КЕЗДЕЙСОҚ ТҰТҚЫНДАР, БЕЙКҮНӘ СОТТАЛУШЫЛАР

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, 18-сәуір күні сот процесінің 17-ші отырысын судья Аралбай Нағашыбаев сотталушыларды ұрып-соғу, азаптау жөніндегі материалдарды прокуратураға жіберу туралы қаулыны оқудан бастаған. Оған 10 күн ішінде жауап беруге міндеттеген. Адвокат Сәрсембинаның сотталушы Жаңбыр Ерғазев үшін бұлтартпау шарасын өзгертуді өтінген талап-тілегін судья қанағаттандырмаған. Одан соң сегіз сотталушы - Ислам Шәмілов, Бауыржан Тілегенов, Жанайдар Өтебеков, Қайрат Әділов, Әділбек Шамов, Есенгелді Әбдірахманов, Жігер Аманжолов, Марат Әминов сұралған. Олардың арасынан тек Әділовтің ғана мұнайшылар ереуіліне тікелей қатысы болған, ал қалғандары не кездейсоқ өтіп бара жатқандар, не қарапайым мейрамдаушылар болған. Жарақат алғандары бар. Көрсетулері біріне бірі ұқсас: «мейрам күні қыдырыстай шықтық, жанып жатқан ғимараттарды, атып жатқан полицейлерді көрдік, кетіп үлгермедік»... Және ешқайсысы да алаңда болмаған. Ауруханаға түсіп, емделген, одан соң куәлар ретінде полицияға шақырылған, одан әрі тұтқындалған, ұрып-соғу, қорқыту, хаттамаға зорлап қол қойдырту тәрізді заңсыз әрекеттерге душар болған. Сондықтан барлығы да түгел алдын-ала тергеу кезінде берген көрсетулерінен бас тартқан. Ереуіл басталар тұста, 26-мамырда, Әділов Алматыға операция жасатуға кеткен. Бірақ оның сырқаттану парақшасын созудан бас тартып, «жұмысқа шықпағаны үшін» жұмыстан шығарып жіберген. Ол сотқа берген, алайда сот талап-арызын қараусыз қалдырған. Сол кезде жұмыс берушінің өкілі - кейін мемлекет осы сотталушыларға... қорғаушы етіп тағайындаған Досболов екен. Әділовтің айтуынша, ол соның кесірінен ереуілшілерге қосылуға мәжбүр болған. 16-желтоқсаннан кейін өзін теледидардан көріп, ҰҚК-ге өз еркімен барған. Ол жерде оған «15 адамның үстінен көрсет» деп, ҚПК-нің куәларды қорғайтын 100-ші бабын қолдануға уәде берген, бірақ ол бұған келіспеген. Содан соң: «Сен жақсылықты түсінбейді екенсің!» - деп, ұрып-соға бастаған. Басына алты рет целлофан пакет кигізіп, тұншықтырған. «Зорлап, бейнежазбаны интернетке шығарамыз» деп қорқытқан. Тергеуші Бақыт Меңдібаев бірнеше рет басына пистолетін тақаған, «итке талатам» деп уәде берген. Әділов көшеде ту тауып алғанын, сол тумен әкімдіктің төменгі қабатында жүргенін және өзін түсірген кезде оның сабымен бейнекамераны ығыстырғанын мойындаған, алайда туды қорлағандығын теріске шығарған. Және тонауға, өртеуге, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқандығы туралы бұрынғы көрсетулерінен бас тартқан. Прокурорлар көрсеткен бейнежазбада да Әділовтің туды алып жүрген кезде оны қорламағандығы анық көрінген, сондықтан адвокаттар Жәменов пен Жуаспаева сотталушыға таңылған айыптар мен дәлелдер қатарынан туды қорлау жөніндегі бөлігін алып тастауды талап еткен. Сотталушылар Шамов пен Әбдірахманов 16-желтоқсан күні, шамамен кешкі сағат 8-9-да көшеде келе жатқанда бірнеше қорап ыдыс-аяқ көріп, оларды мәшинәсына салып алған. Сол кезде өздерін қуып жеткен белгісіз біреулер пистолетпен қорқытып тоқтатқан да, мәшинәдан шығарып алып, етпеттерінен жатқызған, ұрып-соққан, қолдарын кісендеген, содан соң полицияға алып барған. Олар тек сол кезде ғана әлгілердің полицейлер екенін түсінген. «Қанша ауладыңдар?» деген сұраққа: «Картон балық бар, қақталған балық бар», - деп жауап берген. Әбдірахманов, полицейлер қораптарды алған адамдарды ұстау үшін оларды көшеде әдейі қалдырған болса керек деп тұспалдаған. Одан әрі Шамов пен Әбдірахмановты шешіндіріп, біріне-бірін кісендеген де, ұзақ уақыт ұрып-соққан, үстеріне мұздай су құйған. Ірі, мығым денелі Шамовқа бірнеше адам жабылған. Ол спортшы-зілтемірші, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасына баруды армандап жүрген үміткер екен. Сондай-ақ, Жаңаөзендегі құрамында 15-20 адам бар күзет фирмаларының бірін басқарады екен. Және де тәртіпсіздіктер кезінде оның фирмасы күзететін объектілердің ешқайсысы зардап шекпеген. Ал, 16-желтоқсан күні кешке ол өзінің кезекшіліктегі қызметкерлерін аралап жүрген. Адвокат Жәменов полицейлердің оқты қару қолдануы бойынша істе сотталушылар Сейсен Әспентаев пен Жанайдар Өтебековті жәбірленуші деп мойындау туралы өзінің осыдан он күн бұрын өтініш жазып, оны облыстық соттың кеңсесіне тапсырғанын, бірақ әлі жауап алмағынын айтқан. Судья «анықтаймын» деп уәде берген. Сотталушы Аманжолов – бір көзі жоқ мүгедек, сондықтан сот процесінің басында-ақ адвокаты оның бұлтартпау шарасын өзгертуді өтінген, бірақ судья мұны қанағаттандырмай тастаған. Айыптау қорытындысында ол «ереуілге белсенді қатысушы» деп көрсетілген, ал шын мәнінде жұмыссыз жүрген оның мұнайшыларға ешқандай қатысы болмаған. Айыптау тарабы Аманжоловқа байланысты «дәлелдерді» шын есімдері жасырын, ҚПК-нің 100-бабы бойынша қауіпсіздік шаралары қолданылған куәлардың көрсетулеріне негіздеген. Адвокаттардың бірі отбасылық жағдайына орай жарты күнге соттан рұқсат сұрағандықтан бұл сот отырысы осымен аяқталған. Ал осы жолы (және бұдан бұрынғы сот отырыстарында да) сұралған сотталушылар жағдайларынан мен өз басым, біріншіден, олардың барлығы полиция тарапынан не кездейсоқ, не қасақана (ыдыс-аяқ салған қораптарды еске түсіріңіз) тұтқындалған, екіншіден, еш қылмыс жасамаған, тек кейбіреулері ғана (мәселен, Әділов) асып кеткенде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін адамдар екенін анық көріп отырмын. Дей тұрғанмен, әрине, заң мен әділеттілікке қатысты қазақстандық тергеу, прокуратура, соттың көзқарасы мен нақты іс-әрекеттері көбіне-көп өмірдің объективті шындығына емес, «жоғарғы жақтың» саяси тапсырыстарына тікелей байлынысты болатындығына өз жеке бас тәжірибем арқылы да талай рет көз жеткізген азамат ретінде мен бұған, қанша өкінішті болса да, еш таңданған жоқпын...