БІЗДІҢ БОРЫШЫМЫЗ - НАУҚАСТАРДЫ ЕМДЕУ – дәрігер

Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасының инфекция бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева дәрігерлердің борышы науқастарды емдеу екенін айтты. Коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген дәрігерлерге еңбекақыға үстеме ақы беріліп жатыр. Оның ішінде Сәуле Барақбаева меңгеретін инфекция бөлімі де бар, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі. «Үкіметке де, департаментімізге және жергілікті әкімшілікке алғысымызды айтамыз. Шыны келгенде, біз үстемақы аламыз деп келген жоқпыз, науқастарға жәрдем берейік деп келдік. Себебі, біздің борышымыз - науқастарды емдеу. Кеше барлық қызметкерлер үстемақыларын алды. Бұл да қаржылық көмек болды. Он төрт күннен кейін карантиннен де шығамыз. Қазір тәулік бойы еңбек етіп жатырмыз. 14 күн сайын қызметкерлер ауысып тұрады», - деді С.Барақбаева. Сонымен қатар, маман жұмыс кезіндегі тамақтандырудың сапасы да көңілден шығып жатқанын жеткізді. «Адам болған соң пікір де көп болады. Мен 29 жыл осы салада жұмыс істеп келемін. Басымыздан небір оқиға өтті. Менің тәжірибемде ауыр індетпен күрестің екінші жағдайы десем де болады. Себебі, 1994 жылы ел іші жаппай холерамен күрескен еді. Ол кезде де шыдамдылық танытып, жеңдік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы инфекцияны да барлығымыз бірігіп, жеңіп шығуымыз керек», - деді С.Барақбаева. Ақ халатты абзал жанның айтуынша, тұрғындар карантин талаптарын барынша сақтаулары керек. «Халық ауруды асқындырмай, барынша таратпауға тырысып, үйде отырғандары абзал. Ең бастысы – оқшаулану. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. 4 науқасты емдеп, үйлеріне жібердік. 14 күн ем беріп, 2 күн бойы сараптамадан өткіздік. Қазір бесіншісін шығаруға дайындап жатырмыз. Жазылып шыққан пациенттердің де көңілдері көншікті. Алғыстарын жаудырып жатыр», - деді С.Барақбаева.