АШАРШЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІ – ТАРИХТЫҢ БІР БЕТІ

Шәкәрім университетінің «Абай арманы» клубында зиялылар бас қосты

 

 Әртүрлі пікір туғызатын, ой қазаны қайнайтын ошақтың ашылуы көпшіліктің көптен күткен арманы еді. Киелі шаңырақ Шәкәрім есімің иеленген университет қабырғасында өткен сәуір айының басында «Абай арманы» атты зиялылар клубы ашылған болатын. Университет ректоры, ғылым докторы, профессор Шәріпбек Ағабайұлы Әмірбектің мұрындық болуымен клубтың атын қою мәселесі түрлі пікір туғызды. Осыдан-ақ байқауға болады, бұл жиылыстардың түпкі ойы, заманында Абай армандаған қазақтың барша арманына жету жолы болды. Сөйтіп, «Абай арманы» клубы алғашқы отырысын бастап кетті.

  Ректордың арнайы шақыртуымен ой қазанға өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақтың басынан кешкен нәубетті жылдарын көрсететін, ақ-қарасын айқындататын ғалым Талас Омарбекұлын клуб отырысына шақырды. Таалас Омарбеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүрген көрнекті ғалым, ғылым докторы. Көтерілген тақырып: «1930-1933 жылдардағы ашаршылықтың бұрмаланған мәселелері». Расында жиылған қауымның қызығушылығын оятқан өзек – ол әрине қолдан жасалған реформа, миллиондаған қазақты қырған аштық, көтерілісті басқан жасақ, баскөтерушілер қазасы. Тура бір жарым сағаттан астам уақыт көлемінде тоқтаусыз сөйлеген баяндама тұнып жатқан қазына. Баяндаманы Талас Омарбекұлы сыннан бастады. Қазақстан тарихын жазуда кеткен олқылық, қаптаған қателік, дерек-дәйексіз көрсетілген сандық есеп, сараптамасыз жасалған пікір, коммунистік сарынның сарқыншағы мұрағаттардың есігін ашып көрмеген тарихшылардың кінәсінан туындап отырғанын баса айтты. Төгіліп жатқан факт тақырыптың өзегін одан әрі ашты. Ел басына күн туған заманда ортасына қара бұлт болып үйірілген басшылар Голощекин, Исаевтардың қазақы табиғатты түсінбей, Сталиннің тапсырмасын орындауда істеген әрекеттері себеп болып, бұл саяси науқанды үлкен алапат аштыққа «кенелтті». Әлемдік тарихта белгілі 1929-1933 жылдардағы экономикалық дағдарыс жаһанды дүрліктірді. Міне, осы тұста ұжымдастыру науқаны басталып, мал-мүлікті «аша тұяқ қалғанша» барынша тәркілеуге тырысып бақты. Ол орындалды да. «Малым жанымның садағасы» деп көшіп-қонған халықты отырықшыландыруға көшірді. Территориямыздың жетпістен астам бөлігінде 675-ке жуық ірілі-ұсақты көтеріліс болды. Оңтүстіктегі ірі Созақ көтерілісі мен өңіріміздегі Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау сияқты көтерілістер ел жадында. Ендігі нәубет қазақ санының азаюына келді. Тарих дерек пен дәйекке сүйенеді. Біз қазір барынша адам шығынын азайтып бағамыз. 1,5 млн адам қырылды. 1 миллионы Қытай асты деген деректерді мектеп оқулықтарынан байқап жүрміз. Арнайы қытай шекарасы заставасының ресми «үш әріптің» қорындағы мәліметтеріне сүйенсек, небәрі 62 мың шаңырақ әрі асып өткен екен сол жылдары. Сол мұрағатта не дейді? Бай-кулактардың отбасында орта есеппен 6 адам болған, көбейтіп келіп жіберсек сол миллионның 3-тен бірін шығарады. Демек, солақай советтік саясаттың астарлы пиғылы аштықтан адам саны азайған жоқ, совет үкіметіне қарсы шығып, байлықтарын жасырып Қытай ауды. Сөйтіп өткен қазақтың санын көбейтіп отыр. Қазақтың саны қанша? Қанша болса да, аштықта 49% адам қырылды деген мәлімет оқулықтарда бар. Сонда 3 млн қазақ болдық па? Талас ағамыздың пікіріне талас туғызушылар көп-ақ. 2 млн. 200 мыңның үстіне шығарып отырғанда Ресейлік және шетелдік ғалым-тарихшылар небәрі 1 млн. 300 мың адам ғана қырылды деп айқайға басуда. Бір тоқтамға келер кез келді. 1997 жылы Астанаға көшпей тұрған Алматыдағы резиденциясында Елбасымызбен кездесуге барған марқұм Манаш Қозыбаев бастаған бір топ тарихшылардың ішінде Талас Омарбековта болып, Ресейдегі мемлекеттік және КГБ мұрағатына рұқсат алып беруді  өтініп, бірнеше жыл шаң басқан тың мәліметтердің көзін ашқан ағамыз келесідей деректерді келтірді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтеріне сүйеніп, Москевич, Саматовтардың деректеріне сілтеме жасай отырып, қазақтың саны халық саның бойынша 6 млн. 86,7 мың адам болғанын келтірді. 1930-1933 жылдардағы адам шығыны, кемігені 1 млн. 831441 мың құрады. Сол мұрағаттың сол кездегі жаңарған ақпаратында қосымша 1933 жылы тағы да 723,5 мың қырылғанын келтірді. Қоса есептесек, 2 млн. 351 мың адам аштықтың құрбаны болған екен. Оны тіпті, ресейлік ғалымдар оның жартысын табиғи өлімге теңеп отыр кейінгі кезде, сондағы ғалымның айтпағы табиғи өлімнің жетелдеуіне ашаршылық себепші болмап па еді деп өз сұрағы жауап іздеп тапты. 6 млн тұрғынға 1930-1935 жылдардағы статистика бойынша 35 млн 316400 мың бас мал саны болған екен. Нәубет қайдан шықты? Сол халық шаруашылығын ұжымдастырудан шықты. 1933 жылдары 3 млн 735,1 адам тірі қалғандар санатында болды. Аталған 50 пайыз адамның қырылғаны 1,8 млн-ды құраса, 700 мыңнан астам адамның өлу фактісі жасырын жатты. Аграрлық реформаның қателігі басты себеп болған ашаршылықтың нәубетті жылдары артта қалды. Ашаршылықты бастан кешірген отбасы саны кемде-кем шығар сірә. Өлген адамды жеп, тышқан аулап жан азығын тапқан қазақтың өмірі осылай қиылды. Келелі отырысқа арнайы келген ақсақалдар, журналистер қауымы, студенттер мен ұстаздар қатысып отырған жиыннан тағылымды ой түйіді. Ашаршылық қасіретін басынан өткерген сол кездегі 6 жасар бала бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Имаханов Әбдеш ақсақал өз басындағы көргенін жеткізді. Мәжілісте отырғандарға алдағы отырыстардың тақырыбын бекіту, кімдердің қатысуын қалайтындықтарын анықтау мақсатында сауалнама хаттар таратылды. Астыққа кенеліп отырған қазақ елін Тәңірім аштыққа бере көрмесін деген тілек айтқымыз келеді. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті қабырғасында жұмысын жалғастырып жатқан «Абай арманы» зиялылар клубының екінші отырысы осылай аяқталды.

Асқар ҚҰМАР,

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік

университетінің баспасөз қызметі