Қасымхан БЕГМАНОВ: Мұстафа ШОҚАЙ жеңуге тиіс. АЛАШ арысын ақтай алмасақ, несіне азаматпыз?

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын: Мұстафа Шоқай жеңуге тиіс. Алаш арысын ақтай алмасақ, несіне азаматпыз? | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал
– Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды «Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әмiршiсi, фашистiк ұйымның басшысы, фашистермен сыбайлас болған» деп қаралаған өскемендік «Флеш» газетін сот ақтап шықты. Сотта жеңіліп қалдыңыз. Қайта шағымданып, Мұстафа Шоқайды арашалап алуға күш саламын деп едіңіз. Сол іс не болды? Мұстафа Шоқайды ақтап алатын түріміз бар ма?
– Сотта жеңілгенім, сай-сүйегімді сырқыратты. Бірақ мен тоқтамаймын. Келесі айдың 4-не дейін аппеляциялық шағым беруге құқым бар. Галина Хван деген адвокатты өзіме қорғаушы етіп алғанмын. Сол кісімен бірлесіп, апелляциялық комиссияға құжаттар дайындап жатырмыз. Жақында екінші сот процесі басталады. Тарихшылардан Мәмбет Қойгелді Қазақстан тарихшылар қауымдастығының атынан Мұстафа Шоқайға жағылған бұл күйені ақтауға бағытталған бірнеше құжат дайындауда. Одан бөлек, Тарих және этнология институтынан Мұстафа Шоқайға қатысты тарихи анықтама құжаттар сұраттым. Жақын күндері алып қалатын шығармын.  Қысқасын айтқанда, екінші сотқа жан-жақты әзірленудемін. Бірінші сот отырысына да барынша дайындалып, бүкіл шоқайтанушы ғалымдардың еңбектерін бергенбіз. Бірақ Өскемен қалалық сотының шешімі бойынша біз жеңілдік. Сот дұрыс шешім шығарған жоқ, мен наразымын.
– Сот  төрешілері  шешiмдерінде: «Мақаладағы терiс пiкiр фильмнiң авторына  яғни сізге емес, фильмнің  кейiпкерiне қатысты айтылған», – деген уәж айтыпты ғой. Бұл қалай? Сонда өскелең ұрпақ Мұстафа Шоқайды ұлт зиялысы деп емес, фашистік ұйымның жетекшісі деп тануы керек пе? 
– Соттың шешіміне адамның күлкісі келеді. Менің кейіпкерімді фашист, сатқын деп жатса, фильмді түсірген мына менің кім болғаным сонда? Фашисті насихаттап, елімізге керағар дүние жасаған адам болып шықпаймын ба? Мұстафа Шоқайды қаралағандарға бүкіл түркі дүниесі айқай салды. Анау Стамбулдан Әбдуақап Қарадан бастап, ұлтым деген барлық азаматтар үн қатты. Өзім ғаламтордағы орыстілдісі бар, қазақтілдісі бар, барша азаматтардың қызу пікір білдіріп, жан-жақты талқылағанына риза болдым. Ғаламторда  Денис Данилев¬ский мен Сергей Михеевтi жақтаған біраз адам болмаса, көбі Мұстафа Шоқайдың жағында. Менің позициямды қолдап жатыр.  Мұны мақтанғанымнан айтып отырғаным жоқ. Біле білсек, мұндай күйге түскеніміз қайғы, дерт. Ең ардақты, аяулы азаматыңды бүгін фашист десе, ертең асылдарымыздың тағы бірінің жағасынан алмайтынына кім кепіл?! Мен оларды біздің тәуелсіздігімізді сыйламайтын, тәуелсіздігімізге күмәнмен қарайтын адамдар деп ойлаймын.  Мұстафа Шоқайдың туыстарын өзім ұйымдастырып, туған інісі  Нұртаза Шоқайдың қызы Нәмина апай мен  Шоқаймен бірге туған Қалымбеттің Мырзеке деген баласынан тарайтын Болат Қалымбетов деген ақсақалды Шымкентке апарып, облыстық Қауіпсіздік комитетіне кіргізіп, екі кісінің атына арнайы анықтамалар, сотқа керек қағаздарды алдырдым. Нәмина апайдың атынан қорғаушы жалдадым. Өйткені, Нәмина апай да, Болат аға да қарт кісілер. Олардың Өскеменге баратын да, қорғаушы жалдайтын да жағдайлары жоқ. Сондықтан қорғаушы жалдап, туыстарының атынан тағы бір іс қозғайын деп отырмын. Өзімнің атымнан апелляциялық шағым екінші сатыға кете береді.
– Осы істе зиялы қауым тарапынан сізге қандай да бір қолдау болып жатыр ма? Зиялылар сізге үн қоса алды ма?
– Ешкім хабарласып, көмектесіп жатқан жоқ деп жылауға менің хақым жоқ, шынымды айтайын. Мәмбет Қойгелді ағамыз тарихшы ретінде тиісті құжаттарды дайындап жатыр. Ғаббас Қабышұлы өзінде бар құжаттарды берді. Сатыбалды Нарымбетов қасымда. Бір Алла, одан кейін Ата Заң мені, Мұстафа Шоқайды қорғап алады деп ойлаймын.  “Flash!” газетiнiң бас редакторы мен журналисiн тас-талқан етіп жеңуге барымды салып жатырмын. Қазір Мұстафа Шоқайдың туыстарымен жұмыс істеудемін. Әлімғазы Дәулетхановтың басылымдарда «Аққа Құдай жақ» деген мақаласы жарияланған. Сотта жеңсем, сол мақаланы орыс тіліне аударып,  Денис Данилевскийге газетіңе басасың демекпін. Сосын моральды шығын ретінде ол газеттен әдейі көп ақша талап етіп отырмын.
– Сіздің моральдық өтемақыға 5 миллион теңге сұрағаныңызды кейбір шоқайтанушылар дұрыс түсінбеді ме: «Қасымхан Бегмановтың түпкi мақсаты – Мұстафа Шоқайдың атын жамылып атағын шығару”, – деп жатыр ғой. Бұған не дейсіз?
– Сотта жеңсек, моральдық шығын ретінде өндірілген 5 миллион теңге қайырымдылыққа жұмсалады. Сен айтып отырған пікірлердің бәрін естіп біліп, ғаламтордан да оқып жүрмін. Тіпті шоқайтанушылардың бірі, ғалым Бақыт Садықова: «Қасымхан Бегманов – мамандармен алдын ала ақылдаспаған саяси сауатсыз ақын, сондықтан мұндай тақырыпты жақсылап бiлмей тұрып фильм түсiрудiң қажетi жоқ едi»,– депті. Бақыт Садықова Мұстафа Шоқайға жақындаған адамдардың ылғи да жағасынан алады. Сатыбалды Нарымбетовтың киносы шыққанда үлкен шу көтерген. Рахымжан Отарбаевтың пьесасы Қызылордада қойылғанда да ілік тауып, айқай туғызды Мұстафа туралы ізденіп, бірдеңе жасаған адамдардың барлығын өзіне жау көреді. Өйткені, ол кісі Мұстафа Шоқайды өзінің жекеменшік тақырыбы деп ойлайтын шығар. Бақыт Садықованың мұнысы көре алмаушылық. Мамандармен ақылдаспаған дегені бекер. Менің фильмімнің бас кеңесшісі Мәмбет Қойгелді. Экспедицияларда Дархан Қыдырәлi, Әбдуақап Қара, Мақсат Тәжiмұрат сынды шоқайтанушылар жанымда болды. Сонда бұл кісілер маман емес пе? Бақыт Садықоваға түсірілім кезінде жанымызда болыңыз, кеңесіңізді айтыңыз деп өтініш жасағанбыз. Ол кісі бізден өте көп қаламақы сұрады. «Қаламақыңыздың бағасы қанша, келісейік»,– деп едік, кейін тіпті жауап бермей қойды. Қазақ тарихшылары Мұстафа Шоқайды Садықовадан он есе артық бүге-шүгесіне дейін зерттеп, талдап тастаған. Данилевский мен Михеев Мұстафа Шоқай жайлы фашист, сатқын деген ақтаңдақ пікірлерді баяғы ескірген Серік Шәкібаевтың 1972 жылғы «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабы мен 1997 жылы жарияланған Бақыт Садықованың «Казахстанская правда» газетіндегі мақаласын негізге алып айтып жүр. Ал тәуелсіздік жылдары жазылған еңбектердің бірде-бірі есепке алынбай отыр. Әлдекімдер айтқандай мен мұның бәрімен өзімнің атымды шығару үшін күресіп жүрген жоқпын.  Атақтан кенде емеспін. Қазақстан Жастар одағы сыйлығы мен «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығын алдым. Құрмет орденінің, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы төсбелгісінің иегері атандым. 20 шақты кітап жаздым. Мен сөзін жазған әндер қазақ эстрадасындағы әншілердің біразының аузында жүр.
– Соңғы кезде қазақты масқаралау, ұлт зиялыларының еңбектерін жоққа шығару, күстәналау сынды жағдайлар орыстілді БАҚ-та етек алып кетті.  Бұған тосқауыл қою керек қой. Осындай жағдайларды тиып тастауға біздің қоғамның, биліктің қауқары жетпей отыр ма, әлде бұл да немқұрайдылықтан ба?
– Билік тарапынан бірде-бір адам Мұстафа Шоқайға араша түскен жоқ. Соншама әңгіме болып, дауға ұласып, интернетте де ұлардай шулап жатырмыз. Теледидардан да көрсеттік, биліктің үнсіздігіне таңым бар. Депутаттардан Мұрат Мұхамедов қана шырылдап, қайта-қайта қоңырау шалуда. Бұрынғы депутат Әбдіжәлел Бәкіров хабарласты: «Не көмек керек?», – деп. Менімен бірге сотқа барғанда ол кісінің сөзін кім тыңдайды?
– Ассамблея өкілдері неге үнсіз? Сізге хабарласып жатқандар бар ма?
– Ассамблеяның үнсіздігіне қайранмын. Елбасымен кездесу өтсе, атақ алу, сый-сияпат кештері болса, маңдайлары жарқырап Ассамблея өкілдері отырады. Ал мынадай жағдайда олардың біреуін емге таппайсың. Шынымды айтсам, мен түсірген «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмді бірде-бір шенеунік көрген жоқ.   Сондықтан олар қандай пікір айта алады?
– Аға, алдағы сотта жеңіп шығуға толық сенімдісіз бе? 
– Барлық құжаттарды дайындап, жүгіріп жатырмын. Жеңемін. Мұстафа Шоқай жеңуге тиіс. Алаш арысын ақтай алмасақ, несіне азаматпыз? Елдігіміз, ерлігіміз қайда онда?
– Ниетіңізге жетіңіз!   
Әңгімелескен – Қарлыға ИБРАГИМОВА