Тарих ваххабизмді ешқашан ақтамайды

3
1886

       Дін – нәзік дүние. «Әркімнің өз әкесі өзіне әулие» дегендей, әрине, дін туралы әр адамның өз ішкі пікірі, әлемі бар. Бірақ сол жеке қағидалар ортақ, ең бастысы, сара, тура жол – Пайғамбардан қалған өсиет, ата-бабадан қалған салт-санаға қайшы келмеуге тиіс. Алайда, біздің елде дін тақырыбында сан соқтырып отырған бір «әттеген-айымыз» бар. Оның басы – кешегі советтік жүйеден сансырап шыққан, жүрегінде коммунистік рух әлі де мұқала қоймаған алдыңғы буын ағалардың дін туралы ізденбеуінде жатыр десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймыз.

Бұл басты себеп емес, әлбетте. Кінәні «іліп жіберуден де» аулақпыз. Тек, сол ішіндегі өз танымындағы исламды ғана танитын, басқаны білгісі келмейтін біздің бүгінгі, әсіресе, зиялы қауым, жастар тартысып, таласып жатқан «қазіргі исламды» сыртынан бақылап отыруға әбден машықтанып алды. «Қай жеңгенің дұрыс» деген қағида бұл жерде жарамайтынын бүгінгі жан-жақтағы жарылыстар көрсетіп отыр. Елді үрей билегені рас. Атырау, Ақтөбе, Алматы, Ақтау, Орал, Астана… қашарға жер жоқ, айнала анталаған… Жау деп те айта ала алмайсың. Кім кіммен соғысып жүргені түсініксіз. Енді қайтпек керек? Бүкіл жаһанды аяғынан тік тұрғызған ваххабизм-салафизмге аузы ашық, аңқау қазақ қалай қарсы тұрады енді? Әлде, көнеміз бе? Тарих бұл туралы не айтады?

«Коммунист молда»


Әрине, Шами қызыл комиссар болған жоқ. Бірақ, ваххабизм мен коммунизмнің өз ұқсастықтары бар еді. Екеуі де салт-дәстүрге қарсы болды. Бірі – «ескіліктің қалдығы» десе, екіншісі – «ширк», «Құдайға серік қосу» деп таныды. Осы пікір бұл екеуін біріктіді. Ортақ жау – сопылық тариқаттар.
Шами Дамулла – отанынан (Сирия) ваххабиттік көзқарасы үшін қудаланған адам. Ол белгісіз жағдайда Орта Азияға келген. Бірақ революцияға дейінгі патшалы Ресей оны жолатпайды, Шыңжаңға қуылады. Онда тұтқынға алынып, Бейжің түрмесіне қамалады. Бірақ, 1919 жылы кеңес үкіметі Шамиді абақтыдан босатып, елге алып келді. Неге?
Себебі, қызыл комиссарлар оның негізгі идеясын «таниды». Батыстан ескертілуі де мүмкін, қалай шешілсе де, осы уақыт аралығында әбден зерттелген Шами Орталық Азияға ендіріледі.
Зерттеушілердің айтуынша, Орталық Азияда және Кавказда сол кезде 80-ге жуық сопылық ілімнің шайхылары сотталған. Оның есесіне кейінгі САДУМ-ның жасырын вахабиттік көзқарастағы «қызметкерлері» қалыптаса бастайды. Осы жерде Шамидің рөлін жете зерттеу қажет.
Шами Дамулла 1932 жылы Қарақалпақстанда Төрткүл деген жерде атылды. Жалпы осы мәселеге Ресей ғалымдарымен қоса, Қазақстаннан шығыстанушы Ә.Мүминов те терең зерттеу жүргізгенін айта кеткен жөн.

«Жеті басты айдаһар»


«Жеті басты айдаһардай» бірін шапса, келесі басы шығатын ваххабизмнің бір басы Орталық Азияда солай дамып жатқанда, діннің отаны – араб әлемі де өзінше «жаңаруларды» басынан кешіп жатқан еді.
Таяу Шығыс – нағыз мәдениеттер мен діндердің тоғысқан ортасы. Мұнда да бір «даңғойдың» керегі анық еді. Ағылшын тыңшылары арқылы ендірілген Абдул Ваххаб идеясын жақтаушылар ХХ ғасырда әбден пісіп жетілген-ді. Таяу Шығыста 1920-30 жылдары реформистік бағыттағы ғұламалар (шартты түрде) сопыларға қарсы шыға бастады. Соның бірі – Мұхаммад Абду Хасан әл-Банна еді. Ал 1950-60 жылдары Египетте, Палестинада, Пәкістанда сопылық ілімнің жетекшілеріне қарсы сот процестері жүрді. Исламтанушы Бақтияр Бабажановтың айтуынша, бұл кезде кейбір фундаменталистер үкіметте, діни құрылымдарда, тіпті армияда, сот және тергеу орындарында ықпалды болған. «Олар «сопылар вестернизация мен модернизацияны қабылдамады» деген желеумен сопы тариқаттарына (ұйымдары) қарсы күрес ұйымдастыра алды. Оның үстіне соттар мен тергеу органдары жалған айыптар тақты», – дейді ғалым. Мысалға, Египет президенті Гамаль Абдель Насер тұсында сопыларға қарсы бірнеше сот процесі өткен, онда сопылар жеңіліп отырған. Нәтижесінде ваххабит-салафиттер күшейіп, радикалды әрекеттер көбейген. Мемлекеттің негізгі ресурстарын қолына ұстаған олар агрессия мен терроризмге ұрындырды. Абдель Насердің өзі радикалдардың қолынан қаза тапты.
«Сопылар жойылса, қоғамда діни фундаменталистік-радикалды бағыт күшейеді» дейді ғалымдар. Өйткені, тұрмыстық дәрежедегі діни сұраныстардан бастап, рухани ізденістердің орнын басатын діни идеологияның керек екені әбден дәлелденген. Көрші Қытайдың өзі Шыңжаңда радикалдарға қарсы сопылық ағымдарды күшейтіп отыр. Ресей де осы ұстанымда. Бұл мәселені де қазақстандық мамандар ескергені жөн.
Тарих қайталанады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан да тарихтан сабақ алуы керек. Қазақстандағы зерттеу институттары Пәкістан, Ауғанстан және Египеттің тарихи жағдайын әбден зерттеуі, Дағыстан мен Шешенстан тарихына қарауы керек. Нақты қорытынды жасайтын уақыт жетті.
Қазақстанда сопылар бар ма? Бар, менің бақылауымша да, Қазақстандағы сопылар ваххабиттік күштерден жәбір көріп отыр.
Неге ваххабиттер сопыларды қыспаққа алады? Біздіңше, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, сопылар Президентке тілеулес; екіншіден, олар «халифат» идеясын қолдамайды; үшіншіден, сопылар – фундаменталистердің идеологиялық астыртын болсын, ашық болсын, қандай да әрекеттерін әшкере ете алады, себебі, діни тұрғыда білімді. Бұл да оларға тиімсіз. Қай кезде, қай елде болмасын, олардың ең бірінші сопыларға шабуыл жасайтыны да осы себептен деген қорытынды жасауға негіз бар.
Сондықтан, қазақ даласындағы сопылықты зерттей отырып, ваххабизмге қарсы тұра алатын іргені қымтауымыз қажет.

Серік Айдарәлиев,
тарихшы

3 ПІКІРЛЕР

  1. Өз сөзіне өзі қарсы шығыпты автор. Егер «Сопылар діни тұрғыда білімді болса» тек құран және суннетті ғана басшылыққа алатын еді..Олардың өзі елді адастыратын Исламдағы ағымның бірі болып отыр! Мәселе осыда! Бізге сопыңда,мопыңда керек емес. Өзіміздің мазхабты күшейту керек қазір! Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байламағаның жөн еді..

  2. Сауатсыз мақала. Діни білімі жоқ, ағымдағы оқиғаларды талдай алмайтын адам жазғаны көрініп тұр. Әрі намаз оқитындар мен сақал қойғанның бәріне уаххаб дейтін жалажапқыш сарында жазылған дүмбілез дүние. Бұны мен интернеттен орыс тілінде оқып қойғанмын әлдеқашан. Өз жаныңнан бірдеме жазбадыңба жазғыш болсаң?

  3. Бауырым «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген. Сен олар қай жерде, не үшін соғысып жүр деген сауалдарға жауап іздеп көрсеңші..Ширк дейсің. Ол Құран Кәрімнің сақтандыратын ең үлкен күнәсіғой. Оған неге қарсы шықтың?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз