АУДАРМАШЫ ЕРТІП ЖҮРУІМ КЕРЕК ПЕ?

Тіл мәселесі қазақтың жүрегіне тікендай қадалып тұр. Бір кезде орыстануға шақ қалған Солтүстік өңірде қазақтар әлі де ана тілінде сөйлегені үшін жазықты болып жүр. Орысша білмесең Ресейде емес, Қазақстанда өмір сүруің қиындайды. Оған өткен жылы Отанына оралған Гүләйім Сейдуәлиеваның көрген қорлығы дәлел.

– Балық сатып алайын деп Павлодар қаласының Кутузов көшесінің бойындағы «Ласточка» базарының жанында орналасқан «Чайка» дүкеніне кірдім. Дүкенге кірсем 6-7 орыс тұр екен. Кезек сұрап, «кім ақырғы?» деп едім, ешкім тіл қатпады. Орыстың бірі «сөзіңізді ұқпадым, орысша айтыңыз» деді. «Мен Ресейде емес, Қазақстанда жүрмін, неліктен орысша сөйлеуім керек?» дедім, барлығы өре түрегеліп, қаңқылдаған қаздай шулай кетті. «Не деп тұрсың?! Орысша сөйле, сенен басқамыз орыспыз!..» деп дауыстады. «Біз, орыстар болмасақ, өмірлерің не болар еді?! Жерлеріңе қала салдық» дейді. Олар «Біз болмағанда қазақтар әлі күнге дейін киіз үйде тұра беретін еді» деп ойлайтын секілді. Менің мамандығым мұғалім. Орыстардың қазақтарды отарлау саясаты қалай жүзеге асқанын жақсы білем. Басымнан өткен талай сұмдықтан кейін отарлау саясаты әлі де жүргізіліп жатқанына көзім жетті. Жергілікті емес, тіпті Ресейден келген орыс қазақтарға орысша сөйле деп талап етуде. Мен неліктен өз елімде, өз жерімде орысша сөйлеуім керек?! Әлде орысша білмейтіндер Қазақстанда аудармашы ертіп жүруі керек пе?! Оған ақшаны қайдан табам?! Өзім жұмыссызбын. Өзбекстанда өзбекше сұрамасаң, ал Қазақстанда орысша сұрамасаң аш қаласың. Менің құқығымды кім қорғайды?! Қазақ тілін, тілі арқылы қазақтарды қашанға дейін мазақ етіп, қорлай береді? Бұған кім тосқауыл қояды?!. – дейді Гүләйім Сейдуәлиева сауалына жауап берер жан таппай. Облыс әкімі ауысып, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын мырза облыс әкімі болып тағайындалғанда дүйім жұрт қуанып, бөркін аспанға атқан еді. Бірақ аймақ басшысы көк жәшікте де, көп алдында да орысша сөйлеуді жөн санайды. Басқаға бұйрық бере алмаймыз. Облыс әкімінің де кез-келген орыстың да орысша сөйлеуге құқығы бар. Өйткені екі тіл үстемдік құрған мемлекетте өмір сүрудеміз. Билігін жүргізіп отырған қазаққа «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп, «бұрынғы аға ұлт, бүгінгі тату көршісіне» «орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады» деп «екі жақтың да көңілінен шығар» Заң қабылдаған соң бәрі тынышталар деп ойласа керек біздің билік. Бірақ қазақтар бұған келіспейтінін әу баста-ақ айтқан, әлі де айтып келеді. Қайран бабаларымыз «көрмес түйені де көрмес» деп бекер айтпаған-ау...

Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ, Кереку