Түркітілдес елдердің қауымдастықтары бас қосты

                     20-21 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде түркі тілдес Википедиалардың халықаралық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Татарстан, Башқұртстан және Саха (Якутия) елдеріндегі вики-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.   Сонымен қатар, конференция жұмысына Wikimedia Foundation, Creative Commons, Open Software Faoundation секілді халықаралық ұйымдар мен қозғалыстардың және «Google» компаниясының өкілдері қатысты. Конференцияның бас демеушісі ҚР Укіметі және Самурық қазына ұлттық әл-ауқат қоры. Конференция барысында Википедиа энциклопедиясының түркі тілдес тарауларының даму мәселелері жан-жақты талқыланды, сондай-ақ Creative Commons лицензияларын қолдану және оларды насихаттау мәселелері мен ашық лицензиялар мен ашық бағдарламаларды білім беру және ғылымды дамыту мақсатында қолдану төңірегінде кең әңгіме болды. «Google» компаниясының өкілдері арнайы сессия аясында түркі тілдеріндегі контентті арттыру үшін «Google» платформасын пайдалану мүмкіндіктерін талдап, «Google» аудармашыға жаңа тілдерді қосу жолдары туралы баяндады. Түркі тілдес Википедиалардың халықаралық конференциясы «Қазақша Википедиа» жобасының құрамдас бөлігі болып табылады. Аталған жобаның аясында Википедиадағы қазақша мақалалар саны бір жылға жетпес уақыт ішінде 7 мыңнан 126 мыңға дейін көбейді. Ай сайын қаралатын беттер саны орташа есеппен 200 мыңнан 5 миллионға дейін жетті. Халықаралық вики-қауымдастық «Қазақша Википедиа» жобасын 2011 жылдың үздік жобасы (Global Wikipedian 2011) деп таныды. « Ең әуелі, өзіміз жасап жатқан жобаға үкіметтің басшысы мен оның құрамындағы министрлердің нараз аударғанына, жанашырлық танытып жатқанына ризамыз. Айтқым келетіні, Википедиаға қатысты айтылатын пікірдің ешқайсысын да біреуді сынау үшін айтылды деуге келмейді, өйткені бұл энциклопедианы жазуға жауапты редакция немесе мекеме жоқ. Оны жасайтын да жазатын біз және сіз секілді интернетті пайдаланатын кез-келген адам. Сондықтан Википедиа және осы іспеттес көпшіліктің үлесіне незігелген интернет жобалардағы мазмұн сапасы қоғамның айнасы секілді. Егер тіл мен мәдениетке жанашыр, білігі мол, сауаты жоғары қалың қауым болса, мұндай жобалардағы мазмұнның да деңгейі жоғары болады» , -дейді «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы

Айдана АЛАМАН