«КӨНБЕСЕҢ «ПРЕСС-ХАТАҒА» АТТАНДЫРАМЫЗ!»

      17-сәуір күні Ақтаудағы соттың  16-шы отырысында сотталушыларды сұрау жалғасқан. Сотталушы Жанат Мұрынбаев: 16-желтоқсан күні ертеңгілік мен отбасыммен, әйелім мен балаларымды ертіп, мейрамды көруге алаңға бардым. Сағат 10-дарда әкімдік пен полиция балалар мен студенттердің колоннасын алып келді. Алдарында салтаттылар. Оларды бұрын мейрамдар кезінде алаңға үнемі өтетін жері кең 3-ші және 5-ші ықшамаудандар жағынан кіргізетін, ал бұл жолы, неге екенін, жұрт жиын тұрған және жұмыс киімін киген мұнайшылар шоғырланған, бір мезгілде үш-ақ адам өте алатын тар кіреберіс арқылы әкімдік жағынан алып келді. Осыны пайдаланып, полиция бірден шеп құрды да, «колоннаға жол ашамыз» деген сылтаумен мұнайшыларды алаңнан сыртқа қарай ығыстыра бастады. Прокурор: Сіз алаңда 16-сы күні тәртіпсіздіктер дайындалғанын білдіңіз бе? Жанат: Жоқ, әрине. Білсем, сол күні алаңға кішкентай балаларым мен әйелімді ертіп барар ме едім? Прокурор: Сізді ұрып-соқты ма? Жанат: Ия, тергеуші Әуезов Қалдыбай мен маска киген үш ОМОН ұрып-соқты. Сотталушы Парахат Дүйсенбаев: Мен Жаңаөзенде 1989 жылдан тұрамын, сондықтан дәл 16-желтоқсанда биліктің бірінші рет (!!!) жұртты тура алаңға киіз үй тігіп, от жағып, қазанға ас пісіруге мәжбүрлеуіне таң қалам. Ал мейрам басталған бойда әкімдік пен полиция салтаттылар бастаған балалар мен студенттер колоннасын дәл біз тұрған әкімдік жақтағы тар жолмен өткізе бастады. Бұрын жолы кең 3-ші және 5-ші ықшамаудандар жақтан өткізетін. Полиция шебін басқарған Әбдірасул Өтешев колоннаға жол ашқандай түр көрсетіп, өздерінің басты міндеті – мұнайшыларды алаңнан тықсыру әрекетіне кірісті. Және сол кезде бізді боқтап-балағаттаумен болды. Екеуміз ұшырасып қалғанда ол менің анамды боқтады. Сөз ретімен айта кетейін, менің анам – Батыр-ана. Соған шыдамай кетіп, мен Өтешовтың өзін боқтадым. Мұны мен мойындаймын. Ал сол қасірет күні мен алаңда заңға қарсы ештеңе жасаған жоқпын. Оның есесіне халыққа оқ атқандар менің әкемді өлтіріп, туған қарындасымды ауыр жарақаттады. Қазір ол да, мен сияқты, сотталушы орындығында отыр. Және менің өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігенім – әйелдер босанатын үйдің тасасынан шыққан полицейлер шебіне Мылтықовтың: «Огонь на поражение!» деп бар даусымен бұйрық бергенін айтқым келеді. Неге полиция нысанаға алғандардың көбі, тіпті жаралы болса да, сотталып жатыр, ал халыққа оқ атып, қаншама адамды өлтіргендерді соттамайды??? Мені тұтқындаған кезде тергеуші Ержан үш ОМОНмен бірге: «Тәртіпсіздіктерді ең бірінші бастаған осы!» - деп, мені аяусыз ұрып-соқты. Одан кейін де бұл Ержан мені өзінің кабинетінде үнемі ұрып-соғумен болды. Бірде ол, қолымның кісендеулі болғанын пайдаланып, мені еденге құлатты да, шалбарымды шешіп: «Егер сен тергеуге қажет көрсетулер бермесең, мен мына дубинканы артқы тесігіңе тығам!» - деп қорқытты. Сотталушы Серік Ақжігітов өзіне сұрақтарды орыс тілінде қоюды өтінген. Өйткені ол қазақ тілін нашар біледі екен. Алайда оны тұтқындаған кезде және одан кейінгі алдын-ала тергеу барысында тергеушілер ҚПК талабын бұзып, оған аудармашы бермеген. Осы жағдайдың анықталуына орай адвокат Сәрсенбина ресми талап-тілек жасап, сотталушыны ұстау сәті мен тергеу тұсында орын алған өрескел заң бұзушылықтар негізінде соттан Ақжігітовті тұтқындау мен одан алдын-ала алынған жазбаша көрсетулерді заңсыз деп тануды өтінген. Сот отырысының екінші жартысында сотталушылар Жаңбыр Ерғазев, Жарас Бесмағамбетов, Жеңіс Бөпілов, Самат Қойшыбаев, Расул Мұхамбетов сұралған. Олардың барлығы өздері жөнінде, 16-желтоқсан қарсаңында, дәл қасірет күні және одан кейін болған оқиғалар туралы баяндап берген. Ұсталған сәттен бері бастарынан өткерген ұрып-соғу, азаптау, қорлау және басқа заңсыздықтарды (оның ішінде, адам қашан талап етілген қылмыстың бәрін мойындамайынша бірнеше жендет толассыз азаптайтын үрейлі «пресс-хата»-мен қорқыту да бар) бүгелі-шігелі әңгімелей келе, өздерінің бұрынғы көрсетулерінен түгел дерлік бас тартқан. Адвокат Сәрсембина тергеуші Өнеровтің прокурор Тойжан мен судья Салиевке Ерғазевті тұтқындау жөнінде жіберген хатында процессуалдық қателер жіберуіне байланысты Жаңбырдың бұлтартпау шарасын өзгертуді және тергеу әрекеттерін негізсіз деп табуды өтінген талап-тілек түсірген. Мәселен, хаттың бас жағында Ерғазев туралы айтылса, аяқ жағында Әспентаев туралы айтылған. Сонымен қатар, Өнеров тергеу тобының құрамына тек 28-желтоқсан күні ғана енгізілген, сондықтан тұтқындау үшін санкция сұрауға құқығы болмаған. Және күдіктілерді анықтау мақсатындағы тергеу шаралары кезінде Ерғазевтің фотосуреттерінің ксерокөшірмелері ұсынылғандығын, ал ҚПК фотосуреттің түпнұсқасы пайдаланылуын талап ететіндігін айтқан. Судья бұл талап-тілекті ашық қалдырған. Әспентаев, Ерғазев пен Мұхамбетовке қатысты талап-тілек түсірген адвокат Жуаспаева олардың, 16-желтоқсанда жарақаттар алса да, жәбірленушілер құрамына кіргізілмегендігін, ал қару қолданған полицейлердің үстінен жүретін соттың 27-сәуірде басталатындығынын негізге алып, соттың тиісті құжаттарды дер кезінде жолдап, процессуалдық шешім қабылдауын өтінген. Талап-тілекті қабылдап алған судья материалдар жолданады деп уәде берген.