ҚАРҒАНЫҢ ҚУАНЫШЫНАН ҚЫРАННЫҢ ҚАЙҒЫСЫ АРТЫҚ. Қазыбек Исаның үш қыры жайлы үш үзік сыр

1
1338


 

                                                                                                                      *Басқа басылымнан

Бірінші қыры: Өлеңі өзге елге де ұнаған Ақын

 

Ақындық – Алла тағаладан келген аманат.Аманатқа адалдық – арға сын. Ақын болып туғасын сен әрқашан ауыр жолдасың. Талант дегенің тарыдай бақ, таудай азап. «Сөз күнді де тоқтатады, қалаларды да қиратады» – депті Лев Гумилев.Сүйегіне сондай қасиетті сөз сіңген Қазыбек Исаның ақындық ерекшелігі деп ең алдымен оның азаматтық үнінің асқақ әрі ажарлы екендігін айтар ек.
Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген
Қаймана қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен, –

деп жырлайды Қазыбек Иса.Бұл жұлдызды жыр – оның азаматтық кредосы, ақындық асқақ мұраты. «Ақ қауырсын қаламды ақ желкен қып, ақ қағаз ақ айдында жүзіп келе жатқан» ақиық ақын, «қырық қабат мұз тұрса мұхитына қызуымен кетердей бұзып» бұлқынып «бассыздар егер көп болса, басыңа қауіп төнетінін» желдей ескен, бұлттай көшкен буырқанған бұла жырмен алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай құя салады. «Перісі мен пендесі көп қоғамға сыйыса алмайтын» ақын «жарылыстың жер жүрегін сыздатқан толқындары жүрегін толқытып жер шарымен хақымыз жоқ ойнауға» -дей келіп:
Сен құласаң, Жерге барып бөлендің,
Жер құласа, Жерді қайда жерлейсің?!-


деп салауатты сауал қояды адамзатқа.
Азаматтық үні асқақ Қазыбек Иса адам жанының нәзік иірімдерін нәзік сезімдер арқылы шебер шерте біледі.Соған бір дәлел:
Енді міне, жылап кетіп барасың,
Және менің жүрегімді жылатып…


Енді екінші мысал:
Түн болса сондай қуандым,
Түсімде сені көрем деп…


Бар болғаны екі-ақ жол өлеңде өмірдің өз көрінісі боямасыз сәтті бейнеленген.Бұл көрініс ғана емес, тағдыр.Адам тағдыры, махаббат трагедиясы.Қысқа қайырсақ, ақынның «Керімсал» жинағындағы «Мұңды әуенге» топтасқан махаббат лирикалары жауһар сөзбен көмкерілген жақұт жырлар.
2007 жылы Қырғызстанға барған сапарымызда Қазыбек Исаның сөзіне жазылған Бауыржан Тұрғараевтың «Құдаша қыз» әнін айырқалпақты ағайындардың күн құрғатпай шырқап жүргенінің куәгері болдық.Олар өз туынды­­­мыз дейді екен.Бұл қалай? – десек, «Бізге қатты ұнайды, осы ән, әсіресе, сөзі» – дейді қырғыз бауырлар.Өлеңі өзімізге ғана емес, өзге елге де ұнаған ақын бақытты.

 

Екінші қыры: Ұлтшыл қайраткер

 

Қазыбек Иса – ұлтшыл қайраткер дегенде біз оның Алаш арыстарының идеясын тынбай насихаттап, кейбіреулерін жүзеге асыруға жанын сала күресіп жүрген жанкешті еңбегін ең алдымен қадап, қайталап айтамыз. «Ақжол» партиясының төралқа мүшесі бола жүріп, сайлау кезінде де, сайлаудан соң да ол істеген игілікті істер қаншама! Оның бәрі көзіқарақты оқушыға мәлім болғандықтан әрі газет мақаласының көлемі шектеулі болуы себепті тізбелеп жатпадық.Кейбір саясаткерлер депутат болу үшін, ал Қазыбек халық үшін қайтпай, қайыспай күресіп жүр.Ана тіліміздің жоғын нақты іс-әрекетімен дәл Қазыбектей жоқтап жүрген қайраткерлер аз, өте аз. Көше демократиясынан бастап баспасөз айдындағы айқастарда ол әман алғы шепте.
Ана бір жылы жерді сатуды қолдаған, ана тіліне қарсы болған депутаттардың тізімін газетте жариялаған да осы Қазыбек Иса.
Газет демекші, Қазыбектің өз қаржысына шығарып отырған «Жас қазақ үні» халықтың жоғын жоқтап, елдің мұңын батыл жазып жүрген бірден-бір батыр, тәуелсіз газет.
Бір сөзбен айтсақ, Казыбектің қайраткерлігі биліктің биік баспалдағында жүрген саясаткерден де, мандаты бар депутаттан да әлдеқайда қарымды.Оған ол жазған өзекті, өткір мақалалар тағы бір дәлел.

 

Үшінші қыры: Әділдік пен адалдық

Күрмеуі қатты күрделі өмірдің тосын сыйлары да аз емес.Сондай сыйдың ең асылы – азбас, тозбас ақжарма сезім, ақ адал достық емес пе? «Дүниеде адаммен адамның танысып, түсініскенінен артық байлық жоқ» – депті Сент Экзюпер.
Жарық дүние деп аталатын мына жалғанда Алла Тағаланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Құдіреті күшті, мейірімі, шапағаты мол Алла Тағала әркімге әртүрлі тағдыр сыйлайды.Жаратқан Иемнің маған берген бір бақыты – өмірдің ұзақ жолында танысып, түсініскен, табысқан аяулы жандар аз емес.Солардың бірі – Қазыбек Иса.
Бұл оқиға Алла Тағаланың әмірімен жаңа ғасыр басында, дәлірек айтқанда, 2000 жылы мамыр айының соңында болып еді. Менің М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықпен марапатталған едім. Соны көре алмаған кейбіреулер «тал түсте талып түсіп, ауырып қалған» болатын. Бір екі беделді басылымдар ауырып қалғандарға басу айтудың орнына, отқа май құйып еді. М.Шолохов сыйлығын алғаныма халық қуанып, қызғаншақтар мені аяқтан шалып, шабуыл жасап жатқан сол күндердің бірінде:
– Аға, «Жас қазақ» газетін оқыдыңыз ба?-деді сымның ар жағынан естілген дауыс.
– Оқыған жоқпын, – дедім мен.
– Онда оқып көріңіз.Сонда сіз жайлы бір сөз бар.
Үй іргесіндегі дүңгіршектен аталған газетті сатып алдым. «Жас қазақ» деген атпен өмірге жаңа қадам басқан сужаңа газеттің бірінші санының екінші бетінде «Сәбит тойын….Сәбит Досанов жалғастыруда» деген атпен менің М.Шолохов сыйлығын алғаным жайлы шағын мақала жарияланған екен. «Белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досанов ұлы аттасы Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына бағалы тартумен келді. Халықаралық беделді сыйлық -М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл сыйлық бұрынғы атақты Лениндік сыйлықтың мұрагері саналатынын ескерсек, біраз адамның тал түсте талып түсіп, ауырып қалғанын түсінуге болады.
Кезінде көрнекті жаушы Ілияс Есенберлинді жабылып жүріп Лениндік сыйлыққа ұсынып…одан кейін жабылып жүріп арыз жазып …алдырмай қойғанымыз еске түседі осындайда. Ал Сәбең жалғыз өзі-ақ бәрін тындырып, елдің атын шығаратын елеулі табысқа жетіп отырса, қуанайық, қаламдас ағалар!
«Жас қазақтықтар» ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер Сәбит Досановты әйдік әдеби сыйлы­ғымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді.
P.S. Ауырып қалғандарға айтарымыз және айығудың рецепті:
Сіз де Сәбеңмен бірге сыйлыққа ұсынылып па едіңіз?
Жоқ болса, онда несіне ренжисіз…
Әлде өзіңізді жоғары санайсыз ба? Онда қуаныңыз. Сіз халықаралық сыйлықтың лауреатынан да жоғарысыз.
Енді Сәбит Досановтың Нобель сыйлығын алуын тілеңіз.
Сонда сіз…»
деп жазылыпты газетте («Жас қазақ».11.08.2000 жыл).
Дереу газет редакциясына телефон шалдым да:
– Мен жайлы мақала жазған кім? – деп сұрадым.
– Ол мен, – деді телефон тұтқасын көтерген жігіт.
– Сіз осында істейсіз бе?
– Иә , мен осы газеттің шығарушысы әрі бас редакторымын.
– Аты-жөніңіз …
– Қазыбек Иса.
Бұл маған таныс есім.Бірақ көрмеген кісім. Ақын екенін білуші ем.Әртүрлі басылымдардан өлеңдерін оқып, ұнатып ем.Сәл ойландым да:
– Жасың кіші ғой. Маған келсеңші, жүз көріселік, – дедім.
Ол менің сөзімді жерге тастамай, келді. Ұзын бойлы, ашаң денелі, қараторы, сымбаты бөлек сұлу жігіт екен.Жанары біртүрлі мұңлы, ойлы.Біраз әңгімелестік. Қазыбек кеткесін мені ол жайлы ой баурап алды, «Апыр-ай, – деп ойладым мен – бұл да болса Алла Тағаланың маған болысқаны болар. Қуанышымды бөлісіп, мені қорғаған мына Қазыбек есімді жігіт маған туыс та, жерлес те, тым болмаса ескі таныс та емес, мені сырттай ғана білетін көп оқырманның бірі екен.Солай бола тұра мені қызғаншақтардан қызғыштай қорғағанын көрмейсің бе? Мені қорғап қана емес менің атыма жағымсыз сөз жазған екі бірдей республикалық беделді газетке қарсы сөз айтып, хас батырша қасқайып тұрған жоқ па?! Әлдебір есебі бар дейтіндей менің қолымда билік те, байлық та жоқ екенін де біледі ол.Сонда не үшін барды ол мынадай қадамға? Оның жауабы біреу-ақ, жаудың демей-ақ қояық, дауыл мен дауылдың бетін өзіне бұруы – оның әділдігі мен батырлығын анық танытып тұрған жоқ па?! Бұл Қазыбек Иса АллаТағаланың өзі жіберген менің ангел – хранителім, сақтаушым болар.»Осы оймен жарыса менің есіме Марсель Прустың: «Что вы скажите, когда предстанете перед Богом?» дейтін әйгілі сауалы түсті.Мына Қазыбек Құдай алдына жетпей-ақ кірлене бастаған тіршілікте таңғы шықтай тазалық танытып, сақтаушы-ангел-хранитель мен адалдықтың асқан үлгісін көрсетіп тұрған жоқ па?!
Қазыбек бауырым! Сеземін, сенің қуанышыңнан уайымың көп. Ол жеке басының емес, халқының, ана тілінің уайымы. Бұл қасірет емес, қасиет. Олай дейтінім, қарғаның қуанышынан қыранның қайғысы артық. Қыран қалғымайды. Қалғыма, Қазыбек!
Жабырқау күйден арылып қалам бір демде,
Жақсыдан жаным шарапат алған күндерде, –
депті ақын бір өлеңінде. Осы жырға орайластыра айтарымыз, Қазыбек досым, сен шарапаты жеке адамға емес, Халыққа тиіп жүрген, Ел үшін ерлік те жасап жүрген ақиық Ақын, арманы биік асыл Ерсің! Олай болса саған шарапат жақсыдан ғана емес, Құдай тектес Халық пен киелі Елден де, қасиетті Ерден де тие берсін!

Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, М.Шолохов және В.Пикуль атындағы

Халықаралық сыйлықтардың лауреаты.

«Айқын» газеті

03.05.2012.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз