ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АЗАПТАУШЫ… КУӘЛАР!

0
866

       Ақтауда жалғасып жатқан сот процесінің 19-сәуір күні өткен 18-ші отырысында, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлуынша, ешқайда кетпеу жөнінде қолхат берген сотталушылар – Тәженов, Ысқақов, Сарыбаев, Бекжанов, Мұңайтпашев, Қойшыбаев, Мұқашев, Дүйсенбаева сұралған. Олардың ішінде тек Ысқақов қана ереуілге қатысқан. Қойшыбаев пен Мұқашев – кәмелетке толмағандар. Тәженов, Дүйсенбаева, Қойшыбаев, Ысқақов, Бекжанов жарақаттар алған (алғашқы үшеуі – ауыр).

Сотталушы, жеке күзет фирмасының қызметкері Сарыбаев өзінің жантүршігерлік хикаясын әңгімелеп берген. 16-желтоқсан күні оны «Аруана» қонақ үйінің күзетін күшейтуге шақырған. Ол өз әріптестерімен объектіні қорғауға тырысқан, алайда шабуылдаушылар тым көп болғандықтан оны тастап кетуге тура келген. Бұдан кейін екі-үш рет басқа да объектілердің күзетіне барған. Ал 20-желтоқсанда полицейлер оны «прокуратураға апарамыз» деп үйінен алып кетіп, полицияға алып барған. Сарыбаевты жауаптаған қызметкер «банкомат тонау» айыбын таққан, алайда ол мұны, әрине, мойындамаған. Полицей қабырғадағы қала картасын бекіткен түйреуішті жұлып алып, мұның саусақтарына сұққылай бастаған. Одан соң «өлтіріп сабаған». Сарыбаевтың айтуынша, оны «ата-аналары да ешқашан ұрмаған». Бұдан әрі жас жігітті тергеуші Серік Амановқа ертіп апарған белгісіз полицей: «Бұл жақсы бала, қазір бәрін айтып береді», –деген, мысқылдап. Бірақ «жақсы бала» банкоматты бұзғанын мойындамаған.
Сұрау кезінде ол көзінің жасы мөлт-мөлт етіп: «Мен «тұтқындамаңыз» деп жылап жалбарынсам да, судья Досмағамбетов мені тұтқындауға санкция берді. Содан кейін ИВС-ке апарып, тағы да ұрып-соқты. Руслан есімді біреу»,– деген. Тұтқындалған соң оны «ереуілдеуші мұнайшылардың қонақ үйді тонағанын көрдім» деп айтуға мәжбүрлеген, алайда ол бұған да келіспеген. Сол үшін тағы да ұрып-соққан. Қайта-қайта әбден есінен танғанша басына целлофан пакет кигізіп тұншықтырған. Осындайдан соң бірде есін жинаса, астына жіберіп қойған екен. Осы қалпында оған ИВС бастығы изолятор бөлмелерінің еденін жуғызған. Сарыбаевтың үйінде тінту жүргізіп («үйді төңкеріп тастады»), он мың теңгесін алып кеткен. Бұл – айлық жалақысы бар болғаны 27 мың теңге, асырауында 84 жастағы қарт әкесі мен өмір бойы мектепте еден сыпырушы болған зейнеткер шешесі бар адамға жасағандары полицейлердің!
Орнынан сөйлеген сотталушы Әспентаев, бірде өзін түнгі 11-ден таңғы 4-ке дейін жауаптағанын, сол кезде Сарыбаевты (ол оның фамилиясын тек сот үстінде ғана білген) коридормен алып өткенін, содан соң ұрып-соққан және жылаған дыбыстар естігенін растаған. Сол түні екеуін беттестірген кезде ол Сарыбаевтың екі көзі жастан ісініп кеткенін анық көрген.
Құдайға сенетін және намаз оқитын Сарыбаев: «Мемлекет қызметкерлері мені бұлай ұрып-соғады деп ешқашан ойлаған емеспін!» – деп налыған. Адвокат алған соң ол өзін ұрып-соққандардың үстінен арыз жазбақ болған екен, бірақ адвокат Бисекешев: «Әбдірасул Өтешевтің үстінен жазғанның пайдасы жоқ, өйткені ол жоғары лауазымды полицей», – деп кеңес берген.
Сотталушы Бекжанов та полицейлердің өзін ұрып-соққанын айтып, өзін тәртіпсіздіктерге қатысушы ретінде мойындамаған.
Сотталушы Мұңайтпашевтің айтуынша, ол 16-желтоқсан күні жеке тасымалмен айналысып, әлдебір адамдарды қораптарымен бір жерлерге апарған, сондай бір рейс кезінде оны тұтқындап, полицияға алып барған және еденге жығып салып ұрып-соққан. Не сусын, не тамақ бермей қойған. Бірдеңе сұрағандардың барлығын ұрып-соққан («әбден қорлық көрдік»). Изоляторға прокурорлар тексере келген кезде соққы іздері бар ұсталғандарды олардың көздеріне түсірмеуге тырысқандықтан оны СИЗО-дан биылғы жылдың 10-ақпанында босатқан. Босап шыққан соң полицияға өзінің мәшинасын сұрап барған, алайда «ол арестте тұр» деп, бермей қойған. Және: «Егер мәшинаңды қайтаруды талап ететін болсаң, тағы да отырғызамыз!» – деп, ұрып-соққан. Ал, мәшина мен оның ішіндегі заттарды алған кезде полиция, Мұңайтпашевтің айтуынша, хаттама жасамаған.
Кәмелетке толмаған сотталушы Мұқашев алаңға өзінің сыныптастарымен және мұғалімдерімен бірге мейрам құрметіне жүрген шеруге қатысу үшін барғанын, кейін өзін «дыбыс күшейткіш колонкаларды бүлдірді» деп айыптағанын, бірақ мұны мойындамағанын айтқан. Онымен Мақсат есімді тергеуші айналысып, жауаптау кезінде екі қолын жоғары көтеріп тұруын талап еткен. «Тергеуші жауаптау үстінде мені ұрып-соқты: сұрайды да – ұрады, сұрайды да – ұрады»… Мұқашевтің анасы оны жауаптауларға шақырылмаған.
Сотталушы Айжан Дүйсенбаева өзінің жарақаттану жағдайын, әкесі (16-желтоқсан күні алаңда өлтірілген) мен ағасының (осы іс бойынша сотталушы) ереуілге қатысып, алаңда болғандығын, бірақ өзінің ереуілге қатысы болмағандығы баяндап берген. Оның айтуынша, бастапқыда оған ешқандай кінә тағылмаған, бірақ кейін жауаптауға кіріскен. Жауаптаулардың бірінде тергеуші Әбуов: «Шешең әкеңнің өлімін тексеруді талап еткісі келеді, сондықтан сені жауапқа тартады», – деген. Айжан өзіне тағылған айыптардың барлығын теріске шығарған.
Адвокат Сәрсембина тергеу құпиясын ашпайтындығы жөнінде жазбаша міндеттеме беріп, іске жасырын аттармен қатысушы куәлардың анкеталық мәліметтерімен өзін таныстыру жөнінде талап-тілек түсірген. Прокурорлар бұған қарсы болған, судья талап-тілекті ашық қалдырған.
Адвокат Жуаспаева сотталушы Қайрат Әділовке сұрақтар қойған:

– Сізге амнистияға айырбасқа өз кінәңізді мойындауды ұсынды ма?
– Ия, ұсынды.
– Одан басқа не ұсынды?
– Төлетаева мен Сақтағановқа қарсы көрсетулер беруді ұсынды. Ондай жағдайда менің бейнем бар бейнежазбаларды өшіріп тастап, маған куәларды қорғау бағдарламасын қолдануды, басқа да жеңілдіктерді уәде етті.
– Рахмет.

Сот отырысының екінші жартысында куәларды сұрау басталып, бірінші болып Маңғыстау облыстық ІІД-нің нашамен күрес Басқармасы бастығының орынбасары полковник Валерий Клименко (Климов болуы да мүмкін) сұралған. Оның әңгімесі айыптау қорытындысындағы өзінің көрсетулерін толық қайталаған. Одан соң сотталушылар Шамов пен Әминов сотқа Клименконың өздерін ұрып-соққандығын айтқан, бірақ ол мұны теріске шығарған. Сондай-ақ, Шамов пен Әминовті ұстаған кезде алынған заттар мен ақшаны тергеу тобына тапсырғандығын, бірақ хаттама жасалмағандығын айтқан. Әминов Клименконың оған өзін «ҚазМұнайГаз» қызметкері ретінде таныстырып телефон соққанын, оны вице-премьер Шүкеев кездесу үшін іздеп жатыр-мыс дегенін, ал жолыққан кезде тұтқынға алғанын баяндап берген.
Екінші сұралған куә – Облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі бөлімінің аға оперөкілі подполковник Данияр Әділов те өзінің айыптау қорытындысындағы көрсетулерін қайталаған, ал Әминов, Сарыбаев, Қойшыбаев, Әбдірахманов пен Шамов оны өздерін «ұрып-соқты, қорқытып-үркітті, қорлады» деп, Қойшыбаевтың анасы «балағат сөздермен ар-абыройымды қорлады» деп айыптаған.

Сарыбаев: Ол мені сәлемдеспегенім үшін ұрып-соқты.
Әминов: Ол мені Ақжанат Әминовтің (жұмысшы қозғалысының белсендісі) інісі болғаным үшін ұрып-соқты. Кейін, ИВС-те, мені «спиртті ішімдік пен наша қолданды» деп айыптап, тағы да ұрып-соқты. Мен жыладым, жалындым, бірақ ол бәрібір ұрып-соғуын тоқтатпады.
Қойшыбаев: Ол мені «қарындастарың мен әйеліңді және өзіңді де зорлаймыз» деп қорқытты. Мен балалар үйінде тәрбиеленгендіктен, мені «балалар үйінің бұралқысы» деп кемсітті.
Әбдірахманов: Ол менің басымды пистолетпен соқты.
Шамов: Ол мені мәшинадан сүйреп шығарып, ұрып-соқты, кейін мұны ИВС-те жалғастырды.

Барлық айыптауларды теріске шығарған Әділовтің сұрау аяқталар тұста жүйкесі сыр беріп, саусақтары мінберді «барабандай» бастаған.
Ол кетуге ыңғайланған кезде сотталушы Дүйсенбаев судьядан сұралған куәларды сұрау біткен соң залдан шығармауды өтінген. Ол мұны куәлардың «өзара келісіп алу мүмкіндігімен» түсіндірген. Судья оның пікірін құптап, Әділовке залда отыруды бұйырған. Ол шығып кетіп, бір минуттан соң қайтып келген. Адвокаттардың бірі түрегеліп, ҚПК тәртібі бойынша сұралған куәлар залда қалуға тиіс екендігін тағы да пысықтаған. Осыдан соң бұрын шығып кеткен Клименко да залға қайтып оралған.
Келесі болып куә Исаев шақырылған екен, бірақ ол табылмаған соң Гүлнәр Досова шақырылған. Алайда, ол өзінің Роза Төлетаевамен туыстық қарым-қатынаста екендігіне және «Голос Республики» газетінің тілшісі ретінде сот процесінің барлық отырыстарына қатысқандығына сілтеме жасап, көрсету беруден бас тартқан. Судья оның уәждерімен келісіп, ертеңгі сағат 10-ға дейін үзіліс жариялаған.
Жұрттың көбісі залдан шыққан кезде адвокат Сансызбайұлы, өз қорғауындағылармен сөйлескісі келсе керек, торға жақындауы мұң екен, конвойдағылардың бірі жолын кес-кестеп тұрып алған. Нәтижесінде олардың арасындағы кикілжің төбелеске ұласып кете жаздап, сотталушылар да, залда қалған адамдар да дүрлігіп кеткен. Приставтар есікті жауып алып, ешкімді не шығармай, не кіргізбей тастаған. Абырой болғанда, біраздан кейін шу басылып, жұрт бейбіт тараған…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз