Елімізде екінші әйел алу заңсыз ба?

Жақында қазақ басылымдарының бірі «Боксшы байыса» деген мақала жариялады. Онда журналист қыз атақты боксшымыз, әлем біріншілігінің, Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдабековтің екінші әйел алғанын, алғанда да Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиеваға үйленгенін, ол жас келінді Мұхтарханның бәйбішесі Жанар қарындасымыздың өзі тапқанын құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық етіп берген. Мұхтархан облыстық спорт мектебінің директоры, яғни ұстаз болса, Альбина тіпті жас та болса қызметі жағынан ұстаздардың ұстазы рөлінде отырған адам екенін айта келе, ол «сіңлілеріне осылай тәрбие бергенді жөн санай ма екен?» деп кінәлайды. «Тоқал алып, дүрілдетіп той жасау бүгінгі түсінікке сәл томпақтау» деп бір қояды. Бұның бәрі де ештеңе емес, тілші қайта-қайта «біздің елдің заңында екінші әйел алуға рұқсат жоқ» деп, өзінің мүлдем сауатсыз екенін көрсетіп алған. «Тойып секіретіндер» қай заманда да болған, сөз олар жайлы емес. Біз, қаны неміс болғанмен жаны қазақ Герольд Белгер ағамыз айтпақшы, «бүгінгі таңда еліміздегі қай мәселені алсақ та бұл нәрсе қазаққа керек пе, жоқ па, пайдалы ма, зиян ба, осы тұрғыдан қарастыруымыз қажет, олай етпеген жағдайда қазақтың жағдай жақсармайды, оның жағдайы жақсармаса Қазақстанның да жағдайы жақсаруы мүмкін емес» деген ұстанымда болуымыз қажет. Ендеше мың өліп, мың тірілген, әлемдегі ешбір халықтың басына түспеген теперішті көрген қазақты бүгінгі күнге аман жеткізген екінші, үшінші, төртінші әйел алуды ресми заңдастыруымыз ауадай қажет болып тұрған құбылыс. Тағы да қайталаймыз, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев Ингушетия президенті болып сайланған соң, көп әйелдікті заңдастырғанда Ресейлік Конституциялық соты салған тыйымға «бұл біздің ұлтымыздың дәстүрі, оны заңмен тек рәсімдеуге болады, ал, заңмен тыйым салуға болмайды» деген еді. Құран Алла-Тағаланың адам баласы үшін түсірген кітабы болғандықтан, онда төрт әйел аталуы тегін емес. Өмір ешқашан қалыпқа сыймайды. «Неге мына адам екі әйел алады?» деген мүлдем дұрыс емес. Қордайдағы Ноғайбай шешен тоғыз (!) әйел алған. Тіпті, мұсылманшылықты аттап кеткен бір қарағанда. Бірақ, Құранда да «төрттен артық әйелмен некелеспе!» деген шектеу жоқ қой. Абайдың Ақмай атты жеңгесі жастай жесір қалғанда, сырттай даңқына ғашық болып, Арқадан Алатауға келіп, Ноғайбайға бесінші болып келіп тиіп алады. Намысқа тырысқан Құнанбай билікке өзі баулып жүрген жас Абайды «осы елде соған лайық жігіт құрып қалып па,  жеңгеңді барып алып қайт!» деп жұмсайды. Абай келіп, Ноғайбайдың үйінде құрметті қонақ болып, кетерінде «жеңгем адамын тапқан екен, бағы ашылсын!» деп батасын беріп кетеді. Ноғайбайдан тараған ұрпақ бүгін тұтас бір ауыл болып отыр. Содан қазақ ұтылды ма? Тоғыз әйелінің бағы ашылмай өтті ме өмірден? Шабдан манап бастаған қырғыздың игі жақсылары тіпті «бұл мүмкін емес нәрсе, осы татулықтың сырын табайық» деп, арнайы келіп, бір апта қонақ болып жатып алады. Кетерлерінде «Әсел бәйбіше, Әсел десе Әсел екенсіз, әйелдің сұлтаны сіз екенсіз, оған көзіміз жетті, жағыңыз түспей жамандық көрмеңіз» деп олар да бата беріп кетеді. Бүгін біздің билік халқын шын сүйсе мұнайдың ақшасын бірінші кезекте қыздардың, әйелдердің денсаулығына жұмсап, бала тапқан әйелге жердегі жұмақты жасап қоюға тиіс. Қыздар студент кезде, ерте күйеуге шыққаны жөн. Несиелік жүйе оған мүмкіндік береді. Он сегіз-он тоғызда тұрмыс құрған денсаулығы мықты қыз отыз-отыз екіге дейін жеті бала тууына толық мүмкіндігі бар. Ішін жарып бара жатқан таланты болса ол содан кейін-ақ өнер адамы, ғалым немесе ауыл-аймақ билеушісі ретінде өзін көрсетіп, іштегі дарыны сыртқа шығарып, толық адам болып қалыптасып үлгереді. Әр бала сайын балаға деген жәрдемақы еселеп көбейе түсуі, сөйтіп балалар өздерін-өздерін асыруы тиіс, балалы болу әр отбасыға экономикалық тұрғыдан барынша тиімді етуіміз керек. Жақында ғана баспасөзде 26 жасар, 7 баласы бар жас әйел жайлы мақала шықты. Соның өзге құрбыларынан қай жері кем? Ана жылы Шымкентте 8-наурызда ардагер аналарға әкімшілік сыйлық тапсырған жиында жас журналист қыз кейуананың бірінен «өмірдің қызығынан құр қалғаныңызға өкінбейсіз бе?» деп тақымдап қоймады. Үлкен апай болса "шырағым-ау, он шақты ұл-қызым бар, менен бақытты адам жоқ, одан артық маған өмірдің қандай қызығы керек?» деп әлек. Оның сөзін жас қыз түсіне алмай-ақ қойды. Қысқасы, қазақ ұлтының екі, үш, тіпті төрт әйелді болса да, тату-тәтті отбасы құру арқылы барынша көбеюі айыптауға, сынауға, кінәлауға жататын тірлік емес, керісінше мейлінше насихаттауға, рәсімделуге, марапатталуға тиіс тіршілік. Көңіл сыйған жерге бәрі де сыяды. Қазақтың жігіттері Қобыландыдай батыр, қыздары Құртқа мен Қарлығадай ақылды болса, сөйтіп сүйттей ұйыған бақытты бір отбасы болғанының несі жаман? Бүгінгі таңда отбасы құрмаған қыздарымыздың ресми саны 350 мыңға жетіпті. Олардың қамын ойлап, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген билік бар ма?  Ендеше, әрбір жаңа отаудың бақытты болуын көп болып сұрайық. Алла-Тағала «көптің тілегін бермеуге ұяламын» дейді екен. Кең болсақ кем болмаймыз...

Өмірзақ АҚЖІГІТ