Бабалары иогурт, үтік және бахилды ойлап тапқан қазақтар жаһанданудан неге қорқуы тиіс?
2012 ж. 19 маусым
3646
1
Иә, қазір әлемде жаһандану жүріп жатыр. Ал енді сол жаһандану шынында да қорқынышты ма? Менің ойымша олай емес. Сондықтан да дана халқымыздың «Қорыққанға қос көрінеді» дегенін еске ала отырып, осы тақырып аясында ой бөлісуді жөн көрдім. Жаһандану дегеніміз – әлем өркениеттерінің қарым-қатынасы, жақын араласуы. Жаһандану бүгін пайда болған жоқ. Ол жалғасып жатыр. Ол сонау өткен ғасырлар қойнауынан басталады. Жаһандануды алғашқы болып бастап, белсенділік танытқан халықтардың алдыңғы қатарында бүгінгі қазақ және басқа түркі тілдес халықтардың бабалары. Алтайдан бастау алған ол кезең тарихта «ұлттардың ұлы көшкіні» деп аталады. Шынында да, темірді өңдеп құрыштандыруды, шірене садақ тартуға ыңғайлы болсын деп үзеңгі, атқа мініп ұзақ жол жүру үшін ер-тұрман мен шалбарды ойлап тапқан соң бабаларымыздың алыс елдерге баруға мүмкіндігі пайда болды. Қиыншылықтардан қорықпай алыс сапарлар шегіп, өз ақылдарының жемісі болып табылатын жаңалықтарын бөлісуге мүмкіндік алды. Бөлісті де. Бірақ, өткен ғасырларда өмір сүрген еуропалықтар дами келе Азиядан алған білім бұлағының көзі қайда екенін айтуды өздеріне ар санап, әлем алдында Еуропаны биіктетуге барын салып талпынды. Бұл үшін қаншама жалған мәліметтер де таратылды. Бұнысы біршама іске асты да. Әлем тарихында «көшпенділер» деп аталған халықтар туралы «өркениеттен қалыс қалып кеткен» деген пікір қалыптасып, оны өзгертуге мойны жар бермей келе жатқандардың әлемнің түкпір-түкпірінен әлі де табылары анық. «Отырықшы өркениеттерге жүйесіз шапқыншылықтары арқасында уақытша болса да тарихи оқиғалар алаңында көрінуіне қарамастан көшпенділер тарихы жоқ қоғам», бұл әлем озық деп танитын Британ елінің белгілі ғалымы Арнольд Тойнбидің пікірі. Бұндай кертартпа пікірлерді кезінде Кеңес өкіметінің басшылығы сөзбен де іспен де құлшына қолдады. Қазақтар мәдениеті төмен, жазуы болмаған, сондықтан хат танымай артта қалып кеткен халық, деп көп жылдар бойы жүргізген саясатына көптеген ұрпақтар сеніп қалды. Бірақ, бүгінгі қазақтардың бабаларының өркениетті ел бола біліп, басқа халықтарға өз мүмкіндігінше әсер еткенін түсінген озық ойлы ғалымдар да болды. «Жылқыны қолға үйретіп, мінуді меңгерген Орталық Азиядан шыққан көшпенді халықтар әлем қашықтығының не екенін білу мүмкіншілігіне ие болды. Қытай, Үндістан және батыс елдеріне жеткен көшпенділер жылқының көмегімен (байырғы өркениеттердің бәрі де жылқыны пайдалануды солардан үйренген) алыс қашықтықтардың не екенін білді. Осылайша болмыс-тіршіліктің өте нәзік екенін түсінген көшпенділер басты нәсіл ретінде әлемге қаһармандық сананы әкелді». Бұл неміс ғалымы Альфред Вебердің көзқарасы. Бүгінгі қазақ халқының түп-тамыры тереңде жатқаны басқа тарихшылардың да назарынан тыс қалмаған. Мысалы б.д.д. 484-425 жылдарда ғұмыр кешіп «тарих атасы» деген атқа ие болған грек тарихшысы Геродот өзінің «Тарих» атты туындысында қазақтардың байырғы бабалары, гректер «скиф» деп атаған Сақтардың рухани және басқа да потенциалы сол кезде де өте ұшқыр екенін жазған. Ол сақ елінінің аумағынан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Томирис, Иденфирс сынды тұлғалардың атын да атап кеткен. Солардың бірі сақ патшалары әулетінен шыққан Анахарсис. Осы бір ұлы тұлғаның 10 хатының күнгі бүгінге дейін сақталуы гректердің Анахарсисті данышпан деп танып, оған берген бағасының өте биік екенін дәлелдейді. Басқа жаңалықтарымен қатар кемелерді су бетінде жылжытпай ұстап тұратын, қазақтар қубас деп атайтын затты да ойлап тапқан Анахарсис екенін ағылшын жазушысы Джон Кларк өзінің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өнертапқыштық туралы кітабында жазған. Сақтардың мемлекеттің негізі болып табылатын өз заңдарын қолданғаны белгілі. Сақ заңдары мыс тақталарға жазылғаны жөнінде гректің тарихшысы Лукиан жазып қалдырған. Ал енді Пазырық және басқа сақ қорғандарынан табылған сол кезде қолданыста болған заттардың біздің бабаларымыздың өнертапқыш болғандығын растайды. Сол кезгі кілемдер мен киіздер, ат әбзелдері, киімдер мен қару-жарақтар және басқа да алтыннан құйылып, ағаштан ойып жасалынған ат әшекейлерлері сақтардың сол кездегі техно- логияларды дүниеге келтіріп оларды жақсы меңгергендігін, керекті заттарды жасау үшін қажетті құрал-саймандарды ойлап тауып жасап, кеңінен қолданғанын дәлелдейді. Әрі сол заттарды өздері күнделікті пайдаланумен қатар сауда-саттық қатынас арқасында басқа елдерге жеткізіп отырған. Қайсыбір өркениет болмасын, түрлі кезеңдерді басынан кешіруі түсінікті. Сақтардың мұрагерлері, тарих алаңында Ғұн деген атпен белгілі бүгінгі қазақтардың бабалары да әлем дамуына өзіндік үлес қоса білді. Ғұндардың жазу-сызуы болғанын тарихшы Лев Гумилев қытайлардың жылнамаларынан табылған деректермен дәлелдеп жазды. Ал жазуы дамыған елдің рухани және экономикалық даму деңгейінің өте биік болатынын әрі басқа елдермен қарым-қатынас жасап, сол елдерге игі әсер ететіні дәлелдеуді қажет етпейді. Адамзат тарихында өзіндік орны бар қолбасшылар Александр Македонский, Юлий Цезарь патшалар қатарында ғұн патшасы Аттила-Еділ патшаның болуы да бекер емес. Еділ бастаған ғұндар еуропаға жорыққа барғанда өздерінің өркениетінің жетістіктерімен де бөлісті. Сақтар мен ғұндардың ұрпақтары уақыт келе Түркі қағанатын құрды. Сына жазуы деп аталатын алфавиттің иелері өз тектілігі арқасында көрші елдерге жоғары деңгейде ықпал етіп отырған. Лев Гумилевтің жазуы бойынша жетінші ғасырдың басында қытай императорының сарайында біздің бабаларымыздың ұлттық тағамдарын жеп, киімін кию, музыка шығармаларын орындау модаға айналған. Қытайдың дәулеттілері өздерінің үйлері қыстың суығынан қорғай алмайтындықтан ауласына киіз үй тігіп сонда қыстауды әдетке айналдырыпты. Түркі қағанаты басқаларға өзін мойындата білген мемлекет. «Басы барлардың басын идірдік, тізесі барлардың тізесін бүктірдік» деп сегізінші ғасырда тасқа қашалған жазу соның белгісі. Күлтегіннің үлкен жазуы деп аталатын ескерткіш ұстынында қағанның қазасына көңіл айтуға басқалар қатарында Римдіктердің келгені туралы жазылған. Сонау жердің түбінен, «мәңгілік қала» деген атқа ие болған Римнен көңіл айтушылардың арбамен келуі, сегізінші ғасырда бабаларымыздың басқа елдермен тең болып оларға ықпал етіп отырғандығы жаһанданудың бүгін басталмағанының тағы бір дәлелі. Қасиетті Құранның байырғы түркі тіліне бірнеше рет аударылғаны бабаларымыздың алдыңғы қатарлы ел болғандығының тағы бір мысалы. Жалпы түркі тектес халықтардың тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне араб сөз- дері көптеп еніп кеткен деген пікір бар. Дұрысында бүгін біздің сөздердің де араб тіліне қаншалықты сіңгенін зерттеу жұмысы сұранып тұр. Мәмлүктер билікке келген кезде сарайдағылардың түркі тілін меңгеру қажеттілігі пайда болғаны белгілі. Сол заманда мәмлүк-қыпшақ тілінде сөздіктер, ғылыми, әскери және медициналық трактаттар, жыр кітаптары көптеп шығарылған. Мәмлүктермен бірге біздің ата-бабаларымыздың ой жетістігі болып саналатын заттары араб еліне жетіп қолданысқа енген. Кинорежиссер Болат Мансұров түсірген «Сұлтан Байбарыс» фильмінде Байбарыстың қымыз ішіп, бұдан былай қымыз ішу әдетке айналсын, деп жарлық беруі, араб еліне қазақ тағамы мен қатар қолөнер бұйымдары ыдыстар және әдет-ғұрпының енуі әлемде жаһанданудың бұрыннан орын алып келе жатқанының тағы бір көрінісі. Мысалы: қазір қазақ тілінде «иогрут», «көзілдірік», «үтік» деген сөздер қолданыста жүр. Бұл сөздерді бар қазақ біледі. «Иогурт» шет елден, «үтік» орыс елінен, ал «көзілдірік» сөзі еуропада көзілдірік ойлап табылғаннан кейін бізге жеткен деп ойлайды. Бұл жаңсақ пікір. Осы заттарды ойлап тауып, қолдануға енгізген біздің бабаларымыз. Он бірінші ғасырда оқымысты бабамыз Махмұд Қашқари жазып кеткен «Диуани-лұғат-әт-түркі» сөздігінде «иогурт», «көзілдірік», «үтік», тағы басқа да сөздер жеткілікті. Соңғы кезде қай ауруханаға барсаңыз да «бахил» сатып алып киесіз. Ал, сол бахил да біздің бабаларымыздың ойлап тапқаны. Ғалымдар Г.Мусатаева мен Л.Шляхтовскаяның 1995 жылы шығарған «Словообразовательный словарь тюркизмов» атты кітапта «Бахил» – теріден жасалынған аңшының аяқ киімі екені жазылған. Көрші мемлекеттердің тіл қорына еніп кеткен осындай сөздер бабаларымыздың өз кезінде осындай материалдық құндылықтар шығаруда алда болғанын көрсетеді. Қазақтың «Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген сөзі бекер айтылмағаны да осы үрдістің көрінісі. Әрине халқымыздың басынан талай аласапыран өтті. Енді сол қилы кезеңдерден нық тұжырым шығарып, алға жылжитын мезгіл жетті. Енді бостан-босқа уақыт ұттырмай, бүгінгі сұранысқа ие бола алатын жаңа технологияларды, киім, машина, тағам түрлерін, үздік кино туындыларын шығаруға кірісуі керек. Бұны іске асуы үшін қазақтар «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген бабалар ережесін мықтап ұстануы қажет. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған ғой. Қазақ арасында әлемдік жаһандану бәйгесіне қосатын небір жүйрік өнертапқыштарымыз бар. Іздегіш эндоскоп ойлап тапқан Жасаң Мұхамбай, сусамыр-қант диабетін ота арқылы емдеуді тапқан дәрігер Жақсылық Досқали, автокөліктің мұздақта таймауын қамтамасыз ететін тетік, қызыл балықтың майда шабақтарын тордан өткізбейтін жабдық және басқа да өнертапқыштық ұсыныстардың иегері Әсембек Жұмабай, жану процесін басқару жөнінде жаңалық ашқан ғалымдар Зұлхайыр Мансұр, Берікқазы Төлеутай, Тоқжан Тұтқабайқызы, қалып-гильзасыз оқты ойлап тапқан Сантай Жетес, баламалы электр өндіру жөніндегі ізденісімен республикалық конкурс жеңімпазы болған Хайролла Байшағыр және басқа көптеген өнертапқыштар жаһандану жарысында әлі-ақ еліміздің атын шығарады деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда Олжас Сүлейменовтің 2003 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде айтқан жаһандану туралы: «бұл біз қанша қарсыласқанмен ырық бермейтін даму заңдылығы, онымен тіреспей, керісінше оның жүру қарқынын өз талап-тілегімізбен үндестіре отырып, осы жаһанданудың бел ортасында болуымыз керек» деп айтқан пікірімен келісіп, жаһанданудан қорықпау керек. Бердалы ОСПАН