РЕСЕЙГЕ ҰЛТШЫЛДАР ПАРТИЯСЫ ҚАЖЕТ

              Қазір әлемнің көп өңірінде ұлтшылдар партиясы билік басына келе бастады. Жемқорлыққа жол беріп, халықтан алшақтап кеткен үкіметті ұлтшылдар сайлау кезінде заңды жолмен осылайша алмастырып жатыр. Бұған олар, ең алдымен, халықтың қолдауы арқылы қол жеткізуде. Ал билікке ие болған ұлтшылдар ескерусіз қалған ұлттық мүддені қайта қалпына келтіруге күш салуда. journalufa.com сайтында жарық көрген төмендегі мақала қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып отырған осы мәселені көтеріпті. Онда Ресейде ұлтшылдар партиясын құру сөз болады. Ал Ресей бізге іргелес көрші. Сондықтан мақаланың мазмұны қазақ оқырмандарына да қызық болуы мүмкін деген оймен оны аударып беріп отырмыз... *** «Маған тарихтан сабақ берген ұстазым 1988 жылы былай деген болатын: «Партияның барлығына, тіпті, фашистерге де рұқсат беру керек. Халықты оқшаулаудың қажеті жоқ. Тыйым салынған нәрсенің бәрі адамды тартып тұрады. Сондықтан оларға рұқсат берген дұрыс. Бәрібір фашистер партиясына ешкім кірмейді. Ал уақыт өте оған қызығатындардың қатары азайып, ұсақ партиялар біртіндеп саясат сахнасынан кетеді, сол кезде халық өзіне не қажет екенін жақсырақ түсінетін болады». Осыдан ширек ғасыр бұрын КПСС-тен басқа бірде-бір партия болмаған тұста ұстазым маған осылай деген еді. Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Бірақ жағдай өзгерген жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Елімізді қазір де жалғыз партия өз уысында ұстағысы келеді. Оның басты бәсекелесі деп жүрген партиялар жеме-жемге келгенде қолдан қойылған қуыршақтар ғана. Ал өз партияларын құруға әзір екендіктерін мәлімдеген ұлтшылдар (националистер) оның амбициялы әрі қуатты партияға айналатынына бек сенімді болып отыр. Менде бұл бастаманы қолдайтын сияқтымын. Бұдан национализмді жақтаймын, оған дауыс беруге әзірмін деген ой тумауы тиіс. Бірақ мұндай партияның керектігі даусыз. Бұл түсініктердің ара-жігін ажыратып қарайық. Егер ұлтшылдар партиясы болмаса, ұлтшылдық пен ұлтшылдар бізде жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Ұлтшылдар партиясына тыйым салғанмен, ұлтшылдыққа бәрібір тыйым сала алмайсың. Өйткені идеяны тұншықтыру мүмкін емес. Одан гөрі оны басқа бір мықты идеяның көмегімен жеңуге әбден болады. Ұлтшылдар партиясы құрыла берсін. Есесіне оған қанша адамның мүшелікке өтетінін, қанша адамның дауыс беруге дайын екенін білетін боламыз. Сол кезде келімсектердің елімізге топырлап келуіне де кімдердің қарсы екенін және Ресейдің тек орыстардікі болғанын қалайтын азаматтардың да саны қанша екені мәлім болып қалады... Бізде кейде Жириновский, енді бірде Путин ұлтшылдықты өзіндеріне көзір ретінде пайдаланып жүр. Ал Рогозин 2003 жылғы сайлауда өзінің ұлттық бағдарламасы арқылы тіпті 9% дауыс жинады! Содан бері оншақты жыл өтті. Бірақ бұл проблема қазіргі таңда өзекті бола түсті. Өзге елдерден келіп жатқандарды жақтырмаушылық күн өткен сайын асқынып барады. Бұл тығырықтан шығудың жолы қандай? Енді бізге алдағы уақытта осыған жауап іздеу қажет. Мәселен, өзіміз өркениетті деп атайтын Еуропада мұндай партиялар бұрыннан бар. Тіпті, олар сайлау кезінде кәдімгідей көп дауыс жинайды. Басқа елдерде де билік басына ұлтшылдардың келіп жатқаны рас және одан қорқудың да қажеті жоқ. Есесіне мұндай қауіп ұйқылы-ояу отырған қоғамның санасып сілкіп, олардың әрекет жасауына түрткі болады. Қордаланып қалған көп мәселенің жауабы табылып, жұрт мультимәдениет пен шеттен келіп жатқандардың толассыз ағымына тосқауыл қоятын түрлі шешімдер қабылдауға көшеді. Ал қоғам болса ұлтшылдардың ұраны мен идеяларыңа қарсы тұратын басқа бір тартымды тәсілдер іздей бастайды... Аударған Жолымбет МӘКІШЕВ