ЕР МҰХТАРХАН ЕКІНШІ ӘЙЕЛ АЛЫП, ТОЙ ЖАСАДЫ... Облыстық білім басқармасы бастығы Альбинаға орамалды бірінші әйелінің өзі салды... Міне, саған оңтүстік!

                                     Қай ғасырда айтылғаны белгісіз «Қазақ байыса қатын алады, өзбек байыса үй салады» деген сөз бар емес пе, ел арасында. Ал бүгінгінің бай қазақтары өзбек ағайындарды басып озып, үй ғана емес салтанатты сарайлар салып тастағанын көзімізбен көріп жүрміз, күн сайын. Тіпті алыс шет елдегі теңіз жағалауларына қымбат виллалар тұрғызып жатқан жаңа қазақтар да жетіп артылады. Сонымен қатар қазақ атамыздан мұраға қалған «қатын алу» дәстүрін де әжептәуір жаңғыртушылар жетеді, арамызда. Біраз уақытқа дейін тоқал таңдау үрдісі ел көзінен тасада, көмескілеу жүріп келе жатыр еді. Енді міне, батылы жеткендер жұртқа жария етіп, тоқал алып той жасап жатыр. Шымкентте қазақтың белгілі боксшысы Мұхтархан Ділдәбеков екінші әйелін алып, дүрілдетіп той жасапты.    Естіген құлақта жазық жоқ, Мұхтархан мырзаға тоқал алуға бірінші әйелі Жанар ханым өзі қолғабыс тигізіп, жас келіннің мойынына орамал салған деседі білетін жұрт. Бәйбіше ұйғарған соң «қонақта ес бар ма, май берсе де жей береді» дегендей батырымыздың буыны былқ ете түссе керек-ті. Оның үстіне күрзі жұдырықты жігітіміздің дүркіреп тұрған атақ-абыройын қосыңыз. Мұхтарханның бірінші әйелі Жанар өмірге үш бала әкеліп, тәрбиелеп отыр.  Бет моншағы үзілген жас келін де осал жерден емес. Білдей бір Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы. Демек Мұхтархан Ділдәбековтің екінші әйелі – Альбина Елшиева («тоқалы» деген сөзге ауыз үйренбей жатыр). Сонымен боксшының екінші рет үйлену тойы Шымкенттің «Манчестер» деп аталатын мейрамханасында дүркіреп өткен көрінеді. Тойға шамамен 250-дей қонақ шақырылыпты. Ал Альбина бикештің ұзатылу тойы оның алдында 8 наурыз күні аталып өтсе керек-ті. Мұхтархан Ділдәбековті кім білмейді? Сидней Олимпиадасының күміс медаль жүлдегері. Халықаралық талай жарыста ұлттың намысын жыртып, қоржынға жүлде салған саңлақтардың бірі. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт мектебінің директоры. Соңынан ерген інілеріне жол сілтеп, спорттың қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаз. Ал алып отырған екінші әйелі  Альбина Елшиеваның атқаратын қызметі тіптен жауапты. Республикадағы ең іргелі облыстардың бірі ОҚО-ның білім басқармасын басқарып отыр. Ол кісінің жүріс-тұрысы мен тәрбие, мәдениетіне бүтін бір өңірдің көкөрім жастары қарап отырғаны сөзсіз.  Сөйтіп отырғанда бір облыстың бас мұғалімі тоқалдық жолды таңдайды. Ата дәстүріміз бен асыл дінімізде ер адамға 4 әйелге дейін алуға болатындығы айтылғанымен  біздің елдің заңында екінші әйел алуға рұқсат берілген жоқ. Бұл өзі күрмеуі қиын, ауыр сұрақ болып тұр біз үшін... Өткен ғасырды еске алмағанда осы жаңа ғасыр басталғаннан бері де бәйбіше-тоқал  әңгімесі дүркін-дүркін көтеріліп басылады, қоғамда.  Бұл өзі ауызында «бисмилләсі» бар діндар қауым арасында, екіжақтың келісімімен тыныш түрде, өте өнімді жүріліп келе жатқан іс еді. Парламент партасындағы көкелер де әрегідік бір шайқап қоятыны бар, бұл тақырыпты. Дегенмен арулар да «қалыспаймыз біз» деп «сес» көрсетіп жүрген. Енді міне дүйім жұртқа жар салып, той жасағандарды да тыңдап отырмыз. Бұл мәселенің де бір жағына шығатын уақыты жеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

 Құралай БИБАЛА

Халық сөзі

*Мақала қысқартылып, тақырып өзгертілді

www.qazaquni.kz