ЖЕЛТОҚСАНДА БӨЛІНБЕГЕН ҚАЗАҚ БҮГІН НЕГЕ РУҒА БӨЛІНГІШ? Ал дарындылар белгілі бір рудан ғана шығады дегенге кім сенеді?

– Шырақ, қай рудан боласың? Мен дәл мұндай сұрақ күтпеген едім. Қазақтың салған жерден ру сұрасып жатуын жаратпаймын. Сәл бөгелдім де, айта бастадым: – Ұлы жүз боламыз. Ұлы жүздің ішінде Албан... Бетінде ешқандай сезім белгісі білінбей, сөзін тәптіштеп сөйлеп: – Шырақ, Албанға да, басқаға да бұл мектепте орын жоқ. Келген іздеріңмен қайта берулеріңе болады. Бердібек Соқпақбайұлы «Өлгендер қайтып келмейді» романынан.

 *** Руға бөлінудің бүгінгі жағдайы кәдімгідей көңіл алаңдатады. Бұл құбылыс тұтас бір ұлтты торына түсірген індет. Біраз уақыт бұрын «Бір рулардың өкілдері жиналыпты, өздерінің президенттерін сайлапты» деген сөз шықты. Біреулері өз руларының шежіресін кітап етіп шығарса, енді бірі өз аталастарынан шыққан атақтыларын, бүкіл ел білсін білсін-білмесін – әулие, би, батырларын насихаттауға түрлі әрекеттер жасауда. Осылай көзге көрінбейтін, мәресі қай жерде екені белгісіз, жарыс жүріп жатыр. Бұндай жарыстың бар екенін, әсіресе, біреу лауазымды орынға отыра қалса, бірден білуге болады. Ілезде ол азамат туралы «өзі қай жүз, қай рудан екен?» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Неге екені белгісіз, «бұл азаматтың ұлтжандығы мен іскерлігі осы лауазымына сай ма?» деп сұрамайды. Бірде жаға ұстатар мынадай әңгіме естігенім бар: жұлдызы жанып бүкіл әлемге аты шыққан жап-жас спортшы қайғылы қазаға ұшыраған кез. Бір замандасым «болашағы зор еді, бірақ не шара, қазақтың маңдайына сыймады» деп мұңайыпты. Сонда қасында тұрған бір жігіт: «Сенің нең кетті, қаза тапса, біздің рудың адамы қаза тапты...» депті. Бұндай сөз естимін деп ойламаған замандасым не дерін білмей қалыпты... Бір кісімен өнер жайлы сұхбаттасуым барысында ол «өнерде өзгелер жетпейтін биікке жетіп, бүкіл елге белгілі болу да руға байланысты, кейбір рулар өнерге бейім, кейбіреуі бейімсіз», деді. Мен өз кезегімде, сонда: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Естай, Мұхит, Ақан, Біржан, Майлы, Мәделі, Жамбыл, Кенен мен тағы басқа да қазақтың бетке ұстар өнер иелерінің бәрі бір рудан боғаны ма, дегенімде, «не десең о де» дегендей, қолын бір-ақ сілтеді. Дарынды, ұлы тұлғалар барлық рулардан шығады. Қазақтың бетке ұстар ғалымы Шоқан мен «Алаш» партиясын құрған Әлихан Бөкейханұлы, күйшілер Дәулеткерей мен Дина – төре, Ақан сері – арғын ішінде қарауыл. Күйші Құрманғазы – Байұлының ішіндегі қызылқұрт, әнші Мәди – қаракесек, ақын-жыршылар Жамбыл мен Сүйінбай – екей, қобызшы Ықылас – тама, күйші Қазанғап – шанышқылы. Күйші Тәттімбеттің руы – шаншар. Ақын Абай – тобықты, Естай Беркімбайұлы – алмашы, Балуан Шолақтың руы – Дулаттан шыққан сәмбет, белгілі әнші-композитор Жаяу Мұсаның руы – айдабол, суретшілер Әбілхан Қастеев – суан, Үкі Әжиев – дулат, ғалым Құдайберген Жұбанов – әлім. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов пен «Әлем музыканты» деген атаққа ие жалғыз қазақ Айман Мұсақожаева – қожа. Мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков – қоңыраттың ішіндегі тіней, Төлеген Тәжібаев та қоңыраттың алғыйы. Белгілі ақын Қадыр Мырза-Әлі – байбақты. Ұлы Отан соғысының батыры Сабыр Рақымовтың руы – бағыс, ал оның ұлтының қазақ екенін дәлелдеген ғалым Әсілхан Оспанұлы – қожа. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Бірақ осының өзі-ақ дарындылық адамға руына байланысты қонады деген кейбіреулердің тұжырымын жоққа шығарады. Жалпы, Абылай, Кенесары, Шоқан, Исатай, Махамбет, Абай, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар, Аманкелді, Әліби, Сәкен, Қажымұқан, Әлия, Мәншүк, Бауыржан, Қаныш, Шәкен, Күләш, Әмина, Олжас, Мұқағали, Ермек, Бибігүл, Шара, Роза, Қаршыға, Айман, Әлібек, Жәния дегенде бөліне қоймайтын қазақ, болмайтын жерде бөліне беретіні несі? 1986 жылдың қара суығында әміршілдік жүйеге қарсы шыққанда ру, жүзге бөлінбеген қазақтар күнделікті күйбең тіршілік кезінде неге бөлінгіш? Мүмкін бұл сұрақтың жауабын тарихтың кең алқабынан іздеу қажет шығар? Біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот «Тарих» атты еңбегінде бүгінгі қазақтың ата-бабалары сақтардың массагет, саурамат, тиграхауд және басқа да тайпалардан құралатынын баяндаған. Кезінде дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс әскерінің басым көпшілігі сол сақтардың ұрпақтары түрлі ру-тайпалардан құралған түркі тектестер екенін ұлы тарихшы Лев Гумилев және басқа да тарихшылар бұлтартпастай дәлелдегені белгілі. Қайсыбір елдің, өркениеттің даму барысында бірде самғап биікке өрлеуі, енді бірде құздан құлағандай төмен құлдилауы заңды құбылыс. Бірақ бұлжымайтын бір ақиқат бар: бабаларымыз сонау ықылым заманда қан араласудың өте қауіпті екенін түсініп, ұлт ретінде жоқ болып кетпеуді ұрпақтарына осындай үрдіс арқылы аманат етіп кеткен. Бұл үрдіс біздің бабаларымыздың денсаулығының сол кездерде жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етті. Қазір де өз маңызын жойған жоқ. Бұл үрдіс бабаларымызға ғасырлар бойы тіршіліктің тосқауылдарын жеңе отырып әлем өркениетіне өз үлесін қосып бүгінгі күнге жетуге мүмкіншілік берді. «Мен байырғы түркі (түрік емес – Б.О.) өркениетінің ежелгі өркениетті дамытуға және кеңінен таратуға тигізген ықпалының қаншалықты маңызды екенін толық сезінемін, сондай-ақ тіпті Еуропаның басқа бөлігінде орналасқан менің отаным Норвегияда да, қазіргі уақытта танылған қандай да бір өркениеттің ішінен түркі мәдениеті ықпалының өте күшті болғанына сенемін». Бұл атақты норвег саяхатшысы, ғалым Тур Хейердалдың 2001 жылы Астана қаласында өткен «Ежелгі түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының қатысушыларына жолдаған сөзі. Дүниежүзі мойындаған ғалымның жылдар бойы жасаған зерттеулеріне негізделген бұл пікірі бабаларымыздың жоғарыда айтылған ұстанымының дұрыс екенін, қан араласпау тек денсаулық қана емес, сонымен қатар, ойлау қабілетінің деңгейін, сол арқылы халық болып даму барысын қамтамасыз ететінін біздің бабаларымыздың сол кездері саналы түрде пайымдап, іске асыра алғанын дәлелдейді. Әрине, ел болған соң түрлі келеңсіздіктер болмай тұрмайды, ішінара бабалар аманатын дұрыс орындамаушылық та белес алып, руға бөлуді лауазымға қол жеткізу үшін, яки жер дауы кезінде саясатқа айналдырғандар да болған. Өзі мекендеген жазық даладай кең халықтың осы бір буынсыз жерін өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатында пайдалана білген көрші мемлекеттер де болды. Солардың бірі Ресей империясы қазақ жерін жаулап алу барысында жүздер мен руларды бір-біріне айдап салу әдісін кеңінен қолданды. Қазақтардың руға бөлінуінің жағымсыз жақтары қоғамның барлық салаларынан орын алғаны белгілі. Мысалы, 1925 жылы басылған «Қазақ халқының 1000 әні» деген кітабында Александр Затаевичтің: «...обыкновенно казахи признают только напевы и мелодии своего рода, аула и волости, отрицательно и даже враждебно относясь к прочим...» деп жазғаны осының дәлелі. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген даналықты ұмытқан қазақтарды мәңгүрт, робот-халық ету үшін барын салған Ресей империясының мұрагері – Кеңес Одағының Коммунистік партиясының басшылары өздерінің майшелпек жағдайын ұзағырақ сақтау үшін, бір қолымен халықтар достығының жалауын желбіреткенсіп, екінші қолымен елге іріткі салумен барынша айналысты. Тарихты өздерінің саясатына ыңғайлап жазып, соның арқасында тек жалғыз орыс халқын ұлы халық етіп көрсетіп отырды. Ал сол халықтың әрдайым бөлінгісі келіп тұратынын тіптен де ауызға алған жоқ. Мысалы: Шыңғыс хан Ресейді басып алуы кезінде орыс князьдері бір-біріне болысудың орнына, Шыңғыс ханның әскери көмегі арқасында бірінің жұртын бірі қырып, небір жауыздық ылаңын салғаны туралы ләм-лим деп ауыз ашпады. Есесіне кемшіліктерді керегінше басқа халықтардан тауып отырды. Солардың қатарында қазба байлықтары мол ұланғайыр жері бар қазақтарға баса назар аударылды. Сондықтан «сендер жүзге, руға бөлінесіңдер» деген кінә қазақтарға кешірілмес күнә ретінде тағылу нәтижесінде тұтас бір халықтың санасына жылдар бойы құйылып, Мәскеуде отырған басшылар бұл ісінде де біршама нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, қазақтардың сенгіштігін пайдалануға келгенде Мәскеу Кремлінде отырған бөлгіштер өз мүдделеріне оңай қол жеткізе білді. Басшылық орындарға тағайындау кезде үміткерді жүз, ру жағынан әбден тексерістен өткізетін. Сондықтан небір ұйымдастырушылық қабылеті зор азаматтар «Биографиясы келгенмен географиясы келмей» жарты жолда шаң қауып қала беретін. Бұған елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Г.Колбин орнынан түскен соң оның қағаздары арасынан Қазақстандағы биік лауазымды қызметкерлердің жүзі мен руы жазылған тізім тауып алғаны дәлел. Бірақ, бөлінудің де бөлінуі бар екенін ұмытпаған жөн. Жалпы, руға бөлінудің пайда болуының бірден-бір себебі – ата-бабаларымыздың табиғатқа бүгінгі оқыған ұрпақтарынан жақын болғанында. Сонау ықылым заманда туыстығы жағынан жақын адамдардың қаны араласқанының қандай қайғы-қасіреттер әкелетінін көріп-біліп, ұрпағының болашағын ойлап, руға бөлінуді әдет-ғұрыпқа айналдырған. Қан құрамының адам өмірінде алатын орынын бүгінгідей дамыған зертханалары болмаса да, олар тән тазалығына, бүкіл ел денсаулығына біртұтас мемлекеттік тұрғыда мән беріп, қоғам денсаулығын дұрыс ұйымдастыра білген. Ұлт денсаулығы қан тазалығынан бастау алады. Медицина ғылымының дәлелдегеніндей, келер ұрпақ денсаулығы мықты болуы үшін әр азамат пен азаматша алыс жерден жар таңдағаны лазым. Ал бүгінгідей ұшақ, машина сияқты көлік болмаған кезде алыстан жар таңдау, әрине, қиынның қиыны еді. Сондықтан бұрынғылар ұл мен қыздарынан басқа рудан қосақ таңдауларын талап еткен. Мысалы, қазақтың «Жеті жарғы» заңы бойынша бір рудың жастары көңіл қосатын болса, өлім жазасына кесілетін болған. Туыс адамдардың қан араласуының адам баласына жат қылық екені Құранның «Ниса» сүресінде де жазылған. Кеңес үкіметі тұсында орыс тілінде шыққан «Жас жұбайларға кеңестер» атты кітапта осы мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Онда жақын ағайындардың бір-бірімен қыз алысу дәстүрінің қайбір халықтарға зияндық тигізетіні жазылған. Нақты мысал ретінде кейбір ұлт өкілдерінің көбінесе толық денелі болуының сыры жақын адамдардың қандары араласуында екенін әрі бұл жағымсыз әдет бұл ұлттарды небір айықпас науқастарға душар ететіні жазылған. Осы бір кертартпа әдеттің зияндығын растайтын мысалдар адамзат тарихында да баршылық. Мысалы, көпшілік көбіне-көп ұлы өркениет санайтын Египетте біздің дәуірімізге дейін жақын туыс адамдардың үйлену дәстүрі болғаны белгілі. Осы елдің Птоломей фараондар әулетінің соңғы ханшайымы, адамзат тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра 18 жасында ата-бабаларының әдет-ғұрпына бағынып өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққан. Ғалымдардың айтуынша бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Адам қанының құпиялары өте бір зер сала көңіл аударуды талап етеді. Мысалы, неміс ұлтының бес бірдей өкілі – ақындар Шиллер мен Гельдерлин, философтар Шеллинг пен Гегель және физик Макс Планк өзара туыстас екен. Он бесінші ғасырда өмір сүрген Иоганн Вант солардың ортақ бабасы. Чарлз Дарвиннің немересі Фрэнсис атақты физик, ал атасы Эразм дара тұлғалы атақты дәрігер болғаны белгілі. Апалы-сіңлілі Ольга мен Евдокия Трубецкаялардың ұрпақтарының бірі орыс халқының ең атақты жазушысы Лев Толстой болса, екіншісі сол халықтың бетке ұстар ең атақты ақыны Александр Пушкин екені де дәлелденген. Адам қанының ерекшеліктеріне қарай түрлі топқа бөлінетіні өткен ғасырда 1906 жылы Еуропада, 1910 жылы АҚШ-та ашылды. Ал 1914 жылы адам қаны топтарының кездесу шарттары әртүрлі екендігі анықталды, яғни әр халықта қанның белгілі бір тобының кездесу шарттары басым болып келеді. Ғалымдар барлық халықтардың қан топтарын зерттеп, жер шарының қай бөлігінде қандай топтағы қан басым кездесетінін айқындап, генеографиялық карта жасаған. Мұның өзі халықтардың басынан өткен миграциясын, жаулап алушылықты, сауда қатынасын, қыз алысу дәстүрлерін де көрсетіп береді. Белгілі антрополог ғалым Оразақ Ысмағұлұлы былай дейді: «Қазақтардың қанына байланысты жүргізілген ұзақ жылдарғы зерттеулерімнің нәтижесінде олардың биологиялық ортақтығы, генетикалық жағынан біртұтастығы айқындалды. Қазақ халқы бір генофонға жатады. Демек, халықтың басынан өткен биологиялық тарихы бар деген сөз. Қазақстанның ертедегі және қазіргі антропологиялық типтерін салыстыру үш мың жылдан астам уақыттың берік генетикалық байланысын белгілеуге мүмкіндік береді». Ғұлама ғалым ағамыздың осы сөздері бабаларымыздың санасының сонау ерте заманда-ақ өте биік болғанын растайды. Қазақтар баланың әке-шешесіне ұқсауына, немесе туған-туысқандарына, нағашыларына тартуына әрқашан үлкен мән берген. «Қаны тартпағанның қары сынсын» деген сөздің шығуы да тегін емес. Ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы жалғасын тауып отыратын денсаулық деңгейінің көрсеткіші бүтін бір ұлттың болашағының кепілі. Денсаулықпен қатар халықтың қабілеттілік деңгейі өз көрінісін тауып отырады. Кімде-кімнің денсаулығы мен қабылеттілігі туыстарына байланысты болатыны рас. Балалардың әке-шешесіне ұксауы заңды. Бірақ түр ұқсауы мен кабілет ұқсауы екі бөлек нәрсе. Әке жағынан бола ма, әлде ана жағынан бола ма, бұл тылсым құпия. Қазақтың атақты күйшісі Құрманғазы әрі күшті болуымен қатар мерген де болған. Ал күйшінің әке-шешесі Сағырбай мен Алқа кедей адамдар болғаны белгілі. Әкесі бүкіл өмірін байдың жалшылығында өткізген жуас-момын кісі болыпты. Ал анасының ағалары төкпе ақын, аңыраған әнші, бармағынан бал тамған күйші, топтан озып жүлде алған палуан болған. Күйшінің анасы Алқа Мәтіғұлқызы той-жиындарда талай рет колаң шашын түйіп, жіп белбеу буынып, екі білекті сыбанып, той-астарда күреске шығып талайларды жеңген күш иесі болған. Қорлан қызға ғашық болып ән шығарған атақты Естайдың әкесі Беркімбайдың айта қаларлықтай дәулеті болмаған, әрі екі аяғы жоқ ғаріп жан екен. Ал анасы Құлипа мен нағашысы Байтұлым ауыл арасында ғана емес, кезінде бүкіл Кереку өңіріне аттары әйгілі әншілер болған. Атақты Дәулеткерей күйшінің әкесі Шығай төре ауқатты адам болған. Бірақ, ел басқару өнеріне жетік болғанмен, ән айтып, күй тартпаған кісі. Есесіне Дәулеткерейдің ұлы Салауаткерей де шебер күйші болған. Ұлы күйшінің перзентін көріп күйін естіген Дина Нұпейісова оның асқан орындаушылық дарынын тамсана айтқан. Дәулеткерейдің туған жиені Науша Бөкейхановтың да казақ күй өнері тарихында алатын орны ерекше. Әнші-композитор Кенен Әзербайұлының әкесі көзге түсе бермейтін шаруақор жан болған, ал шешесі Ұлдар үлкен әнші болған кісі. Саусақтары Құлагердей жүйрік күйші Динаның әкесі Кенже палуан әрі домбырашы болған. Күйші Сейтектің атасы Байшора жиын- тойда өлең айтқан. Абайдың шешесі Ұлжанның сіңлісі Малғара шебер домбырашы болғандықтан, келін болып түскенде көпшіліктің сұрауымен шымылдықтың ішінде отырып «Сылқылдақ» деген күйді тартып берген. Қобызшы Ықыластың әкесі Дүкен қобызшы болған. Сыбызғышы Сармалайдың әкесі Садық та шебер сыбызғышы болған. Мысалы, Мұса атты екі тарихи тұлға бар. Солардың біреуі: Шорманның Мұстафасы атымды алып, Атандым сол себепті Жаяу Мұса, – деп ән де шығарғаны белгілі. Сол атақты азаматтардың бірі Мұстафа Шорманұлының ұрпағы, ғалым Қаныш Сәтбаевтің жиені, еліміздің дүние жүзіне танытар белгісіне айналған Алтын адамды әлемге танытқан археолог Кемел Ақышұлы. Ал белгілі ақиық ақын Олжас Сүлейменов халық композиторы Жаяу Мұсаның ұрпағы. Қаламы ұшқыр Мұхамеджан Сералиннің әкесі Сералы біртуар ақын болған. Бөкей ханның бір ұрпағы Ғабдол туған халқының сөз өнерінің білгірі әрі мықты домбырашы болған. Бүгінде белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің перзенті. Күміс көмей әнші Әлібек Дінішев белгілі әншілер ағайынды Ришад пен Мүсілім Абдуллиндердің жиені. Осы әншілердің тағы бір ұрпағы қазірде танымал «Мюзикола» дуэтінің әншісі Карина Абдуллина. Композитор Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза да қазақ музыкасына өзінің қомақты үлесін қосқан композитор болды. Ал атақты Біржан сал Қожағұлұлының арғы атасы Бертістен: Ақшуақ, Айшуақ. Жаншуақ, Қожамқұл, Қожағұл деген бес ұл туған. Бірақ атақты саз зерттеушісі Ахмет Жұбановтың айтуынша «Сөзден кесте төгетін ақындық, жаныңды жайлайтын жібек үн, айызыңды кандыратын ән, дарынды орындаушылық – әрісі Бертіс, берісі Қожағұл түқымында болмаған». Сондай-ақ Ақан сері атанып кеткен Ақжігіт Қорамсаұлының перзенттері: Айша, Мұхамбет, Рамазан, Айберген арасынан шыққан жалғыз өнер иесі. Қорамсаның Ақаннан басқа балалары көптің бірі болып өмір кешкен. Дауылпаз ақындар Мұқағали мен Төлегеннің және басқа елге танымал көптеген тұлғалардың перзенттері де қарапайым мамандық иелері. Және мұндай мысалдар өмірде өте көп. Осы және басқа да мәліметтер қан араласуына немқұрайлы қарауға болмайтынын дәлелдейді. Бірақ кейбірде руға бөлушілік бүкіл ел мақтаныш ететін тұлғалар тарапынан да шығып жататыны өкінішті. Бұған да мысалдар жетерлік. Құрметті оқырман, қазақта «Дос жылатып айтады» деген сөз бар сондықтан, енді еліміздің ұлы тұлғалары деп танылған адамдардың руға бөліну әдеті туралы өмірде болған жайларды жазғаныма өкпелей қоймассыз. «Күндестіктің түрін, көре алмаушылықтың түрін өзгерттік. Әуелі үш жүзге бөлініп алып күндейміз, үш жүзге бөлініп алып көре алмаймыз. Пәлен жүздің жақсысын айтқымыз келмей тұрады, біз одан кем емеспіз дейміз. ...Міне, осы бөлінушілік өзімізден басталады да, амалсыздан бөлінесің сосын». Бұл сөздердің иесі Сәкен Жүнісов, («Әебиет айдыны» газеті,24.02.2005. 7-бет). Амалы таусылға ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев жазушылар одағының басқарған кезде екінші хатшылыққа қаншама адам үміттенгенін біле тұрып жүзге кірмейтін Қалтай Мұхамеджановты таңдаған екен. Мұнысы көп адамға ұнамапты да. Себебі, Арқаның азаматын әкелсе Оңтүстікке, Оңтүстіктің азаматын әкелсе – Арқаның қазақтарын ренжітіп аламын деп ойласа керек», – дейді сол оқиғаның куәгері Қадыр Мырза-Әлі. Бұл сөзге сенесіз бе, сенбейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Себебі: «Қазақты бір-біріне алакөз ғып қойғысы, бүтін іргемізге бүлік кіргізгісі келетін тағы бір іріткі ол – рушылдық. Бұл – біздің қоғамымызды, ойды да бойды да білдірмей алып бара жатқан дертті құбылыс. Бүгінде ру десек, өзгені былай қойғанда, әлгі «прогрессивті қазақтар – мәңгүрттердің» өзі ішкен асын жерге қояды. Тілін білмейді, бірақ руын біледі» дейді ақын Темірхан Медетбек, («Ақ жол Қазақстан» газеті. 18 ақпан, 2005. 13-бет). «Бізде ру-руға бөлініп, бәлен батырға, бәлен әулиеге ескерткіш қоюға құмар». Бұл белгілі жазушы Дулат Исабековтің сөзі, («Алаш айнасы» газеті, 3.10.2009. 6-бет). Сонымен, рушылдық коррупция сияқты қоғамның барлық саласына орнығып алған. «Әдебиет деген өнер өте қасиетті болғандықтан, мұнда «коррупция» да бар. Мәселен, өтірік мақтау рецензиялары. Рушылдық, жершілдік, сондай-ақ сыйлық алуда да әділетсіздік байқалып қалып жатады». Бұны айтқан жазушы Жұмабек Шаштайұлы («Айқын» газеті, 4 қаңтар 2009 жыл. 8-бет). Қазақтың бетке ұстар азаматтары руға бөлінген соң, басқаларға не жорық?! Осындай бір оқиға менің әкем – ғалым Әсілхан Оспанұлының кандидаттық диссертация қорғауына байланысты. Әкемнің маңдайына заңғар жазушы, энциклопедист ғалым Мұхтар Әуезовтің соңғы аспиранты болу жазылыпты. Бұл жөнінде әкем күнделігінде: «Неткен бақыт! Мені Мұхтар Әуезовтің өзі таңдап алды!» деген сөздер жазған. Бірақ ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс болған соң Күнгей ақындары Майлықожа, Мұсабек, Нұралы ақындардың шығармашылығын зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясын қорғауы небір қиындыққа ұшыраған әкемнің 2000 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Мен білген Мұқаң» естелік мақаласында мынадай бір оқиғаны баяндағаны бар: «...менің сансырай сандалуым басталды. Бұл жағдай аттай бір жыл уақытымды босқа сарып етті. Айтпақшы, әлгі қорытындыдан кейін академияның екі бірдей ғылыми-зерттеу мекемесі – Тіл білімі институты мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңестерінің біріккен жиылысы шақырылып, диссертация сонда талқыға түсті. Мұнда енді Ғабең – Ғабит Мүсірепов ағам кес-кестеді. Және ол кісінің сөз бастау ауаны мені айран-асыр етті. Ол кісі, әй-шәй жоқ, салған жерден: «Мен өзім қожа деген халықты жек көретін кісімін» деп салғанда орнымнан қалай атып тұрғанымды байқамай да қалдым». Кімнің болса да іс-әрекеттерінің ағын ақ, қарасын қара деп қарайтын әкем Ғ.Мүсіреповтің бұнысына кешіріммен қараған. Әлі есімде, жетінші сыныпта оқып жүргенімде әкем Әсілхан Оспанұлы мен анам Оразкүл екеуі бірде әпкелерім, аға-інілерімді жинап, мені туған күніммен құттықтап, жазушының «Қазақ солдаты» атты кітабын сыйға тартқан еді. Әкем Ғабит Мүсіреповті сол бір кездегі сөзі үшін жек көріп кетсе маған оның кітабын сыйламас еді ғой. Мектеп бітірерде сол кітап туралы «Менің сүйікті кітабым» атты шығарма жазып, «бес» деген жоғары баға алғаным дәл бүгінгідей есімде. Ғ.Мүсіреповтің руға бөлінгені туралы осы оқиғаны білсем де, онша көңіл аударған жоқ едім. Бірақ Ғабит Мүсіреповтің кезінде, шынында да, осындай кертартпалыққа шындап ұрынғанына Қадыр Мырза-Әлі «Иірім» атты естелік кітабында: «Оның жағымсыз образдары, негізінен қожалар мен төрелер. Оларды аямаған. Ыза-кегінің бәрін соларға төккен», деп жазғанын оқығанда түсіндім. Кенен Әзірбайұлының қызы Төрткен әпкеміз өзінің «Кенен ата» атты кітабында есте қалған мынадай бір оқиғасын баяндайды: 1963 жылдың жазы еді. Нұрғиса аға (Н.Тілендиев – композитор), қасында әйгілі композитор, марқұм Бақытжан Байқадамов бар, атама сәлем бере келіпті. Атам қайтамыз дегендеріне қарамай: «Бақытжан баламның біздің үйге келіп отырғаны осы, дәм татпай кету деген ұят болады», – деп жібермеді. Өңшең өнер адамдарының әңгімелері жарасып, тамаша отырыс болды. Атам ән айтып, композитор інілеріне арнап өлең шығарып, игі тілектерін арнап, ағалық батасын берді. Бақытжан аға қатты разы болып кетті білем: «осы бәріміз Жамбыл атаның өнеріне сөзсіз бас иеміз, ал шындығына келетін болсақ, сол кісімен бірдей нағыз аспанға көтеретін адамның бірі Кенен аға ғой. Әрі әнді өлеңмен шығарасыз, оны домбырамен өзіңіз сүйемелдеп, өзіңіз орындайсыз. Даусыңыз қандай асқақ», – дегені сол еді, Нұрғиса ағаның қаны басына шапшып бір-ақ шықпасы бар ма?! Орнынан атып тұрып: «Сен неге Жамбылға тіл тигізесің, ә? Жамбыл Шапырашты деген батыр елден шыққан, менің туысым. Ол Жетісу ақындарының атасы. Оны терең білу үшін өлеңдерін түсініп оқу керек!..» – деп дауыс көтеріп, шатақ шығармақ болды. Атам Нұрғисаға ұрсып, әрең басты. Бақытжан аға ыңғайсызданып, атамнан қайта-қайта кешірім сұрап, мазасызданды да қалды. Сондағы атамның екеуіне: «Шырақтарым, біздің түбімізге жететін осы бөлініс. Жүзге, руға бөлінуді қоймасақ, ел болып, қазақ болып жетіспейміз. Басқаларға күлкі-мазақ болып, тоз-тозымыз шығып кетуіміз мүмкін», – дегені есімде». Кенен атамыздың айтқаны дұрыс. Ақынның пікірін қазақтың тағы бір ұлы азаматы Өзбекәлі Жәнібекұлы да: «Соңғы жылдары біз тағы бір қасыретке тап болдық. Ол қазір белең ала бастаған хандарды да, билерді де бір-біріне қарсы қойып, ата-атаға, ру-руға, тайпаға бөліп, жіктестіре бастаған сырқатпен байланысты» деген сөздерімен құптайды («Түркістан» газеті, 10 қараша, 2001, 7-бет). Сондықтан да бүгінгі таңда қазақ халқының руға бөлінуін тек халық денсаулығын жүйелі түрде басқару құралының көрінісі деп қабылдап, әрі тұтас бір халықтың денсаулығын сақтап қалу үшін жасалған биік саналы іс-шара екенін саналы түрде қабылдау қажет. Отанымыз Қазақстанның әлемнің басқа мемлекеттері қатарында шаңырағы биік болсын деген әр азамат, мемлекет құндылықтарының ең басты байлығы саналатын халық денсаулығын сақтау үшін руын, дәлірек айтсақ ең кем дегенде жеті атасын білуі керек. Жастарды тәрбиелеу барысында болашақ өмірлік қосағын өзге рудан таңдау керек екенін жастайынан жүйелі түрде түсіндіріп, әрдайым насихаттау өзін саналы санайтын қоғамның әр мүшесі Қазақстанның тәуелсіздігіне қосатын бірден-бір маңызы зор үлес екенін түсінуі қажет. Бұл мәселе мемлекет басшылығы тарапынан да қолдау тауып ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жүйелі түрде түсіндіріліп отырса құба құп. Қазіргі таңда елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің өркениеті биік болу үшін алға қойған мақсаттарының бірі кәсіби мемлекет құру екені баршаға белгілі. Сондықтан ел басқару, басқа да мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асыру барысында ешкімді руына, жүзіне қарап бөлектемей, тек ұлтжандығы, азаматтығы, парсаттылығы және іскерлігі мен ұйымдастырушылық деңгейін есепке ала отырып қызметке тарту бүгінгі күннің талабы екенін мойындау қажет.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы