ЕЛДІ БАСЫНҒАН ЕКІ КАРЬЕР ИЕЛЕРІ КІМ ЕКЕН?!. Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбай бұндай заңсыздыққа қалай жол беріп отыр?!.

 

 

Көшеге карьер салғандарды тұрғындар денсаулығы мен                       табиғаттың бұзылуы ойландырмай ма?

 Құрметті «Жас қазақ үні» газеті редакциясы!

 Сіздердің әрқашанда шындықты жариялап, әділдік үшін қайрат жасайтындарыңызды оқып-біліп жүрміз. Сондықтан тұрақты оқырмандарыңыз ретінде сіздерге хабарласуға тура келіп тұр.   Біздің орналасқан жеріміз Шымкент қаласы Абай ауданына қарайтын Қызылжар мөлтекауданы. Іргесінде Бадам өзені ағып жатқан бұл ауылды ел бұрыннан Коммунизм ауылы деп те атайды. Осы Бадамдай өзені бар  Қызылжар ауылының  көркем табиғаты бүгінде апақ шаңның астында қалып, Сәбит Мұқанов көшесі тас-талқан болып, ойдым-ойдым ойық шұңқырларға толып, бұзылып жатыр. Бұған кінәлі тура ауылдың іргесінен  тас-құм шығаратын   екі карьер күндіз-түні тынбай бұрқыратып табиғаттың тас-құмын ақшаға айналдырып, есесіне ауылдың табиғаты мен экологиясын масқараға айналдыруда. Бір тыным таппай аспанға апақ шаң боратып, тарсылдап жатқан карьер дауысынан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық. Есік алдына кірімізді жая алмаймыз, қап-қара болып шығады. Ал олар оңай байлыққа батып жатқанда, халықтың ең үлкен байлығы – денсаулығымыз не болып жатқанын бір құдай білсін? Кейінгі кезде ауыл тұрғындарының денсаулықтары да күрт нашарлап кеткені туралы да көп жерде айтылып жүр. Карьер иелерін ел тұрғындарының, халықтың денсаулығы, экологиялық қауіп-қатері түк те ойландырмайды. Негізі белгіленген ережеге сәйкес ауыл іргесіне, оның үстіне ел пайдаланатын өзен жағасына денсаулыққа зиянды өнім шығаратын өндіріс орнын салуға тыйым салынғаны бәрімізге де белгілі ғой. Мысалы Астана қаласынан өндіріс орындары, осындай тас шығаратын карьерлер кемінде 50 километрден ары салынған. Одан беріге жауапкершілігі жоғары әкімдік рұқсат бермейді. Ал біздің Шымкентке бәрібір ме сонда... Карьер басындағылар «бұл қалай» дегендерге Астанада отырған екі дөкейдің есіміне ерекше екпін беріп айтып, айылдарын жиятын түрі жоқ. Біз бұл деректі нақтылап алмай тұрып, әзірше аты-жөндерін атауды кейінге қалдырып отырмыз. Қорыта айтқанда, біз Редакция арқылы мына сұрақтарға жауап алғымыз келеді: 1.Облыстың, қаланың әкімшілігі, олардың тиісті мекемелері не қарап отыр? Облыстық Жер қатынастары басқармасы (бастығы Созақбай Әбдіқұлов), Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы(бастығы Әбсаттар Дінмұхамед), Табиғат ресурстары  және табиғатты пайдалануды реттеу   басқармасы( бастығы Мұқит Отаршиев)  бұған қалай келісім берген? 2. Облыстық немесе қалалық әкімдік қалай шешім шығарған? 3. Облыстық Табиғат прокуратурасы бұған неге назар аудармайды? 4. Экология министрлігіне қарасты жергілікті  филиалдарың  рұқсаты бар ма бұндай заңсыздыққа?   Редакция осыған араласып, біздің күрделі мәселемізді шешуге ықпал жасайды деп сенеміз.  

      Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қызылжар мөлтекауданы

 тұрғындары

(Аттарымызды жазуға карьер басшыларынан қорқып отырмыз. Өткенде жергілікті телеарналар келгенде карьердің қызметкер әйелдері 3-4 тұрғынмен ұрысып, қорқытуға дейін барған болатын... Өздеріңіз келіп көрсеңіздер, бәріне куә боласыздар.)

 

 

Шымкенттен келген бұл хаттың рас-өтірігіне көз жеткізу көп қиындық тудырған жоқ. Алты Алаштың абызы, ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаймен  қоштасуға Түркістанға барған сапардан қайтарда жұмыс барысында арнайы осы Шымкент қаласы Қызылжар мөлтекауданына соқтық. Хаттағы елдің жазғандары бер жағы екен. Қызылжарлықтардың қып-қызыл қорлықта өмір сүріп жатқанын көзімізбен көрдік. Біз ойлағанбыз, құрығанда карьер ауылдан 50-60 қадам жерде шығар деп... Сөйтсек, бір емес... екі карьер  ешқандай қашықтық сақтамай-ақ, тура көшенің бойына орналасыпты. Сәбит Мұқанов көшесінің бір жағы тұрғындар болса, екінші жағында екі карьер күндіз-түні  топырақ-шаңын боратып тұрып, тарсылдатып жұмыс істеп тұр...  Ал С.Мұқанов атындағы екі көшенің бойымен  жүк көліктері, қаптаған КамАЗ-дар жолдың ойдым-ойдымын шығарып, шаңын аспаңға шығарып жатыр.  Біз жолсызға лайық джип көлігімен барғанымыз дұрыс болыпты, әйтпесе жай жеңіл көлігіңіздің жүруі қиын шаруа екен...   Көше бойына емін-еркін орналасқан екі карьердің аумағы ат шаптырымнан үлкен екен. Ешқандай қоршаусыз, ашық-шашық жатыр. Тура балалар ойнайтын көшеге орналасқан карьерлерде қауіпсіздік ережесі дегеніңіз атымен жоқ. Тау-тау болып үйілген қиыршық тастар мен шаң-топырақтан сақтанып, бет-ауыздарын жартылай тұмшалап алған жұмысшылар қызу жұмыс үстінде... Бір шеттегі  блок кірпіштер шығарылып жатса, бір шетте тас  артып жатқан жүк көліктері кіріп-шығуда... Ешқандай қоршауы жоқ іргелес тағы бір үшінші аумақта, тура көше бойында   жал-жал тастарды қазып, төбе қылып үйіп  жатқан экскватор дауысы жаңғырығып тұр...

Өзбектер екені түрлерінен байқалып тұрған екі-үш жұмысшыдан «басшыларың қайда?»-деп, жөн сұрап едік, шеткі жатаған тоқал үйді көрсетті. Әлдене жазып отырған келіншек бізді алдында «клиенттер» екен деп қалса керек, «басшымыз Жанар»-деп қалды да, біздің жұмысымыз басқа екенін байқап қалып, «ешкімді білмеймін, ешнәрсе айтпаймын» деп ат-тонын ала қашты. Кейін біздің оңай қайта қойматынымызды байқаған соң, «Әлина» деген келіншекке жұмсады. Ол кісіміз де бет-аузын тарс тұмшалап алған екен, ешқандай жауап беріп жарытпады, қашқақтаумен болды. «Қанатқа барыңыз» деген соң, Қанатын тауып алып, «Бұл қандай мекеме, басшысы кім? Қала ішінен карьер ашуға рұқсаттарыңыз бар ма? Бар болса, кім берді?»-деген сұрақтар қойып едік, шоршып түсті. Ол бірден: «сіздер неге рұқсатсыз кіресіздер, қазір заңгер мен адвокатты шақырамын, шығыңыздар!»- деп дүрсе қоя берді. «Адвокат шақыратындай сендерді ешкім соттайын деп жатқан жоқ, заңгеріңді шақыра бер. Ал рұқсат сұрап кіретіндей аулаң мен шарбақ атаулы  жоқ қой бұл жерде»-дегенді түсінетін түрі жоқ. Бұлармен сөйлесіп, береке таппайтын болған соң, оларға тұрғындардың редакцияға жазған арызын қалдырып, көріністі суретке түсіріп қайтуға тура келді. Кейбір орындардан сұрастырғанымызда екі карьердің бірі "Шеңгел" ЖШС деп аталатынын білдік. Шеңгел болса, шеңгел шығар дедік, мына табиғат байлығын заңды бұзып тұрып, шеңгелдеп бұзып алып жатқандарына қарағанда... Қайтарда жолымызда жолыққан С.Мұқанов көшесі тұрғынынан жөн сұрастық. Өзінің атын айтқанмен баспасөзде атамай-ақ қоюды сұраған орта жастағы ағай редакцияға жолданған хатпен таныс болып шықты. Ол күндіз-түні екі карьердің шаңы мен шуынан көз ашпай қалғандарын, тұрғындар денсаулығы да нашарлап бара жатқанының рас екенін айтып берді. Визиткамызды алып қалған ағайға бұл мәселенің көтеріліп, баспасөзде жарияланатынын айтып қоштастық.

Шымкент көлемі мен көркі және тұрғындарының саны  жөнінен еліміздегі үшінші қала  екені белгілі. Астанадағы немесе Алматыдағы шеткі  көшелердің бір жағында бір емес екі карьер бұрқыратып тас шығарып жатқанын елестетіп көріңізші көз алдыңызға... Бұл карьер иелері сонда тас пен құмнан ақша жасауды, байлықты  білгенде, тұрғындардың ең үлкен байлығы - денсаулықтарын бұзу мен табиғатты , экологияны құртудың заңсыз екенін білмей ме сонда? Иә, қызылжарлықтар шырылдағандай, бұндай заңсыздыққа Шымкент қаласы әкімі Арман Жетпісбай қалай рұқсат берген? Өткенде ғана Шымқаланың жас әкімін «тегімізденен «ов» пен «ованы» алып тастайық» деген жақсы бастамасы үшін «Жас қазақ үні» газетінде жақсылап мақтап жазып едік... Енді, міне, мына сұмдықты көріп, таңғалып тұрмыз. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырза облысының орталығында не масқара болып жатқанын білмей ме? Облыстың  тиісті мекемелері не қарап отыр? Облыстық Жер қатынастары басқармасы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.., Табиғат ресурстары  және табиғатты пайдалануды реттеу   басқармасы  бұған қалай келісім берген? Облыстық немесе қалалық әкімдік қалай шешім шығарған?  Облыстық Табиғат прокуратурасы бұған неге назар аудармайды? Экология министрлігіне қарасты облыстық филиалдары қалай рұқсат еткен бұндай заңсыздыққа? Әлде олар Шымкент қаласы Қызылжар мөлтекауданы тұрғындарының ереуілдеп көшеге шығуын күтіп жүр ме? Ашынған жұрттың неге де болса баратыны Жаңаөзен оқиғасынын кейін де, шенеуніктер мен әкімдерді ойландырмайтын болғаны ма сонда?..

Бұл жерге осы карьер иелерінің өзі «ойбай, газеттен тілші келіп қалды!»-деген аттан кезінде  болмаса, депутаттар да, әкімдер мен шенеуніктер де келмейтіні, шаңға батпайтыны  белгілі...Әйтпесе, мынадай сұмдыққа қалай жол береді? Облыстық, қалалық депутаттар не қарап отыр? Осы ауданнан сайланған облыс, қала депутаттары...  не істеп жүр сайлаушылар зарын тыңдамай... Шымкенттен шыққан Парламент депутаттары қайда, бәрін қатырамыз деген «Нұр Отан» партиясы неге араласпайды? Депутаттар демекші, «Ақ жол» партиясының мүшесі, Шымкент қалалық депутаты, белгілі кәсіпкер  Қайрат Сапарбаев қана қайрат көрсетіп, біраз рұқсаты жоқ карьерлерді жаптырғанын қала тұрғындары ризашылықпен айтып жүр. Ал басқалары неге үнсіз? Басқа жұмыс қалмағандай, «Асар» секілді айшықты қалашықтың тұрғындарының руларын тексеріп... (мұндай да масқараны көрді шымкенттіктер), сол үшін депутаттық комиссия құрып жүрген облыстық мәслихат депутаттары енді қайда қалды? «Қызылжар» мөлтекауданының шаң басқан көшелерімен тұншығып шығып бара жатып  ең алдымен осындай сауалдар санамызды сансыратты...  «Ең бірінші байлық – денсаулық»,  «Тазалық –денсаулық кепілі» деген мақалдардың  босқа айтылмағанына көз жеткіздік. Халыққа жақын болғысы келген әкімдер бұл мәселені тез арада шешеді деп үміттенеміз. Біз бұл сауалдардың  жауабын күтеміз және Шымкент қаласы Қызылжар мөлтекауданы тұрғындарының жанайқайы жақсы шешілгенше қадағалап отыратын боламыз. Карьер иелері «табылып», уәждері болып, жауап беріп жатса, оны да жариялайтынымызды мәлімдейміз.

                                                           Қазыбек ИСА

Шымкент қаласы

"Жас қазақ үні" газеті  

www.qazaquni.kz