ӨЗ МЕДИАБРЭНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН АЗАМАТ

  

«Айғақ». Мойындауымыз керек, бұл бүгінгі қазақстандық медиакеңістіктегі аса танымал әрі беделді брэнд. Әрине, «брэнд» деген ұғымның әп-сәтте қалыптаспайтыны белгілі. Бұл ретте уақыт һәм сапа деген факторлар шешуші рөл ойнайды. Ал «Айғақтың» аталмыш факторлардың сынынан қаншалықты сүрінбей өткендігіне көз жеткізу үшін біршама артқа шегініс жасап көрсек.

          Сонау 1996 жылдың күзінде Шымкентте «Айғақ» атты газет дүниеге келді. Ол кезде Алматыдан емес, жай ғана облыс орталығынан шығып, республикаға таралатын басылымдар жоқтың қасы-тын. «Айғақ» сол сеңді бұзды. Әу бастан-ақ қалың бұқараның сұранысын қанағаттандыруды мақсат тұтып, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге бет алған басылым қысқа мерзім ішінде жұртшылық іздеп жүріп оқитын дәрежеге жетті. Әдетте «Газетті демеушілердің көмегінсіз ұстап тұру қиын. Шығыны көп...» дегенді жиі айтамыз. «Айғақ» қасаң қағидаға айналып кеткен бұл пікірді де күл-парша етті. Алғашқы үш айда-ақ қарқын алған газет әдепкіде 3 мың, кейін 5 мың тиражбен басылып, өзін-өзі ақтай бастады. Өмір сүре бастады. Ешкімге алақан жаймастан. Бәзбіреулерге арқа сүйеместен. «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізгенің үшін...» деп ол уақытта жарылқап та тастамайтын. Қазіргі күнгідей. Қандай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірсе де, бай-бағландар мен әкімқаралардың да сойылын соққан жоқ. Нарықтық экономиканың талаптары қанша ауыр соққанына қарамастан, тақыр жерден «Айғақ» аяққа тұрды. Әлбетте, сол аяққа тұрудың ар жағында Бәйдібек ауданының тумасы Дулат ӘБІШТІҢ қаншама таңды көзбен атырған өлшеусіз еңбегі, митың-митың бейнеті, қажыр-қайраты мен ерік-жігері жатқандығы ақиқат. Бәлкім, біреу қызығып, біреу қызғанып қарар, Дулат Назарбекұлы газет шығару ісінде шығармашылық пен бизнестің түйісер ортақ нүктесін тауып, керемет ұштастыра білген азамат. Идеология құралы һәм қоғам тәрбиешісі саналатын газетті ақпараттық нарыққа сұранысқа ие тауар ретінде шығара білу де – өнер. «Жаңалық ашқан түгіміз жоқ: «тауар – ақша – тауар» формуласын пайдаланамыз. Негізгі критериіміз – шапшаңдық пен объективтілік. Ең бастысы, жұдырықтай жұмылған командамыз бар. Тың идеялар мен жобалардан да кенде емеспіз...» – дейді Дәкеңнің өзі жайбарақат қана. Алайда Д.Әбіштің басылымды дамыту стратегиясын дұрыс таңдауы мен кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды сайдың тасындай іріктеп, бір мақсатқа жұмылдыра алуы, мақалалардың тәуелсіз және объективті сипатта жариялануы мен Қазақстандағы демократияның даму қағидаларына сүйенуі «Айғақ» газетінің отандық медиакеңістіктен ойып тұрып орын алуына мүмкіндік туғызғаны сөзсіз. Сірә, төгілген тердің зая кетпегені болар, «Айғақ» көп ұзамай Қазақстан Журналистер Одағының Саттар Ерубаев, Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлықтарының, Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Заман ағымына сай аталмыш газеттің жанынан бір кездері «Айғақ – Оңтүстік», «Айғақ – ТВ», «Айғақ – Махаббат», «Айғақ – 18 мың ғалам» сияқты бірнеше басылымдар жарық көргені де есімізде. Бір қуаныштысы, солардың әрқайсысының өз оқырмандары, өз аудиториясы болды. Баспа ісіне шындап бет бұрған соң, жекеменшік баспаханаң болғанға не жетсін! Газет ашу туралы алғаш ой келгенде, Дәкең «түбі өз баспаханам болуы керек!» дегенді де көкейге бір түйіп қойған-ды. Қазір «Айғақтың» баспаханасынан облысқа, республикаға тарайтын бірнеше басылым басылып шығады. Дулат Әбіш тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш тәуелсіз газет ашып қана қойған жоқ, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Төлеби секілді бірқатар аудандарда да «өзі би,өзі қожа» басылымдардың жарыққа шығып, еңсе тіктеуіне мұрындық болды. «Аудандардағы ресми газеттердің жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетін сынауға батылы жете бермейді. Осындайда қоғамның көлеңкелі қырларын бүкпесіз, боямасыз ашық көрсететін тәуелсіз газеттердің пайдасы орасан. Одан ешкім ұтылмайды. Өйткені дер кезінде, орынды сын айтылмаса, мін түзелмейді» - дейді ол. Орайы келгенде айта өтейік, Дулат Әбіш көлеңкесі өзінен артылмайтындардың санатынан емес. «Тек өзім ғана болайын, толайын» деуден аулақ. «Өзгеге де болсын» дейтін мәрттік һәм жанашырлық қасиетті бойға дарытқан. Аудандығы бар, облыстығы бар, республикалығы бар, талай тәуелсіз БАҚ өкілдерін берісі Алматы мен Астанада, әрісі алыс-жақын шетелдерде өтетін семинар-тренингтерге, түрлі форум, конференцияларға апарып, әріптестерінің ой көкжиегін кеңейтуге, білім-білігін шыңдауға әрдайым ықпал етіп жүреді. «Айғақ» брэнді пайда болғалы Дәкеңнің бір мезет дамыл тапқанын байқаған емеспіз. Үнемі ізденісте. Ақылға қонарлық бір істі көздесе, соны межесіне жеткізбей тынбайды. Қым-қуыт тіршіліктің ара-арасында сәл-пәл уақыт табыла қалса, отандық, ресейлік және батыстық басылымдарды қолына алып, қажетті материалдың астын сызып отырып оқиды. Қайсысынан үйреніп, қайсысынан жирену керектігін жүйелі түрде саралайды. Мидың домнасына салып, жүректе қорытады. Сол ізденістің, түртінектеудің арқасында Жезқазғандағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған қазақтың қара домалағы бүгінде өмірден көрген-түйгені мол, азаматтық ұстанымы бар мықты менеджерге, алыс-жақын келешекті болжай алатын стратегке айналды. Өз кезегінде «Айғақ» та бір орында тұрған жоқ. Тек ілгері ұмтылуда. 2007 жылдың күзінде «Айғақ» атты брэндпен жаңа жобаның тұсауы кесілді. Бұл жолы – телеарна. «Айғақ» қоғамдық телеарнасы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының назарына жол тартты. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, мұны терең ізденіс пен еңбекқорлықтың ғана емес, қайтпас қайсарлықтың жемісі деп ұқққан жөн шығар. «Қайтпас қайсарлықтың» дейтініміз, телевизиялық жиілікті ұтуда Дулат Әбіштің асығы бірден алшы түспеді. Алғашқы тендерлік сынақтан сүрініп, қарсыласына есе жіберіп, ұтылып та қалды. Тауы шағылмады бірақ. Араға жылдар салып ақыры діттегеніне қол жеткізді. Бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде «Айғақ» Оңтүстіктегі өз бағыт-бағдары, өз сүрлеу-соқпағы бар, рейтингі жоғары телеарна ретінде қалыптасып үлгерді. Телеарнаның ашылуы әлемдік қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, оның материалдық-техникалық базасы үздіксіз нығайтылу үстінде. «Айғақты» ОҚО тұрғындары ғана көреді дегенімізбен, эфирден берілетін дүниелердің тақырып мен мазмұн ауқымы Оңтүстіктің шеңберінен шығып кеткелі қашан. Мәселен, «Сырлы тарихқа саяхат», «Оңтүстікті басқарған тұлғалар», т.б. бағдарламалар аясында Дулат Назарбекұлының тікелей басшылығымен телеарнаның шығармашылық тобы Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы хабарлар әзірлеуді жолға қойып алған. Тіпті, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың студенттік шағы өткен сонау Украинаның Днепродзержинск қаласына 2 мәрте бет түзеп, Елбасының келбетін айшықтай түсетін деректі фильмдер түсірді. Жуырда ғана Дулат Әбіш қазақ халқының аяулы перзенттері Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың және Нәзір Төреқұловтың денелері көмілген жердің 74 жылдан кейін хабары жете салысымен Мәскеуге сапар шегіп қайтты. Ниет – үш арыстың Оңтүстік өңіріндегі кіндік қаны тамған жерінен алынған бір уыс топырақты «Коммунарка» зиратындағы сол азаматтардың асыл сүйегі жатқан жерге қосып, марқұмдарға арнап құран бағыштау. «Алдағы уақытта Мәскеуге қайтара соғып, аталмыш арыстарымыздың аты-жөні жазылған тақта-белгі орнатуды жоспарлап отырмыз» - дейді Дәкең. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Қазақтың қапияда көз жазып қалған текті ұлдарының қадіріне жетіп, хал-қадірімізше ұлықтап жатсақ, ұлттың рухын асқақтатуға қосқан сүбелі үлес болмай ма?! Қысқасы, он алты жылдың ішінде Дулат Әбіш «Айғақ» атты медиабрэндті қалыптастырса, «Айғақ» Дулат Әбішті күллі қазақ еліне паш етті. «Айғақтың» шекпенінен бүгінде еліміздің журналистка саласында еңбек етіп жүрген талай кадрлар шықты. Ал, бір өзі бір мектептей көрінетін Дулат Әбіш биыл 13 наурызда ердің жасы – елуге ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістіктермен толып отыр. Сірә, Оңтүстік жұршылығы БАҚ қашаннан халықтың көзі, құлағы һәм үні саналатынының байыбына барса керек, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының соңғы үш шақырылымында да Дулат Әбішке сенім білдіріп, депутат етіп сайлады. Ол – Бәйдібек және Төлеби аудандарының Құрметті азаматы. Қазақстанның Құрметті журналисі. Д.Назарбекұлы 2010 жылы мерзімді баспасөз құралдары арасында еліміз бойынша төртінші рет өткізілген Г.И.Толмачев атындағы «БАҚ-тың үздік редакторы–2010» республикалық сайысында шығармашылық комисиясының төрағасы, жазушы Олжас Сүлейменовтың қолынан құрмет дипломын алып, жеңімпаз атанды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың арнайы Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталған. ҚР Президенті жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңестің, Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі. Міне, елу жасқа осындай абыроймен жеткен әріптес ағаға «Деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, шығармашылық толағай табыстарға жете беріңіз» деп тілек айтқымыз келеді.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі