ЛАҚАП АТ ЖАМЫЛҒАН КУӘГЕР... Бұндай да болады екен ғой!

        Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтаудағы сот процесінің соңғы екі отырысы төмендегідей жағдайларда өрбіген. 23 сәуір, 20-шы отырыс (соңы) Роза Төлетаеваның Батыровқа сұрағы: Сені беттесуге алып келгенде адвокатың болған жоқ қой, сондықтан сен хаттамада жазылған сенің сөздерің емес, тергеушінің қосқаны екенін айтып, таң қалдың, солай емес пе? Батыров: Ия, солай. Тергеушілер, оларға керегін айтпасам, «сенің проблемаларың болады» деп қорқытты, «біз сенің әйеліңе бірдеңе істейміз, балаларыңның да проблемалары болады» деді. Таңатар Қалиев: Сен біздердің біреуімізден «көтерілу керек» дегенді естідің бе? Батыров: Жоқ, естіген емеспін. Адвокат Сәрсембина: Жауаптаулардан кейін екі ай бойы сен жолдастарыңа жала жапқаныңды ойламадың ба? Неге көрсетулеріңді теріске шығару жөнінде арыз бермедің? Батыров: Тергеушілерден қорқтым, сондықтан бүкіл шындықты сотта айтуды ұйғардым. Одан соң Батыров өз көрсетулерін толықтырған: Мен Қайрат Әділовтың бір жас жігіттерге мемлекеттік туды өртетпей, оны өзімен алып кеткенін көрдім. Сондай-ақ, біз Жарас (Бесмағамбетов. - Ж.Қ.) екеуміз жас жігіттердің алаң жанындағы автомобильдердің әйнектерін сындырмақ болып, олардың иелерін қорқытқанын көріп, «өйтпеңдер» деп едік, жігіттер құлақ асты. Мәшиналар жүріп кетті. Адвокат Батиева судьяға: «Әлі сұралмаған жәбірленушілер бойынша процессуалдық шешімдер қабылданды ма?» деп сұрақ қойып, экс-әкім Сарбөпеевті сотқа шақыру жөніндегі талап-тілекті есіне салған. Судья «жақсы» деп, келесі куәларды шақыртқан. «Мұнайшы» мәдениет үйінің қызметкерлері Сәмбетов пен Аманбаев өздерінің бұрынғы көрсетулерін растап, одан басқа ештеңе қоспаған. Куә, өрт сөндіруші Жылгелдиев Майрамбай: 16-желтоқсанда біз 10 рет, 17-сіне 10 рет, 18-іне 2 рет шақырулар бойынша шықтық. Алғашқы екі күн объектілердің көбісіне жете алмадық, өйткені полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді. Ал біздің Әскери Жарғыда қауіп төнген жағдайда өрт сөндірушінің шықпауға құқығы бар деп көрсетілген. Бірақ Жылгелдиев: «Басшылық тарапынан объектіге жетпеу жөнінде бұйрық болды ма?» - деген сұраққа жауап беруден бас тартқан. Адвокат Сансызбайұлы: Өртенген киіз үйлерді сөндіруге шақырулар болды ма? Жылгелдиев: Жоқ, алаң маңайында біздің расчет болды, бірақ ол да киіз үйлерге жете алмаған. Ереуілге қатысқан мұнайшы Каражанов Рахметолла 16-желтоқсанда алаңға үш жасар немересімен келгендіктен оқиғалардан тысқары қалып, үйіне ерте кетіп қалғанын айтып, «Талғат Сақтағановтың да алаңнан ерте кеткенін көрдім» деген. Ереуілге қатысқан мұнайшы Ысқақов Қайрат сот процесінде бірінші рет полицейлердің алаңда көзден жас шығаратын газ қолданғанын (шамасы, ол баллоншалардан бүркілсе керек) айтып, бұл залдағы жұрттың ашу-ызасын тудырған. Куә мұнайшылардың судай жаңа арнайы киімдерін киген көптеген бейтаныстар, сондай-ақ, өңкей қара киім киіп, беттерін бөкебаймен тұмшалап алған жас жігіттер жөнінде айтқын. Ысқақов: Дәл осы жаңа арнайы киім мен қара киім кигендер полицейлердің шебіне соқтығып, оны бұзып өтуге тырысты. Итереді де, шегініп кетеді, қайтадан пайда болып, тағы итереді де, шегініп кетеді. Ақырында олар шепті бұзып өтіп, сахнаға жүгіріп шықты. Прокурор: Сіз қалай ойлайсыз, түптеп келгенде, тәртіпсіздіктер үшін кім кінәлі? Ысқақов: Қалай болғанда да, мына 37 адамның орнында Айтқұлов, Сарбөпеев, Ешмановтар отыруы керек. Мен үшінші ұрпақтағы мұнайшымын, менің атам Өзен кеніштерін ашты, әкем сонда жұмыс істеді, ал мен тіпті өз балаларыма лагерге жолдама ала алмаймын. Жыл сайын өтініш жазамын, бірақ лагерге тек бастықтардың ғана балалары барады. Менің тікелей басшыларым - мүлде сарыауыз жас жігіттер. Олар жөндеп іс білмейді, ал техникаға ақау түссе болды, бас салып бізді, қатардағы жұмысшыларды кінәлап, дереу сыйақыдан қағады. Техника дегенің темір ғой, ал біз адамдармыз. Ысқақов өзінің сөзін қобалжулы дауыспен: «Құрметті судья, сіз әділетті шешім қабылдайсыз ғой деп сенемін! Сіз әділетті халық сотысыз, бүкіл үміт сізде!» - деп аяқтаған. Сотталушылар Айжан Дүйсенбаева мен Парахат Дүйсенбаевтың қосымша куәлары - Дәмелі Дүйсенбаева мен Маржан Ақбасова Айжанның тәртіпсіздіктерге қатысып, полицейлерге тас лақтыруы мүмкін емес екенін, өйткені оның аяғынан ауыр жараланып, алаңға жетпегенін айтқан. Куә Қожамбердиев Берден өзін 27-желтоқсанда анасымен бірге көшеде келе жатқан жерінен тұтқындап, полицияға алып барғанын, сонда маска киген адамдар: «16-сы күнгі оқиғалар жөнінде не білесің?» - деп сұрағанда: «Ештеңе білмеймін» - деп жауап бергенін, одан соң оны ұрып-соғып: «Өзің банкоматты бірге тонаған Ермұқанов Ертайды білесің бе?» - деп сұрағанын, «Жоқ» деген соң одан бетер ұрып-соққанын, басына целлофан пакет кигізгенін, өзінің қатты қорқып, кімге барып, қалай шағымданарын білмей сасқанын, ақыры амалсыздан хаттамаға қол қойып, Ертайға жала жапқанын, одан соң Ертайдың анасына барып, шындықты айтқанын әңгімелеп берген. Қожамбердиев: Ертай жөнінде білетінім - ол ереуілге қатысқан жоқ. Мен тергеу кезінде берген көрсетулерімнен бас тартамын. Адвокат Батиева сотқа куә ретінде Жаңаөзен ІІБ-ның бастығын, ал адвокат Жуаспаева қосымша куәлар - Әжіғалиева, Попова, Пястолов пен Жанар Сақтағанованы шақыру жөнінде талап-тілек түсірген. Одан әрі жылдам қарқынмен қорғаныс тарабының қосымша куәлары Бектұрова Айша (С. Қойшибаевтан), Найжанова Тазагүл (Әділовтың анасы), Танатов Аңсар (Жұмағалиев Мұратбайдан) және Басшиев Дауылбек (Әділовтан) сұралып, олардың барлығы қысқаша көрсетулер берген. Бұл күні жалпы саны 26 куә сұралған. 24-сәуір, 21-ші отырыс. Сот отырысы басталар алдында сотталушылар отыратын жер мен адвокаттар арасының едәуір қашықтап кеткені байқалған. Кеше ғана адвокаттар өз қорғауындағылармен еркін cөйлесе алса, қазір екі араны бір метр қашықтық пен конвойшы бөліп тұратын болған. Сотталушы Есенгелді Әбдірахманов өзінің денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатқа ауыстыруды өтінген. Басқа сотталушылар мен адвокаттар мұны қолдаған, ал прокурорлар ол үшін дәрігерлік қорытынды қажет деген. Сотталушы Самат Қойшыбаев судьядан ҚПК-нің 100-бабы қолданылған куәлардың залда сұралуын өтінген: «Біз бір мафия немесе лаңкестер емеспіз ғой, куәлардың есімдерін жасырудың қандай қажеті бар?» Судья Аралбай Нағашыбаев: «Мен бұл жөненде әлденеше рет айттым, заң бүкіл ережелердің орындалуын талап етеді», - деп жауап берген. Дауыс күшейткіштен: «Арман» деген лақап атты куә көрсетулер беруге дайын, - деп хабарлаған (залдағы біреу: «Бұндай да болады екен ғой!» - деп таң қалған). Өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған «Арман» сергек, өзгертілген дауыспен өзінің алдын-ала тергеу кезіндегі көрсетулерін қайталаған: «Ереуілшілер алаңдағы адамдарды, киіз үй иелерін қорқытты, біздің ар-абыройымызды қорлады, одан соң нақты әрекеттерге көшті. Полицейлерді ұрып-соқты, тас, жанғыш шөлмектер лақтырды, өртеді, қиратты». Сотталушылар Досмағамбетов, П.Дүйсенбаев, А.Дүйсенбаева, Ерғазев, Әспентаев, Төлетаева, Қаражанов, Тәженов, Әминов, Непестерді атап, Тәженовті «Пирамида» деп те атайтынын айтқан. Прокурорлар оған бірнеше сұрақ қойған. Сұрақ: Сіз сотталушылардың аты-жөндерін қайдан білесіз? Жауап: Өзім полицей және Жаңаөзен тұрғыны болғандықтан, олардың көбісін білемін. Сұрақ: Тәженовті неге «Пирамида» дейді? Жауап: Оның иығында пирамида бейнеленген татуировка бар, сондықтан. Сұрақ: Сіз әйелдер босанатын үй жақтан қалқан, қару ұстап шыққан полицейлер тобында болдыңыз ба? Жауап: Ия, болдым. Бір топ бұзақының әйелдер мен балалардың соңынан қуып келе жатқанын көріп, соларды қорғау үшін аспанға оқ аттық. Сұрақ: Сіз жарақат алдыңыз ба? Жауап: Ия, басыма жарақат алдым, маған Бауыржан Непес тас лақтырды. Одан соң сотталушылар сұрақтар қойған. Парахат Дүйсенбаев: Бұл адам қарусыз жұртқа оқ атты, сондықтан да ол бетін көрсеткісі келмейді. Оның айтқанының бәрі - өтірік! Осы жерде басқа сотталушылар да орындарынан ұшып тұрып: «Оның сөзіне сенбеңдер! Ол өтірік айтады, бұл адам - халыққа оқ атқан Қызылқұлұлы! Егер бізге «срок жонып бергіңіз» келсе, сырттай соттаңыз!» - деп айқайлаған. Судья: Қалай болғанда да, біз лақап атты куәлардың барлығын сұраймыз, одан да осы мүмкіндікті пайдаланып, сұрақтар қойыңыздар, кейін пікірталаста өздеріңіздің дұрыстығыңызды дәлелдейсіздер. Сәл тыныштлған сотталушылар сұрақтар қоюға көшкен. Әспентаев: Сіз киіз үйлердің бірінде қалған полиция қызметкері Әдиева Мәдина туралы айтып, бейне бір оны тірілей өртемек болды дедіңіз. Ондай мәлімет қашан түсті? «Арман»: Мәлімет рация арқылы 12:00 мен 15:00 аралығында түсті. Әспентаев: Міне, тағы бір өтірік. Мәдина болған киіз үй иесінің айтқаны - Мәдина асықпай, заттарды жинауға көмектесіп, емін-еркін кетіп қалған. Судья: Ия, дұрыс айтасыз. Зияда Өтебекова, кәмелетке толмаған Қойшыбаевтың анасы: Сіз тәртіпсіздіктер күні азық-түлік сатылған КамАздарды тонаған дедіңіз. Барлығы қанша мәшина болып еді? «Арман»: есімде жоқ. Зияда Өтебекова: мен 16-желтоқсанға дейін бірнеше ай бойы дәл сол мәшиналарда сатушы болып жұмыс істедім, сондықтан анық білетінім - сол күні бүкіл КамАздар және менімен бірге жұмыс істеген адамдар түгел алаңнан ешқандай зардапсыз кетті. Айжан Дүйсенбаева: Мен сол күні қандай киімде болдым? «Арман»: Есімде жоқ. Айжан Дүйсенбаева: Демек, өтірік айтасың. Жарақаттанған адамдарға неге көмектеспедің? «Арман»: Біздің міндетіміз құқықтық тәртіпті күзету болды. Айжан Дүйсенбаева: Мені алаңнан қай кезде байқадың? «Арман»: Шамамен, 12:30-дарда. Айжан Дүйсенбаева: Өтірік, бұл кезде мен ауруханада болдым. Тәженов: Егер мені алаңда көрген болсаңыз, үстімде қандай киім болды? Бас киімім қандай болды? Жалпы болды ма? «Арман»: Есімде жоқ. Тәженов: Сен Мұратсың ғой? Мұрат Қызылқұлұлы? Егер менің лақап атым «Пирамида» болса, сені «Ешек-Мұрат» дейді, мен сені таныдым. Оқты қару қолдану және оқты қарудан жарақаттанғандар жөніндегі сұрақтарға «Арман» жауап беруден бас тартқан. Сондай-ақ, оның айтуынша, ол өзі атағандардың барлығының әрекетін көрген және, тіпті, олардың әңгімелерін естіген. Алайда, сотталушы Досмағамбетов алаңдағы әңгімелерді есту мүмкін болмағанын, өйткені дыбыс күшейткіштер арқылы берілген музыканың дыбысы өте қатты болғандығын айтқан. Содан кейін «Арман» Досмағамбетовтың не істемек болғанын оның сөздерінен емес, тек дене қимылдарынан ғана болжадым деген... (Жалғасы келесі санда...) «Жаңаөзен ісін» жүргізген – Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің ақпараттық топ жетекшісі. 5-сәуір 2012 жыл. «Абай-ақпарат»