ӘЗӘЗІЛДІ АУЛАҚТАТУ – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ АШАДЫ

              Үкіметтің теріс қорытындысына қарамастан, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста алкоголь өнімін сатуға тыйым салу туралы норманы алып тастауға күш салады. Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мәлімдеді.

 Үкімет «Ақ жол» депутаттарының балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь өнімін сатуға тыйым салу туралы заң нормасын алып тастау жөніндегі ұсынысын қабылдамай тастады. «Заңнамадағы сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын қарама-қайшылықтарды алып тастау туралы заң жобасын қарау кезінде «Ақ жол» партиясы 100 метрлік талапты бұзу туралы ұсыныс енгізді. Берілген норма сыбайлас жемқорлыққа тікелей жағдай жасайды», – деп Азат Перуашев Мәжілістің пленарлық отырысында айтып өтті. Бұл норма шағын кәсіпкерлік үшін айтарлықтай әкімшілік кедергі болып табылады және заң актілерімен қарастырылмаған, «100 метр радиуста балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарының жоқтығын келісу» атты жаңа рұқсат беру құжатын тудырып отыр. «Сонда білім беру мекемелерінен 101 метр радуиста алкоголь өнімін сатуға рұқсат етіледі. Алайда студент немесе жоғары класс оқушысына 100, не 101, не 200 метр жүру үшін қандай айырмашылық бар?» – деп «ақжолдықтар» сауал қойып отыр. «Ақ жол» партиясына хабарласушы кәсіпкерлердің мәліметтері бойынша, аталған талап іс жүзінде ешқандай мағыналық ауырлық жүктемейді және тексерушілер кәсіпкерлерді бопсалау үшін пайдаланылып отыр. Алкоголь өнімі сатылатын сауда үйлерінің, мейрамханалардың, барлар мен кафелердің бір бөлігінің балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарына жақын орналасқандығын және берілген шектеудің енгізілуінен бұрын тұрғызылғандығын есепке алсақ, олардың барлығы да осы шектеудің ықпалында тұр және өздерінің қызметін толығымен немесе біртіндеп тоқтатуға мәжбүр болады. Сонымен қоса, қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беру және тәрбие берумен қамтамасыз ету деңгейін көтеруге бағытталған «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама тұрғын үйлерде де мектепке дейінгі балалар мекемелерін ашуды қарастырады, ал бұл үйлерде алкоголь өнімін сатумен айналысатын сауда нүктелері орналасуы мүмкін. Дегенмен, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 163-4 бабының 3 тармағына сәйкес, алкоголь өнімін сауда үйлерінде, мейрамханаларда, барлар мен кафелерде сатуға тыйым салынбайды. Халықаралық тәжірибе мен «Атамекен» одағының бірқатар мемлекет елшіліктеріне жіберген сауалдары көрсетіп отырғандай, әлемнің бір де бір елінде осындай талаптар жоқ. Жалғыз ғана мысал – ол Ресей, бірақ онда да бұл норма өте тиімсіз ретінде алынып тасталды. Жастарды спирттік ішімдіктен қорғаудың әлемдегі ең әсерлі механизмі – алкоголь өнімін сатуды жас шамасына қарай шектеу болып танылған. Осыған ұқсас нормалар Қазақстанда да бар. Сондықтан «Ақ жол» фракциясының депутаттары осы шектеулерді сақтау шараларына бақылауды күшейтіп, сонымен қатар, 100 метр түріндегі сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын кедергіні алып тастауды ұсынады. Парламенттік оппозиция көшбасшысының көрсетіп отырғанындай, бұл норма өзекті болып табылады, себебі сауда мен қоғамдық тамақтандыру шағын кәсіпкерліктің негізгі секторы болып қызмет етеді. Мұнда алкоголь өнімдерін саудалаудан түскен табыс белгілі бір бөлігінің бағалары (мысалы, нанның) бақылаушы органдармен реттелетін басқа өнім түрлерінің шығындарын жабуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Азат Перуашев тіпті ең кішкентай сауда дүңгіршегі немесе дүкен 3-тен 5 адамға дейін жұмыспен қамтитындығын және оларды, олардың отбасыларын өмір сүру үшін қаржымен қамтамасыз ететіндігін есепке алуды қажет деп санайды. Осыған байланысты 100 метр туралы норма жаңа жұмыс орындарын ашуды тежейтіндіктен айтарлықтай әлеуметтік маңызға ие болып отыр. Үкіметтің теріс қорытындысына байланысты, заңнамадағы сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын қайшылықтар туралы заң жобасынан ақжолдықтардың ұсынысы алынып тасталды. Сонда да «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары өздерінің депутат-әріптестерін берілген мәселе бойынша Үкіметтің теріс позициясына қарамастан, «келесі заң жобаларын талқылау кезінде осы өзекті мәселеге оралуға» шақырды. «Біздің ұсынысымыз бюджетке зиян келтірген жоқ, сондықтан үкіметтің қарсылығы депутаттардың позициясын жоққа шығармауы тиіс. Түптің түбінде парламент заң шығарушы орган болып табылады, және біз осындай мәселелер бойынша атқарушы биліктің тізгінінде жүрмеуіміз тиіс», – деп пленарлық отырыстан кейін «Ақ жол» партиясының көшбасшысы атап өтті.

«Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі