СОТ БАРЫСЫНДА ІС ЖҮРГІЗУ ЗАҢЫ ӨРЕСКЕЛ БҰЗЫЛДЫ Абзал ҚҰСПАНОВ, қорғаушы, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:

– Қорғаушы мырза, өткен жылы профессор, техника ғылымдарының докторы Саят Мұратұлы Ыбырай (ресми құжат бойынша Ибраев – А.Ә.) 12 жылға сотталғаны туралы Алматы қалалық сотының үкімі шыққан еді. Осы үкім жария болғанда көптеген қазақтың жаны ауырып, жүрегі сыздағаны белгілі. Сіз Саят Мұратұлының қорғаушысы ретінде ол кісінің бүгінгі жай-күйінен, үкім шыққаннан кейінгі істің қалай жүріп жатқандығынан хабар беріңізші... – Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 19 қазан 2011 жылғы Үкімімен ҚР ҚК-нің 235 бабы, 3 бөлімі, 126 бабы, 3 бөлімі, 125 бабы, 3 бөлімі, 102 бабы, 2 бөлімі, 164 бабы, 3 бөлімі, 337 бабы, 3 бөлімідермен кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге сотталғаны белгілі. Аталған сот үкіміне қорғаушылары тарапынан кассациялық шағым берілген болатын. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, шағым 1 ай мерзім ішінде қаралуы тиіс болса да, осы кезге дейін қаралмай келіп, 6 ай уақыт өткенде, яғни сәуірдің 20-сы күніне тағайындалды. Кассациялық шағым беруге ең негізгі себеп, әрине Саят Ыбырайға тағылған айыптың ешқайсысы да дәлелденбеген болатын. Бірақ, қазіргі кезге дейін сот үкімі заңды күшіне енбегендіктен (кассациялық алқа қарағаннан кейін ғана күшіне енеді) мен бұл мәселеге тоқталмай, оқырмандардың назарын сот барысында іс жүргізу заңының бұзылғанына аударғым келді. Аталған сот үкімі іс жүргізу заңының сақталмауы себепті, қосымша мына негіздер бойынша да бұзылуға жатады: ҚР Қылмыстық істер жүргізу Кодексінің 446-9 бабы, 2 бөлігіне сәйкес, қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы кассациялық сатымен үкімнің күшін жоюға негіз болатыны көрсетілген. Аталған Кодекстің 446-11 бабында қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы – деп мына жағдайлар көрсетілген: 1. Істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің принциптері мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысушы тұлғаларды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге кедергі келтіретін, сот төрелігі үкімін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу деп танылады. 2. Егер сот осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлі¬гін¬де көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берсе, онда үкімнің күші барлық жағдайда да жойылуға жатады. Осы баптың 2 бөлігінде сілтеме жасалып кеткен 415-баптың 3 бөлігі, 2 тармағына сәйкес, үкiмдi соттың заңсыз құрамы шығарған болса – үкім өз күшін жоюға тиісті. Дәл осындай нормалар жоғарыда аталған Кодекстің 446-15 бабымен де көзделген. – Демек, Саят Ыбырайға қатысты қылмыстық іс жүргізу барысы қай жағынан алып қарасаңыз да өрескел бұзылғандығын сіздер дәлелдей алдыңыздар ғой? – Иә, дәлелдедік, әлі де дәлелдей береміз. Бауыржан Момышұлы «Шындық жеңеді, бірақ ол кешігіп жетеді» демей ме? Біз түптің-түбінде жеңетінімізге сенімім кәміл. Біз шағым келтіріп отырған іс – алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылған болатын. Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істің ерекшелігі ҚР Қылмыстық істер жүргізу Кодексімен белгіленген. Оған сәйкес, іс бойынша барлығы 10 негізгі 2 қосалқы алқа би бастан-аяқ сот отырысына қатысуы тиіс. Өйткені оның дауысы – сотталушының тағдырын шешеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейін, қылмыстық іс қаралып болған соң кеңесу бөлмесінде 10 алқа би және істі қараған судья сотталушының әрбір бап бойынша кінәлі немесе кінәсіздігі туралы мәселені дауысқа салып шешеді. 11 адамның барлығы (1 судья+10 алқа би) бір-бір дауысқа ие, ешқайсысының бір-бірінен артықшылығы жоқ. Сол себепті де, заң шығарушы қылмыстық іс жүргізу кодексінде осы мәселеге баса назар аударған. – Яғни, алқабилердің құрамы толық болмаған жағдайда іс біржақты қаралған деуге негіз бар ма? – Негіз бар. Біз осы қылмыстық іс бойынша сот тергеуі кезінде негізгі құрамдағы бірнеше алқабидің бір емес, бірнеше рет сот отырысына негізсіз қатыспағанына куә болдық. Атап айтқанда, негізгі құрамда болған алқаби – Маханова Ширинай Ермахановна жеке куәлігінің №017321111, 25.07.2011 жылы Астана уақытымен 18.20 минутта, Алматы қаласынан Алматы-1 темір жол вокзалынан – Атбасар қаласына жолға шыққан (пойыз №043, вагон 4П, 30 орын). Сол сапарынан аталған азаматша тек 02 тамыз 2011 жылы ғана оралады, атап айтқанда, ол 01.08.2011 жылы, Астана уақытымен 21.20 минутта, №10 Астана-Алматы бағытындағы пойызына (15П, 13 орын) отырып, Алматы қаласына Алматы-1 темір жол вокзалына 02.08.2011 жылы, 16.21 минутта келіп түскен. (Ол туралы растаушы билет көшірмесі және ҚТЖ жанындағы бас есептеп шығару орталығынан алынған ресми жауап кассациялық алқаға ұсынылды). Өз кезегінде, сот отырысының 25.07.2011 жылғы, 27.07.2011 жылғы, 29.07.2011 жылғы және 01.08.2011 жылғы хаттамаларына сәйкес, Маханова Ширинай Ермахановна алқаби ретінде сот отырыстарына қатысқан деп көрсетілген. Алайда, аталған азаматшаның алқаби ретінде сот отырыстарына қатыспағандығын, нәтижесінде заңмен көзделген міндеттемелер мен шектеулерді бұзғанын, жоғарыда сілтеме жасалған ресми органның анықтамасынан басқа, іске бастан-аяқ қатысқан қорғаушылар да растайды. Сонымен бірге, Махановадан басқа да алқабилердің сот отырыстарына толық қатыспағандығы туралы кассациялық алқаға дәлелдер ұсынылды. Аталған жағдайлар сот отырысының біржақты айыптау сипатында жүргізілгенін, сотқа төрағалық етуші Қ.Қалмағамбетовтың ісжүргізу талаптарының өрескел бұзылуына жол бергенін көрсетеді. – Ендігі сот отырысы қашан болады? – Кассациялық алқа, төрағалық етуші Арипов, құрамында Елшібаевпен Кейкібасова бар, осы және басқа да дәлелдерді зерттеу үшін сәуірдің 25-іне дейін үзіліс жариялады. Біз өз тарапымыздан С.Ибраевқа қатысты шығарылған сот үкімін бұзуға және оны ақтауға негіз болатын дәлелелдер ұсындық. Ал алдағы болатын сот отырысы (25 сәуір) шешуші сот отырыстарының бірі болмақ. Әңгімелескен Айсәуле ӘБІЛДӘ