Біздің заманымыздың Геройханы

   «Мен текті ұлттың ұлымын!» Атилла 27 мамыр күні газетіміздің көп жылғы ұлт бөлімінің редакторы Геройхан Қыстаубаев ел ақсақалдарын, партия мен қоғам қайраткерлерін, баспасөз өкілдерін, жалпы, ұзын-саны алпыстан ұлт жанашырларының басын қосып, өзінің қазақ ұлтын сақтап қалудың жолдары жайлы ойын ортаға салды. Осы тақырыпқа баяндама жасаған ол бүгінгі қазақтың ұсақталып, майдаланып, тіпті азғындауға ұшырап бара жатқаны туралы соның ішінде ол былай деді: — Ардақты ағайын, мен мынадай ойға келдім, біреу бастамаса, малдың өзін суға тоғыту қиын. Бірақ, бастайтын бір белгілі азамат шығатын шығар деп жүргенде күн­дер, айлар, тіпті жылдар өтті. Ал ұлт жойы­луға жетті. Олигархтардан, ал­пауыт, ірі бизнесмендерден үміт жоқ. Әр адамның ұлты үшін күресті тікелей өзінен, тек өзінен және осы мезеттен бастауы керек екеніне менің көзім әбден жетті. Бұны ұғатын әлемде бір ұлт болса, ол сүйегіне дейін текті біздің қазақ ұлты болуға тиіс деп ойлаймын. Мен сол ұлттың бір перзенті ретінде Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» және «Аққайың» шипажайлары­ның орта­сындағы саяжайымды сатып, оның бағасы 35 мың доллардан кем болмауы тиіс, ортаға салмақпын. Кәсіпкер де емес, тіпті дүңгір­шегі де жоқ менің қолымдағы барым осы. Мұндағы мақсатым өзімнің керемет­тігімді көрсету емес, керісінше, жағдайы менен жақсы қалталы азамат­тардың бетін өз ұлтына қарай бұру. Әркім өз шамасына қарай демеу жасаса болғаны. Алматы қала­сындағы азаматтардың ішінен мен ең болмағанда «Жомарт жанды жүз жігіт» деген топ құрылар деп ойлаймын. Оның әрбір мүшесі ай сайын 5-10 мың теңге жарна төлеп тұрса, қалада 4-5 адамнан құралған шағын топқа офис алып, халық арасында күнделікті нақты іспен айналы­суына мүм­кіндік туады. Бүгінгі ең қажет, жетіспей жатқан шаруа да осы. Біздің қоғам осын­дай азаматтардың арқасында ғана өзгеруі мүм­кін. Қазақ үшін сенен басқа ешкім күреспейді. Өз ұлтыңды өзің ғана құтқара аласың! Алғашқы сөз алған ақын ағамыз «айна­лайын, бауырым, күн көрудің әлегінен бас көтеруге жарамай қалған көпшілікке түрт­кі болайын, ой салайын, оянуына, басы­ның қосы­луына себепкер болайын деп, атыңа сай көп адамның қолынан келмейтін батырлыққа барып отыр екенсің, жерге қарап отырған жайымыз жоқ, біз сенің бастамаңды ең бірінші қолдаушың да, баспасөз бетінде қорғаушың да боламыз, жел жағыңа пана, күн жағыңа сая боламыз, қандай қиындық көрсең қасыңнан табы­латын боламыз, өзің секілді шын мәнінде елім деп еңіреген ерлердің қатары көбейе түссін, ертерек алға қойған асқақ ар­маны­ңа, мұрат-мақсатыңа жет, айың оңыңнан, жұлдызың солыңнан тусын, Алла-Тағала жар болсын!» деп, жүрегін жарып тастаған отырған нар ұлға ақ батасын берудің ор­нына «ақшаны қалай жұмсайсындар?» деген сұрақ қойса бола ма? «Ақын – аңғал» деген осы екен ғой. Әйтпесе «пәленшенің өлгені қалып, менің жылағаным қалып па?» дегендей, қаржының жоқтығынан қаншама қоғамдық бірлестіктер істі бастай алмай тастап кетіп жатқан, тастамағандары тұ­саулы тұлпардың күйін кешіп отырған бүгінгі таңда барлық мәселе ақшаға келіп тіреліп отырған жоқ па? Бұдан соң сөйлеген оппозициялық партия басшыларының бірі де: «Абай кеше басын біріктіре алмаған қазақты бүгін де біріктіруге болмайды. Біз ақша жинаудан емес, ұлттық идеядан бастауымыз керек, ал ұлттық идеямыз Жаңаөзен болуға тиіс» деген ой айтты. Жаңаөзен жарылайын деп тұрған көп жараның аузы ашылған біреуі ғана емес пе? Сәл алға озып кетер болсақ, ертесіне осы жолдар авторына «Геройхан екеуіңнің қазақтың басын біріктірген­деріңді көрермін» деген тағы бір саясаткер болды. Пәленбай жыл саясатта, оппо­зи­цияда жүрген жандардың қазақтың басы құрала­тынына сенбесе не үшін жүрген­деріне таң қалмасқа шара жоқ. Біз де ешкімге «біріктіре қаламыз!» деп уәде, кепілдік бере алмаймыз. Бірақ осы жолда шамамыз жеткенінше еңбек ететін бола­мыз. Себебі біз өз ұлтымызға сенеміз. Ал қазақтың ба­сының бірігетініне осы жиын­ға Еңбекші­қазақ және Ұйғыр ауданынан келіп қатыс­қан азаматтардың сөздері дә­лел. Тек ол үшін осы аудандардағы секілді халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеу қажет. — «Қазақ оянбайды» деп жатыр осын­да біраз жұрт. Ол ояну үшін басшылардың өз­дері шын мәнінде адал болуы тиіс. Қоғамдық ұйым құрған адамның ішкі өз есебі өзінде екенін халық көрмей ме? Біздің мүйізі қара­ғайдай саясаткер ағаларымыз халықтың соңынан ерте алмады. Неге? Себебі, «билік аспанда жүр» дейтін олардың өздері де жоғарыда жүр. Ал, мен қарапайым халық­тың қатарындамын. Менің бұл қадамға барғандағы жалғыз ойым – түрткі болу. Біз бүгін жардың басына келдік, шегінетін жер қалмады! Азаматтық қоғам құрамыз деуіміз қазақ ұлтын демократиясы ең жоғары «дамыған» америкалық ұлтқа, қоғамымыз­ды еркегі еркекке, әйелі әйелге үйленетін, нашақорлық пен жезөкшелік заңдас­ты­рылған батыстық аты азаматтық, заты азғындық қоғамға алып келері сөзсіз. Бізге керегі сол ма? Жоқ, бізге адамгер­ші­лікті, тазалықты, тектілікті ту етіп көтеретін қазақы қоғам керек! Осыны ұғына алсақ, мынау ұлттық идея ретінде жазылып қойыл­ғандай «қазақ - еліміздегі көшбасшы, рухы асқақ ұлт» болуы үшін әрқайсымыз қолымыздағы барымызды аянбай жұмсасақ қана ұлтты да, өзімізді де құтқарып қала­мыз, — деді екінші рет сөз алған Геройхан. Иә, Қазақстан халқы, марқұм Болатхан Тай­жан айтқандай қазақ ұлтының айна­ласында топтасуы тиіс. Ол үшін қазақ ұлты соған сай болуы керек. Бұл жолда К.Маркстің атақты «Коммунистік ма­ни­фесті» секілді кішкентай кітапшалар шы­ғарып, халыққа тарату керек деген әдемі ұсыныстар айтылды. «Ұлттық идеяның бір түрі – ұлттық тәрбие!» деді профессор Есенқос Сағынайұлы Мәмбеталин ағамыз. «Мен төртінші курстағы студент қызда­рыма «ертең күйеулеріңнен бұрын сөй­лемеңдер!» деп үйретемін» деді ұстаз. Саяси партия құру қажет деген түйінге келді жиын. Оның мақсаты – «қазақтың мүддесі – қазақстан­дықтардың мүддесі» деген ұранды қазақ­тың ұлттық мемлекетін құру болуы тиіс. Бүкіл дамыған әлем сол жолдан өткен болатын. Билеушілерін сандаған ғасырлар бойы сайлау арқылы таққа отырғызып келген (батыстың оған қолы жеткені кеше ғана, соның өзінде бүгін де тең жартысы республикалық мо­нархия) қазақ о бастан жаратылысы де­мократ халық. Ұлтымыз өзінің бес мың жылдық тағ­ды­рында нағыз шешуші кезеңге бүгін келіп тұр. Бұның қасында он сегізінші ға­сыр­дағы «ақтабан шұбырынды» да, оты­зыншы жылғы қазақтың жартысын жал­маған ашар­шылық та ойыншық. Өйткені, ол кезде жау көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, тіпті республика басшысы Голо­щекин бей­несінде болса да сырттан келген ашық жау еді. Бүгінгі жау ішімізде. Және көп ол. Біріншіден, біз рушылмыз. Негізі, осы «рушылмыз» дегеніміз мүлдем қате түсі­нік, себебі, Геродот, Страбон, Сыма Цян, Бан Гу заманынан бері Алтайдағы найман, керей, Арқадағы арғын, қыпшақ. Ала­таудағы үйсін, қаңлы, Атыраудағы адай, әлім, қысқасы қазақтың әр руы бұрын өз алдына бір ел, жеке мемлекет болып өмір сүріп үй­р­е­ніп қалған. Руымызды әлі мем­ле­кетіміздей көреміз. Осыны жұрт «қазақ әлі ру дең­гейінен көтеріле алмаған, ұлт болып ұйыса алмаған халық» деп қате түсінеді. Біздің қателігіміз – жеке батыр­лығымызда, басқа руларға иілгіміз келмей­тіндігінде. Нәтижесі – алауыздық. Ең үлкен жауымыз да – осы. Бұл алауыздық соңғы жиырма жылда өршімесе өшкен жоқ. Себебі, рушыл­дықтың мем­лекетшілдік, қауымшылдық, ұжым­шылдық бейнесіндегі жақсы жақта­рын қалдырып, жаман жақтарын отқа күйдіріп, суға батырып, олардан осылайша халықтың бойын тазартып отырған билік жоқ. Ол үшін билікті айыптауға да бол­майды, өйткені кез келген билік үшін қол астындағы халықтың алауыз болғаны ауадай қажет нәрсе. Біздің билікті де сол деңгейден кө­теріле алмай отырғаны үшін ғана кіналауға болады. Ол аз болғандай бүгінгі таңда, әсіресе тәуел­сіздік келгелі жаңа екі жау келіп қо­сылды. Екінші жауымыз – тілден бөліну­шілік. Үшін жауымыз – діни бөлінушілік. Дер кезінде қимылдамаса, аурудың алдын алмаса бұл үш кеселдің біреуінің өзі-ақ ұлтты жарып тастайтын жара. Оған бүкіл адамзат тарихы куә. Бұрынғы да, бүгінгі де. Ал, «бөлінгенді бөрі жейді». Қазақтан айтыл­маған сөз қалмаған. Өйткені, қа­зақтың көрмегені қалмаған. «Ой түбінде асыл сөз, шер толқытса шығады». Басынан өткізгені адам, ұлт қана сол жайлы бір ой саларлық сөз айта алады. ...Баяғыда бір ауылдың ақсақалдары отырып, артымызға қандай ұлағатты сөз қалдырып кетеміз деген ойға келіпті. «Ертең осы уақытқа дейін ойланып, айта­тын болайық, айтуға жарамағанымызды мынау ауыл іргесіндегі асау өзенге лақ­тырып жіберейік, себебі ондай адамның одан ары қарай өмір сүруінің мәнісі жоқ» деп бәтуаласып тарапты. Ертесіне бәрі бір-бір сөзден айтқанда, ішіндегі біреуі ғана «айтар сөз таба алмадым» деген көрінеді. Уәденің аты уәде, және ол бұрынғы ірі қазақ заманы, қарттар әлгіні арқыраған суға лақтырып жібереді. Бір батып, бір шығып бара жатып «құтқарыңдар, айта­мын!» деп айқайлапты байғұс шал. Бәрі жабылып құтқарып алып: – Ал, айта ғой! – демей ме. Сонда: – Көп қорқытады екен, терең батырады екен! – деген жауап алыпты... Өмірзақ АҚЖІГІТ Біз де ұлттан, елден, жерден айрылғымыз келмесе, тірі қалғымыз келсе, өзімізді тарих асау өзенге лақтырып жібермесін десек – лақтырса құтқаратын де ешкім болмайды! - әрқайсымыз Ахмет атамыз айтқандай ірі болуымыз керек. Соған тырысуымыз керек. Соның алғашқы қадамы ретінде Геройханның бастамасына қолдау көрсетейік. Геройханның ісі ерлік ретінде қабылданбай, әрқайсымыз істеуге тиіс іс ретінде қабылданғанда ғана, бұл бастаманы жаппай халық болып қоштап ала жөнелсек қана мақсатымызға жетеміз. Біз ірілігімізді, тірі болуға хақылы екенімізді сонда ғана дәлелдей аламыз. Бақа-шаян, құрт-құмырсқа күйінде өмір кешіп, ертеңгі ұрпағымыз ұлы ұлына, қызы қызына үйленіп отырса, шетінен нашақор, жезөкше болса, бүгінгі біздің өмір сүруіміздің не мағынасы бар? Ондай ұлттың «қазақ» деген асқақ атпен өмір сүруге қандай хақысы бар? Ендеше, бүгін қимылдамасақ ертең бізді судан шығарып алатын да адам қалмайды. «Пендем әрекет етсе, мен берекет беремін» деген Алла-Тағала. Ықылас танытқан азаматтарға мына байланыс телефондарына хабарласуын өтінеміз: 8777-470-54-74, Геройхан Қыстаубаев; 8701-682-56-52, uakzhigit@mail.ru, Өмірзақ Ақжігіт; 8771-456-78-55, Серік Абай.