АСТАНА ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІ ЕЛБАСЫНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

0
1302

Кейінгі 12 жылда Астананың бюджет көлемі Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің астаналарымен теңесті. Бұл мақтануға тұрарлық жағдай. Бұл туралы елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесі барысында
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті.

 – Астана қаласының жалпы бюджеті 353 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққандағы деңгейімен есептесек, бұны Прага қаласының бюджетімен салыстыруға болады. Ал бюджет ауқымы бойынша Астана Киевтен 1,5 есе, Минск қаласынан 2,5 есеге артық. Қаламызға бар болғаны 12 жыл болғанымен, бұл біздің еңбегіміздің нәтижесін білдіреді, – деді мемлекет басшысы.
Елбасының айтуынша, Астана дотациялық қала болғанымен, жыл сайын оның кәсіпорындарының республикалық қазынаға құяр үлесі артып келеді.
– Бюджетке түсім көлемі 434 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 40%-ға артық, – деп атап өтті ол. Президенттің пікірінше, бүгінгі күні Астана аса қарқынды, перспективалы дамып келе жатқан әлем қалаларының бірі болып табылады. Ол Астананың бұдан кейін де өсім лидері болып қоймай, экономиканың, қала шаруашылығының тиімді басқару үлгісі болуы керектігін атап өтті.
– Бас қала халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен қолайлы жағдайлар жасауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде де үлгі болуы керек. Бұған барлық мүмкіндіктер, сонымен қоса, менің тікелей қолдауым да бар. Қала дамуының, ондағы әрбір нысанның салыну барысы менің назарымнан тыс қалмайды. Елдің астанасы барлық жағынан бүкіл өңірлерге үлгі болуы тиіс.
Кеңес барысында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады.
– Өзіңіздің тікелей басшылығыңызбен өтетін мұндай келелі кеңестердің қай-қайсысының да Елордамыздың бүгінін бүтіндеп, ертеңін айшықтаудағы маңызы қашанда зор. Оны уақыт пен осы аралықта атқарылған жұмыстың нәтижелері көрсетіп отыр, – дей келе, И. Тасмағамбетов сандық көрсеткіштерге тоқталып өтті. Өңдеуші өнеркәсіпте қала кәсіпорындары 131,9 млрд теңге сомасына өнім шығарған, физикалық көлем индексі 128,7% құрады.
2011 жылы мемлекеттік бюджетке 434,4 млрд. теңге кіріс кірген, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 121,9 млрд. теңгеге (39 %-ға) артық.
Алыс және жақын шетелдік қалалар және мемлекеттермен арадағы сауда ынтымақтастығы нығайып келеді. Сыртқы сауда айналымы 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайып, 2011 жылы 7,7 млрд. АҚШ долларын құрады.
Астана әкімі энергокешенді дамытуға ерекше назар аударып, қала үшін ЖЭО-3 жаңа энергия көзінің құрылысы стратегиялық маңызға ие екеніне тоқталды.
– Қазіргі таңда бұл жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылуда, оны 2015 жылдың тамызында толығымен аяқтау көзделген. Сонымен қатар, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 энергия көздерін қайта жаңғырту және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған шаралар жылу энергиясы тапшылығы мәселесін шешуі тиіс. Осы жобаларды талқылау барысында бұл жөнінде сізге баяндағанбыз. Бүгінде қаланың жылу тұтынуы 1 675 Гкал/сағ болса, оның тапшылығы 301 Гкал/сағ құрайды, – деді И.Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, 2012 жылы ЖЭО-2-де қуаттылығы 480 Гкал/сағ болатын 4 қазандық іске қосылған соң, жылу энергиясының тапшылығы жойылып, резерв 44 Гкал/сағ. құрайды. Мұндай жағдайда осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өндірілген қосымша жылу энергиясын беру үшін осы жылдан бастап-ақ 4-ші және 5-ші қоспадағы жылу магистральдарын жобалаудың маңызы зор.
Әкімнің айтуынша, 2013 жылы ВЛ-220 кВ сақинасын іске қосу арқылы Астана бөлу желiлерiнiң өткiзу қабiлетiн 1200 МВт-қа дейiн жеткізіп, сыртқы көздерден электр энергиясын сатып алу көлемін ұлғайта алады. Бұл мүмкін болатын электр энергиясының тапшылығын болдырмайды. Алайда, осы міндеттерді орындау үшін ағымдағы жылы «Олимп», «Бәйтерек» және «Әуежай» үш қосалқы станциясының құрылысын бастау қажет.
Ол үлескерлік құрылыс мәселесіне тоқталып, 2008-2009 жылдары Астанадағы проблемалы 243 нысанның толықтай біткенін ерекше атап көрсетті. Қала тұрғындарының атынан Президентке алғыс білдіріп, «Сіздің жеке қамқорлығыңыз болмағанда, 40 мыңдай азаматымыз душар болған мәселені шешу мүмкін емес еді. Қазір олардың барлығы көптен күткен пәтерлеріне ие болды. Сонымен бiрге, жаңсақтық туындамас үшiн, үлескердiң қатысуымен салынып жатқан 7 нысан бар екенiн, өз қаржысына салып бiтiруге уәде берген құрылысшылар бас тартқандықтан, олардың да жуырда құрылыс санатына жатқызылғандығын айта кету керек», – деді әкім.
– Бар қажеттiлiктi ескере отырып, бiз балабақшалар жүйесiн одан әрi кеңейте бермекпiз. Осы себептi, бiз ағымдағы жылы мемлекеттiк бюджет есебiнен ғана 10 балабақша салуға кiрiсiп үлгердiк.
2011 жылы оқушы орнының тапшылығы 14 мыңды құрады. Ал, жалпы алғанда, соңғы үш жылда 8 мектеп бой көтердi. Биыл орта оқу орындарындағы орын тапшылығын үштен бiр бөлiкке кемiту мiндетi қойылды. Қазiргi кезде қала бойынша 5 мектептiң құрылысы жүрiп жатыр.
Денсаулық сақтау нысандары жайында айтатын болсақ, соңғы үш жылда 10 әралуан емдеу мекемесi пайдалануға берiлдi, – деді қала әкімі.
Елорданың одан әрi дамуында жол-көлiк саласының да алатын орны ерекше.
– Бұл ретте мен соңғы үш-төрт жылдың көлемiнде жол салу және жөндеу жұмыстарының саябырсымағанын айтқым келедi. Осылайша, жыл сайын қалада шамамен 120 шақырым жол салынып, жөндеуден өткiзiледi, – деп атап өтті Астана әкімі.
Астананың ұзақ мерзiмдi даму жобаларына қатысты қалалық құрылымдар қызметi бағытының негiзi – қысқаша қортындылағанда осындай болды. Жалпы алғанда, Президенттің көңілінен шықты, алайда ол бірқатар ескертулер жасап, нақты тапсырмалар берді.
Айдана АЛАМАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз