазақтар неге қауіптенеді? Бұның себептері аз емес. Қазіргі таңда елімізде шетел тауарлары көбейіп кетті. Сол тауарлармен бірге тілімізге «компьютер», «принтер», «файл» тағы басқа да көптеген сөздер еніп жатыр. Осыны көріп отырып кейбіреулер «жаһандануды жалау еткен басқа елдер тарапынан Қазақстанды бейбіт түрде жаулап алу жүріп жатыр» дейді. Бір қараған адамға қазақ халқы басқа елдердің материалдық және моральдық шабуылының құрбаны болуы мүмкін деген ой келетіні де шындық.

 Иә, қазір әлемде жаһандану жүріп жатыр. Ал енді сол жаһан­дану шынында да қорқынышты ма? Менің ойымша олай емес. Сондықтан да дана халқымыздың «Қорыққанға қос көрінеді» дегенін еске ала отырып, осы тақырып аясында ой бөлісуді жөн көрдім. Жаһандану дегеніміз – әлем өр­ке­ниеттерінің қарым-қатынасы, жақын ара­ласуы. Жаһандану бүгін пайда болған жоқ. Ол жалғасып жатыр. Ол сонау өткен ға­сырлар қойнауынан басталады. Жаһан­дануды алғашқы болып бастап, белсенділік танытқан халықтардың алдыңғы қа­тарында бүгінгі қазақ және басқа түркі тілдес халықтар­дың бабалары. Алтайдан бастау алған ол кезең тарихта «ұлттардың ұлы көшкіні» деп аталады. Шы­нында да, темірді өңдеп құрыштан­дыруды, шірене садақ тартуға ыңғайлы болсын деп үзеңгі, атқа мініп ұзақ жол жүру үшін ер-тұр­ман мен шалбарды ойлап тапқан соң баба­ларымыздың алыс елдерге баруға мүм­кіндігі пайда болды. Қиыншылықтардан қорықпай алыс сапарлар шегіп, өз ақыл­дарының жемісі болып табылатын жа­ңалық­тарын бөлісуге мүмкіндік алды. Бөлісті де. Бірақ, өткен ғасырларда өмір сүрген еуропалықтар дами келе Азиядан алған білім бұлағының көзі қайда екенін айтуды өздеріне ар санап, әлем алдында Еуропаны биіктетуге барын салып талпынды. Бұл үшін қаншама жалған мәлі­меттер де та­ратылды. Бұнысы бір­шама іске асты да. Әлем тарихында «көшпен­ділер» деп аталған халықтар туралы «өркениеттен қалыс қалып кеткен» деген пікір қалып­тасып, оны өзгертуге мойны жар бермей келе жатқандардың әлемнің түкпір-түк­пірінен әлі де табылары анық. «Отырықшы өркениеттерге жүйе­сіз шапқыншылықтары арқасында уақытша болса да тарихи оқиғалар алаңында көрінуіне қарамастан көшпенділер тарихы жоқ қоғам», бұл әлем озық деп танитын Британ елінің белгілі ғалымы Арнольд Тойнбидің пікірі. Бұндай кертартпа пікірлерді кезінде Кеңес өкіметінің басшы­лығы сөзбен де іспен де құлшына қолдады. Қа­зақтар мәдениеті төмен, жазуы болмаған, сондықтан хат танымай артта қалып кеткен халық, деп көп жылдар бойы жүр­гізген саясатына көптеген ұрпақтар сеніп қалды. Бірақ, бүгінгі қазақтардың баба­лары­ның өркениетті ел бола біліп, басқа ха­лықтарға өз мүм­кіндігінше әсер еткенін түсінген озық ойлы ғалымдар да болды. «Жылқыны қолға үйретіп, мінуді мең­гер­ген Орталық Азиядан шық­қан көшпенді халықтар әлем қашықтығының не екенін білу мүмкіншілігіне ие болды. Қытай, Үн­дістан және батыс елдеріне жеткен көш­пенділер жылқының көмегімен (байырғы өркениет­тер­дің бәрі де жылқыны пай­далануды солардан үйренген) алыс қашық­тық­тардың не екенін білді. Осы­лайша бол­мыс-тіршіліктің өте нәзік екенін түсін­ген көшпенділер басты нәсіл ретінде әлем­ге қаһар­мандық сананы әкелді». Бұл неміс ғалымы Альфред Вебердің көз­қарасы. Бүгінгі қазақ халқының түп-тамыры тереңде жатқаны басқа тарихшылардың да назарынан тыс қалмаған. Мысалы б.д.д. 484-425 жылдарда ғұмыр кешіп «тарих атасы» деген атқа ие болған грек тарих­шысы Геродот өзінің «Тарих» атты туын­дысында қазақтардың байырғы бабалары, гректер «скиф» деп атаған Сақтардың рухани және басқа да потенциалы сол кезде де өте ұшқыр екенін жазған. Ол сақ елі­нінің аумағынан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Томирис, Иденфирс сынды тұлғалардың атын да атап кеткен. Солардың бірі сақ патшалары әулетінен шыққан Анахарсис. Осы бір ұлы тұлғаның 10 хатының күнгі бүгінге дейін сақталуы гректердің Анахарсисті данышпан деп танып, оған берген бағасының өте биік екенін дәлел­дейді. Басқа жаңалықтарымен қатар кемелерді су бетінде жыл­жыт­пай ұстап тұратын, қазақтар қубас деп атайтын затты да ойлап тапқан Анахарсис екенін ағылшын жазушысы Джон Кларк өзінің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін­гі өнер­тапқыштық туралы кітабында жазған. Сақтардың мемлекеттің негізі болып табылатын өз заңдарын қолданғаны бел­гілі. Сақ заңдары мыс тақталарға жазыл­ғаны жөнін­де гректің тарихшысы Лукиан жазып қалдырған. Ал енді Пазырық және басқа сақ қорғандарынан табылған сол кезде қолданыста бол­ған заттардың біздің бабалары­мыздың өнертапқыш болған­дығын растайды. Сол кезгі кілемдер мен киіз­дер, ат әбзелдері, киімдер мен қару-жарақтар және басқа да алтыннан құйы­лып, ағаштан ойып жасалынған ат әше­кейлерлері сақтардың сол кездегі тех­но- ­ло­гия­лар­ды дүниеге келтіріп оларды жақ­сы меңгергендігін, керекті зат­тарды жасау үшін қажетті құ­рал-саймандарды ойлап тауып жасап, кеңінен қолданғанын дәлел­дейді. Әрі сол заттарды өздері күнделікті пайдаланумен қатар сауда-саттық қатынас арқасында басқа елдерге жеткізіп отырған. Қайсыбір өркениет болмасын, түрлі кезеңдерді басынан кешіруі түсінікті. Сақтардың мұрагерлері, тарих алаңында Ғұн деген атпен белгілі бүгінгі қазақтардың баба­лары да әлем дамуына өзіндік үлес қоса білді. Ғұндардың жазу-сызуы бол­ғанын тарихшы Лев Гумилев қытайлардың жылнамаларынан табылған деректермен дәлелдеп жазды. Ал жазуы дамыған елдің рухани және экономикалық даму дең­гейінің өте биік болатынын әрі басқа елдермен қарым-қатынас жасап, сол елдерге игі әсер ететіні дәлелдеуді қажет етпейді. Адамзат тарихында өзіндік орны бар қол­бас­шылар Александр Ма­кедонский, Юлий Цезарь патша­лар қатарында ғұн патшасы Аттила-Еділ патшаның болуы да бекер емес. Еділ бастаған ғұндар еуро­паға жорыққа барғанда өздерінің өркениетінің жетістіктерімен де бөлісті. Сақтар мен ғұндардың ұрпақ­тары уақыт келе Түркі қағанатын құрды. Сына жазуы деп аталатын ал­фавиттің иелері өз тектілігі арқа­сында көрші елдерге жоғары деңгейде ықпал етіп отырған. Лев Гумилевтің жазуы бойынша же­тінші ғасырдың басында қытай императорының сарайында біздің бабаларымыздың ұлттық тағам­дарын жеп, киімін кию, музыка шығармаларын орындау модаға айналған. Қытайдың дәулеттілері өздерінің үйлері қыстың суығынан қорғай алмайтындықтан ауласына киіз үй тігіп сонда қыстауды әдетке айналдырыпты. Түркі қағанаты басқаларға өзін мо­йындата білген мемлекет. «Басы барлардың басын идірдік, тізесі барлардың тізесін бүктірдік» деп сегізінші ғасырда тасқа қашалған жазу соның белгісі. Күлтегіннің үл­кен жазуы деп аталатын ескерт­кіш ұс­тынында қағанның қазасына көңіл айтуға басқалар қатарында Римдіктердің келгені туралы жазылған. Сонау жердің түбінен, «мәңгілік қала» деген атқа ие болған Римнен көңіл айтушы­лар­дың арбамен келуі, сегізінші ғасырда бабаларымыздың басқа елдермен тең болып оларға ықпал етіп отырғандығы жаһан­данудың бүгін бастал­ма­ға­нының тағы бір дәлелі. Қасиетті Құранның байырғы түркі тіліне бірнеше рет аударыл­ғаны ба­баларымыздың алдыңғы қатарлы ел болғандығының тағы бір мысалы. Жал­пы түркі тектес ха­лықтардың тілде­ріне, оның ішінде қазақ тіліне араб сөз­- де­рі көптеп еніп кеткен деген пікір бар. Дұрысында бүгін біздің сөздердің де араб тіліне қан­шалықты сіңгенін зерттеу жұмысы сұ­ранып тұр. Мәм­лүктер билікке келген кезде сарайдағылардың түркі тілін меңгеру қажеттілігі пайда болғаны белгілі. Сол заманда мәмлүк-қыпшақ тілінде сөздіктер, ғылыми, әскери және меди­циналық трак­таттар, жыр кітаптары көптеп шығарылған. Мәмлүктермен бірге біздің ата-бабалары­мыздың ой жетістігі болып саналатын зат­тары араб еліне жетіп қолда­нысқа енген. Кинорежиссер Болат Ман­сұров түсірген «Сұл­тан Байбарыс» фильмінде Байбарыстың қы­мыз ішіп, бұдан бы­лай қымыз ішу әдетке ай­нал­сын, деп жар­­лық беруі, араб еліне қазақ тағамы мен қатар қолөнер бұ­йым­дары ыдыстар және әдет-ғұрпы­ның енуі әлемде жа­һан­дану­дың бұрын­нан орын алып келе жат­­қа­нының тағы бір кө­рі­нісі. Мысалы: қазір қазақ тілінде «иогрут», «кө­зілдірік», «үтік» деген сөздер қол­да­ныста жүр. Бұл сөздерді бар қазақ біледі. «Иогурт» шет елден, «үтік» орыс елінен, ал «көзілдірік» сөзі еуропада көзіл­дірік ойлап табылғаннан кейін бізге жеткен деп ой­лайды. Бұл жаңсақ пікір. Осы заттарды ойлап тауып, қолдануға енгізген біздің бабаларымыз. Он бірінші ғасырда оқы­мысты бабамыз Махмұд Қашқари жазып кеткен «Диуани-лұғат-әт-түркі» сөздігінде «иогурт», «көзілдірік», «үтік», тағы басқа да сөздер жеткілікті. Соңғы кезде қай ауруханаға барсаңыз да «бахил» сатып алып киесіз. Ал, сол бахил да біздің баба­ларымыздың ойлап тапқаны. Ғалымдар Г.Мусатаева мен Л.Шляхтовскаяның 1995 жылы шығарған «Словообразо­вательный словарь тюркизмов» атты кітапта «Бахил» – теріден жасалынған аңшының аяқ киімі екені жазылған. Көр­ші мемлекеттердің тіл қорына еніп кеткен осындай сөздер баба­ларымыздың өз кезінде осындай материалдық құндылықтар шы­ға­руда алда болғанын көрсетеді. Қазақтың «Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген сөзі бекер айтыл­мағаны да осы үрдістің көрінісі. Әрине халқымыздың басынан талай аласапыран өтті. Енді сол қилы кезең­дер­ден нық тұжырым шығарып, алға жыл­житын мезгіл жетті. Енді бостан-босқа уақыт ұттырмай, бүгінгі сұранысқа ие бола алатын жаңа технологияларды, киім, машина, тағам түрлерін, үздік кино туын­дыларын шығаруға кірісуі керек. Бұны іске асуы үшін қазақтар «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген бабалар ережесін мықтап ұстануы қажет. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған ғой. Қазақ ара­сында әлемдік жаһандану бәйгесіне қосатын небір жүйрік өнертап­қыштарымыз бар. Іздегіш эндос­коп ойлап тапқан Жасаң Мұхамбай, сусамыр-қант диабетін ота арқылы емдеуді тапқан дәрігер Жақсылық Досқали, автокөліктің мұздақта таймауын қамта­масыз ететін тетік, қызыл балықтың майда шабақ­тарын тордан өткізбейтін жабдық және басқа да өнертапқыштық ұсы­ныстардың иегері Әсембек Жұма­бай, жану процесін басқару жөнін­де жаңалық ашқан ғалымдар Зұл­хайыр Мансұр, Берікқазы Төлеу­тай, Тоқжан Тұтқабайқызы, қалып-гильзасыз оқты ойлап тапқан Сан­тай Жетес, баламалы электр өндіру жөніндегі ізденісімен респуб­ли­калық конкурс жеңімпазы болған Хайролла Байшағыр және басқа көптеген өнертапқыштар жаһан­дану жа­рысында әлі-ақ еліміздің атын шыға­ра­ды деген ойда­мын. Бір сөзбен айт­қанда Олжас Сүлей­ме­новтің 2003 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде айтқан жаһандану туралы: «бұл біз қан­ша қарсылас­қан­мен ырық бермейтін даму заңдылығы, онымен тіреспей, керісінше оның жүру қарқынын өз талап-тілегімізбен үндестіре отырып, осы жаһанданудың бел ортасында болуымыз керек» деп айтқан пікірімен келісіп, жаһанданудан қорықпау керек. Бердалы ОСПАН