ЕЛДІ БАСЫНҒАН ЕКІ КАРЬЕР ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫСЫН ӘЛІ ТОҚТАТҚАН ЖОҚ!?. Жұрттың көргенін бірақ тиісті органдар көрмей отыр...

 

          «Жас қазақ үні» газеті биылғы сәуір айында «Елді басынған екі карьер иелері кім екен?!. Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай бұндай заңсыздыққа қалай жол беріп отыр?!.» («Жас қазақ үні» газеті, №15, 11 сәуір, 2012 жыл.) атты мақала жариялағаны белгілі. Онда Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Қызылжар» ықшам ауданы тұрғындарының жанайқайы беріліп, көше бойына заңсыз орнаған екі бірдей карьердің ауылды топырақ пен шаңның астына көміп жатқаны айтылады. Біз оқырмандар хатын жариялай салмай, арнайы тілшіміздің өзін жіберіп,   көріп келген еді. Сонда көргеніміздегі сорақылықтар  тұрғындардың айтқанынан да асып түсіп, аталмыш мақаланы жазған болатынбыз. Мақаладан соң редакцияға хабарласқандар көп болды. «Тура жазыпсыңдар, енді нәтижесі қашан болады?», «Біздің қаланың да айналасы қазылып жатыр, осыны тексеріңіздерші?» деп өзге өңірлерден қолдағандар да, «Қала әкімінің не жазығы бар? Оны неге сынайсыңдар, ол шешпейді ғой бұны»-деп реніш білдіргендер де кездесті. Содан бері екі ай өтті. Бұл аралықта Шымкент қаласы әкімі Арман Жетпісбай да орнынан кетіп, орнына Қайрат Молдасейітов келді. Бірақ бір әкім кетіп, екінші әкім келгенмен, екі карьер әлі заңсыз жұмыс істеп тұр... Қайратқа қайрат көрсетер кез келді... Ал біздің жазған мақаламызға байланысты тиісті органдардан жауаптар да келіп жатыр. Ол жауаптардан ұққанымыз, елді басынған екі карьер иелері ЖК «Тленова Ж.» мен «Шеңгел и К» ЖШС! Екі карьердің де жұмысы былтыр 2011 жылы 1 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспановтың хаты бойынша тоқтатылғаны белгілі болды.             Оңтүстік Қазақстан  облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Г.Саметованың 2012 жылдың 21 мамырдағы «Жас қазақ үні» газеті бас директоры Қазыбек Исаға жолдаған хатында: «Басқарманың тексеру және қадағалау құзыреті болмағандықтан, 2012 жылдың 11 сәуіріндегі №15 санды «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған Шымкент қаласы Қызылжар мөлтек ауданы С.Мұқанов көшесі тұрғындарының Бадам өзені бойында құм-шағал қоспасы карьерлерінің қоршаған ортаға зиянын келтіріп жатқаны жөніндегі мақалаңыз бойынша Шу-Талас экологиялық департаментінің Оңтүстік Қазақстан филиалы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына шара көру үшін хаттар жолданған. Осы объектілер бойынша Шу-Талас  экологиялық  департаменті мен Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бірлесіп тексерулерінің инәтижесі Сізге осы мемлекеттік органмен 11.05.2012ж. №12ж-12 хатпен жіберілген» дейді. Ең бастысы хаттың қорытындысы мынау: «...аталған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары 2011 жылы ОҚО әкімдігі тарапынан біржақтама негізде бұзылған. Сондықтан, ол аумақта құм-шағал қоспасын алуға заңды рұқсаты жоқтығын хабарлаймын.» Бірақ мұның бәрі тек қағаз жүзінде қалған. Себебі қадағалаушы органдардың жұмысы әлсіздігі айқын көзге шалынады. «Қызылжар» ықшамауданы тұрғындары «бұл есімізді алған екі карьердің тоқтап қалғанын көрген емеспіз»- деп зар қағып отыр. Оған өзіміз де куә болдық.   Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Ж.Туғанбаевтың   2012 жылғы 11 мамырда Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Ж. Байғоновқа,   ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Д. Абсаттаровқа және «Жас қазақ үні»  газетінің Бас директоры Қ. Исаға жазған хатына (ол газетте жарияланып отыр) қарасаңыз, екі карьердің жұмысы былтыр жазда тоқтатылғаны, яғни содан бері заңсыздығы айқын жазылған. Бірақ бір түсінбейтініміз, прокурор мырза ол екі карьер қазір жұмыс істеп тұрған жоқ, яғни «заңсыз қазба байлықтарын өндіру және тас-құм қоспасын майдалау өндірісі жұмыстарын жүргізу дерегі анықталмады.»-дейді. Біздің таңғалатынымыз, сонда ауылдың барлығы күндіз-түні куә болып отырған екі карьердің жұмысын табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлері неге көрмейді? Оған біз Алматыдан екі рет барғанда да екі көзіміз төртеуге айналып, куә болдық...  Он жылдан бері көзін емдетумен жүрген біздің газеттің тілшісі де көреді, олар көрмейді... Осыдан екі ай бұрынғы фотосуреттер мен бейнетүсірілімдерді газет сайтының  2012 жылғы 10 сәуір күнінен көруге болады. Кеше 11 маусым күні тілшіміз тағы барып көріп, сурет пен бейнетаспаға түсіріп алдық. Сол баяғы сорақылықтар. Бұрқырап, ауылды топыраққа  көміп шығып жатқан құм-шағылы, тасы, кірпішіне дейін  тасылып жатыр.  Быт-шыты шыққан С.Мұқанов көшесі тас жолының шаңын аспанға шығарып, ыңырана заулаған КамАЗ көліктері ешкімге жол берер емес... Сенгілеріңіз келмесе, бұл көріністер газетіміздің www.qazaquni.kz сайтында тұр, құрметті мырзалар... Әрине, ол жерге прокурор Ж.Туғанбаев мырзаның өзі бармайтын шығар, бұл жерде бәрі мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының «мамандандырылған» маман қызметкерлеріне  байланысты... Көздері шаң мен топыраққа толған көше тұрғындары көргенді көшелі қызметкерлер көрмеді дегенге кім сенеді?.. Көргісі келмей көздерін тарс жұмып алған ғой десе, онда, сенуге болады... «Көрмейін десем, көзім бар»- деген өлеңді олар, бәлкім, есітпеген де, шырқамайтын да шығар... Табиғатты Табиғат қорғау прокуратурасы қорғамаса, кім қорғайды?.. Ондағы күннен-күнге денсаулықтары нашарлап бара жатқан тұрғындардың құқына кім жауап береді? Сонда қарапайым халық шаңқи беру керек те, құмнан пұл жасап жатқандар мен оларды көрмейтіндер шалқи беру керек пе?  Ал бұзылып жатқан көрікті Бадам өзенінің табиғаты қайта қалпына келе ме? Бадам өзені демекші, табиғат қорғау прокуроры хатында Экологиялық және Су кодекстері талаптарының бұзылғанын анық жазады. Сөзбе-сөз келтірейік: «Алайда, тексеру барысында ЖК «Тленова Ж.» тарапынан ҚР Экологиялық және Су кодекстері талаптарының бұзылуына жол беру деректері анықталып, прокуратурамен жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 243,245 және 279 баптары мен әкімшілік құқық бұзушылық істері қозғалып, мәні бойынша қарау үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданылып, Шу-Талас экология департаментінің Оңтүстік Қазақстан филиалына заң талаптарын бұза отырып қызмет атқарып отырған тас-құм қоспасын майдалау өндірісі қызметін тоқтамға алуға және қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіруге бағытталған шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілді. ҚР Су кодексінің 125 бабының 2 бөлігінің 2 тармағында су қорғау аймақтарының шегінде су түбін тереңдету және пайдалы қазбалар өндіруге, кәбіл, құбыр және басқа да коммуникацияларды төсеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен, уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, энергиямен жабдықтау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен келісілген жобасы жоқ бұрғылау, жер қазу және өзге де жұмыстар жүргізуге тиым салынатындығы көрсетілген»-деп анықтап береді.         Ендеше бұл түйткілді мәселеде Экология және Су комитеттерінің де көріну  керек емес пе? Оның үстіне ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры  Ж.Туғанбаев осы  хатта: «Алайда, жинақталған құжаттарды зерделеу  ЖК «Тленова Ж.» мен «Шеңгел и К» ЖШС-нің тас-құм қоспасын майдалау қондырғысы орналасқан жер учаскесінің бір бөлігі Бадам өзенінің су қорғау аймағы шегінде орналасқандығын және жер учаскесін бөлу кезінде тиісті уәкілетті органдардың келісім-қорытындылары алынғандығын көрсетті,»- деп мәлімдейді. Бұл жерде мәселенің бір басы Су комитетінің су жаңа төрағасы, осы Оңтүстікте жемісті еңбек етіп, Өскеменді өскелең қалаға айналдырған Ислам Әбішев мырзаға да тіреледі. Өскеменнен тіке Астанаға тартып кеткен Исекең қазіргі қызметінде елді түгел аралап жүргенмен, әлі өзінің туып-өскен өңіріне жете алмай жатыр ма екен?.. Біз Су комитетінен де жауап күтеміз. Шымкент қаласы Абай ауданынан сайланған облыс, қала депутаттары да бұл мәселеге белсене араласып, сайлаушыларының сенімінен айрылмау керектігін ойлағаны дұрыс. Бізді ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры  Ж.Туғанбаевтың хатының бір үміттендіргені:  «Сондықтан, прокуратура мен Шымкент қаласы әкімінің атына ЖК «Тленова Ж.» мен «Шеңгел и К» ЖШС-не тиесілі тас-құм қоспасын майдалау өндірісі орналастырылған жер учаскелерінің шекарасын су қорғау аймағы шегінен шығаруға бағытталған шұғыл шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілгендігін хабарлаймын»-деген сөзі көңілге сенім ұялатты. Ендеше, ендігі сөз Түркістанды түлетуге үлес қосып келген Шымкенттің жаңа әкімі Қайрат Молдасейітовте... Ал, «Жас қазақ үні» газеті бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, «Қызылжарлық» тұрғындардың қып-қызыл жанталасы, яғни оқырмандарымыздың  жанайқайы шешілгенше күресе береді.

                                                                       Қазыбек ИСА,

Алматы-Шымкент-Алматы

 

                                                                                                                                                                                                                                     

                                                                                                                                                                                                                     Шымкент қаласы,

Абай ауданының әкімі

Ж. Байғоновқа

                                                                         ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп

басқармасының бастығы

Д. Абсаттаровқа,

                                                                                       "Жас қазақ үні»  газетінің

Бас директоры Қ. Исаға

  Сіздің «Тленова Ж.»  ЖК-і мен «Шеңгел и К» ЖШС-нің  Бадам  өзені бойынан  тас-құм қоспасын алып, өзен арнасына кері әсерін тигізіп жатқандығы туралы жазған хатыңыз Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен тексеру жүргізу арқылы қаралды.

Анықталғаны, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен ЖК «Тленова Ж.» арасында келісім-шарт түзіліп, «Бадам-2» кен орнында тас-құм қоспаларын барлау және өніруге, яғни жер қойнауын пайдалануға 23.06. 2004ж. №123 санды Контракт беріліп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Оспановтың 01.07.2011ж №11/1306 санды хаты бойынша аталған Контракт біржақтама негізде бұзылған.

Тексеру барысында ЖК «Тленова Ж.» тарапынан заңсыз қазба байланыстарын өндіру жұмыстарын жүргізу дерегі анықталмады. Алайда, тексеру барысында ЖК «Тленова Ж.» тарапынан ҚР Экологиялық және Су кодекстері талаптарының бұзылуына жол беру деректері анықталып, прокуратурамен жеке кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 243,245 және 279 баптары мен әкімшілік құқық бұзушылық істері қозғалып, мәні бойынша қарау үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданылып, Шу-Талас экология департаментінің Оңтүстік Қазақстан филиалына заң талаптарын бұза отырып қызмет атқарып отырған тас-құм қоспасын майдалау өндірісі қызметін тоқтамға алуға және қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіруге бағытталған шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен «Шеңгел и К» ЖШС-нің арасында келісім-шарт түзіліп, «Бадам-13» кен орнында тас-құм қоспаларын барлау және өндіруге, яғни жер қойнауын пайдалануға 14.06.2006ж. №292 санды Контракт берілтіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Оспановтың 01.07.2011ж. №11/1310 санды хаты бойынша аталған Контракт біржақтама негізде бұзылған. Сондай-ақ, тексеру барысы «Шеңгел и К» ЖШС-не қарасты тас-құм қоспасын майдалау өндірісі  кәсіпорнының қызметі Шу-Талас экология департаментінің Оңтүстік Қазақстан филиалының талап арызы негізінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының 05.11.2010ж. шешімімен тоқтамға алынғандығын көрсетті. Тексеру барысында «Шеңгел и К» ЖШС-і тарапынан заңсыз қазба байлықтарын өндіру және тас-құм қоспасын майдалау өндірісі жұмыстарын жүргізу дерегі анықталмады. ҚР Су кодексінің 125 бабының 2 бөлігінің 2 тармағында су қорғау аймақтарының шегінде су түбін тереңдету және пайдалы қазбалар өндіруге, кәбіл, құбыр және басқа да коммуникацияларды төсеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен, уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, энергиямен жабдықтау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен келісілген жобасы жоқ бұрғылау, жер қазу және өзге де жұмыстар жүргізуге тиым салынатындығы көрсетілген. Алайда, жинақталған құжаттарды зерделеу  ЖК «Тленова Ж.» мен «Шеңгел и К» ЖШС-нің тас-құм қоспасын майдалау қондырғысы орналасқан жер учаскесінің бір бөлігі Бадам өзенінің су қорғау аймағы шегінде орналасқандығын және жер учаскесін бөлу кезінде тиісті уәкілетті органдардың келісім-қорытындылары алынғандығын көрсетті. Сондықтан, прокуратурамен Шымкент қаласы әкімінің атына ЖК «Тленова Ж.» мен «Шеңгел и К» ЖШС-не тиесілі тас-құм қоспасын майдалау өндірісі орналастырылған жер учаскелерінің шекарасын су қорғау аймағы шегінен шығаруға бағытталған шұғыл шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізілгендігін хабарлаймын. Екінші, үшінші мекен-жайға мәлімет ретінде хабарланады.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры  Ж. Туғанбаев