Жас ясауитанушылар өз жолынан жаңылмасын...

        Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау мақсатында, Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының арасында қалалық «ясауитанушылар » байқауы өтті. Хикметшілер арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар – Жамбыл Аружан (№52 мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы), Тілек Ерасыл (№37 орта мектеп, 9-сынып), Пашен Жанбота («Зерде» ДБМ, 8-сынып), Елмұрат Мағжан (№52 мектеп-гимназиясы, 11-сынып), Мәслихат Нарбике (№38 мектеп-лицейі, 10-сынып) Түркістан қаласында өткен республикалық байқауда Астананың намысын қорғады. Дүйсен ЖАХИҰЛЫ, Білім және ғылым министрлігі, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері: – Өткен жылы Елбасы Түркістан қаласында өткен ел зиялыларымен кездесуінде «Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының, түркі жұртының Конфуциі» деп еді. Астана қаласының білім басқармасының мына игілікті ісі ұлт үшін баға жетпес тірлік. Балалардың Ясауи бабамыздың 26 хикметінің кез-келген жерінен жатқа айтып, кез-келген жерінен ары қарай іліп ала жөнелетін таланттарына тәнті болып отырмын. Ясауи бабамыздың даналық сөздері, хикметтері әрбір оқушының аузында жүрсе – қазақ үшін бір бақыт. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси тыныштық, ел болып ұйысу идеясы ең әуелі Ясауи ілімінен бастау алған. Ясауи ілімі – сопылық дүниетанымға негізделген. Басты ұстанымы – ғашықтық, мұраты – Алла. Бұл ілім бойынша мәннің мәні – Алла. Ясауи ілімінде басы артық, ақылға сыйымсыз шашау ұғым жоқ. Алла мен адам, әлем мен Құран арасындағы үндестік айқын. Ясауи ілімі – Құран мен Хадиске сүйенген, ар түзейтін ілім. «Менің хикметтерімнің мәні Құран» деген Ясауи Аллаға да, сөзіне де, пайғамбарына да махаббатпен үндескені балалардың жатқа оқыған әрбір хикметтерінен көрініп тұр. Дайра ӘМІРҒАЛИЕВА, Астана қаласы Білім басқармасының қоғамдық пәндер әдіскері: – Астана мен Түркістанда өткен байқауда үш кезеңнен тұратын сайыстың бірінші кезеңінде шәкірттер хик¬мет¬терді жатқа айту бойынша бәсекеге түс¬ті. Екінші кезең бойынша Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұраларына қатысты, кесене мен ондағы жәдігерлерге қатысты, Әзірет Сұлтан өмірі жайлы аңыз-әпсаналар жөнінде сұрақтарға жауап беріп, білімдерін байқатты. Оқушылардың саналарына салмақ салған ең қиын сәт – үшінші кезең болды. Бұл кезеңнің ережесі бойынша, іріктеу сындарынан өткен сайыскерлер хик¬меттер ішіндегі тірек сөздердің қанша рет кездесетіндігін дәл тауып, олар ұшырасатын шумақтарды мүдірмей айтып беруі тиіс болды. Қазақстанның он төрт об¬лы¬сы мен үш қаласынан бас қосқан жет¬¬кіншектер алғашқы күні Түркістанның та¬рихи көрнекті жерлерін аралап, ше¬жі¬ресіне қанықты. Өз бақтары мен бап¬тарын сынға салған сексеннен аса са¬йыскердің ішінен лайықты жүлдегерлер іріктелді. Соңғы кездері Қазақстанда діни-танымдық негіздері мен ұстанымдары әртүрлі топ өкілдері тек өздерінің жолын «ақ», ал өзгенің ғибадаты мен діни сезімін төмен санап, қорлау белең алып бара жатты. Дәстүрлі діни түсінік пен бүгінгі діни тіршіліктің арасында сабақтастық болмай қалды. Яғни, қазақ мұсылмандары арасында түсінісу алшақтап бара жатты. Соның салдарынан қазақы мұсылмандық түсінігінің негізін қалаған Ясауи бабамыздың атына құрмет былай тұрсын, мін тағыла бастады. Біздің дәстүрлі діни тіршілігіміздегі ойлау, жору мен түсіндіру формалары мен ұстанымдары сопылық дүниетаным негізінде қалыптасты. Роза ЕСІМХАНҚЫЗЫ, «Астана дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері: – «Таңнан таңға апталап жыр, қисса, дастан айтады» деп, ертедегі ата-бабаларымыз жайында көп жазылатын еді. Сол бабалардың ұрпақтары өсіп келеді. Жиырма алты хикметті жатқа соғу таланттың, дарындылықтың белгісі. Кешегі жетпіс жылдық дінсіздендіру мен құдайсыздандыру саясаты кезінде адам затқа айналды. Осындай сын сәттерде ұлттығымыздың негізі –Ясауидің рухы, ілімі, хикметтері. Ұлттық мәдениетіміз оның өмір жолы, хикметтері,кесенесі мен ізбасарларының шығармалары арқылы сақталса, оның табиғи жалғасы болған абайтану, әуезовтану, түркітану, ясауитану сияқты ғылым салаларының да мәңгілік екенін мына бүлдіршіндер дәлелдеп отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, бұларды жоғалтып алмай, талантын ары қарай ұштай беру бәрімізге сын. Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ