42500 теңге алған кәсіпкер: Бұл көмек отбасымызға едәуір күш берді
2020 ж. 17 сәуір
809
0
[caption id="attachment_112426" align="aligncenter" width="800"]
Фото: Tengrinews[/caption]
Павлодарлық жас кәсіпкер Елена Дүйсембаева шағын бизнес ашып, мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Төтенше жағдай кезінде шаруасы тоқтап қалған кәсіпкер 42500 теңге әлеуметтік төлемге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елена Дүйсембаева былтыр «Бастау бизнас» курсын оқып, 505 мың теңге грант ұтып алған. Сөйтіп, Павлодар облысы Шарбақты ауданының тұрғыны өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Жолдасы Манарбекпен кеңесіп, кірпіш жасау жобасына кірісті. Алайда елде төтенше жағдай режимі енгізіліп, кірпіш құю жұмыстары уақытша шегерілді.
«Біз аудандағы Хмельницкий ауылында тұрамыз. Көктем түсе шағын кәсібімізді бастағымыз келген. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты жоспарды өзгерттік. Сәуір айының басында есепшотыма 42500 теңгенің жіберілгені туралы хабарлама келді. Мен өзім өтініш жібермеген едім. Қаражат ойда жоқта түсті. Бұл көмек отбасымызға едәуір серпін берді. Азық-түліктен тарылмаймыз. Негізі кәсіп иесі ретінде ай сайын БЖТ (ЕСП) төлеп тұрдым. Міне, мемлекет қолдауы осындайда сезіледі», - дейді Елена Дүйсембаева.
Жас кәсіпкердің айтуынша, 505 мың теңгелік қайтарымсыз гранттан бөлек, жергілікті әкімдік материалдық жағынан үнемі көмек беріп тұрады. Тиісінше, әр адам елге пайдасын тигізу үшін аянбай тер төгуі керек.
«Бүгінде заман талабына сай, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын курстар жетерлік. «Бизнес бастау» арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған таныстарым бар. Еңбек еткісі келетін адамға мемлекет қаншама мүмкіндік беріп отыр. Тек соны тиімді пайдаланған дұрыс. Мәселен, біз құрылысқа пайдаланылатын материал түрін шығаруды қолға алдық. Өйткені, кірпішке сұраныс әлі бар. Жаңа технологияларға негізделген құрал-жабдықтарымызды алып қойдық. Енді көлденеңнен келген кеселді бірігіп жеңсек, ойға алған шаруаларымызды бастап кетеміз деп ойлаймын. Елдің басшылары аяққа оралған қандай қиындықтар болса да, оны еңсеруге барынша күш салып жатыр. Біздің тараптан қолдау ғана қажет», - дейді жас кәсіпкер.
Рас, кірпіш құю үшін қол күші ғана емес, кәсіп игеру ниеті керек. 4 бала тәрбиелеп отырған Дүйсембаевтар отбасында бұл қасиет бек орнаған. Олардың басты ұстанымы – сапалы еңбек етіп, елге пайдасын тигізу ғана!
