Нартай десе, нар еді…

0
1191

          Нартайдың қазасы туралы естігенде төбемнен жай түскендей болды. Ертесіне жаназасына үлгеріп жеттім. Митингі болып жатыр екен. Адам өте көп жиналыпты. Астанадан бірге оқыған курстас достарын бастап, «Қазақ автожолы» кәсіпорнының президенті Мереке Пішембаев досы да жетіпті. Толқып тұрып сөз сөйледі. Жаны жайсаң достың артында қалған отбасына, балаларына қамқорлық көрсетіп тұратынын жеткізді. Әкесі Әнуар көкемізге көңіл айтып, біз де қоштасу сөзін айттық.
Нартай десе, нар еді… Алматының іргесіне Шамалғанда тұрғанда арнайы өзі іздеп келіп, үйіне шақырды. Үнемі ағайындардың басын қосып, көпке көмегін көрсетіп жүруші еді. Артынан ерген інілерінің бәріне шамасы жеткенше қол ұшын беріп жүрді. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан атасы Сапардың Польшадағы қабірін тауып барып, содан топырақ алып келіп, Мүлкіл ата зиратында көк тасын тұрғызды. Бабасы Құлажан батырдан тараған ұрпақтың ішінде өрісі мен терісі кең, бауырмал, кенен ойлы келісті азаматтардың бірі еді…
Нартай 1963-жылдың қыркүйек айының 12-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Шардара ауылында дүниеге келді. 1970 жылы осы ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке қадам басып, 1980 жылы аталмыш мектепті үздік аяқтады. 1980 жылы Өскемен қаласындағы Өскемен Жол – құрылысы институтына оқуға түсіп, 1985 жылы құрылыс инженері мамандығын алып шықты. Осы жылы Павлодар қаласына жолдамамен өз мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1888-1989 жылдар аралығында Шардара аудандық жол пайдалану бөлімінде қызмет атқарды. 1989 -1994 жылдар аралығында Шардара ауылы Ш.Уәлиханов орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәні бойынша мұғалім болды. 1994-1998 жылдары аралығында Павлодар қаласы ішкі істер бөлімінде қызмет атқарды. Ішкі істер қызметінен өте ақ көңілділігі мен тазалығы үшін кетіп қалғаны оның нағыз адал азамат екенін білдіреді…Ол туралы да достары көп айтып жүруші еді…
2000-шы жылдан бастап «Қазақ Автожолы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынында өмірінің соңына дейін лауазымды қызметтер атқарды. Аталмыш мекемеде қызмет атқара жүріп, Астана-Жамбыл –ОҚО –Алматы облысы филиалдарында басшылық қызмет атқарды.
Отбасында 3ұл 1 қыз тәрбиелеген үлгілі азамат еді.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, пейіште нұрың шалқысын бауырым!.. Артыңда қалған балаарыңа ұзақ өмір берсін. Алдың пейіш, артың кеніш болсын!

Қазыбек ИСА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз