Аманкелді МОМЫШЕВ: КӨП ӘЙЕЛ АЛУДЫ ҚАЛАЙДА ЗАҢДАСТЫРУ КЕРЕК

Аманкелді МОМЫШЕВ: КӨП ӘЙЕЛ АЛУДЫ ҚАЛАЙДА ЗАҢДАСТЫРУ КЕРЕК | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал  
Кәрі қыздардың мәселесі Парламентте ауық-ауық көтеріліп тұрады. Бір қызығы бұл проблемаға әйелдерден гөрі, көбіне ер азаматтар алаңдаушылық білдіреді. Әнебір жолы Нұртай Сабильянов та қал-қадерінше әріптестерінің назарын қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне аудартқысы-ақ келді. Бірақ жеріне жеткізіп айта алмады ма, әйтеуір, айтылған жерінде қалды. Сәл бұрынырақ: «кәрі қыздардың мәселесін көп әйел алуды заңдастыру арқылы шеше аламыз», – деген экс-депутат Аманкелді Момышевтің де ұсынысы аяқсыз қалған-тын. «Сол кезде менің ұсынысымды құптағанда, қазір жағдай басқаша болар еді», – дейді Момышев мырза, әлі де әлгі ойынан қайтпағанын аңғартып. Мәжілістен кетіп, «экс» атанса да, ел үшін елеңдеп жүретін азаматты «айтарым бар» деген соң, әңгімесін таспаға басып, оқырманға ұсынғанды құп көрдік.
– Елімізде 300 мыңнан астам кәрі қыздардың бірі депутат Нұртай ініме ақ жарма тілекпен хат жазыпты. Бірақ «уақытында жұмыс деп жүріп, тұрмысқа шықпадық» дегенді алға тартып,  «баспанаға кезекке қой» деуі орынсыздау. Оның заңсыз екенін Нұртай Салихұлы жақсы біледі. Ондай қадамнан халық өспейді, керісінше, «пәтер береді» деп отырып қалған қыздардың саны арта түседі. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатына қатысушыларға баспана жетпей тұрған шақта ол мүмкін емес. Оқып, тоқып, бастық болам деп жүріп, уақыты өтіп кеткендердің отырып қалуына ешкім бөгет болған жоқ. Қазір жасы қырыққа таяған кәріқыздарды кім алады? Көп жағдайда әйелі қайтыс болғандар алып жатады. Бірақ біздің елде әйелге қарағанда, ер азаматтар аз өмір сүреді. Тағы бір айтатыны, ажырасып жатқан отбасылар көп. Біз гендерлік саясат деп Еуропаға қатты жақындап келеміз. Ол жақта әйелмен әйел, еркекпен еркек бір-бірімен тұра береді. Осылай жүргенде сол кесел басып алмаса болғаны. Онсыз да Алматыда Сайын көшесінің бойындағы қыздардың көлденең жүрісіне көндік. Гендерлік саясатта жүргендердің басым көпшілігінің жары жоқ, арасында бір-бірден бала туып алғандар бар. Мұсылманшылыққа салсақ, әйелдің басшылыққа баруы құптала бермейді. Осылай болса, қазақтың қатары ешқашан көбеймейді. Ал халық саны артсын десе, мемлекет екінші әйел алуға рұқсат беруі тиіс.
– Қай бір жылы сіз екінші әйел алуды заңдастыру керек дегенде, әріптестеріңіз қарсы болды ғой. Осы тақырыпты көтеруіңіздің тікелей сізге қатысы бар ма?
– Мәжіліс мінберінен осы туралы айтқанымда, ол қоғам бұған мүлде дайын емес еді. Шамасы көпшілігі үйдегі әйелінен қорыққан болуы керек (күлді). Кейбірі гендерлік саясат деп қоймай тұрып алды. Сол кезде бір депутат: «Сіздің екінші әйеліңіз болғандықтан, оны заңдастыру үшін осылай айтып отырған шығарсыз», – деді. Жетпіске келген маған тоқал алудың қажеті қанша? Егер осыдан жиырма жыл бұрынғы уақыт болса, ойланбастан екінші әйел алар едім. Қазір менде оған сұраныс жоқ. Егер 55 жасымда осыған бекінсем, маған ешкім қарсы болмас еді. Жағдайы барлардың көп әйел алуға шамасы келгенімен, жаппай ала алмайды. Исламда: «әйел алсаң толық қамтамасыз ету парызың» дейді. Тіпті, депутат әріптестерімнің тағы бірі: «Үндемей жүре бермейсіз бе? Сізге кім бөгет болып жатыр?», – дейтін.
– Жоғарыдағы лауазымды ағаларымыз бұл норманы әлдеқашан орындап қойған деп жатады. Бұрынғы шенеунік ретінде осыны растар ма едіңіз? 
– Ол пікірді ойланбастан растаймын. Бірақ олардың барлығы күнәға батып жүргендер. Әлдекімдермен жүретіні мен тоқал алғандарының да көпшілігін ел білетін шығар. Екінші әйел алғандардың кейбірі үлкен қызметтерді атқарып жүрсе, арасында депутаттары да бар. Бірақ әңгіме онда емес, заңды некеге тұруында болып отыр. Ертең бала болғаннан кейін оған бөліп беретін еншісі болады. Ал мұндай жағдайда олардың барлығы заңсыз туған балалар болып табылады.
–  Ол кісілердің аттарын айтуға бола ма? 
–  Ондайды дәлелдеу қиын. Бірақ біздің қоғамда бар екендігі рас. Аттарын атаған болсам, оны заңсыз деп тауып сені де, мені де жоқ қылар еді.
–   Түбінде екінші әйел алу мәселесі заңды түрде өз шешімін табуы керек пе? 
–  Мен көтерген кезде барлығы қарсы шығып, көнбеп еді. Енді міне кәрі қыздардың саны артып отыр. Ол бүгінгі қоғамның ауруы. Кейбіреудің: «Тығылып жүре бермейсің бе? Оны көтерудің керегі бар ма?», – дегеннің не керегі бар? Біздің халықтың басым бөлігі – мұсылмандар. Батыстық болмыстың қажеті жоқ. Мысалы, Сарыағаш ауданында үш әйелі бар Ираннан келген отбасылар бар. Еліміздің заңы бойынша оның бәйбішесінен басқасының бәрі заңсыз ғой. Олар сол жақтан үйленіп келгені үшін кінәлі ме? Қандай отбасылардың құқығын қорғап отырмыз. Тым болмаса, соларға заң шығарып берейік деп те айтқанмын, кезінде. Ираннан оңтүстік аймаққа көптеген отбасылар келген болса, басым көпшілігі көп әйелді отбасылар. Бірақ оны шығарса, басқалар соған бой алдырады деген пікірді алға тартумен жүр. Солай болса көптеген кәріқыздар отбасылы болар еді. Кейбірі соған намыстанып, аузына келгенін айтатын шығар. Егер сондай мүмкіндік берілсе, көпшілігі сол үшін де жүгіретін еді. Бұл дерт уақыт өте әлі асқынатын болады. Шешілмейтін болса, кәріқыздар еуропаша салт бастылықпен жүре береді.
Әңгімелескен – Жанкелді ҚАРЖАН
                                                                                                                                                                                   Халық сөзі